Қазақ халқы ежелден «Жақсылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деп, қайырымдылықты өмір салтына айналдырған. Қай кезде де жоқ-жітіктің жағдайын ойлаған қазақ қайырымдылықты қастер тұтқан. Бір уыс тарысын бөліп беріп, «бір күнгі аштық – тоқтықтың қадірін ұқтырар» деп үміт артқан. Бірақ бүгінде «жақсылықты» жамылып, пайда табуға ұмтылғандар көбейіп, халықтың сеніміне селкеу түсіп отырғаны өкінішті-ақ. Осы бір асыл ұғымды арзан атақ пен арам табыс көзіне айналдырғандар туралы сөз қозғамақпыз.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЛАРЫН КІМ БАҚЫЛАЙДЫ?

Қайырымдылық – бұл жүректен шыққан ізгілік. Алайда оның шынайы мәнін сақтау үшін заң талаптарын сақтау және ашықтықты қамтамасыз ету қажет.

Халықтың сенімін арттыру үшін қайырымдылық қорларының қызметі заңды және ашық болуы тиіс. Алайда көптеген қор өзінің қаржылық есебін жарияламайды, бұл халықтың сенімін төмендетеді. Кейбір қордың қызметі мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде бақыланбайды.

Мәселен, көшедегі еріктінің заңды жұмыс істеп жүргеніне қалай көз жеткізе аламыз? Күн сайын қоғамдық көлікте, аялдамада, базар маңында арнайы суреті бар папка мен қорап ұстап, «бала ауырып қалыпты, еміне қажет» деп, «отбасы баспанасыз қалыпты, жаңа пәтерге керек» деп ақша жинап жүрген еріктілерді күнделікті кездестіреміз. Олар өздерін белгілі бір қайырымдылық қорының мүшесі ретінде таныстырып, халықтан қаражат сұрайды. Кейбірі расымен құжатын көрсетіп, ресми екенін дәлелдеуге тырысып бағады. Десе де халық сеніміне кіру оңай емес. Себебі қазір аңдамасаң, алданасың.

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» және «Коммерциялық емес ұйымдар туралы » заңына сәйкес, кез келген қайырымдылық қоры әділет органдарында ресми тіркеуден өтуі тиіс. Сонымен қатар есеп беру, ашықтық қағидасы міндетті. Ал көшеде жүрген волонтерлердің көпшілігі бұл талапты орындамайды. Соның салдарынан шын мұқтаждың емес, алаяқтың жолы болып жатқаны – ащы шындық.

«Харекеттің» қарекеті не болмақ?

Халықтың сенімінен шыққан танымал қорлардың бірі – «Харекет». Алайда қор белсенді болғанымен, ресми тіркелмеген. Бұл қордың негізгі миссиясы – баспанасыз отбасыларға үй алып беру. Ел ішіндегі танымал өнер жұлдыздары, кәсіпкерлер мен еріктілер арқылы қаражат жинап, әлеуметтік желілер арқылы есеп беріп отырады. Дегенмен кейбір мәліметтер бойынша, «Харекет» қоры заңды түрде тіркелмегені айтылып жүр. Бұл – үлкен мәселе. Себебі тіркелмеген ұйымның қаржысын кім, қалай бақылап жатқанын білу қиын.

Бүгінде қайырымдылық қорына қойылатын талап қатал. Мемлекеттік кірістер комитетіне ай сайын есеп тапсыру, банк арқылы операция жүргізу, ашық аудиттен өту – мұның бәрі сенімге лайық болудың шарты. Заңда мұндай ұйымдардың қолма-қол ақша жинауына да шектеу қойылған. Бірақ бұған қарамастан, ел ішінде ақша жинау науқаны тоқтамай тұр. Кез келген адам жақсылық жасайын деп, жеке шотын қолдану арқылы қаражат жинай алмайды. Себебі заңды тұрғыда бұған тыйым салынған. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің «Қоғамдық бiрлестiктердiң, қайырымдылық ұйымдарының заңды қызметiне кедергi келтіру» деген 77-бабының қосымша 77-1 бабы бойынша солай делінген, 80 АЕК көлемінде айыппұл арқалауыңыз мүмкін.

Әрекеті әшкере болғандардың саны көбеюде

Қайырымдылық – киелі іс. Бірақ оны да кірлететіндер бар. Кейінгі уақытта әлеуметтік желіде «үй алып беремін», «қарыздан құтқарамын», «ем-домына көмек керек» деп жария салып, жұрттың аяушылық сезімін оятып, артынан арам пиғылын жүзеге асырып жүргендер көбейді. Мәселен, «Елге көмек» атты қайырымдылық қорын басқарып, халықтан үй алуға, түрлі әлеуметтік мәселелерге деп ақша жинаған Ілияс Сәриев есімді блогердің ісі ел есінен кете қойған жоқ. Ол Instagram парақшасында өзіне жарнама жасап, жұрттың жанын тебірентер оқиғаларды жариялап, көмек сұрады. Алайда жиналған қаржы мақсатсыз жұмсалып, кейін оның қылмыстық әрекеттері әшкере болды. Бүгінде бұл іс бойынша бірнеше сыбайласы да жауапқа тартылып, қылмыстық іс қозғалды.

Блогер демекші, мұқтаж жанға қаржы жинауға шот ашып, көмектескен кейбір «инста-батырлар» әлгінде жиналған соммадан пайыз пайда көреді екен. Бұл да біраз көңілге кірбің түсірген факт.

Былтыр топан су Ақтөбені қаптаған көктемде ел есеңгіреп, халық қара бұлттай қабағы түйілген күндерде барша қазақстандық жұдырықтай жұмылып, қолдан келгенін аямады. Осындай қиын сәтте «Biz Birgemiz Qazaqstan» атты қайырымдылық қоры көпшіліктің сенім жүгін арқалап шыққан еді. Алайда дәл осы сенімді селдей опырып, пәк үміттің быт-шытын шығарған жайт кейіннен көпшілікке аян болды.

Агенттік таратқан ресми деректерге сүйенсек, аталған қордың негізін қалаушы Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге арналған миллиардтаған теңгені басқаша мақсатқа – сән-салтанат пен шексіз ләззатқа жұмсаған. Бір ғана көлік сатып алуға кетірген қаржы – көз үйренген мөлшерден асып түсті. 88 миллион теңгеге Mercedes-Benz S450 көлігі, 80 миллионға – Lexus LX-600, тағы 39 миллионға – Haval автокөлігін сатып алғаны белгілі болды.

Одан бөлек, Астанадағы ең таңдаулы – «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» секілді элиталы тұрғын үйлерден бірнеше пәтер мен автотұрақ алып, барлығы 600 миллион теңгеге жылжымайтын мүлік рәсімдеген. Бұдан бөлек, Vela Village қалашығындағы коттеджді де иеленген екен.

Бірнеше мемлекетте саяхаттап, сондай-ақ «Cartier», «Louis Vuitton» секілді әлемдік брендтерден қымбат әшекей, сөмке, аксессуар сатып алып, алтын мен гауһарға көмкерілген сән бұйымдарымен өз образын «жетілдірген».

Айтыңызшы, естіген құлаққа мұндай бассыздықпен қаражатты жұмсау түрпідей тимейді ме? Қол ұшын созам деп, бар жиған-тергенін аударып берген халықтың ақ пейілімен ойнау күнә ғана емес, қылмыс.

Қайырымдылық жүректен шыққанда ғана шынайы

Қайырымдылық – көрпеңді керіп көмектесу ғана емес, адал ниет, жүректен шыққан мейір. «Жақсы адам – елдің ырысы, жақсы сөз – жанның тынысы» дейді қазақ. Егер сенімді қорлар халықтың сенімінен айрылса, ең алдымен, зардап шегетіндер – шын мұқтаж жандар. Олар енді кімге барып көмек сұрайды? Кімге сенеді?

Британдық Charities Aid Foundation ұйымы жариялаған World Giving Index-2024 рейтингі. Бұл зерттеудің нәтижесі бойынша, Қазақстан жомарттығы жағынан 124 елдің ішінде 113-орынға тұрақтаған. Айтуларынша, соңғы он жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш екен. Бұл деградацияға себеп – қайырымдылыққа үлес қосуға құлықсыздық емес, сенімге селкеу түскені болып отыр. Ойлаңызшы, әркім өз күнін өзі көріп, біреудің сәтсіздігіне түсіністік танытпаса, жомарттық көрсетіп, мұқтаж жанға қолдау білдірмесе адамгершілік құндылығымыз қайда қалады? Сіз осындай әлемде өмір сүргіңіз келер ме еді? Әрине, жоқ. Себебі жақсылықты насихаттауымыз керек. Жығылғанға жұдырық емес, жақсылықтың жаршысы болғанға не жетсін?

Дегенмен елімізде мыңнан астам қайырымдылық қоры жұмыс істейді. Мәселен, әлеуметтік желіде «Человек в маске» атауымен танылған қор 2018 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бетперде таққан азамат тағдыры тәлкекке түскен талай жанның жанынан табылып, сөнгелі тұрған үміттің алауын жақты. Өзге де қорлардың арқасында баспаналы болып, қуанышы еселенген халық қаншама. Адалдықты ту еткен жандар көп. Алайда олар арам жолдың арбауынан сақтанса игі.

Сөз соңында айтарымыз: қайырымдылықты көл-көсір пайда көзіне айналдырғандар қоғамның адамгершілік негізін шайқалтумен тең. «Садақаны сауап үшін бер» деген ұлт едік, енді оны да саудаға салып отырмыз. Жалған қайырымдылық – жақсылық емес, жарға жығатын іс. Сондықтан елге жаны ашитын әр азамат осындай әрекетке бей-жай қарамай, заң жолымен тексеріп, шын ниетті қорларды қолдауы тиіс.

«Жақсылық жерде қалмайды» деген ұлы сөз бар. Ендеше, жақсылық жасауға ниетті болайық, бірақ оны ақылмен, адал жолмен жүзеге асырайық. Сонда ғана халқымыздың үміті қайта жанып, шынайы қайырымдылық қайта салтанат құрады.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!