Бар баланың қызығып, қолынан тастамайтын қызығы – «Өрмекші адам», «Супермен», «Барби». Бұған танымал кейіпкерлер мен сан құбылған көлік бейнесіндегі қуыршақтарды қосыңыз. Доп, шылдырмақ, жұмсақ ойыншық, әйтеуір, кішкентай бөбегі бар әрбір шаңырақта қорап-қорап қуыршақ пен дорба-дорба ойыншықтың шашылып жата­тыны анық. Дегенмен, бүгінгі әңгіме ауаны балалар ойыншығының мән-мағынасы емес, сапасында болып отыр. Осыған орай «Балалар ойыншығы сын көтере ме?», «Тауарды қалай таңдаған жөн?» деген сауалға жауап іздедік.

Расында базарға бара қалсаң, балаларға арналған ойын құралдары самсап тұр. Ойыншықтың сан алуан түрі, аңның бейнесіндегі матадан тігілген жұмсақ қуыршақтар, тағысын тағы көздің жауын алады. Бағасы да қалтаға қонымды. Арнайы дүкендерге қарағанда базар бағамы төмен болғасын ба, ата-аналар да тауардың сапасына бас қатырмайды. Ойыншықтың баланың ойлау қабілетіне қаншалықты әсер ететінін, психологиялық өзгерісін саралауды айтпағанда, қуыршақтың сыртқы бояуы, беріктігі, бөбек қауіпсіздігі туралы қарапайым кеңесті де елемейтін секілді. Нәтижесінде аз уақытта сапасыз ойыншықтың салдарын тартып, сан соғып отырады.
Жалпы нарықтағы балалар ойыншығының сапасы туралы айтпас бұрын тауар импортына назар аудару жөн секілді. Себебі сапаның мәні мен баға бағдары осында жатыр. Мәселен, елдегі балалар ойыншықтары Ресей Феде­рациясы, ҚХР, Өзбек­станнан әкеліне­тінін білеміз. Кәсіп­керлер тасымал құны мен табыс көлемін есептеп, соған сәйкес тауарға тапсырыс береді. Бастапқы құны қаншалық арзан болса, сапасы да соншалық төмен болады. Жағымсыз иіс, шамадан тыс химиялық қоспа, тез сынғыш келуі. Нарықтағы тауарлардың, әсіресе Қытайдан әкелінетін ойыншықтың сапасы сын көтермеуінің бір сыры осында.
Жалпы сырттан тасымалданатын тауарларға Кеден Одағының қояр өз талабы бар. Балалар ойын құралдары да «Ойыншық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті аясында қадағаланады. Алайда Қазақстанға келген тауарлардың басым дені, әсіресе, базар сөресіне қойылатын ойыншықтар аталған талапқа сәйкес келе бермейді. Мамандар да бояу сапасы, қоспа мөлшері, баланың жас шамасы секілді ескертпелер толық сақталмайтынын айтып, бұған дейін де дабыл қаққан еді.
– Бүгінде нарықтағы кей ойыншықтан жағымсыз иіс шығады. Тіпті кейбірінің ұшы тым үшкір немесе толық аяқталмаған күйде келеді. Мұндай заттар балаға қауіпті. Сәбидің қолына түссе, үшкір зат денесін зақымдауы, ойыншықтың ұсақ бөлшектері көп болса, бала жұтып қоюы мүмкін. Тиісті мекемелер тарапынан тексеріс жүргізілген кезде өнімнің сәйкестігін растайтын сертификатты талап ететіні белгілі. Алайда бұл баланың қауіп­сіздігін қамта­масыз ету үшін жеткі­ліксіз. Әрбір ата-ана ойын­шықтың барынша зиянсыз екеніне көз жеткізгенде ғана сатып алуға шешім қабылдау қажет, – деді балалар дәрігері Дәметкен Қосанова.
Расында, жауапкершілік кәсіпкерде ғана емес, тұтынушының өзіне де тиесілі. Бүгінде нарықтағы таңдау аясы кең. Қай ел, қай компанияның шығарған өнімін алғың келсе, бәрі қолжетімді. Оған қоса ғаламтор арқылы тапсырып беріп, шетелден алдыруға да болады. Сондықтан олқылық таңдаудың аздығы немесе нарық кемшілігінен туындамағаны анық.
– Ойыншықтың түр-түрі бар. Сапасы да сан алуан. Нарық талабына сай қадам жасау керегі түсінікті. Сондықтан халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұтынушылардың талабын ескеріп, әртүрлі бағадағы ойыншықты әкелетін кәсіпкерлерді жазғыру орынсыз. Жасыратыны жоқ, сатып алушылардың көбі қымбат тауарды алмай, арзанға ұмтылады. Нәтижесінде айға жетпей, тауарға көңілі толмай, шағым айтатын жағдай кездеседі. Осы ретте қалта көтерсе, бағасы жоғары ойыншықты алуға кеңес беремін. Себебі тәжірибе көрсеткендей, қымбат тауардың сапасы да жоғары. Бұл тұрғыда Ресейден келетін өнім озып тұр. Бұл –жеке пікірім, – дейді кәсіпкер Күлайым Қуандықова.

Таңдаудан жаңылмау жолы…
Баланың денсаулығы мен қауіпсіздігіне зиян келтірмейтін ойыншық таңдаудың қандай жолы бар? Сапалы өнімді таңдау үшін қандай ақпаратты білген дұрыс? Осы сауалдарға жауап тапқанда ғана ата-ананың қателіктен алыс болуға мүмкіндігі артпақ.
Мамандар ойыншық таңдауда алдымен тауар материалына мән беруге үндейді. Бұл орайда ақыл-кеңес мол. Алғашқы шарт – ойыншықтың сыртқы жабындысы ылғалға төзімді, үгітілмейтін болуы шарт десе, кейінгісі – қатты бөліктері денеге зақым келтірмей, ұсақ бөлшектері тыныс жолына түспейтіндей болу керек. Оған қоса жұмсақ ойыншықтың тігісі мен ток көзіне қосылатын ойыншықтардың қауіпсіздігін де назарда ұстаған жөн. Аталған нұсқау толық сақталса, сапалы әрі қауіпсіз өнімді таңдау қиын емес.
– Бояуы тым қанық ойыншықтардан алыс болған жөн. Себебі бояудың құрамында фенол, формальдегид, қорғасын элементтері бар. Бұл заттардың адамның жүйке жүйесіне, көз бен тыныс алу мүшелеріне кері әсер ететіні дәлелденген. Бала кез келген нәрсені алдымен аузына салады, әлемді танығысы келеді. Сондықтан ойыншық сатып аларда аса ұқыптылықпен қарағаныңыз абзал. Сондай-ақ 4 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге табиғи тері, ішік, фарфор, түкті резеңке сынды ойыншықтарды беруге болмайды. Бүлдіршін ойыншығы талғамға сай, сапалы болғаны жөн. Тауарды сатып алушы түсіне ғана емес, сапасына, педагогикалық-психологиялық, биологиялық, медициналық қасиеттеріне, санитарлық-гигиеналық, техникалық, механикалық қауіпсіздігіне де назар аударуы маңызды.
Ойыншықтың материалы неғұрлым қарапайым, солқылдақ болғаны жөн. Мұндай үлгідегі ойыншықтар баланы ешқашан жалықтырмайды. Мәселен, доп, кубик, қуыршақ тәрізді ойыншықтар үнемі бүлдіршіннің қолынан түспейді. Егер ойыншықтың материалы ажарлы болса, ол соғұрлым бала мінезінің жақсы қалыптасуына, жаттығуына дағдыландырады. Бір ескеретін жайт, кейде балалар жаңа сатып алған ойыншықты сындырып, ішкі құрылысымен танысқанды жақсы көреді. Мұндай сәтте ашуланбағаныңыз жөн. Ойыншық балаға ұнаса, оны бірден бөлікке бөліп, ішкі құрылысына үңіледі. Осылай бүлдіршін өз ойымен түзетуді, қайта құрастыруды үйренеді. Сәбидің жас ерекшеліктеріне қарай ойыншықтар да түрге бөлінеді. Сондықтан ойыншық сатып аларда бала талғамына, жасына қарағаныңыз абзал, – дейді Дәметкен Қосанова.
Маманның айтуынша, ойыншықтарда шамадан тыс иіс пен түрлі химиялық қосындылар болмауын қадағалау керек. Сонымен қатар тиісті норманы да талап ете білу қажет. Ойыншықтың тиісті сертификаты пен арнайы құжаты болуы шарт. Онда өнімнің құрылымы жөнінде толық ақпарат, өндіруші кәсіпорынның мекен-жайы, кей жағдайда жарамдылық мерзімі көрсетіледі.
Жалпы заң негізінде әрбір ойыншық «Халық тұтыну тауарлары және көрсетілетін қызметтерді сертификаттау тізіміне» сәйкес сапа құжатына ие болатыны белгілі. Сондықтан әрбір тұтынушы ойыншық сатып аларда оның сапасына ғана емес, таңбалау сертификатына да қарағаны жөн.

Ерсін ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!