Ең қымбат әрі Қазақстанда ғана өндірілетін металл туралы не білеміз?

Қазақстандағы түсті металлургия өндірісі мен экспорты туралы дау көп, тұжырым алуан. Алайда бүгінгі тақырып сирек кездесетін құнды металл – осмий туралы болмақ. Себебі аталған металлдың нарықтағы құны алтыннан 300 есе, күмістен 10 мың есе қымбат. Бастысы, Қазақстан бұл металлды өндіретін және сататын жалғыз мемлекет. Осы орайда «бұл бағыттағы өндіріс көлемі қанша?», «Құнды өнімнен түсетін қыруар қаржы қайда кетеді?» деген сауалға жауап іздеп көрелік.

Осмий ақ түсті, көгілдір реңкке ие. Алтыннан 300 есе қымбат фантастикалық әдемі металл осылай көрінуі керек шығар. Осмийі бар сіріңке қорабының салмағы килограммнан аса­ды. Алайда ол радиоактивті емес. Сондықтан аэроғарыш саласында, ракета жасауда, қазіргі заманғы технологиялар мен көптеген дәрілік препаратты синтездеу кезінде пайдаланылады. Таңқаларлығы, табиғатта Осмий-187-ден тығыз зат жоқ. Сондықтан бұл элементті 9 ай бойы өндіреді.

Иә, осмий – еліміз сыртқа шығаратын қымбат металдың қатарында. Табиғатта аталған элемент 7 изотоп түрінде кездескенімен, ішіндегі  дәл осмий-187 тек елімізде өндіріледі. Қымбаты да сол. Оған мысал, Қазақстан 2004 жылдан бастап ғана осмий экспорттайды. Оған дейін металлдың нарықтағы бағасы грамына 100-200 мың долларды құраған. Ал біздегі экспорт есігі ашылып, өнім әлемге тараған соң баланс теңескен. Қазір осмий-187 изотопының құны грамына 10 мың доллар шамасында.

Ең қымбат әрі Қазақстанда ғана өндірілетін металл туралы не білеміз?

– Осмий нарығын қалыптастырған және осы металды экспорттаушы технологиялық өркениеттің дамуына ықпал еткен Қазақстан болды. Бұрын осмий қорытпасынан эксклюзивті сағаттар мен қаламдар ғана жасалып, ал оны тұтыну шамалы болатын. Қазір бұл салада сұраныс артты. Болашақта осмий, литий және оттегіден ультра қуатты кванттық компьютерлер шығару жоспарланып жатыр, – дейді жас химик Жоламан Ақбасов.

Айтып өткеніміздей, осмий қолданылатын сала стратегиялық маңызы бар бағыттар қатарында. Оған қоса металлдан түсетін табыс аз емес. Содан болар, осмий өндірісіне қатысты мәліметтер мемлекеттік құпияға жатқызылған. Мәселен, жыл басында БАҚ өкілдері бірнеше рет маталл экспортына қатысты мәлімет алу мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сауал жолдаған. Алайда тәуелсіздік жылдары ішінде осмийдің қанша көлемі өндірілгені, экспортқа қандай бағамен және қай елдерге шығарылатыны туралы ақпарат алу мүмкін болмаған.

– Қазақстанның 1999 жылғы 15 наурыздағы № 349-I Мемлекеттік құпиялар туралы заңының 12-бабы 10 тармағына сәйкес металлургия өнеркәсібінің сирек кездесетін металдарды немесе стратегиялық маңызы бар басқа да материалдарды, оның ішінде осмий өндіру туралы мәліметтер мемлекеттік құпияға жатқызылады, – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Алайда әр жылдары ашық дереккөздерде жарияланған мәліметтен тақырыптың жалпылама бейнесін құрау қисынға келеді. Мысалы, елдегі осмий тек Жезқазған кен орындарында өндіріледі.

Алдымен осмийді қайдан алатынын анықтайық. Мамандар пікірінше, құрамында платина мен палладийі бар полиметалл және алтын кен орындарында аталған элемент көп кездеседі. Қазіргі таңда құрамында осмийі бар иридий кен орындары Ресейдің Сібір мен Орал аймағында, АҚШ-тың Аляска, Калифорния өңірінде және Колумбия, Канада, Оңтүстік Африка мен Тасмания, Австралия елдерінде орналасқан. Ең ірі қордың қатарында Оңтүстік Африкадағы Бушвельд кен орны бар. Қызығы, әлемнің әр қиырында болғанымен, осмийді экспорттайтын жалғыз ел Қазақстан..

Баға басты өлшем емес

Көбі осмийдің құны неліктен қымбат екенін болжауға құмар. Алғашқы себеп аталған металлдың тығыздығы болса, кейінгісі сирек кездесетін қасиетінде жатыр. Әрине, осмийден де қымбат химиялық элемент бар, оның атауы – калифорний. Дегенмен неліктен осмийдың бәсі биік екенін былайша түсіндірейік.

1998 жылы Ок-Риджск ұлттық зертханасында калифорний-249 изотопының 1 микрограмы (граммның миллионнан бір бөлігі) 180,25 долларға, ал калифорний-252 изотопының 1 микрограмы 56 долларға бағаланған. Металдың көзге көрінбейтін бөлігінің өзі осынша құнды болды. Алайда Калифорний табиғатта таза күйінде кездеспейді. Арнайы зертханада күрделі реакциялар жолымен плутонийді жаңа затқа айналдыру арқылы алынады. Мамандар калифорнийдің әлемдік қоры ең әрі кеткенде 5 грамнан аспайды деп болжам жасап отыр. Оның бағасының аса қымбат болуы да  өте сирек кездесетіндігінен. Оның үстіне, 1950 жылы алғаш рет ядролық реакциялау жолымен алған бұл радиоактивті металлды өмірде жоқ зат ретінде бағалауға да болады. Осы деректерді ескерсек, көзге көрінетін әрі табиғатта кездесетін ең қымбат металдар тобын осмий бастайтыны сөзсіз.

– Осмий – калифорнийға қарағанда әлдеқайда кең таралған металл. Қаттылығы, бу қысымына беріктігі және өте жоғары температурада ғана балқитынына байланысты осмийді механикалық өңдеу қиын. Ол табиғатта кездесетін барлық заттардың ішіндегі ең тығызы. Осы қасиетіне байланысты өзі қосылған затқа ғажайып беріктік береді.

Мысалы, кейде тозбау үшін бағалы бұйымдарды алтынмен булайтыны белгілі, Ал егер оған осмийді қосатын болса, ол мүлдем тозбайтын болады. Техникалық, медициналық, өнеркәсіптік пышақтарға осмий қосылса, барынша өткірлене түседі және жүзі қайтпайды. Осы қасиетіне байланысты осмий аэроғарыш құралдарын жасаған кезде қолданылады, – дейді Ж.Ақбасов.

Табыс талан-таражға түспей ме?

Қарағандыдағы қайғылы оқиғадан соң кен орындарын бақылау, мемлекет меншігіне қайтару, шетелдік компаниялармен келісімшартты қайта қарау күн тәртібіндегі мәселеге айналды.Осы орайда түсті металлдағы табыстың да жайы ел-жұртты алаңдатып келеді. Көбі өзге кеннің меншік құқығы мен өндіріс бөлінісі әрқилы болғанымен, құнды металлдан түскен табыс қазынада қалса деген тілек айтады. Осы орайда Минералды шикізат­тарды кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталықтың бас директоры Әбдірәсіл Жәрменовтың БАҚ өкілдеріне берген пікірі көп жайттың бетін ашатындай.

«Әлемде сирек металдардың 14 түрі болса, соның барлығы біздің жерімізден табылып отыр. Бірақ оларды негізінен алғанда жеке компаниялар өндіріп жатқандықтан, сирек металдар өндірісі мемлекеттік бақылаудан тысқары қалып отыр деп айтуға болады», – деген ол.

Қазақстан сирек кездесетін металл өндірісін қол астына алуда алуан ұстаным көрсетіп келеді. Мысалы, тақырыпқа арқау болған осмийді өндіру мемлекеттік монополия. Сондықтан әлемдегі ең қымбат металды сатудан түскен барлық кірістер ел қазынасына аударылады. Ал басқа металлдар өндірісі әлі де бақылауды талап етеді.

Қазақстан осмийдан пайда алып отырғаны анық. Алайда соңғы уақыттағы өндіріс үрдісіндегі ахуал мәселеге өзге қырынан қарауға жетелейтіндей. Олай дейтініміз, жоғары технологиялардың дамуына байланысты сирек металдардың қолданыс аясы кеңейіп, маңызы арта түскен. Соған байланысты әлем елдері сирек металлды сыртқа саудалауға құмар емес. Яғни, оны өз елінде кәдеге асырып, дайын өнім жолына пайдалануға көшкен. Бұл – елдегі шикізат экспорты саясатын қайта қарауға бір себеп.

Р.МАҚСҰТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!