Еліміздегі өнертапқыштар өнертабыс әлеміне өзіндік қолтаңбасымен келіп, жарқын із қалдырды. Дегенмен әттегенайы да жоқ емес. Бірі құжатқа осал болса, енді бірі жай ғана жан қалауымен айналысып жүр. Ашқан жаңалығын жария еткісі келмейтіндер, асқан даңққа қызықпайтындар да кездеседі. «Патенттен пайда көрмедік», «Бізді кім бағалайды» деушілер де жоқ емес.
Бүгінде өнертабыс иелері көбейіп, ғылымға заманауи жаңалықтар енгізу жиіледі. Мұндайдың сан түрін интернет желісінен біліп, көріп жүрміз. Әлем ғалымдары өркениет өрге басқан сайын жаңалықтар мен тосын өнертабыс түрлерінің де саны арта беретінін айтады. Дегенмен өнертабыс иелерінің дені ғалымдардың үлес салмағында екенінде дау жоқ. Бірақ қарапайым халық арасында жоқтан бар жасап, онысын кәдімгідей кәдеге жаратып жүргендер де жоқ емес. Тек өзі ғана емес, жасаған туындыларының қызығын ел көріп, халық арасына кең таралып жататындары да кезігеді. Дегенмен көп жағдайда мұндай алтын қолдардың жұмысының 70 пайызы еленіп-ескерілмей тасада қалып қоя береді екен.
– Біз орасан зор қарқынмен дамып келе жатқан прогрессивті әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бұл өсу мен прогресс ғылымның, көптеген зерттеуі мен тәжірибенің жемісі. Адамдар қолданатын барлық дүние, соның ішінде автокөлік, электр қуаты, денсаулық сақтау және ғылымның өзге саласындағы жетістіктер алдымен өнертапқыштардың жаңалықтарының нәтижесі.
Егер адамзат ең ұлы ақыл-ой иесі болмаса, біз әлі де орта ғасырлардағыдай өмір сүрген болар едік. Адамдар өнертабыстарды көп жағдайда қарапайым, қолдан жасалған деп қабылдайды. Бірақ бәрібір біз қанша қарапайым болса да өнертабыс иелеріне құрмет көрсетуіміз керек, – дейді ғалым, 100-ден аса ғылыми еңбектің, он шақты өнертабыс патентінің авторы Қ.Байшағыров.
Айта кеткен жөн, Қазақстанда өнертабыс иелерін ынталандыру мен лайықты марапаттар ұсыну мақсатында Әділет министрлігінің мұрындық болуымен жыл сайын «Шапағат» деген атпен өнертабыс иелерінің республикалық конкурсы ұйымдастырылады.
Ұлттық зияткерлік меншік институтының хабарлауынша, байқауға өнертабыстың қолданылуы туралы жеке тұлғаның өтініші, кәсіпорынның, мекеменің және ұйымның пікірі, жалпы алған патенттері, авторлық куәліктері көрсетілген өтінімді үміткер атынан ғылыми ұйымдар немесе қоғамдық ұйымдар ұсынады.
«Шапағат» республикалық конкурсы былтыр елордада дүркіреп өтті. «Шапағат-2023» деген айдармен өткен байқауға отандық өнертапқыштар өз жұмысын өткізген. Әділет министрлігі өкілдерінің айтуынша, биыл конкурсқа 200-ден аса өнертапқыш өтініш білдірген. Жеңімпаздар «Жыл өнертабысы», «Өнертапқыш әйел», «Үздік инновациялық компания», «Жас өнертапқыш» сияқты номинациялар бойынша марапатталған. Үздік өнертабыс иелеріне «Еліміздің еңбек сіңірген өнертапқышы» құрметті атағы берілген.
Байқау ғылыми жобалар үшін көптеген мүмкіндікке жол ашып беретіні рас. Үздік деп танылған жобалар өз патенттері мен дипломдары арқылы өзге де әлемдік байқауларға қатысуға жолдама болмақ. Бірақ әлемдік байқауға қатысу үшін қаржылық қолбайлау мен өзге де кедергілер кездесе кететіні белгілі.
Өкініштісі, біздің елде өнертапқыш өзі жасап шығарған ғажайып дүниесін өндіріске енгізу үшін не өзінде мол қаражаты болуы керек немесе мемлекеттік гранттық конкурстарға қатысып, соның есебінен жұмысын жалғастыруы қажет. Ал мемлекеттік грантқа қатысу үшін ол міндетті түрде еліміздегі ғылыми мекемелердің бірінде қызмет етуі шарт. Сөйтіп, екі не үш жақты болып жүрген адамның шығармашылықпен айналысуға уақыты да қалмайтыны тағы бар.
Ал елімізде ешкімге алақан жаймай, ешқандай байқауға қатыспай-ақ өзінің өнертабысын өзі жетілдіріп, дамытып, қызығын көріп отырғандар қаншама? Қызылордалық Марат Палмахов өзі ойлап тапқан генератордың көмегімен шалғайдағы ауылдарды электр қуатымен және сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Оның идеясына елдің беделді университеттері, соның ішінде Nazarbaev университеті қызығушылық танытты. Ол «дипломсыз инженер» автономды генератор моделімен 9 жыл бойы жұмыс істеді. Ақырында, көпжылдық эксперименттер мен сынақтар сәтті аяқталып, өткен жылы экологиялық таза және сыртқы энергия көздерін қажет етпейтін «мәңгілік қозғалтқыш» дайын болды.
– 2021 жылы мен өздігінен электр және сумен қамтамасыз ете алатын автономды генератор жасадым. Дизайн мен жұмыс принципін қолдану оңай және үлкен шығынды қажет етпейді, сондықтан құралды жеке тәртіппен және өнеркәсіптік өндірісте пайдалануға болады. Генератор экологиялық материалдардан жиналады және қоршаған ортаға зиянды қалдық шығармайды, бұл қазіргі жағдайда аса маңызды жайт. Сондай-ақ генератор толығымен автономды, яғни оның жұмысы сыртқы факторларға байланысты емес. Қуат көзі ретінде жел де, су да, электр энергиясы немесе отынды қажет етпейді, – дейді М.Палмахов.
Ал өткен жылдары қызылордалық оқушылардың ғылыми еңбектері көпті тәнті еткенін білеміз. Олардың өнертабыстары өңірдің дамуына, әртүрлі салалардың жандануына арналған. Б.Төлебай медицина қызметкерлеріне көмекші бола алатын робот құрастырса, Д.Хегай ауылшаруашылық саласына қажетті тыңайтқыштарды, тұқымдарды шашатын көпфунционалды ұшу аппаратының прототипін жасаған еді.
– Бұл қондырғы өсімдіктер ауруын және өрттердің алдын-алуда диқаншыларға үлкен көмекші бола алады. Көп энергияны қажет етпейді және үлкен аумақтарды бүркуде өте тиімді, – дейді жас өнертапқыш. Судың сапасын жақсартуда және өндірістік суды тазартуда Зарина Айсауытова өзінің оңтайлы шешімін ұсынды. Яғни кальций силикатының золін вакуммда өңдеу және оның мыс катиондарын сорбциялау қасиетін зерттей отырып, экономикалық және экологиялық тұрғыдан тиімді әдісін ойлап тапты.
Танылмай жүрген таланттар мен өнертапқыштар жоқ емес. Бірақ олардың жасап шығарған дүниелері шынымен де қолдауға зәру. Әйтпегенде, атын әйгілеп, өнертапқыштарды ақпарат құралдарынан жарқ еткіземіз де, артынша олар аққан жұлдыздай жоқ болып кетеді. Дарындарды қайта іздеп, өнерінің жағдайын біліп жатқан адам байқалмайды. Уақыт өте келе, тіпті ұмыт болып кететіні бар. Сондықтан алтын қолды азаматтарды жоғалтпай, жұмысын ел игілігіне қарай қолданысқа енгізу, оның патент алуына мүмкіндік жасау маңызды екенін айтқымыз келеді.
Айдар САЙЛАУОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!