Адам өмірінің әр кезеңін уақыт өлшеміне орай болжай алғанмен, өлімін жоспарлай алмайды. «Үш жылдығын ойламаған еркектен, үш күндігін ойламаған әйелден без» дейді қазақ. Кей мемлекеттерде кенжелеп тұрғанымен, ертеңін ойлайтын елдерде «өмірді сақтандыру» мәдениеті қалыптасып үлгерген.
Сақтансаң, сақтаймын
Соңғы жылдары Қазақстанда да өмірді сақтандыру нарығы қарқынды даму үстінде. Елде өмірді сақтандырумен айналысатын, кепілдендірілген 9 компания бар. Дегенмен мәдениет қалыптасты дей алмаймыз. Мұның сыры неде? Бізде «сақтандыруға» сенім жоқ па? Өмірді сақтандыру қаншалықты, кімдерге тиімді? Артықшылығы бар ма? Осы сұрақтар төңірегінде сөз қозғайтын боламыз.Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған статистикаға сүйенсек, осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша қолданыстағы өмірді сақтандыру шарттарының саны 2,5 миллионнан асқан. Ал 2022 жылдың бірінші тоқсанында 750 мыңнан астам шарт жасалған екен.
Жоғарыда айтып өткен 9 компания, яғни, «Халык-Life», Nomad-life, Freedom Finance Life, «Еуразия», «Еуропалық сақтандыру компаниясы», Standard Life, Мемлекеттік аннуитеттік компания, «Сентрас Коммеск Life»тұтынушыларға сақтандырудың екі түрін ұсынады: міндетті және ерікті сақтандыру. Міндетті сақтандыру қызметкерді жұмыс кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандырады, сонымен бірге туристерді сақтандыруды қамтиды. Ерікті сақтандыру төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді: олар – өмірді сақтандыру, аннуитеттік сақтандыру, ауырған жағдайда сақтандыру және жазатайым оқиғалардан сақтандыру. Әсіресе, өмірді сақтандыру мен зейнетақы аннуитеті жоғары сұранысқа ие екені жасырын емес.
«Мәселен, бір азаматтың баласы дүниеге келді делік. Азамат баласы кәмелет жасқа толғанға дейін оның біліміне ақша жинағысы келеді. Ол өмірді сақтандыру компаниясына жыл сайын жарна төлейді және бала 18-ге толғанда оның шотында білім алуына қажетті сома жинақталады.
Бұл ретте, бала 18-ге толғанға дейін азаматтың өмірі сақтандырылған: күтпеген жағдай (өлім, еңбекке жарамсыздық) орын алса өмірді сақтандыру компаниясы жинақталған соманы шартта көрсетілген күні төлеп береді», – дейді Сақтандыру нарығы және актуарлық есептеулер департаменті директорының орынбасарыӘсел Әмірбаева. Оның айтуынша, бұл сақтандырудың бір ғана қарапайым мысалы. Сан түрлі себеппен сақтандыруға қаржы құятындар қатары артып келеді. Сақтандыру сыйақысының мөлшері соңғы бес жылда екі есеге жуық өскен. Ал арнайы компанияның бірін таңдап, келісімшарт бойынша сақтандыруға қаржы салып отыру – депозитте ақша жинаудың жаңа, тиімді тәсілі.
Себеп көп
Иә, «өмірді сақтандыру» мәдениеті қалыптаспаған қоғамда бұл сұрақтың туындауы орынды. Шынымен де өмірді қандай жағдайлардан сақтандырамыз, неден сақтанамыз? Сақтандыру әр компанияда әртүрлі жүйеде жасалғанымен, мақсат біреу: адамның игілігі үшін қаржылық жинақ жүргізу. Мәселен, біреулер зейнетке шыққаннан кейінгі өмірлерін саяхатқа арнап, материалдық қысымсыз өткізу мақсатында сақтандыруға қаржы құяды. Денсаулыққа кез келген уақытта зақым келуі мүмкін футболистердің өмірі де өзі тіркелген клубтың есебінен сақтандырылады. Кейде жас маман, жақсы кадрларды жіберіп алмау үшін компаниялар «сақтандыру» арқылы алып қалуға тырысады. Кейбіреулер баласының болашағы үшін ақша жинайды. Енді бірі мұрагеріне сыйлық ретінде беру үшін жинақ ашады. Жалпы, байқағанымыздай, сақтандыруда жинақ ашудың себебі сан түрлі.
– Жұбайым екеуміз «Халық life» компаниясында сақтандыру жинағын ашсақ деп ойланып жүрміз. Алғашында сенбей, зерттеп қарап жүрдік. Алайда шарттарымен толық таныссақ, депозиттен немесе басқа да ақша жинау жүйелерінен бірнеше есе тиімді. Ең бастысы компанияға мемлекет тарапынан кепілдік бар.
Біздің мақсатымыз – отбасымызға он жылдан кейін үйді жаңартуға немесе басқа қалаға көшуге жағдай жасау үшін қазірден қаржы жинау. Құдайға шүкір, 2 баламыз бар. Мұнда ең кем дегенде 5 жылдан кейін жинаған қаржыны алуға болады екен. Ал біз тура он жыл салып, өзіміз жоспарлаған көлемдегі қаржыны қолымызға аламыз. Меніңше, сақтандыру компанияларының насихат жұмысы дұрыс емес сияқты. Себебі қазір қаржылық операцияларда алаяқтық көбейген, – дейді қала тұрғыны Азат Рахманұлы.
Сенім аз
Сақтандыру компаниясының тиімділігі көп екенін атап өттік. Онда неге біздің ел «сақтандыру» десе үрке қарайды? Ең алдымен мұндай жүйеге халықтың сенімі аз секілді. Ал сенім болмаса, ештеңе де жүзеге аспайтыны белгілі. Аға буынның бірнеше тарихи кезеңдерді өткерген болмысында нарықпен бірге келген тың жаңалықтарға сенімсіздік, үрей басым. Шекарадан шыға алмайтын миымыз өмірді сақтандыру арқылы келешектегі игі істерге жол ашу, одан туындайтын қамсыз қарттық, қаржылық сауаттылық секілді құндылықтарға тереңірек бойлай бермейді.
Мүмкін, өмірді сақтандыру саласының қанат жаюына қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік те белгілі бір дәрежеде кедергі келтіріп жүрген болар?! Өйткені, аш бала тоқ баламен ойнамайды. Үй, жұмыс, тамақ, киім сынды күнделікті қажеттіліктер қамтамасыз етілгенде ғана адам басын көтеріп, әлемдегі басқа адамдарға, айналасына қарап, басқа құндылықтарды байқай алады.
Сақтандыру десе, селт етпейтін қоғамда оған сенімнің аздығынан кейін тұрған тағы бір негізгі себептің бірі – қате түсінікте. Себебі сақтандыруды артық ақша шашу, бос шығындалу деп ойлайтындар қатары көп. Оның жайы түсінікті. Пайдасын білмегеннен кейін, көз алдымызда үлгі болатын адамдар болмаған соң, онсыз да той деп, басқа деп шашылатын қазақ бұған келгенде етек-жеңін жинап алады. Ал шетелдерде мұның тұтастай мәдениет екенін атап өттік. Яғни адамдар өмірлерінің қалған бөлігін лайықты табыспен қамтамасыз етуді ойлайды да, шарт жасасу үшін сақтандыру компанияларына ерікті түрде өтініш беріп жатады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін ол ақша аударымдарымен өзін қаншалықты қамтамасыз етсе, шарт бойынша соншама қаржы алады. Яғни сақтандыру – өз өміріңді алдын ала жоспарлаудың көрсеткіші.
Шетелдік компаниялар да азаматтардың табысын арттыру арқылы халықтың өмір сүру деңгейін көтеруді көздейтіні белгілі. Осылайша бір адамның өмір сүруіне салынатын инвестицияның көлемі арқылы сол елдің даму деңгейі анықтау қиын емес.
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!