COVID-19 әсерінен әлемдегі туризм тұралап тұр. Осы жылдың бірінші тоқсанында халықаралық саяхаттар 22 пайызға азайған, ал халықаралық туристік барыс-келіс былтырғыға қарағанда 60-80 пайызға төмендеген. Алайда бұл жағдай отандық туризмнің дамуына оң ықпал етуде. Шекара жабылған соң, шетелге шыға алмаған қазақстандықтар ішкі туризм қызметін пайдалана бастаған. Жуырда «Rysqulov.analytics» зерттеу орталығы туризмге қатысты келесідей сауалнама жүргізді. Зерттеу жұмысына қатысқан 1200-ге жуық  адамның 70 пайызы пандемия уақытында ешқайда бармаймын десе, 25 пайызы ел ішінде саяхаттаймын деген нұсқаны таңдаған. Осыдан-ақ жыл сайын отандық туризм қызметін қолданушылар қатары артып келе жатқанын көруге болады дейді сала мамандары.

УӘЖ: БІЗГЕ ВИРУС ТҰСАУ

Коронавирустың кері ықпалы ішкі туризмді дамытамын деген жас кәсіпкерлердің де жұмысына кедергі келтіруде. Айталық 23 жастағы Еділдің енді ғана еңсе тіктеген «Arman tour» туристік агенттігі пандемияға орай жұмысын уақытша тоқтатқан. Елде төтенше жағдай басталмас бұрын бұл агенттік Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне, Үкаш ата, Жылаған ата мазарына, Отырар қалашығына, сондай-ақ Түркістан облысының бірнеше тарихи-мәдени орындарына жеке тур ұйымдастырған еді. Алайда саяхаттан саулықты маңызды санаған қазіргі тұста бұл істі жүргізу қып-қызыл шығын екені айтпаса да түсінікті.

Еділ ШЫНӘЛІҰЛЫ, «Arman tour» туристік агенттігінің иесі:

‒ Осы кезге дейін орталық туристердің Түркістан аймағымен танысып, қасиетті жерлерге баруына, жақсы демалыс өткізуіне қызмет етті. Себебі бұл бағыттарға қызығушы турист  көп. Біз сол туристердің сұранысына жұмыс жасадық деп айта аламын. Алайда пандемия ішкі және сыртқы туризмге үлкен соққы болып тиді. Төтенше жағдай кезінде ішкі турларды ұйымдастыруға біршама шектеу енгізілді, санитарлық режимді қатаң сақтауға тура келді. Өйткені бұл салада халықтың шоғырлану жағдайы жоғары. Сондықтан жұмысын енді бастаған шағын туристік агенттіктер өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Қазір «Arman tour»  командасының мүшелері әртүрлі салада  жұмыс жасауда. Осы қиындықты еңсерсек, алдағы уақытта жаңа жоспармен жұмысты жалғастырып кетеміз деп ойлаймын, ‒ дейді ол.   

Отандық туризмді дамытсам деген оймен кәсіп ашқан Еділ әзірге мемлекет тарапынан қолдау болмағанын да тілге тиек етті. Ақылы мен еңбегіне сенген кәсіпкер мемлекет бұл салаға айтарлықтай көңіл бөлсе, ішкі туризмді жоғары деңгейге жеткізуге болатынын айтады.

Жалпы тосыннан келген қауіпті вирус туризмнің қай саласына да оңай тиген жоқ. Статистикалық есепке сүйенсек, биыл аймаққа ат ізін салғандардың қатары едәуір сиреген. 2019 жылдың қорытындысы бойынша өңірге келушілер саны 71 669 адамға жетсе, 2020 жылдың 9 айдағы қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 32 139 адамға төмендеген. Осы орайда аймақтағы туризмнің ахуалын баяндаған сала маманы пандемия тұсында біршама бастаманың қолға алынғанын жеткізді.

Айқожа БАҒДАТҰЛЫ, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының туризмді дамыту бөлімінің маманы:

‒ Пандемия кезінде оқшаулау жұмыстары кеңінен жүргізіліп, шекаралар жабылды. Осыған орай шетел асатын туристер саны да азайды.  Бірақ бұл жағдай ішкі туризмнің дамуына оң ықпал етті. 2020 жылы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы карантиндік талаптарды сақтай отырып, аймақтағы көне тарихи-қалашықтар орнына ақпараттық-турлар, аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына «Тірі сабақ» пилоттық режимі негізінде сити-тур ұйымдастырды.

Жалпы Қызылорда облысы Түркістан, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе облыстарымен шекаралас. Бұл ретте облыс тұрғындарының басым бөлігі Түркістандағы «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесіне, Шымкент қаласы, Ақтөбе облысындағы «Ақтолағай» шатқалдарына және осы тектес туристік нысандарға жиі барады.

Ал аймағымызға келушілердің басым көпшілігі Байқоңырдағы зымыран-тасығыштың ұшырылым сәтін тамашалауға, Қорқыт ата мемориалдық кешеніне және Сығанақ, Жанкент сынды көне-тарихи, мәдени қалашықтарды көруге келеді. Осыған орай өңірдің туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында  бірінші кезекте туристік нысандарға баратын инфрақұрылымдық жобаларды қолға алып, оны «Жұмыспен қамту 2020-2021» жол картасы немесе бюджет аясында іске асыруды жоспарлап отырмыз.

Қазір «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойында қызмет көрсететін жол бойы сервис кешендерін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын басқарма «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, кешендер жұмысы бойынша тұрақты мониторинг жасайды. Сондай-ақ медициналық туризмді дамыту аясында Жаңақорған ауданындағы шипажайлардың әлеуетін арттыру және жазғы шомылу маусымында қызмет жасайтын жағажайлар мен демалыс орындары қызметінің сапасын жақсарту бағытында жұмыстар қолға алынуда.

ҚР Үкіметінің 2019 жылғы №360 қаулысымен «ҚР туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілген. ҚР туристендіру картасына облыстан 3 туристік нысан енгізілді: «Қамыстыбас» демалыс аймағы, «Жаңақорған» шипажайы, «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағы. Бұл ретте  «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын құру туристендіру картасының ТОП-10, «Қамыстыбас» демалыс аймағы мен «Жаңақорған» шипажайы ТОП-50 нысандар тізімінде.

Қазіргі «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын іске асыру мақсатында инвестор іздестірілуде. Жоба жүзеге асқан жағдайда, жылына 250-500 мыңнан астам келушіні қабылдайды деп күтілуде. Ал 2020 жылдың соңында Жаңақорған ауданында заманауи талапқа сай «Орда Сығанақ» шипажайы пайдалануға берілді, ‒ дейді ол.

Сала маманымен тілдесу барысында «пандемия кезінде турагенттіктер қызметіне басқарма тарапынан қандай көмек ұсынылды?» деген сауалды қойдық.

‒ Жалпы туристік фирма өкілдерінің барлығы жеке кәсіпкер болып табылады. Бұл ретте кәсіпкерлер жалға алынған кеңсе ақысын төлеуден босатылып, әлеуметтік мәртебесіне қарай атаулы әлеуметтік көмек берілді, ‒ дейді жауапты маман.

Түбі бір түркі жұртына ортақ Қорқыт ата мемориалдық кешеніне арнайы келетін турист көп. Алайда пандемия уақытында мұндағы музей жұмысы онлайн форматта жүргізіліп, келушілер қатары сиреген. Есесіне онлайн көрермен саны күрт артып, кешендегі жүйелі жұмысты желіде бөлісуге мүмкіндік туыпты. Айта кетейік, мемориалдық кешен 2014 жылы Елбасы тапсырмасымен қайта жаңғыртудан өткен. Әрі кешенде келушілерге арнап барлық қызмет түрі қарастырылған.

Айгүл БОРАНБЕКҚЫЗЫ, Қорқыт ата музейінің ғылыми қызметкері:  

‒ Қорқыт ата мемориалдық кешеніне келушілерді қызықтыратын негізгі нысан ‒ қобыз бейнесіндегі ескерткіш. Кешен Самара-Шымкент тасжолында орналасқан соң жолаушылар «мұнда не бар екен?» деп арнайы ат басын бұрады. Әрі ескерткіш биіктігі ‒ 12 метр, сондықтан алыстан көрінеді. Ал жергілікті жұрт үшін тарихи орын бұрыннан таныс. Музейде Жанкент, Шірік-рабат, Жетіасар алқабынан табылған түпнұсқа жәдігерлер мен тарихи экспонаттар бар. Деректі фильмдер мен күйлер топтамасы да осында қамтылған.  

Алыстан келетін жолаушылар үшін кешенге қарама-қарсы бетте арнайы  орталық салынған. Онда намазхана, асхана, қонақүй қызметі қарастырылған. Кешенді аралау тегін, музейге кіру құны – 200 теңге, ал экскурсия ұйымдастыратын гид жұмысы ‒ 600 теңге.

Карантин уақытында шетелден ешқандай турист келмеді. Жылда мұндай кезеңде кешенді 13 000-нан астам турист тамашалайтын, ‒ дейді маман.

ПІКІР: ШИЖАҒАҒА КЕЛГЕН ТУРИСТЕРГЕ ТҮЙЕ МІНГІЗЕЙІК

Аймақтағы туризмнің хал-ахуалын білген соң, сын көтермейтін сапа мәселесіне ауыстық. Отандық туризм десе, көпшілік «бағаның қымбат, қызмет көрсету сапасының төмен» екеніне шағымданады. Бұл пікірді Қазақстанның түпкір-түпкірін шарлаған саяхатшы Эльмира Әбдінәбиқызы да жоққа шығармайды. Осы кезге дейін жолдасының қызмет бабына байланысты облыстың алты ауданында тұрған Эльмира Әлиева 2018 жылдан бері «Инкрузис» компаниясының маркетинг директоры ретінде адамдарды теңіз үстінде саяхаттауға шақырып келеді. Айта кетейік, Америкадағы бұл компания қазір дүниежүзіндегі 180-нен аса мемлекетпен жұмыс жасайды. Шетелдегі жүйені жақсы білетін жиһанкез тілдесу барысында туризм жайлы тың ұсынысын айтты.  

Эльмира ӘЛИЕВА, саяхатшы, «Инкрузес» компаниясының маркетинг директоры:

‒ Биыл жолдасыммен шаңырақ көтергенімізге 32 жыл, содан бері саяхаттау отбасылық дәстүрге айналды. Біз Қазақстанды түгел шарлап,  Арал теңізі мен Каспий теңізі, Қаратау мен Алатаудан әрі асып, Тянь-Шаньнан өтіп Қытайға дейін барып қайттық. Қырғызстан мен Өзбекстанның таулы аймақтарында да болдық.

Қазақстанның қай өңіріне барсаңыз да, қызмет көрсету сапасы төмен. Мысалы, Өзбекстанда сізді есік алдынан құшақ жая қарсы алады, бар болса да, жоқ болса да күліп жауап береді. Өздері сондай қонақжай. Еліміздің батыс аймағынан мұндай кішіпейіл көңілді байқамадық.

Былтыр Грузияның Баржоми санаториясында болдық. Мемлекет Кеңес үкіметіндегі жұпыны күйімен дамымай қалған, бірақ санаторий қызметі бізден әлдеқайда озық. Сондай-ақ лайнермен Италия, Испания, Франция, Корсика мемлекеттерінде  болдық. Еуропа шынымен туризм саласында алда келеді, адамдары үнемі күліп жүреді, тазалығы да керемет, мәдениеті де жоғары. Баға тұрғындардың жалақысына сай. Олардың ең төменгі айлығы 2000 доллар болғаннан кейін оларда бір бөтелке су 2 евроға сатылады. Тұрғындар үшін бұл қалыпты жағдай. Бұл мемлекеттер тарихи құндылықтарын жақсы сақтаған, сондықтан Астана,Түркістан қаласы тәрізді қайта өсіп жатқан жоқ.

Жалпы Қазақстанда туризм енді ғана басталып келе жатыр. Мен ел ішінде саяхаттауға туристік агенттік көмегін пайдаланған емеспін. Бірақ баға жоғары, сапа төмен деген пікірге қосыламын. Оған халық кінәлі емес, өйткені туристік орта қалыптастыру үшін қыруар қаражат қажет. Жұмысты жүргізу үшін қанша адамды оқытады, жатын орын, тамақ сатып алу, оны дайындау, коммуналдық төлем бағасы бәрі-бәрі қымбат. Бұл шығынның бәрі қонақ үй иесіне немесе кәсіпкерге ауыр тиеді. Шетелде баға шынымен арзан. Неге? Өйткені олар дайын өнімді сатып алмай, өз-өздерін қамтамасыз етеді. Мысалы, Түркия елін алайық. Олардың демалыс орындарының жанында көкөністің түр-түрі өсіп тұр, өздерінің мал жайылымдары бар. Әрі олар мәдениеттілікке үйренген. Егер қонақүй ашатын болса, қызметкерді өздерінің жеке мектебінде үйретеді. Әркімнің нақты өз міндеті бар, мысалы, асханада жүрген аспаз тек тамақ дайындайды,  бірі тек ыдыс жуады деген сынды. Бізде мұндай мектептер жоқтың қасы.

Меркіде саяхаттап жүрген уақытта гид сол жердің тарихын жақсы түсіндіріп берді. Сол тұсы маған қатты ұнады. Мәскеу мен Еуропаға барсаңыз да саяхатты алдымен тарихынан бастайды ғой. Бізде туризмнің осы тұсы еленбей тұр. Тек бәрін жаңарта беру керек. «Ана ел анадай, мына ел мынадай» деп жаңалай бергенше, өзімізде бар киелі орындардың тарихын түбегейлі біліп, таза ұстап, халыққа насихаттаған дұрыс.

Мұндай мәселенің шешу жолы қайсы десек, біріншіден, отандық туризмге арнайы субсидия бөлінгені жөн. Осы орайда өңірлердегі жағдайды да айтқым келіп отыр. Қамбашта тек киіз үйлерді салып қойған, өз басым ғимараттарын көрген емеспін. Барған кезде көлден басқа ештеңе байқамайсың. Шижағаға барсаңыз, Аралдың құмы қандай?! Сахарада жүргендей боласыз ғой. Сол жерге келген туристерді түйеге мінгізіп, дәл Түркия, Дубайдағыдай дамытуға болады. Ол үшін келушілерге жақсы жарнама керек. Ал оны жасау үшін тағы да қыруар қаржы қажет. Үкімет оған көңіл бөліп отырған жоқ. Ақшасы бар адамдарға ғана елде демалуға мүмкіндік бар, бірақ олар Қазақстанға қарағанда шетелді таңдайды.

Екіншіден, бізде мамандарды арнайы оқытатын жер жоқ. Қонақүй қызметкері, даяшы, гидтерді жеке-жеке оқыту керек. Туризм саласында білім алған жастар көп жағдайда шетелге кетеді. Сосын елге қайтып келгісі келмейді, өйткені ақша аз, құжат көп. Сол үшін жастарды туризм саласына тегін оқыту керек. Мысалы, Қамбаш туризмі, Бәйгеқұм туризмі деген сынды бағыттарды бөліп қарастыру қажет. Себебі жеріне қарай қызмет көрсету түрі бір-біріне ұқсамайды, ‒ дейді саяхатшы.

Шижағадағы түйе

Талай жерге табаны тиген жиһанкездің сөзінен кейін, ұшақтан түскен туристі құшаққа қысатын қонақжай маманның болмағанына қынжылдық. Осы мәселені айта бастағанда есімізге алдымен ЖОО-ның түсуі қалыпты жағдай. Расында университет қабырғасында жыл сайын жас мамандар білім алып, біліктілігін шыңдайды. Бірақ сала қызметкері ішкі туризмдегі түйткілдің себебі басқа екенін алға тартты.

Ағжан КӘРІБОЗОВА, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы:

  ‒ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 2018 жылдан бастап «Туризм» мамандығы оқытылады. Білім алушыларға «қызмет көрсету саласының бакалавры» біліктілігі беріледі. Туризм мамандығына республика бойынша жыл сайын 500-ден аса мемлекеттік грант, облыс әкімінің де атаулы білім гранты бөлінеді. Айта кетейін, соңғы уақытта осы салаға қызығушылар саны артып келеді.

Жалпы аймақ туризмі жан-жақты талдауды қажет етеді. Облыс бойынша туристік танымдық мәлімет беретін ақпараттық сайттың жоқтығы өңірдегі жарнама қызметінің деңгейін көрсетеді. Сол үшін аймақтың  туристік брендін цифрлық платформаларда насихаттауды ұйымдастыру қажет.

Облыстағы туризмді дамыту үшін туризм саласын басқару органдары мен туризм мамандарын даярлайтын оқу орындарын және туристік индустрияда қызмет етіп жатқан турфирмалардың басын біріктіру керек деп есептеймін. Осы үш сала мамандары бірігіп, бағыттарын анықтап алса, тиімдірек болады деп ойлаймын, ‒ дейді ол.

Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстан 1993 жылы дүниежүзілік туризм ұйымына мүшелікке қабылданған. Содан бергі 28 жылда ішкі туризмнің шаруасы шарықтамай, шатқаяқтап тұрғаны жиі-жиі айтылып келеді. Көрікті жерлер бола тұра, жарқыратып көрсете алмаған билікке айтылар сын көп. Алайда бұл түсінікке қарама-қайшы уәж айтатындар да бар. 

Абылай МАХАНБЕТӘБДІҰЛЫ, «Orda travel» туристік агенттігінің қызметкері:

‒ «Еліміздегі туристік орындардың сапасы сын көтермейді» деген пікірмен мүлде келіспеймін. Баға да, қызмет көрсету сапасы да ойға қонымды. Бұл бағытта турагенттер қарқынды жұмыс істеп келеді. Сөзімізге шетелдік туристердің ел аумағына жиі келуі дәлел.

Келешекте Қазақстан халықаралық туризм нарығына енуді межелеп отыр. Себебі туризм – әлемдік экономиканың маңызды саласы, табысты бизнес көзі. Бүгінде Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкімет туризм саласына айрықша көңіл бөлуде. Қазақстанға туристердің қызығушылығын арттыру мәселесі де Ұлт жоспары реформасының 57-қадамында айтылған. Онда туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тарту қажет деп көрсетілген. Оған негіз де жоқ емес. Себебі Қазақстанның қай өңірін алып қарасаңыз да табиғаты туризмді дамытуға қолайлы. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас сынды көрікті аймақтар мен ондағы шатқалдар туристерге жақсы демалыс сыйлайды. Осы тұрғыда «Orda travel” өзінің сапалы қызметімен және қолжетімді бағасымен Қызылорда қаласы тұрғындарына ғана емес, Арал, Қазалы, Байқоңыр, Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған және түркістандық саяхатшыларды да қуантуда.

Қазір аймақ тұрғындары үшін Шымкент қаласынан 80 км жерде орналасқан «Тау самалы» демалыс орнына саяхат ұйымдастырып жүрміз. Ал алдағы уақытта демалушыларды Бурабай, Меркі сынды көрікті жерлерге апаруға тырысамыз. Мұның бәрі ішкі туризмді дамытуға әсер етеді деп ойлаймын, ‒ дейді ол.

«Тау самалындағы» демалыс

ҰСЫНЫС: ҚАРА ТУРИЗМ МЕН ФИЛЬМ ТУРИЗМДІ ҚАТАР ДАМЫТСАҚ НЕ ҰТАМЫЗ?

Жоғарыда сала мамандары айтқан пікірлерге сүйенсек, бізде шетелдегідей сервистің қалыптаспауына қаржы тапшылығы, жарнама жеткіліксіздігі, ақпараттық қолдаудың аздығы, білікті кадрлардың жоқтығы әсер етуде. Осы орайда әріптесіміз Нұрбек Әмишаның ішкі туризмді дамытуға арналған ұтымды ұсынысына құлақ асып, сала сарапшысы Нұржан Әбдіразақовтың орынды пікіріне назар аудардық.

Нұрбек ӘМИША, журналист:

‒ Өзбекстан биыл Мойнақ әуежайын жаңартып, эйрбас қондыратын жағдай жасап қойды. Мойнақ ‒ Арал теңізінің жағасында орналасқан қала әрі Қарақалпақстанның орталығы. Бар-жоғы 13 мың халқы бар қаланың әуежайына өзбек билігінің көңіл бөлуі тегін емес, себебі Мойнаққа туристер көп келеді. Арал теңізінен қайырлап қалған кемелер де тек сол Мойнақ бетте тұр, өзбектер қалған-құтқан кемелерді жинап, күзет қойып, туристерге көрсетіп отыр.

Ал Қазақстан жағында кешегі Арал теңізінің куәгері деп ұсынатын бірде-бір корабль қалмады, барын пысықтар кесіп-кесіп, темірге өткізіп жіберді. Қытайдан келген бір трактордың ішкі сайманынан «Аральское море» деген жазу шықты деп ырқылдап күлген қазақты көріп, кеме сатқыштардың «ерен еңбегі» еш кетпеген екен дедік.

Әлемде Dark tourism (қара туризм) деген ұғым бар, адам қолымен жасалған апаттар, қырғындардың орнын туристерге көрсетіп, тақсіретті тарихты сезіндіріп, сол арқылы ел бюджетін қампайтады. Өзбекстан сол сұранысты дөп болжап, Аралға адам тартып жатыр. Оған территориясының кішкентайлығы мен тарихи, көне қалаларының көптігі де әсер ететін шығар.

Біз тарап ше деймін ғой. Бізде де қара туризмге тән нәрсе көп: тартылған Арал, Кіші Аралдың толтырылған тостағаны, тек кеме жоқ. Қаңырап кеме жатпаған соң, аңырап «Арал осындай болып еді» дегеніңізді немесе «Ғасыр құрылысы ‒ Көкарал бөгетін салдық» деп жар салғаныңызды көруге ешкім келмейді.

Қара туризм тізімінде Өзбекстан тарапынан тек Арал теңізі ғана еніпті, ал Қазақстаннан Аралмен қоса, онымен жапсарлас жатқан Байқоңыр ғарыш айлағы, әрісі КарЛаг, Курчатов, Семей полигоны бар. Инфраструктурасы дұрыс ұйымдастырылса, қара туризмді бізде де дамытуға болатын секілді, ‒ дейді.

Темір-терсекке өткізіп жіберген Аралдағы кемелер осы

Нұржан ӘБДІРАЗАҚОВ, туризм саласының сарапшы маманы:

‒ Бізде туризм жүйесін дамыту кеш жүргізілуде. Тіпті Қазақ туризм ұлттық компаниясының ашылғанына да көп бола қойған жоқ. Осыған дейін бұл сала мемлекеттік басқаруда болды. Жалпы ішкі туризмнің тұралауына ішкі нарықта бәсекенің болмауы мен жарнама жеткіліксіздігі әсер етуде. Ел арасында туристерге қызмет көрсететін қонақүй, мейрамхана саны аз, сәйкесінше бәсеке болмаған соң нарықта бар компаниялар қалаған бағаны ұсынуда. Сондықтан бізге туризммен айналысатын кәсіпкерлер ауадай қажет.

Бізде жарнама мен ақпараттың аздығынан елдегі көрікті орындар жайлы тұрғындар біле бермейді. Соның әсерінен халық арасында туризм менталитеті қалыптаспаған. Осы орайда Ұлыбританияны мысалға алсақ, ағылшындар жылына аядай ғана Англияның бірнеше қаласына барып келеді. Ал бізде өз жерімізге қызығушылық танытатын адам аз. Адамдар  көбіне басқа өңірге ем алуға немесе қонаққа баруы мүмкін. Бірақ ол кезде қонақүй қызметін пайдаланбайды, яғни ішкі айналымда ешқандай қозғалыс болмайды. Ал шетелде басқаша. Айталық, Мончестрда тұратын азамат Лондонға қыдырып барса, сол жердің мейрамхана, қонақүй қызметі үшін ақы төлеп,  айналымға қаржы қалдырады. Ал бізде әлі күнге дейін мұндай жүйе қалыптаспаған. Бұл жерде халықтың жалақысы аз деп қаржы факторын да ескеруге болады, бірақ саяхат үшін ақшаның көп болуы шарт емес. Мүмкіндігінше туризмнің арзан түрін қарастыруға болады.

Ішкі туризмді сырттан келетін кіріс деп емес, ақша айналымының көзі деп есептеген дұрыс. Адамдар отандық туризм қызметін пайдаланса, нарықта ақша айналымы пайда болады. Бұдан қаржы көзін тапқан кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашады. Бір сөзбен айтқанда, туризм арқылы халық жұмыспен қамтылады.

Енді отандық туризмді дамыту жолдарына келсек, біріншіден әр облыс ай сайын немесе жыл сайын фестиваль ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Сол фестиваль арқылы Қазақстанның әр өңірінен туристер тарту қажет. Сол өңірдің мәдениетін, жергілікті салт-дәстүрін көрсетуге арналған іс-шаралар ұйымдастырып, ішкі туризмді дамытуға болады.

Екіншіден, әр өңірдің ерекшелігіне байланысты туристік өнім жасаған дұрыс. Мысалы, Түркістан облысын көкпардың немесе шығыс тағамдарының орталығы ретінде жарнамалуға болады. Осылай әр өңірге сәйкес позиция болу керек.

Жалпы туризмді дамытудың жолдары көп. Соңғы уақытта жарнама жасаудың тағы бір жолы ретінде фильм туризмі ұсынылуда. Фильмдерде белгілі бір өңірдің ерекшелігін көрсету арқылы сол жерді жарнамалауға болады. Мысалы, Жаңа Зеландия «Хоббит», «Властелин колец» киноларын осы мақсатта түсірген. Сәйкесінше әлемдегі осы фильмнің фанаттары Жаңа Зеландияға ағыла бастады. Турист саны артқан соң,  мемлекетке қыруар қаржы құйылды. Сол сияқты бізге сырттан келетін туристер үшін болмаса да, ел ішінде  ішкі туризмді насихаттау мақсатында жақсы фильмдер түсіруге болады, ‒ дейді ол.

ТАҚЫРЫПТЫҢ ТҮЙІНІ. «Тәңірге ғибадат етудің ең ғажап түрі ‒ Оның жаратқан әр сұлу құбылысына тамсану» деген тамаша тәмсіл бар. Анығында, ел аумағында туристер таңдай қағатын көрікті жерлер көп. Тек табиғаттың сондай көркем тартуын уақыт талабына сай ұқсата білсек, қанекей?! Пандемияның өзі осыған мүмкіндік беріп отырғанда, жоғарыда айтылған ұсыныстарға көңіл бөлген жөн тәрізді.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА