Бүгінде кинодан алпауыт күш жоқ секілді. Күн өткен сайын бұл өнердің маңызы да үдеп келеді.

Десек те кейінгі уақытта отандық кинолардың сынға көп ұшырап жүргені рас. Әсіресе коммерциялық бағыттағы фильмдердің көркемдік деңгейі мен тіл тазалығы жиі сөз болуда. Олай болуы да заңды. Өйткені маркетингі мәз қылғанымен, қалтаны қаққан қаражаты көрермен көңілін кірлетіп тұр.

Көрермен көңілі комедияға ауды Жақсы кино – мәдениеттің тірегі, арзаны – күйреуі. Бірнеше жылдан бері қалың көрерменге детектив, хоррор, драма, фантазияны ұштастырған фильмдер жол тартып келеді. Бірақ мардымсыз. Әр туындыдан кей жанрлардың кенделеп қалғанын анық байқаймыз. Содан кейін тұшымды туындыға сусаған көрерменге кім қандай дүние ұсынса да талғамай, тұтына беруіне тура келеді. Ал оның басым көпшілігі – комедия. Бұған қатысты кинорежиссер Қанағат Мұстафин «Көрермен комедияға тойды» дейді.

– «Шетінен комедия көрсетеді» деп кинотеатрларды кінәлауға келмейді. Себебі олар – жекеменшік, яғни әлдебіреулердің өз қаражатына салған ғимараты, олар өнерге бизнес ретінде қарайды. Бірақ жұрт көруге жарайтын сапалы туынды болса, олар жалпақ жұртқа көрсетуден қашпайды. Өйткені кассалық түсімнен олар да пайда көреді. Мысалы, «Міржақып. Оян қазақ!» фильмі кинотеатрлар желісінен миллиардтан аса қаражат түсірді.

Қазір жаппай жарыққа шығып жатқан комедиялардың дені сапалы деп айтуға келмейді. Неге десеңіз, қазіргі таңда осыдан жиырма жылғы уақытпен салыстырғанда кино түсіру неғұрлым қолжетімді бола түсті. Әнші атаулының да жаппай кино түсіріп кетуіне осы себеп. Бірақ мұның бәрі өткінші жағдай. Десе де комедиялардың арасында да көрермен көңілінен шығып жатқандары бар. Соның бірі – Дариға Бадықованың екі апта ішінде бір миллиардтан аса касса жинаған «Таптым-ау» сені фильмі. Бұл – тамаша көрсеткіш. Осыдан он жыл бұрын біздің елде Голливудтың кинолары да мұндай табыс әкелмейтін. Бұл – көрерменнің көңілі қазақ киносына ойыса бастағанының белгісі. Осы тұрғыдан алғанда коммерциялық кинолар көрерменін тапты деуге болады.

Ой салатын, ұлттық колориті бар салмақты туындылар да түсіріліп жатыр. Осы ретте Ұлттық киноны қолдау орталығы бірқатар фильм легін жарыққа шығаруды қолға алды. Орталықтың қолдауымен даңқты палуанымыздың өмірінен сыр шертетін «Қажымұқан» фильмін түсіргенде, жастардың жүрегінен орын алу мақсатында арнайы эффектілерді қолдандық.

Отандық кино саласы біртіндеп аяққа тұрып келеді. Көрермен комедияға тойды. Көрермен драмалық туындыларға ауыса бастады. Атыс-шабыс кинолар да таспаланды. Олардың басы-қасында Ақан Сатаевтың «Рэкетир», «Ағайындылар» сияқты туындылары тұр. Сондай-ақ хоррор жанры да ұсынылды. Оған «Дәстүр» фильмін жатқызуға әбден болады. Бір айта кететінім, сапалы тарихи фильм түсіру үшін көп қаражат қажет. Ондай жобаларға, әлбетте, үкіметтің қолдауы керек, – дейді ол.

Бұл пікірмен актер, режиссер Санжар Мәди де келіседі. Оның айтуынша, кино саласына мемлекет тарапынан қолдау жоқ екен.

– «5:32» сериалы мен «Дәстүр» фильмі көрермен көңілінен шыққанына орай, көрерменге триллер жанры қызықты ма деп қалдым. Ал комедияны жалпыға бірдей жағатын әмбебап тұрғыда түсіру қажет деп санаймын.

Содан кейін айта кететін бір мәселе, біздің көрермен берері жоқ тарихи туындыларды тамашалаудан шаршаған сыңайлы. Мысалы, алашордашылардың әрбірінің тағдыры бір-бір фильмге сұранып тұр. Олардың жанкешті тағдыры мен еңбегін халыққа жақын таныстыратын кез жетті. Өмірі қалай болды, кімнің қолынан қаза тапты? Шындықтың құпиясын ашып, көзі қырағы көрерменге жеткізетін уақыт келді. Ұлт зиялыларына бір-бір деректі, көркем фильмдер мен сериал арнасақ та, артық болмайды.

Ал продюсер тұрғысынан айтар болсам, мемлекет тарапынан кино саласының аяқтан тұрып кетуіне жасалып жатқан қолдау көріп отырған жоқпын. Дегенмен ақша бөлініп жатқанын естиміз. Бірақ олардың кімге қалай беріліп жатқаны түсініксіз. Кино қайраткерлері қандайда бір туынды түсіруден қорқатын болды. Себебі, шыққан шығынды өтей алмай ма деп сескенеді. Осыған орай кино саласын мемлекеттің мықтап қолға алатын кезі келді.

Мейлі патриоттық, мейлі экшн жанрында кино таспаласаң да, кинотеатрлар көрсетпей қоюы әбден мүмкін. Ешкімге топырақ шашқым келмейді. Бірақ бір қызығы, актердің әнші болып жүргені сирек, ал әншілер бұл саланың түбіне бойламастан, актер болып шыға келеді. Бұдан киноның сапасы құлдырамаса, жақсара қоймады.

Қорыта айтарым, қазіргі қазақ киносы кешенді түрде қолға алуды қажет етеді. Барлығы бір үстел басына отырып, ортақ ымыраға келіп, бір стратегияға жұмылғаны жөн. Неге десеңіз, түсірген киноңды жарыққа шығару – қиямет-қайым. Дайын туындыны апарсаң, прокат компаниялары өздерінің ережесін алға тартады. Оны орындасаң, кинотеатрлар өз заңын айтып шығады. Осының салдарынан өз елімізде, өз ішімізде бітпейтін тартыс жүріп жатыр, – деді актер.

Шынтуайтына келгенде мәселе тек оның жанрында болмай тұр. Түйткілдің көрініс тапқан тұсы – тілдің тазалығында. Жан-жақтан дабыл қағып, ұлтқа қауіп төніп тұрғанын айтады. Цензура мүлдем жоқ. Сорақысы сол, бұл тіл халыққа ұнап келеді. Бұл сөзімізге лық толған кинотеатрлар мен әлем желідегі миллиондаған қаралым дәлел. Кино – тәрбие құралына, идеология қаруына айналғалы қашан?! Ал мұндайды тәнге емес, ұлт санасына төнген қауіп деп айта аламыз ба?

Қазақ киносына қиянат қайдан келеді?

Шыққан жара сыздатпай қоймайды. Кино тілінің мәселесін Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау да мінберден көтеріпті. Ол отандық киноларда анайы сөздердің айтылуына заң жүзінде тыйым салуды ұсынып отыр. Оның пікірінше, отандық киноның басым бөлігі мәдениеттен ада.

– Кейінгі уақытта ақылға сыймайтын, анайы сөздер көп айтылатын фильмдер экранды басып алды. Бұл кинолар біздің ұлттық мәдениетімізге, менталитетімізге мүлде жат. Әсіресе, «YouTube», «Aitube» платформаларына шығып жатқан қысқа метражды туындылар көңілге үрей ұялатады. Мұндай сөйлеу мәнеріне көрермендер үйір болып барады. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Фильмдерде анайы сөздердің қолданылуына заң жүзінде тыйым салынуы тиіс деп есептеймін, – деді депутат.

Бұл мәселе театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың «Керей ханы» аталып кеткен Қайрат Кемаловты да күйіндіріп отыр. Оның пікірінше, бұл – ұлтқа жасалып жатқан қиянат.

– Қазіргі қазақ киносында болып жатқан жағдайлар мені қатты күйіндіреді. Тілге жасалған қиянат – ұлтқа жасалған қиянат. Бұл – кешірілмес күнә. Себебі әр ұрпақ өзіне аманатталған құндылықтарды келешек буынға бүтіндей тапсыруы қажет. Егер осы ұрпақ өзіне тапсырылған міндетті ойдағыдай атқармаса, арада үзіліс пайда болады. Содан кейін, ұлттың өзегінен, күретамырынан ажыраймыз. Аманатқа қиянат жа- саудамыз. Енді ғана маңайына қарайлап, жетіліп келе жатқан көк өскіндей балалар киномыздағы сөйлеу мәнерін көріп, содан жиіркеніп кетуі де әбден мүмкін. Жалғыз ғана уәдемен, антпен, сертпен адал ғұмыр кешкен, ана тілін қасиеті деп білген халықтың тілін осылай бұрмалауға, бұзуға жол берілмеуі тиіс, – деді Қайрат Кемалов.

Ал осы мәселе төңірегінде театр және кино актрисасы Гүлшат Тұтова «Барлығы тамаша. Жастардың еңбегі зор. Бірақ тіл мәселесіне баса назар аудару қажет» дейді.

– Шәкен Айманов өмірден өткен соң қазақ киносының құлдырап кеткені жасырын емес. Бірақ, бір қуанатыным, қазіргі жастар жоқтан бар жасап жатыр. Тіпті, бәсекелестік пайда болды. Ал бәсеке бар жерде өсу болады. Нәтижесінде қанша актердің бағы жанып, халыққа талантты адамдарды таныстырып жатыр.

Үкіметке қарасты «Қазақфильмнің » өзі сыртқа алақан жайып отыр. Бюджеттен сауын алмағандықтан сырттан инвестор тартып, қаражат табудың қамын ойластырып, қолдан келгенше әрекет жасау үстінде. Оған бола ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ. Жоққа қарамастан, жастардың әрекетке көшкенін өз басым қолдаймын. Себебі, біз де сол арқылы өсіп жатырмыз.

Осы ретте шақырған жерден қалмай, қолдап, тиісті рөлімді ойнап беруге тырысамын. Тәкаппарлығым жоқ. Себебі, қазіргі жастарды қолдауымыз керек. Жоғарыға қарап отыратын уақыт емес. Әркім өз қотырын өзі қаситын заман. Тек талмай еңбек ету керек. Бір мәселе – тіл мәселесіне баса назар аудару қажет, – деді ол.

Тіл тазалығы – ұлт тазалығы

Бүгінгі режиссерлер де саудагер. Өзі түсірген туындының кассалы болғанын қалайды. Ал ол үшін әлбетте көрерменге ұнауы шарт. Көрермен шынайылықты талап етеді. Халықтың басым көпшілігі тұрмыста орысша мен қазақшаны араластырып сөйлейтіні жасырын емес. Қазақстандағы шынайы өмір – осы. Өзіміз түсінетін тілде фильм көргіміз келеді. Кино барынша шынайы шығуы үшін алдымен кейіпкердің сөйлеу мәнері шынайы болғаны абзал. Мәселен, көшенің бұзақысын театрдағы дулығалы батырдай буырқандырып сөйлете алмайды. Қылмыскерлерден шаршаған, жүйкесі тозған тергеушіні де мәймөңкелеткісі жоқ. Ал қазіргі отандық кинолардан көрермен неге безінеді? Белгілі ақын, драматург, тарихи картиналарда кейіпкерлерді сөйлетіп жүрген Ұларбек Нұрғалымның пікірінше, біздің киноөндірісіміз қазақы әуезден ажыраған. Сөйлеу тілі жасанды. Ал халық жасандылықтан жиіркенетін хәлге жеткен дейді.

– Қазір көп актерде қалалық акцент басым. Қазақы ырғақ, үн, әуез жоғалып бара жатқандай. Әр фильмге қарауыл қоймақ керек. Әсіресе калькалардан сақтанған жөн. Қазақ киносында қазақы әуез болмаса, бүкіл еңбек зая кетеді. Сосын, актерлер тым жасанды сөйлейді. Жоғарыда айтқандай, қалалық акцент те құлаққа жағымсыз естіледі, – деді бір сөзінде Ұларбек мырза.

Тіл деген тірі ағза десек, калька – сол ағзаға жұққан вирус. Актерлердің аузындағы тікелей һәм шала аударылған орыс сөздерінде есеп жоқ. Одан бөлек, сөздің қол-аяғын кесіп, мүгедек етіп тастайтындары тағы бар. Мәселен, «отырсың ба?» дегенді «отсың ба?» дей салады. «Аман-есен жүріп жатырсың ба?» дегенді «Жүрватсың ба?» деп қайыра салады. Мұндай мысалдар өте көп. Тізе берсек, шетін көре алмаспыз. Бір сөзбен айтқанда – киномызды кассалы етеміз деп, тіліміздің парша-паршасын шығардық.

Бізде сахна тілі деген бар ғой. Бір кезеңде қалыптасқан, уақыт талабына сай өзгерген, дамыған. Кино тілі жоқ деуден аулақпыз. Бар. Бар болғанда да қандай. Бірақ ақсап, замана көшінен қалып келеді. Шындығы – осы. Кино тілін қазақшалау қажет екен деп байырғы фильмдердегі тілді әкеліп, кейінгілерге тықпалай алмайтынымыз тағы бар. Бір сөзбен айтқанда – бүгінде «өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» шешім таба алмай отырмыз.

Одан бөлек, киноны тобырдың арзан күлкісіне масайраған блогерлер қауымы да кәсіп қылып алған. Ақшаң болса болды, камераңды ал да жөнел. Тиісті білімі жоқ, ұлт алдындағы жауапкершіліктен ада кино түсіргіштерден не қайыр?! Жеңіл күлкіге құмар аудиторияны тәрбиелеп жатырмыз.

Өнерге әркімнің-ақ бар таласы. Бірақ…

Рас, бүгінгі кино түсірушілердің басым көпшілігі әнші, блогер және жайдарманшы. «YouTube» платформа арқылы миллиондаған қаралым жинап, артынша үлкен киноға аяқ басады. Бірақ барлығы бірдей касса жинамайды. Соның ішінде «Азартник», «Сыныптас», «BayGuys» жігіттерінің үлкен туындысы өз-өзін ақтамаған сыңайлы. Оның үстіне көрерменнің көңілінен шықпағаны тағы бар. Одан бөлек Мөлдір Мұханованың «Шай в большом городе» фильмі де көптің сынына ұшырады. Тізе берсек тоқтау жоқ. Барлығы да кино түсіруге құмар. Бірақ сапасы мен тілге назар аударып жатқаны шамалы. Біздің бұл пікірімізбен келсікен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, киноактриса Гүлнар Досматова «Кино деген – цирк емес» дейді.

– Қазір режиссураға, киноға қатысы жоқ адамдар да кино түсіретін болды ғой. Ақша тапса, кино түсіру сәнге айналды. Салдарынан сан артты да, сапа төмендеді. Мәселен, комедия кино саласындағы ең ауыр жанр саналады. Бірақ бұл бізде ең жеңіл жолға айналды. Тіпті, мәнісі кеткені сонша кейбір комедиялар күлкі де шақырмайды. Осы жанрды эфирге алып келген Чарли Чаплин: «Өмірді жақыннан көргенде – трагедия, алыстан қарасаң – комедия», – деп текке айтпаса керек.

Біздің қоғамда комедиядан өзге де көрермен көруге тиіс мәселелер бар. Кино деген – цирк емес. Оған келген адам күліп қана қоймай, өзіне сабақ алуы керек. Ал арзанқол туындыны тамашалаған көрермен кино саласын оңай екен деп қабылдап, өнерге үстірт қарайды. Ал бұл жолда біреулер шедевр жасау үшін өмірін арнап, денсаулығын береді.

Нағыз киноны жасаған біздің кешегі режиссер-актерлер бұл салаға жолдан келген жоқ. Кәнігі мамандардан оқып-білгені былай тұрсын, алғашқы мансаптарын түсірілім алаңдарында ассистент болудан бастаған. Сол арқылы киноның ішкі әлемін, заңын, әдебін білді. Өз алдына бір ғылымға пара-пар сценаридің қалай жазылуын үйреніп, драматургияның жілік-майын шақты. Оның өзінде түсірген жұмыстары тәжірибелі мамандардан құрылған көркемдік кеңестің алдынан өтетін. Нәтижесінде ол кинолар көрермен жадында мәңгіге қалды.

Қазір көп дүниені Ұлттық киноны қолдау орталығы шешеді. Біреу өтеді, біреу қалыс қалады. Таңдау жасауда қандай механизмді қолданатындары түсініксіз. Сондықтан мемлекет киноға көз қырын салғаны дұрыс. Бір күнмен өмір сүру өнерді өміршең етпейді, – дейді ол.

Расында кино арқылы үлкен саясаттарды, небір идеологияны жүргізуге әбден болады. Экран ұлттың санасын жандандырып, тіпті, уландыра да алады. Сондықтан көгілдір экран алдындағы буынның немен сусындап келе жатқанына назар аударған абзал.

Оралхан Бөкей «Атау кере» шығармасында будандастырылған аралар туралы әңгімелейді. Алтай мен Америка араларының «қауіпті буданы». Бұрындары балын гүлден жиған Алтайдың тегі таза аралары Американың арасымен будандасқаннан кейін қоқыс аралап кетеді. Гүл емес, қоқыс! Сүйкімді жаратылған кішкентай жәндіктер тұмса табиғатпен жалғасқан тіршілік желісінен ажырайды. Ызыңы да өзгереді. Күндердің бір күнінде әлгі қауіпті будан Ерік деген бас кейіпкердің анасын шағады. Бойына тараған уытты удан әжей жан тапсырады. Атаның қасиетімен, ананың сүтімен дарыған ана тілімізге де осы қауіп төніп тұр. Тіліміз өзге тілмен будандасып барады.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!