Digital дәуірде онлайн сауданың дәурені қыза түсті. Бүгінде жаһандық электронды сауда нарығының көлемі – 3,5 трлн теңге. Кәсіпкерлер де көрші елден керегін тауып, табысқа кенеліп жүр. Саудада кепілдік жоқ. Сазға отыру да, қыруар қаржыны қалтаға басу да бір-ақ сәт. Бірақ Қытайдың су тегін тауарына елде екі еселеп баға қосқан сатушылар ұтып тұр.

Елдегі есеп: Сауда көлемі ұлғайған

Базарға бас сұғатын адам азаймаса да, онлайн дүкенге тапсырыс берушінің саны артты. Киім-кешек, техника, азық-түлікке дейін таңдау жасап, қажеттісін уақыт жоғалтпай алады. Онлайн сауданың оңтайлы тұсы да осы. Дәлірек айтқанда, артықшылығы мен кемшін тұсын тізбектеп отырудың қажеті жоқ. Өйткені көбі мұны беске біледі.

Деректерге сүйенсек, елде электронды сауда көлемі былтыр 20,2% өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетті. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Қазақстандықтар интернетте киім, аяқ киім және түрлі аксессуарларды сатып алуға 423,9 млрд теңге жұмсаған. Екінші орында тұрмыстық техника мен электроника тұр, оның үлесі 27,1%-ды құрады. Ал жоғары технологиялық тауарлар 11,6% өсіммен 355 млрд теңгеге жетті.

Азық-түлік сегменті де онлайн саудаға ойысып жатыр. Мұның көлемі шамамен үштен бірге өсті: 35,4 млрд теңгеден 45,5 млрд теңгеге дейін. Сондай-ақ сусындар мен темекінің интернет арқылы сатылымы едәуір өскен. 69,9 млрд теңге, бір жылда 23,3% көбейген.

Биыл цифрлық сауда үшін қандай үрдістердің өзекті болатынын түсіну үшін Euromonitor International зерттеу жүргізді. Қорытындысы бойынша дамудың бес негізгі бағыты анықталды. Ең маңыздысы  жұртшылық интернет-дүкенді тауарды арзан сатып алу мүмкіндігі ретінде қарастырады. Тұтыну шығындарының өсуімен адамдар шығынды азайтудың жолын іздейтін болады. Сатып алушылар адалдық бағдарламаларына қосылу үшін жеке деректерімен бөлісуге келіседі. Әртүрлі қолданба мен бағдарлама да танымал болады. Бұл адамға киім немесе аксессуарларды іс жүзінде сынап көруге мүмкіндік береді.

– Заманға сай өзгерістердің оң болғаны қуантады. Бұрын дүкенде талонмен кезек күтсек, қазір бәрі қолжетімді. Ал онлайн дүкеннің пайда болуы уақытты үнемдеді. Базарда жүргендей кеш қарайса, «кету керек» деп әуреге түспейсің. Қолың қалт еткенде желіге немесе арнайы платформаға кірсең, қажетті дүниені іздемей-ақ табасың. Тиімдісі таңдау көп, – деді Жұмакүл Төленқызы.

Made in China: Танымал маркетплейстер

Елімізге шетелден келетін сәлемдеменің 90 пайызы “Қазпошта” арқылы жеткізіледі екен. Яғни, онлайн тапсырыстардың басым бөлігі Қытай елінен. Неде болса сауда жағынан көрші ел көш бастап тұр. Қытай платформасы нағыз «майшелпекке» айналған. Алғашында адамдар тапсырыс берген тұтынушы атанса, қазір жолын меңгеріп, бәрі бір-бір кәсіпкер. Алдымен көп сұранысын қамтамасыз еткен маркетплейске тоқталайық.

AliExpress – түрлі тауардың кең ассортименті бар онлайн-платформа. Тауар айналымы АҚШ-тағы ең ірі сауда желісі Wal-Mart-тан жоғары деген дерек бар. Тауар саны 50 млн-нан асады. Тұтынушы ретінде үштікте Ресей, АҚШ және Бразилия тұр. Елімізде де «AliExpress» тауарына тапсырыс беретіндер жетерлік. Сауда желісінің танымал болуына қолданыстағы қажетті тауарларды арзан бағамен ұсынуы себеп. Алғашында 12 минуттың өзінде-ақ компанияға 1,57 млрд табыс түскен екен.

Ал тaobao – қытайлық алпауыт сауда алаңы десек артық емес. Ұсақ-түйектен бастап, керекті дүниенің бәрі табылады. Бізде көбі ондағы тауарға тапсырыс беріп, жеткізуі жөнінде делдалдық компанияға сүйенеді. Айта кетейік, коммерциялық сайттың қолданушысы өте көп.

Alibaba.com – 1999 жылы іске қосылған жаһандық көтерме саудадағы жетекші платформа. Әлем бойынша млн-даған сатып алушыға қызмет көрсетеді. Бұл тауар түрін тез әрі тиімді бағада табуға болатын тетік. 40-тан астам санаттағы млн-нан астам тауары бар.

Pinduoduo.com-ға келсек, ол қазіргі таңда қолданысы кең Қытай кәсіпорны. Электронды коммерция бойынша озық саналған сайттан елімізде тапсырыс берушілер саны артып келеді.

Саудада абсолютті көшбасшы деп танылған Қытайдың интернет дүкені көп. Бұл тізімнің өзі толық емес. Оларға түскен қаржы тіпті қомақты.

Қытай асқан тауардың құны қандай?

Иә, жұмыртқадан жүн қырыққандар пиндуододан пайда көріп жүр. Өйтпегенде ше? Елмен салыстырғанда бағасында әжептәуір айырма бар. Бізде сапалы деген 60 мыңның күртешесін Қытайдан 30 мыңға, 10 мыңның сөмкесін 2 мыңға алуға болады. Бұл – айлығы шайлығынан артылмайтын адам үшін үлкен үнем. Тіпті қалталының өзі көлемді тапсырыс беруде. Бәлкім, қызыққа немесе артық ақшасын ауаға ұшыруға жоқ деген сөз. Жаңа дүниеге жапатармағай ұмытылатынымыз рас қой. Қазір бәрі пиндуодоның төңірегінде айналшықтап жүр. Курс ашып, сайтты үйреткен де, үйреніп, бизнес бастағаны да бар. Бірақ әркімнің табысы әрқалай.

 – Пиндуодомен айналысқаныма 3 ай болды. Ауылға жақсы мүмкіндік деп айтар едім. Қытай зауытынан шықса да тауар сапасы жоғары. Негізі сапалы болуы бағасына байланысты. Арзанының сорпасы татымайды. Сондықтан тапсырыс бергенде жан-жақты қарастыру керек. Өзім сатылым санына, адамдар пікіріне назар аударамын. Пиндуодо көп киім-кешек алатындарға өте тиімді. Аяқ-киімге тапсырыс бердім. «Қытай өнімі ғой, иісі бола ма екен?» деген ой болды. Бірақ жоғары сапада келді. 3 ай енді болғандықтан әзірге көп тұтынушы жоқ. Табысты есептемеппін, шамамен бір айда 15 мыңнан аса табамын, – дейді студент Мерей Күмісбек.

Жаңа дүние келсе, жапатармағай соны байқап көруге тырысамыз. Сөйтсек пиндуодоны Қытайдың өзі қолданбайды екен. 

– Pinduoduo қазақтың «жанды жерін» дөп басты. Біз біреу бірдеңе тауып байыса, соған еріп кетеміз ғой. Мойындау керек, Pinduoduo-ның бастапқы курсын үйреткендер жақсы ақша тапты. Ал одан тауар алып, байып жатқандар шамалы. Негізі Қытайдың өз ішінде бұл – сапасыз, сәннен қалған тауарларды сататын сайттардың бірі. Оны қытайлықтардың өзі қолданбайды. Ал Pinduoduo-ны танымал еткен осы ТМД елдері деп айтар едім. Негізі бұл сайтты «Қытайдың қалдығы» деп айтады, – деді Үміт.

Ал алматылық ару Лиза кәсіпті дөңгелету оңай емес дейді.

– Бизнес бастау – тез баю емес. Айналымда ақша азайып, банкрот болатын кездер болады. Бірде бір күннің ішінде млн-дап табыс табасың. Көбі пиндуодомен байып кетті деуі мүмкін. Бірақ сауда жүргізудің қиындығы жетерлік. Тауарды әкелу мен сатудың машақаты мен шығыны да біраз. Тауарды ұшақпен немесе автобуспен жеткізуге болады. Тек жүк көліктер екі апта мен бірнеше айда жеткізсе, ұшақ тауарды бір аптаға жетпей әкеледі. Қытайда тауар арзан болғанымен, шығын жеткізуіне кетеді, – деді жас кәсіпкер.

Онлайн саудаға оңбай алданғандар

Бірі интернет дүкеннің игілігін көрсе, бірінің аузы бақадай ашылып қалды. Иә, алаяқтар аяқты аспаннан келтіріп, қыруар қаржыны қалтаға басқан. Былтыр елордада жарты жыл ішінде 1894 адам желі арқылы тауарға тапсырыс беріп, дымсыз қалған. Осылайша телефонмен тапсырыс беріп, тауарсыз қалған жұрт қаржысынан қағылған. 288 іс бойынша қылмыс ашылып, жыл басынан 60 күдікті ұсталған.

Ал Маңғыстау облысында жыл басынан бері тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті онлайн дүкеннен алданған азаматтарға 1 394 900 теңге қайтарған. Жыл басынан бері департаментке азаматтардан 350 өтініш түскен. Оның 120-ы жазбаша болса, 15-і телеграмм бот арқылы, ал 87-і жеке қабылдауда, сондай-ақ, 128-і жедел желі бойынша кеңес алған.

– Департамент мамандары тұтынушылардың өтініштерін қарап, кеңес беріп, көмек көрсетіп келеді. Тұрғындардың басым бөлігі тауар сапасына, айырбастау және кері қайтару, жиһаз жасау және жөндеу  жұмыстарына, сондай-ақ  тұрмыстық қызмет көрсету деңгейіне көңілі толмай, шағым түсіреді. Көп жағдайда кәсіпкерлер тұтынушылардың жазбаша шағымдарын жауапсыз қалдырады, бұл – басты мәселе, – деген Рауан Мұхаев.

Бұдан бөлек Маңғыстаудың мыңдаған тұрғыны «Қытайдан тауар алып беремін» деген әйелге алданған. Тауар да, ақшасы да жоқ, жер сипап қалған солай. Өңірде де мұндай дерек кездеседі.

Түйіндей келе, электронды сауданың экономикаға ықпалы зор екені айтылады. Сауда перспективасының ауқымы соншалық, логистикаға, контейнерлік тасымалдауға, курьерлік қызметтерге, цифрлық сервистер мен қызметтерге әсері мол. Дәстүрлі дүкенді ығыстыруы да сондықтан. Тиімді тұсы тайға таңба басқандай анық. Бірақ тәртіптің де қатаң болуын қадағалау артық етпес.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!