Әлеуметтік лифті тоқтаған қоғамда адам жетістігінің өлшемі – өзінің білімі мен білігі емес, төрдегі туысының қамқорлығы деп бағаланады. Жастардың тағдырын шешетін қауіпті сүзгіге айналған «Ол кімнің баласы?» деген сұрақ талай дарынның жолын кесіп, тамыр-танысы мықты «төре- тұлғаларды» алға шығаруда.
Мысалы, мемлекет ұсынған «Болашақ» стипендиясына емтиханды үздік тапсырып та өте алмаған талапкер кейін өзінен нашар нәтиже көрсеткен бір баланың өтіп кеткенін, оның жоғары лауазымды шенеуніктің баласы болып шыққанын білгенде меритократияның қағаз жүзінде ғана екеніне көз жеткізеді. Расында, шенеунік пен байдың балалары қай жерде де алапат артықшылыққа ие екенін өмір дәлелдеп келеді.
Ендеше, «Ол кімнің баласы?» бүгінде таланттыларды емес, «тәңірі сүйген» тәкаппарларды таңдайтын сүзгіге айналған жоқ па деген ащы сұрақ сананы тырнап өтеді.
Непотизмнің көлеңкесі
Сізге алғашқыда непотизм термині таңсық болуы мүмкін, бірақ мағынасын білгенде жемқорлық жүйенің астарлы көлеңкесі екенін бірден байқайсыз. Ол сөздің мағынасы – туған-туысты жұмысқа алу, ағайынгершілікті алдыңғы орынға қою.
Мемлекет меритократия принциптерін қанша дәріптегенімен, іс жүзінде кадрлық көтерілудің кілті – таныс пен тамырда екенін біліп келеміз. Жұмысқа орналасу, мансап баспалдағымен өрлеу көп жерде ашық бәсеке арқылы емес, бейресми байланыс арқылы шешілетіні құпия емес. Зерттеулерге сүйенсек, талапкердің кәсіби біліктілігіне қарамастан туыстары мен достарын қызметке тарту, яғни непотизм, қоғамда кеңінен тараған құбылыс ретінде атап өтіледі. Бір қарағанға, бұл да жемқорлықтың бір түрі екенін ұмытып кетеміз. Қазақстан қоғамында «блат, протекционизм, непотизм, таныстық арқылы көмек» секілді құбылыстарды көпшілік тіпті жемқорлық деп те санамайды екен.
Дегенмен, осындай көзжұмбайлық елдің дамуын тежеп, көлеңке түсіріп тұр. Таныспен ғана кіретін орындар туралы жұрттың айтатыны шындыққа жанасады. Әкімдіктер, мемлекеттік құрылымдар мен ұлттық компанияларда қызметке тұру үшін көп жағдайда «өз адамыңның» болуы шешуші рөл атқарады. Жүйеде жариялы түрде «меритократия» ұстанымы айтылғанымен, талай жерде ол тек сөз жүзінде. Мысалы, заң саласында оқыған бір жас маман институттағы білімінің шынайы өмірде керек емес екенін, себебі «қылмыстық құқық саласында бəрін заңдық білім емес, тамыр-таныстық пен «келісім» шешетінін» өз көзімен көріп, оқуды тастап кеткенін айтады. Сол сияқты, мемлекеттік гранттар, медиакеңістік, тіпті шығармашылық салаларда да «кімнің адамысың?» деген сұрақсыз алға басу қиын дейтін түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде, меритократия принципі құжат жүзінде қалса, ұлттың адал еңбекке деген сенімі жоғалады.
Талай дарынның сағы сынып, тауы шағылды
Жас өркеннің арасында өз күшімен жетістікке жетемін деп ұмтылғандары көп. Солардың бірі – университетті үздік бітірген, үш тіл меңгерген, студенттік жылдары еріктілікпен айналысқан алғыр жас делік. Алайда қолына дипломын алып, үлкен үмітпен еңбек нарығына келгенінде, оның жолын тосқан тосқауыл – сұрыптаудың астыртын сұрағы болды. Жұмыс сұрап барған әр есікте оған ашық айтпаса да, «жеке танысыңыз бар ма?» деген сыңайдағы талапты сезінеді. Күндіз-түні оқыған еңбегінің, жинаған білімінің құны кенет бір-ақ сұрақпен жоққа шыққандай күй кешеді.
– Мен оқыдым. Жаттадым. Жұмыс сұрадым. Бірақ «танысың бар ма?» деген бір-ақ сұрақ менің бүкіл еңбегімді жоққа шығарды. Негізі мемлекеттегі осы қатаң стереотипті бұзатын заман алыс-ау. Жемқорлықты жеңетін тек жалғыз амал бар, ол қазіргі буынды дұрыс тәрбиелеп, болашақта сыбайластыққа жоламайтындай кейіпкер шығару. Арман алыста сияқты, бірақ үміт үзілмек емес – деп күйінеді талабы таудай Ерасыл.
Бұл – жүйеден түңіліп, бірақ бәрібір арманы үшін алысуға бекінген көптеген қазақ жасының жанайқайы. Өкінішке қарай, мұндай жалғыздың үні елеусіз қалуда. Мектептен соң елдің маңдайалды университетін тәмамдап, заңгер дипломын алған досының ақыры тек дүкенге сатушы болып жұмысқа тұрғанын, өзі танитын он жас маманның тоғызы мүлде мамандықсыз істер істеуге мәжбүр болғанын қынжыла жеткізді Ерасыл. Демек, қоғамда ешкімге жанаспай өз күшімен жетілсең де, «ешкімнің баласы» атансаң, тең дәрежеде бәсекеге түсуің екіталай. Бұл сұрықсыз ақиқатты мойындаған кей талантты жастар амалсыз өз бизнесін ашып тырбанады, не мамандығын тәрк етіп, күнкөрістің кез келген қара жұмысын істеп кетеді. Ал бұдан жүйе ұта ма, ұтыла ма – ол басқа сұрақ.
Қабілетті маргинал мен құзырсыз элита
«Жүйе шын мықтыларды неге шетке ысырды?» деген сұрақ санаңызды ғана сыздатпайды. Бүтін мемлекеттің болашағына балта шабады. Тамыр-таныстық пен туысқа тартып, тек өз айналасын өсірудің залалы қоғамда әлдеқашан сезіліп келеді. Ең алдымен, қабілетті жастардың күйзелісі мен эмиграциясы үлкен қауіп болып тұр. Жас ұрпақтың білімді буыны әділ бағаланбай, жолы кесілген соң, өзге ортадан бақ іздеуге бейім. Ресми дерек бойынша, Қазақстандағы 14-29 жас аралығындағы азаматтардың 40 пайыздан астамы елден кеткісі келеді деген зерттеулерді көзіміз шалды. Олардың бір себебі – тамыр-таныс арқылы ғана жұмысқа орналасып, мансап құрудың қиындығы екен. Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, бүгінде шетелде қызмет етіп жүрген 21 жастағы Әлібек мұны растай түседі.
– Біздің ел трайбализм былығына әбден батқан ғой. Мен үшін ең бастысы, бәрі әділ болғаны керек, трайбализм, тамыр-таныстық деген дүниелерге тап болғым келмейді, – дейді ол Қазақстанда қалып жұмыс істемеуінің себебін түсіндіріп.
Демек, жүздеген білімді, алғыр ұл-қыздарымыз мемлекетте әділетсіздік белең алғандықтан, өз болашағын шетелде елестетеді. 2017 жылғы жастар зерттеуінде респонденттердің 5,8%-ы Қазақстанда туыстық байланыстарды пайдаланбай, әділ өрлеуге мүмкіндік жоқ деп санайтынын ашық айтқан. Бұл аз пайыз емес, өйткені ол ең талантты, потенциалы жоғары жастардың үлесі болуы әбден мүмкін.
Іште қалғандарының өзі жүйеге сыймай, шетке қағылған «маргинал» қабілеттілердің көбейгені қоғам үшін үлкен шығын. Ресми статистикаға көз салсақ, қазіргі Қазақстанда шамамен 400 мың жас не оқымайды, не жұмыс істемейді. Яғни әр оныншы жас адам осындай күйге түскен. Бұл – екі бірдей облыс орталығының халқына тең көрсеткіш. Мына жайды елестетіңіз, қаншама мұғалім, дәрігер, инженер немесе өнертапқыш болар жастың орнына, бізде 400 мың жұмыссыз немесе бейресми күнелтуші жүр. Осы адам капиталын жоғалту экономикаға да, қоғамның рухани тынысына да аса зор зиян. Ал олардың орнын көп жағдайда не толтырады? Өкінішке қарай, босаған кеңістікке туысқандық-тамырлық топтардан шыққан, бірақ қабілеті орташа немесе төмен кадрлар келе береді. Осындай құзырсыз «элитаның» шешім қабылдауының деңгейі қалай болмақ? Әрине, мұның салдары басқару сапасының төмендеуі, шешімдердің тиімсіздігі, тіпті ұлттық қауіпсіздікке төнер қатерге кеп тіреледі. Мысалы, сын сәтте шұғыл әрі оң шешім қабылдау үшін біліктілік пен тәжірибе керек, ал қызметке таныстықпен ғана келген адамда ондай қасиет кемшін болуы ықтимал. Білім беру сапасы да осындай кадрлардың үстемдігі кесірінен ақсайды – жас ұрпақ нағыз мамандардан тәлім алудың орнына көкесі арқылы келген көкесінен тәлім алса, ертеңгі күні не ұтпақ? Ең сорақысы – қоғамның әділетке, жүйенің тазалығына деген сенімі жоғалып, түңіле бастайды. Ал үмітсіздік жайлаған жерде даму, прогресс қайдан болсын?!
Меритократия мүмкін бе?
Жалғандық пен тамыр-таныстыққа қарсы тұрып, өз еңбегімен елге танылған жастар да жоқ емес. Сан қиындыққа қарамастан, ешкімнің көмегінсіз өскен өрендер әр салада кездеседі. Мысалы, шетелде білім алып, озық компанияда жұмыс істеп жүрген кейбір жас туған жеріне оралып, өзі ешкімнің «баласы» болмаса да, білімі мен білігін көрсете бастаған үлгісі бар. Спортта, өнерде, ғылым мен технологияда тек дарынымен танылған жастарды да білеміз, олардың жетістігіне бүкіл қазақ қуанады. Бұл – «аты-жөні емес, ісі сөйлегеннің» бір мысалы. Ең бастысы, осындай өз күшімен жетістікке жеткендерді көпшілік қолдап, үлгі етеді.
Қазіргі кезде мемлекеттің өзі де ме- ритократияны дамытуға талпыныс жасап отыр. Мәселен, жоғары билікте туысқандық байланысқа шектеу қойылды. Президент Тоқаев «институционалдық непотизм» дәуірі аяқталғанын мәлімдеп, енді мемлекет басшысының жақын туыстары үшін жоғары мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтерге жол жабық екенін заң жүзінде бекітті. Бұған дейін бірінші президенттің отбасы мүшелері ұлттық экономикаға елеулі ықпал ететін құрылымдар – «Атамекен» ҰКП, ҰҚК, «ҚазТрансОйл», «QazaqGaz» сияқты мекемелерді билеп-төстесе, жаңа саясат бойынша мұндай отбасылық монополияға тосқауыл қойылмақ. Бұл бастаманы қоғам меритократия жолындағы маңызды қадам деп бағалады.
Сондай-ақ жеке секторда да «кімнің баласы?» емес, «не істей аласың?» деген принципті ұстанатындар көбейіп келеді. Шетелдік инвесторлар қатысатын компанияларда жұмысқа қабылдау көбіне ашық конкурспен жүреді, талапкердің туыстық байланысы емес, қабілеті негізгі таразы болады. Ірі халықаралық мұнай-газ жобаларында немесе қаржы институттарында меритократия қағидалары мықтырақ екені байқалады. Ондағы кадрлық саясат таныссыз да таланттыларға жол ашады. Бір қызығы, Еуропада да тамыр-таныстық арқылы жұмыс табу бар дүние, бірақ оның сипаты бізден бөлек. Испанияда шарап өндірісі саласында жұмыс істеген қазақ қызы Екатерина Брицкая жергілікті тәжірибені айтқан еді. Ол жақта да бос орын туралы ақпарат көбіне таныстар арқылы тарайды екен, бірақ «дәулетті отбасының балаларын тәжірибе мен білімсіз отбасылық компания да жоғары қызметке тағайындамайды» дейді. Яғни, сырттай қарағанда, байланыс пен біліс арқылы кіруге болатын жерлер бар, бірақ ешкімге «көкесінің баласы» екені үшін ғана лауазым ұстата салмайды – міндетті түрде өз еңбегімен төменнен бастап шыңдалып келуі керек. Біздің елде де осы үрдіс тамыр жайса игі. Шын дарындыларға жол ашатын, артықшылықты атақ-лауазымға емес, қабілетке сүйенетін орта қалыптасуы қажет. Қай саланы алсақ та, мемлекеттік қызмет болсын, жеке кәсіпорын не білім-ғылым болсын – «таныс болса, өтер» деген кертартпа түсінік жойы- лып, ашықтық пен әділдік салтанат құрғанда ғана Қазақстан нығая түспек. Ол ойымызды қоғамдық даму саласындағы жас зерттеуші Аружан Омар да нықтады.
– Меритократия – бұл арман емес, дұрыс жүйе құрылған қоғамда ол – табиғи заңдылыққа айналуы тиіс. Жастардың жолын атақ пен ауқат емес, адал еңбек пен білім ашуы керек. Қазір біз өтпелі кезеңде тұрмыз, бір жағынан ескі таптаурындар әлі жойылған жоқ, екінші жағынан жаңа буын өзінің құқығы мен мүмкіндігін жақсы түсініп келеді. Ендігі мәселе сол үміт пен әлеуетке әділ орта қалыптастыру. Егер біз «Ол кімнің баласы?» емес, «Бұл не істей алады?» деген сұрақты бірінші қоятын қоғам болсақ, нағыз дамуға бет түзейміз, – деді ол.
Тілші түйіні. Рас, таныстыққа сүйенген жүйе – уақытша, ал меритократияға негізделген жүйе – мәңгілік. Бүгін жұрттан бұрын өз туысын сүйрегендер уақыт өте өзі қазған орға түседі. Қабілетсіз кадр қоғамды кері тартып, ақыры жалпы жұртқа зиянын тигізеді. Сондықтан нағыз мемлекетшілдік – жеке бақай есепті жиып қойып, лайықтыға жол беру. Өкінішке қарай, біз көп жылдан бері «өзім», «өзімнің балаларым» деген тар түсінікпен келдік. Егер рас өзгеріс, жаңару керек десек, ең алдымен осындай қоғамдық дертті емдеуіміз қажет. Талантты, адал, еңбекқор жасты шеттету – ұлттың келешегін өшірумен тең қасірет. Жас ұрпақтың өркениетті елде өгейсімей, өз Отанында өсуіне жағдай жасау – әрқайсымыздың азаматтық бо- рышымыз.
Ердәулет ҚАЛИЕВ,
журналист
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!