Ел заңнамасында 14 жасқа толмаған балаларға зорлық көрсеткені үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы түрмеге тоғыту жазасы көзделген. Өкінішке қарай қоғамда педофилдер бостандықта жүреді немесе аз уақытқа темір торға қамалып, мерзімінен бұрын босап шығады. Ол педофилдерге қарсы құқықтың бір жолға қойылмағандығынан. Статистиканың өзі соны байқатады. Өйткені полиция есебіндегі 1500 педофил мен 2800 зорлықшының 1600-і ғана түзету мекемесінде, ал қалғаны бүгінде сіз бен біздің арамызда жүр…
Жақында Түркістан облысындағы 5 жасар қыздың өлімі көптің қабырғасын қайыстырды. Анасының сөзінше, кішкентай қызы түсте үйінен шығып, артынша жоғалып кеткен. Содан соң әкесі бұрын сотталған көршісінен күдіктеніп, оның үйіне екі рет барғанымен, қызын таба алмаған. Бір топ адам көршісінің үйіне үшінші рет барғанда қыздың көйлегін көріп қалып, толық тінтіген. Соңында қыздың сау тамтығы қалмаған денесі табылды. Жазмыш болған сәбидің ата-анасы күдікке ілінген көршісімен араздығы болмағанын, аралас-құраластығы да жоғын айтқан.
«Бұрын сотталғанын, кейін тағы бір ауыр қылмыстық істен құтылып кеткенін білетінбіз… Құқық қорғау органдары қылмыскерді лайықты жазаласа осындай сұмдық болар ма еді? Оны бостандыққа шығарып жіберген қызметкерлерді тауып, жазалауды талап етемін!» – дейді қайғыдан қан жұтып отырған әке.
Сол күні күдікті ұсталса да, қылмыскерді өз бетінше жазалау үшін қолына тапсыруды сұраған қала тұрғындары көшеге шыққан. Ашынған халық тәртіпке бағынбай, оларды полицияның тыныштандыруына тура келді. Дегенмен, бұл оқиға мемлекеттік сот жүйесінен халықтың көңілі қалғанын, сот жүйесіне деген сенімсіздік күшейе түскенін көрсетеді. Ақорданың мәліметінше, құқық қорғау органдары істі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр және күдікті анықталған. Ол бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Одан бөлек биыл адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.
«Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. Мемлекет басшысы биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайды. Баланың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», – делінген хабарламада.
Мұндай оқиғаның санынан жаңылуға болады. Мәселен, бірер жыл бұрын Сәтпаевта полиция 50 жастағы ер адамды ұстады, ол кәмелетке толмаған баланы алдап, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағанын, пәтерге ертіп келгенін мойындаған болатын. Бұдан бөлек, Алматыдағы мектепте 1 сынып оқушысының жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталып, қоғам шулады. Finprom.kz сайты келтірген дерекке сүйенсек, қылмыстық құқықбұзушылықтардың басым бөлігі осы Алматы облысында тіркеледі.Сондай-ақ Түркістан және Қарағанды облыстарында жағдай мәз емес.
Бұл ретте Қазақстандағы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева педофилдермен күресудің жалғыз жолы – заңды қатаңдатып, алдын алу шараларын күшейту екенін алға тартты.
– Әлем елдерінде қыз зорлаған қылмыскерлерді көпшіліктің көзінше дарға асып немесе атып өлтіреді. Солтүстік Кореяда педофилді өз құрбаны жазаласа, Мысыр, Ирак елдерінде қылмыскер өмірімен қош айтысады. Иә, біз адам құқығын бірінші орынға қоятын, дамушы мемлекетпіз. Бірақ, бұл кеселді тез арада ауыздықтау қажет. Сондықтан мемлекет басшысының тапсырмасымен қазіргі ахуалды жүйелі түрде түзету үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп инфрақұрылым мен бала құқықтары бұзылуының алдын алу құралдарын құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтқанда, отбасымен жұмыс істеуді үйлестіру жөніндегі функцияларды кеңейтіп, заңнамалық түрде Еңбекмині мен әкімдіктердегі Әлеуметтік қорғау басқармаларына бекіту бойынша шараларды қолға алу керек. Аталған басқармалар Отбасын қолдау орталықтары мен мобильді топтар арқылы учаскелік бөлімшелермен қағазбастылықсыз тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс. Бұл неліктен маңызды? Қазір әкімдіктерде барлық қажетті қызметтерді тарту арқылы профилактиканы ұйымдастыруға, отбасымен, балалармен уақытылы жұмыс істеуге, бұрын сотталған адамдарды оңалту мен қайта әлеуметтендіруге жауапты үйлестіруші басқарма жоқ. Оған қоса Заңда медициналық-әлеуметтік есепке алу туралы норма бар, ол көмекке мұқтаж, ҚӨЖ-дағы отбасылар мен балаларды анықтап, оларға көмектесуді ұйымдастыруды көздейді. Алайда, бұған жауапты мемлекеттік орган әлі анықталмағандықтан, аталмыш заң жұмыс істемейді. Еліміздің 152 ауданында Отбасын қолдау орталықтарын ашу қажет. Мұнда отбасыларға әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмек, учаскелік қызметтермен бірге сүйемелдеу жүргізілетін болады. Қазір мұндай орталықтар 220 ауданның 78-інде ғана бар, – дейді омбудсмен.
Сонымен қатар ол балалар да, ересектер де білетін және кез келген уақытта көмек сұрай алатын бірыңғай мемлекеттік анонимді сенім телефонын/байланыс орталығын құру қажеттігін жеткізді. Ал қоғам белсендісі, «Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі педофилдерді түрме ішіндегі ақылы жұмыстарға тартып, өмір бойы жәбірленушінің қаржылық шығынын өтеу қажеттігін айтады.
Осыған орай жыл басында 330 педофилге электронды білезік тағу жоспарланып, бюджет қаражатынан 356 миллион теңге бөлінді. Сандық деректерге сүйенсек, 2021 жылы 80 адамға электронды білезік тағылыпты. Құқық қорғау органдарының өкілдері осы арқылы педофилдердің басқан ізін аңдып отыратындарын жеткізеді. Бірақ, бұл мемлекетімізде өршіп кеткен қылмыстың азаюына көмегін берер емес…
М.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!