Қазақстанда 2013 жылдан бастап қыркүйек айының әр екінші жексенбісінде Отбасы күні ресми түрде аталып өтеді. Бұл күн – шаңырақтың берекесі мен бірлігін дәріптейтін, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтатын ерекше мереке.
Аталған мерекені белгілеу идеясы алғаш рет 2009 жылы көтерілді. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық ахуал мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссия Қазақстанда Отбасы күнін ресми түрде енгізу туралы бастама ұсынған болатын. Кейін бұл бастама мемлекет тарапынан қолдау тауып, халықтың бірлігін, отбасының қоғамдағы рөлін айшықтайтын мерекеге айналды.
Отбасы күні еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мәдени, әлеуметтік іс-шаралармен аталып өтеді. Бұл күні өнегелі әулеттер мен көпбалалы отбасылар марапатталып, жастарға үлгі етіледі. Сондай-ақ мектептерде тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, отбасының қоғамдағы маңызы жайлы әңгімелер өрбиді.
Отбасы – мемлекеттің берік діңгегі, әр адамның рухани тірегі. Сондықтан бұл мерекенің мәні – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпаққа сыйластық пен сүйіспеншілікті үйрету. Осынау мереке аясында шағын Отан саналатын отбасы құндылығы тақырыбында ой саралап, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Әйел – ана, әйел – жар
Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды демекші, отбасы тақырыбын қозғағанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін айналып өте алмаймыз. Сан айналып соқсаң да таусылмайтын тақырыпқа айналған мәселені әркім өз әлінше айтып та, жазып та келеді. Бірақ нәтижесі бар ма?..
Ертеде Шыңғыс ханнан «арманыңыз қандай?» деп сұрағанда, Шыңғыс хан «Төбесіне бір тостақ алтын көтерген «ай десе аузы, күн десе көзі бар» хас сұлу мына кең байтақ даланың шығысынан батысына, оңтүстігінен солтүстігіне дейін емін-еркін, еш қауіпсіз жүріп өте алса, басқа арманым жоқ» деген екен. Біз ол күнге жете аламыз ба?.. Шындығы осы, бүгінде бізде әйел затының бүтін бір мемлекет ішіндегі қауіпсіздігінен бұрын, шағын ғана шаңырақ астындағы жағдайының өзі тәуекелге толы. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, құқық қорғау органдарына отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты шамамен 100 мыңға жуық шағым түскен. Полиция оның 72 мыңына қорғау нұсқамасын шығарған, ал 16 мың іс бойынша сот шешімі қабылданған.
Сонымен қатар өткен жылы дағдарыс орталықтарына 5,5 мың әйел жүгінген, олардың 3,7 мыңы – балаларымен бірге орналасқан.
Айта кету керек, бұл – ресми статистика ғана. Көп жағдайда жәбір көргендер полицияға шағымданбайды, ал сотқа дейін жетуі тіпті сирек. Сондықтан шынайы көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары болуы бек мүмкін.
Қазақ қоғамында әлі күнге дейін «отбасының ішкі жағдайына араласуға болмайды» деген түсінік бар. Көп жағдайда әйелдер «ұят болады», «ел не дейді» деп үндемей қояды. Бірақ үнсіздік – зорлық-зомбылықты тоқтатпайды, керісінше, одан әрі өршіте түседі.
2009 жылы «Тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын алу туралы» заң қабылданды. Алайда құқық қорғаушылардың айтуынша, оның тиімділігі төмен болды. Себебі көп жағдайда жәбірленушілер полицияға арызданғанымен, іс татуласумен жабылып отырды.
Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда мыңдаған әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болады. Зерттеулер әрбір үшінші әйелдің өмірінде бір рет болса да отбасында күш көрсетуге тап болғанын көрсетеді.
2024 жылы мемлекет бұл мәселені қайта қарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға өзгерістер енгізіп, жазаны қатаңдатты. Енді отбасындағы күш қолдану тек әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Бұл қадам – зорлық-зомбылықпен күрестегі маңызды алға жылжу.
Кейінгі жылдары белсенді азаматтық қоғам мен БАҚ-тың арқасында бұл тақырып жиі қозғалып жүр. Әлеуметтік желілерде отбасындағы зорлық-зомбылықты ашық айту үрдісі қалыптасып келеді. Бұл – оң өзгерістің белгісі.
Зорлық-зомбылықпен күрес тек қатаң заңмен шектелмеуі керек. Ол үшін қоғамда зорлық-зомбылықты ақтап алатын көзқарастарды түбегейлі жою қажет. Сондай-ақ дағдарыс орталықтарының санын көбейтіп, жәбірленушілерге құқықтық және психологиялық қолдауды қолжетімді ету керек.
Отбасындағы зорлық-зомбылық – жеке адамның ғана емес, тұтас ұрпақтың тағдырына әсер ететін мәселе. Мұндай әрбір іс-әрекет – бір баланың санасында қалатын мәңгілік жара, бір ананың үзілген арманы. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды.
Әкесін сыйламаған кісіні баласы сыйламайды
Қазақ халқы әуелден «әкенің жақындығы жездедей-ақ» деп ата-ана мен бала қарым-қатынасында анамен салыстырмалы түрде алғанда әкенің салқындығын меңзесе, енді бір нақылында «алты аға бірігіп әкеңдей болмас» деп орнын ешкім баса алмайтынын санаға құяды. Бүгінде осынау қасиетті ұғымды түсінбейтін, «ата-ана алдындағы қарызы мен перзенттік парызын» сезінбейтін буын қалыптасты. «Азарсың, жұртым, азарсың. Азарыңның белгісі…» деп келетін өлең жолдары әр қазаққа таныс. Сонау 17 ғасырда өмір сүрген сәуегей Мөңке би болжамының кері келген сыңайлы…
Бұлай деген себебім, күні кеше әлеуметтік желі беттерінде әкесін көк ала торғайдай етіп сабаған түркістандық азаматтың іс-әрекеті көптің жағасын ұстатты. Төл тәрбие мен қазақы танымға жат қылықты көрген көпшілік видеодан бейжай өте алмады. Кейін анықталғандай, Түркістан облыстық Полиция департаменті аталған фактіге байланысты қылмыстық іс қозғаған. Бейнежазбадағы 41 жастағы азамат Түркістан облысы, Қоссейіт ауылының тұрғыны, екі баланың әкесі болып шықты. Ауыл-аймақтың қуанышына ортақтасып, асабалық қызметпен күнелтіп келген. Сондай-ақ ол ауыл әкімінің орынбасары қызметін атқарып, аудандық мәдениет үйінде әдіскер болып жұмыс істеген.
Қорлық көрген қария қыркүйектің үшінде көз жұмды. Алайда марқұмның өлім себебі белгісіз. Дәрігерлердің мәліметінше, жетпіске таяған зейнеткер соңғы екі жылда қан қысымы мен омыртқа ауруына байланысты төсек тартып жатқан. Дегенмен мүгедектікке тіркелмеген. Көпшіліктің жағасын ұстатқан кадрлардан соң күдікті азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Куәгер бола тұра тиісті орындарға хабар бермегені үшін әйелі де тергеуде жауап беріп шықты, әзірге бостандықта.
Қадым заманнан «әке-шешең жынды болса байлап бақ» деген қазақ едік. Алайда қазіргі қазақ қоғамындағы өзгерістер әкенің қадір-қасиетіне де әсерін беріп тұрған сыңайлы. Урбанизация, күнделікті тұрмыс қамы, жұмысбастылық сияқты факторлар әкенің отбасы өміріндегі орнын айтарлықтай өзгертті. Әсіресе қала өмірінде баламен уақыт өткізу, рухани тәрбие беру мәселесі назардан тыс қалып жатады. Кейде әке тек материалдық қамтамасыз етуші ретінде ғана қабылданып, оның рухани ықпалы әлсіреп бара жатқанын байқамаймыз.
Сонымен қатар кейінгі жылдары ажырасу деңгейінің күрт өсуі, әкенің отбасынан алыстап кетуі секілді әлеуметтік мәселелер де жиі айтылып жүр. Бұл құбылыс балалардың әке мейірімін сезінбей өсуіне, қоғамдағы әке рөлінің бәсеңдеуіне әкеліп соғатыны хақ.
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай әйелдердің ғана емес, ер-азаматтар мен ата-аналардың да құқығын қорғаудың маңызын айтты.
– Қазақ халқы – анасын ардақтап, аруын аялап, ата-анаға құрметпен қараған халық. Отбасы – өте күрделі институт. Өкінішке қарай, бүгінде қоғамда түрлі келеңсіз оқиғалар жиілеп кетті. Әйел еркектен қысым көретін жағдайлармен қатар, ерлер де әйелдерден жәбір шегіп отыр. Қартайған шағында өз балаларынан қысым көріп отырған ата- аналар да аз емес. Біздің буын «әкем біледі», «әкеммен ақылдасайын» деп өскен болса, қазір «анам біледі», «анам шешеді» дейтін балалар көбейіп барады, – деді депутат.
Депутаттың сөзінше, туған балаларынан зорлық-зомбылық көретін ата-аналардың көбеюі қоғам үшін дабыл қағатын мәселе.
– Ақпарат кеңістігінде қазақ жігіттерін ез, қорқақ, жалтақ етіп көрсететін контент көбейіп кетті. Әсіресе комедиялық фильмдерде ерлер бейнесін төмендету жиілеп отыр. Бұл құбылыс дұрыс па? – деп сауал тастады депутат.
Мамандардың айтуынша, баланың мінез- құлқы мен болашақтағы өмірлік бағытына әкенің қатысуы шешуші ықпал етеді. Әке тәрбиесін көрген ұл – батыл да қайсар, қыз – инабатты да ибалы болып өсетіні айдан анық. Отбасы тұрмақ, білім беру орындарында әйел ұстаздардың көбеюі ер балалардың мінезіне, дамуына кері әсерін тигізетіні анықталып, дер кезінде дабыл қағылды. Нәтижесінде, ер мұғалімдер қатарын арттыруға жұмыстар жасалды.
Әке институтын нығайту, оның қоғамдағы беделін арттыру – ұлттық құндылықтарды сақтау жолындағы маңызды қадам. Қазіргі қазақ қоғамында әкенің қадір-қасиеті дәстүрлі танымда жоғары деңгейде сақталғанымен, оны шынайы өмірде бағалау мен жүзеге асыруда қайшылықтар жоқ емес. Әке – тек отбасының асыраушысы емес, ең алдымен рухани тірегі екенін түсінгенде шаңырағымыз шайқалмас еді.
Баланы ақырып үйретпе, ақырын үйрет
Қазақстанда бала құқығын қорғауға бағытталған заңнама күшейтілді. Осы айдың ортасынан, дәлірек айтсақ, 16 қыркүйектен бастап күшіне енген өзгерістерге сәйкес, баласын ұрып-соққан ата-ана немесе заңды өкіл үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл бастама қоғамда қызу пікірталас тудырып отыр.
Осыған дейін Қылмыстық кодекстің 140-бабында баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған ата-анаға әкімшілік жаза қолданылатын. Көп жағдайда айыппұл салу немесе қысқа мерзімге қамауға алу шаралары жеткілікті деп есептелді.
Алайда мұндай жазалар балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алуға жеткіліксіз болғанын тәжірибе көрсетті.
Мәселен, Павлодарда туған қызын ұрған әке әкімшілік іс бойынша тек қорғау ұйғарымымен шектелген. Бұл жағдай жұртшылықтың наразылығын туғызып, «бала құқығы жеткілікті қорғалмай отыр» деген сын айтылған еді.
Жаңа ереже бойынша 1000 АЕК (2025 жылы – 3,9 млн теңге) көлемінде айыппұл, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, қатыгездік үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе бірнеше балаға қатысты әрекет болса – 3 жылға дейін түрмеге қамау қарастырылған.
Бұл қатаңдату тек ата-аналарға ғана емес, педагогтар мен балаға жауапты өзге де қызметкерлерге қатысты. Яғни баланы ұрған тәрбиеші немесе мұғалім де қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
– Балаға қол көтеру – тәрбиенің бір түрі емес, керісінше оның психикасына ауыр жарақат салады. Балалық шақта көрген зорлықтың салдары өмір бойы із қалдырады. Қатаң жаза – ата-аналарды жауапкершілікке шақыратын маңызды қадам, – дейді психолог Айман Жұмабекова.
Ал құқық қорғаушы Ержан Қаппаров болса заңның тиімділігі алдын алу шараларына байланысты екенін айтады:
– Жаза қатаңдатылды, бірақ басты мақсат – түрмеге тоғыту емес, осындай жағдайдың алдын алу. Сондықтан заңмен қатар, ата-аналарға арналған психологиялық көмек жұмыстарын күшейту қажет, – дейді ол.
Әлеуметтік желілерде пікір екіге бөлінді. Бір топ ата-аналар заңды қолдап, «бала құқығын қорғау – мемлекет міндеті» деп санайды. Ал енді бірі «түрмемен қорқыту мәселені шешпейді, отбасыларды бұзады» деген пікірде. Кейбіреулер «Әке-шешенің қаталдығы бізді адам қылды, ал қазір әр ұрғаны үшін түрмеге отырғызса, ұрпақ әлжуаз болып кетпей ме?» десе, енді бірі «Балаға қол көтермей-ақ тәрбие беруге болады, бұл заң керісінше ата-ананы жауапкершілікке үйретеді» деп жазып жатыр.
Айта кетейік, дамыған елдердің көбінде баланы ұруға қатаң тыйым салынған. Мәселен, Швецияда 1979 жылдан бері кез келген дене жазасы қылмыс болып есептеледі. Францияда 2019 жылы арнайы заң қабылданып, ата-аналардың балаға қол көтеруіне заңды түрде тыйым салынған. Қазақстандағы өзгерістер де осы халықаралық үрдіске сай келіп отыр.
Жаңа заң қоғамдағы бала құқығын қорғау деңгейін арттыруға бағытталған. Дегенмен жазаны қатаңдату – мәселенің бір жағы ғана. Сарапшылардың пікірінше, бұл заңның шынайы тиімділігі ата-ана мен балаға психологиялық қолдау көрсетумен және отбасылық құндылықтарды нығайтумен өлшенбек.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!