Фото: ашық дереккөзден

2016 жылы Ресейде «Синий кит» ойыны пайда болып, аз уақыттың ішінде халық арасында таралды. Әлеуметтік желі арқылы белгілі болған интернет ойын қауіпті екені анықталды. Құрбаны болған жасөспірімдер түрлі психологиялық қысымға тап болып, қауіпті тапсырмаларды орындауға мәжбүр болған. Ал жақында осы ойынның «жасырын» аналогі пайда болып, тағы да көпшілікті дүрліктірді.

Көк киттің аш маусымы

Ең алдымен «Синий кит» ойыны туралы һәм оның қалай жасөспірімдерді өзін өлтіруге дейін жеткізгендігі туралы айта өтсек. Бұл ойынның бірнеше атауы болған: «Тихий дом», «Разбуди меня в 4:20», «Море китов», «Млечный путь», «U19», «F57» және тағы да басқалары. Ойынның мақсаты – суицид жасауға үгіттеу және аудиториясы – психологиялық тұрғыда әлсіз жасөспірімдер.

Бұл ойынды арнайы қосымша арқылы жүктеп немесе әлеуметтік желі арқылы табу мүмкін емес. Ойынның қатысушысы болу үшін балалар әдетте әлеуметтік желіге пост салып, онда хэштег арқылы ойынды ойнауға ниеттерін білдірген. Мәселен, #синийкит, #явигре, #синий, #тихийдом деп пост жариялаған жасөспірімге ойынның «кураторы» байланысқа шығады.

Аталған ұйымдастырушылар өзін жалған атпен тіркеп, балаға ойынның ережелерін түсіндіреді. Ойын тәртібін бұзбауға шақырады, ал егер берілген тапсырмалар орындалмаса, баланы көптеген жайсыздық күтіп тұрғанын айтып үрейлендіреді. Мысалы, «мен сенің қайда тұратыныңды білемін, ата-анаңа қауіп төнбесін десең, айтқанымызды бұлжытпай орында» деген секілді қорқынышты хабарлама арқылы бопсалайды. Әрине, заңдылық бойынша бұл жасөспірімнің өзіне деген сенімі мен психологиялық қабілеттеріне ауыр соққы.

50 күнге созылатын ойынның алғашында тапсырмалар өте қарапайым болады. Мәселен, таңертең ерте тұру, киттің суретін салу деген секілді. Бірақ кейіннен ойын тапсырмалары шектен шығады, ал бала мұны байқамайды да. Айта кетсек, жүзі өткір дүниемен қолды кесу, биіктіктен секіру, денсаулыққа зиян келтіретін дүниелерді жасауға үгіттеу.

2017 жылы Ресейдің тергеу органдары бірнеше жасөспірімнің суицид жасауын осы ойынға байланыстырғаны туралы ақпарат тарады. Алайда орын алған қайғылы оқиғалар аталған ойынға расында қатысы бар ма, жоқ па, белгісіз…

Осы ойынды негізге ала отыра 2020 жылы оңтүстік кореялық режиссер Квак Чонның «Розыск» фильмі жарық көрді. Сондай-ақ бұл ойын Никита Мазиннің «Сайбирия» көркем фильмінің сценарийіне де негіз болды. Режиссер Валентин Шпаковтың «Первые ласточки» телехикаясы осы ойынға және оның салдарына толығымен арналған.

Қауіпті ойынның жаңа лебі

Қыркүйек айының басында бірнеше жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсау фактілері тіркеліп, қалың жұрт мұны жаңадан пайда болған ойынмен байланыстырды. Себебі биылғы оқу жылында бұл ойын мектеп оқушылары арасында ерекше танымалдылыққа ие болды. Жалпы ойын 16 жастан асқан жасөспірімдерге арналған.

«Schoolboy Runaway» – 2024 жылы шыққан ресейлік жасырын ойын. Оны Google Play қосымшасы арқылы 10 миллионнан астам рет жүктеген. Schoolboy Runaway-де ата-ана басты жауыз ретінде ұсынылады, ал бала жазадан құтылуға тырысатын кейіпкер ретінде әрекет етеді. Дегенмен мектеп оқушысына үйден қашу оңай емес.

Ойын ұқыптылық пен сақтықты қажет етеді. Яғни, болмашы қателік жасасаң – ұтыласың. Басты міндеті – назарға түспеу. Ойында Андрей есімді бала сабақтан нашар баға алып, анасынан ұрыс естиді. Оқушы бағаны жөндеудің орнына жазадан қашудың жолдарын іздейді. Онда терезеден немесе шатырдан секіру, ата-анаңның біреуіне дәрі беріп ұйықтату, қашу, өзенге бату секілді теріс әдеттерді дәріптейтін тапсырмалар болады. Ойын зиянсыз көрінгенімен «жасырын» түрде балаға және психологиясына зақым келтіреді. Тіпті физикалық тұрғыда бала өзіне зақым келтіруі немесе ата-анасымен қарым-қатынасы нашарлауы мүмкін.

– Ойында 5 кейіпкер бар. Сюжетінде бала ата-анасын жек көреді, оларды алдап, әртүрлі жолдармен қашып кетеді. «Schoolboy Runaway» – бұл тек бірінші қадам. Содан кейін онымен байланысты басқа да қатыгез ойындар бар. Олар айтқандай, белгілі бір кезеңдерден өткеннен кейін балалар Telegram арналардан немесе QR код сілтемелер алады. Ал одан кейін бәрі әлдеқайда маңызды бағытқа ауысады, – дейді «WhatsApp» желісінде ойынға қатысты тараған ақпараттардың бірінде.

Қазақстандық ата-аналар қауіпті ойыцнды анықтап, әлеуметтік желіде балаларын сақтауды талап етуде. Тіпті кейбір аудиториясы кең блогерлер бұл дүрбелең тудырған қосымшаны жүктемеуін сұрап, сақ болуға шақырды.

Қауіпке назар аударған ҚР Білім министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ойынды бақылау және бұғаттау мақсатында мәдениет және ақпарат министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне хаттар жолдады. Сондай-ақ комитет ата-аналарға балаларын қауіпті контенттен қорғау үшін «ата-ана бақылауы» функциясын орнатуға шақырды.

Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда кейінгі екі аптада он суицид оқиғасы болды, оның жетеуі Алматыда. 12 және 13 жастағы қыздар, 17 жастағы жасөспірім, жергілікті жоғары оқу орнының студенті және үшінші курс курсанты қайтыс болды.

ІІМ мәліметтері бойынша балалар арасында суицидтің орташа жасы 15-17 жасты құрайды. Алайда төтенше жағдайлар 11-13 жастан бастап-ақ жиі кездеседі. Балалардың ұялы телефонға немесе түрлі гаджеттерге тәуелді болуы оның психологиялық денсаулығына тікелей әсер ететіні рас. Оның қаупі туралы сөз етіп, дабыл қағып жүрген сала мамандары да аз емес.

– Құрметті ата-аналар, біз сіздерді балаларыңыздың мінез-құлқы мен эмоционалдық жағдайын мұқият бақылауға шақырамыз. Олармен ашық диалог жүргізіңіз, сондай-ақ хоббиіне қызығушылық танытыңыз. Қолдау білдіріп, түсіністік таныта алатыныңызды көрсетіңіз. Әрдайым көңіл-күйіндегі, мінез-құлқындағы немесе әлеуметтік шеңберіндегі өзгерістерге назар аударыңыз. Егер әңгімесінен қандай да бір күдікті дүниені байқасаңыз, істі кейінге қалдырмаңыз, – деді Ішкі істер министрлігінің маманы Шыңғыс Әлкеев.

Баланың тәрбиесіне, оның күнделікті өміріне мән беру – ата-ананың міндеті. Қандай жағдайда бала өзіне зиян келтіріп, тіпті қол жұмсауы мүмкін: жалғыздық, жақын адамын жоғалту, ата-анасы, туыстары және достарымен жанжалдасуы, ата-ананың ажырасуы, оқудағы келеңсіздіктер және жазадан қорқу. Бұл бізге белгілі себептер, алайда баланың жандүниесін түрлі ой кернеуі мүмкін. Сондықтан баланың ғаламторда тамашалайтын контентіне баса наза аудару қажет.

Қазақстандық психологтар компьютерлік ойындардың зияны туралы бірнеше маңызды мәселені көтеріп жүр. Мысалы, суицидке бағытталған «Синий кит» секілді ойын депрессияға ұшыраған немесе отбасында қиындық көріп жүрген жасөспірімге ерекше қауіп төндіреді. Ойын балаларды шынайы өмірден алыстатып, виртуалды әлем арқылы қауіпті әрекеттерге итермелейді. Егер бала шынайы өмірдегі қызығушылық пен мотивациядан айырылса, бұл виртуалды әлемде уақыт өткізудің басты себебі болуы мүмкін.

Алайда барлық ойынды зиянды деп тану дұрыс емес. Стратегиялық және танымдық ойындар, мысалы, жоспарлау, логикалық ойлау және шешім қабылдау дағдыларын дамытуға көмектесетін ойындар баланың интеллектуалды тұлға болып қалыптасуына жақсы әсерін тигізеді. Олар белгілі бір деңгейде оқыту құралдары ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Түйін. Ойын өмірдің бір бөлігі, бірақ шынайы өмірден алшақтаудың соңы ауыр болуы мүмкін. Осы орайда балалардың қауіпсіздігі қашанда маңызды екенін ұмытпағанымыз жөн. Қоғам қырағы болып, қайғылы оқиғалардың алдын алуға, балалардың қауіпті және сенімсіз контенттен алшақ болуына әрекет етуіміз керек.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!