Сіз де «бір үйге бір дәрігер керек, қызым, ақ халат киіп жүргеннің қай жері жаман?» дейсіз-ау, сірә. Мойындаңызшы.

Иә, баламыздың жалақысы жоғары, мәртебесі бар маман болғанын қалаймыз. Қалағанымыз сонша, ақыл-кеңес беріп, бағыт көрсетеміз деп, өзіміздің қолымыз жетпеген арманды мойнына іле саламыз, таңдауынан айнытуға да тырысамыз. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, десе де оқушыға грант, ата- ана мен қысымның ықпалы әсер етпей қоймайды ғой. Сонымен жас түлек, сен қандай мамандық таңдадың? Қалауыңды

Грант, грант, грант. Барлығы осыдан басталады. Үйге күш салмай, өзім оқып-тоқып, оқығаным үшін стипендия алсам несі жаман деп, талпынамыз, тырысамыз, ҰБТ- ға дайындаламыз. Сол шәкіртақының артынан жүгіріп, шекті баллы төмен, мемлекет бөлген квота немесе гранты көп саланы таңдаймыз. Осылайша дәрігер болуды армандаған баланың ойы өзгеріп шыға келеді де, лезде физика-математика пәндеріне көңілі ауады. Ал шындыққа келгенде, әуелі пән емес, өзіңе жақын саланы таңдау қажет. Мамандар, пән таңдауды құрал ретінде қарастыру керек екенін айтады. Яғни оның рөлі мамандық таңдауда қолданатын құрал ғана. Ол мақсат емес. Ал түрлі себептің салдарынан өзі қаламаған мамандықта оқыған жас маманның кейін жұмыс істеуі екіталай. Кезіндегі бұрыс шешім, жұмыссыздыққа әкелетіні анық.

Ата-ананың қысымына қайта келсек, профориентолог маман Азамат Саматұлы ата-ананың шамадан тыс қысымы баланың кәсіби болашағына кері әсер ететінін айтты. Өйткені мамандық таңдауда ішкі мотивация мен жеке қызығушылық негізгі рөл атқарады. Ал оқушының мотивациясы төмендеген сайын, әлеуеті толық ашылмай, өзінің не қалайтынын түсінуі қиындайды. Кейде диплом алғаннан кейін де жастар өз саласында жұмыс істеуге дайын болмай, еңбек нарығының көлеңкесін тасалайды.

Пән − құрал, ал мамандық − өмірлік бағыт

Мектеп бітіретін оқушылар қандай қателік жібереді? Бұл сұрақтың да жауабы − мамандықты саналы таңдаудан гөрі сыртқы факторларға сүйенуі. Яғни шешім өз қызығушылығы мен қабілетіне емес, көбіне орта ықпалына негізделеді.

− Бірнеше кейске тоқталсам, көп түлек «қай пәнді жақсы білемін соған сәйкес мамандық таңдаймын» деп ойлайды. Бірақ пән − құрал, ал мамандық − өмірлік бағыт. Бұл айырмашылық көбіне ескерілмейді. Екіншіден, қоғамдық стереотиптерге сену. «Бұл мамандықтың беделі жоғары», «мұнда ақша көп», «заңгер/дәрігер болу керек» деген қалыптасқан түсініктер әлі де әсер етеді. Нәтижесінде, оқушы өз болмысына сай емес салаға бет бұрады. Үшіншіден, өз қабілеті мен тұлғалық ерекшелігін терең зерттемеу. Көп жағдайда түлек өзін толық танымай тұрып таңдау жасайды. Қандай ортада тиімді жұмыс істейтіні, қандай ойлау типі бар екені, стресске төзімділігі сияқты факторлар назардан тыс қалады. Төртіншіден, еңбек нарығын зерттемейді, яғни жас түлек болашақта мамандықтың қалай өзгеретінін, қандай дағдылар сұраныста болатынын, нақты жұмыс мазмұнын түсінбейді. Олар диплом мен нақты кәсіби өмірдің айырмашылығын сезінбейді. Бесіншіден, мамандықты қала немесе университет беделімен өлшеп таңдау. Бұл өте көп кездесетін қателіктің бірі. «Алматы, Астана қаласында оқу керек», «атақты университетке түсу − басты мақсат» деген ұстаным да жиі кездеседі. Мамандық таңдау тек оқу орнына түсу емес, өмірлік сценарийді таңдау екенін түсіну керек. Сондықтан бұл процесс ерте басталып, жүйелі өзін-өзі тану мен кәсіби ақпаратқа негізделуі қажет,− дейді профориентолог.

Бүгінде өз типіңді анықтап, қандай салаға икемің бар екенін анықтау қолжетімді жұмыс. Профориентологтар оқушының бейімін анықтауға, еңбек нарығымен байланыстыра отырып дұрыс бағыт таңдауға көмектеседі. Бұл − таңдаудағы қателік тәуекелін азайтып, жас түлектің өз болашағына жауапкершілікпен қарауына ықпал ететін маңызды кәсіби қолдау.

Ал мамандықты қашан таңдаған жөн? Азамат Саматұлы мамандықты 11 сыныпта таңдау кеш емес, бірақ кешігіңкіреп қалған кезең екенін айтты.

− Өйткені бұл уақытта түлек шешім қабылдауға емес, көбіне нақты таңдауды бекітуге келуі тиіс. Егер кәсіби бағдар жұмысы дәл осы сыныпта ғана басталса, шешім асығыс немесе сыртқы факторларға тәуелді болуы мүмкін. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана баласының мамандығына тек жоғары сыныпқа келгенде ғана мән бере бастайды, − деді ол.

«Мамандық таңдағанда, ең алдымен, адам өзінің ішкі қалауына, саналы сараптауына және нақты қабілетіне жүгінуі керек. Абай атамыздың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боларсың елден бөлек» деген терең ойы мамандық таңдауға дәл келеді. Өйткені дұрыс таңдау бір ғана эмоциямен де, бір ғана есеппен де жасалмайды. Үшеуі де бірге жұмыс істеуі керек. Мен нені қалаймын? − бұл жүрек. Бұл бағыттың болашағы қандай? − бұл ақыл. Мен соны игеруге қабілет пен табандылық таныта аламын ба? − бұл қайрат. Меніңше, мамандық таңдаудағы ең дұрыс бағдар осы үштағанның тепе-теңдігінде».

Мәселе, иә, ауқымды. Себебі оқушының бүгінгі бұрыс таңдауы, ертең өзінің өміріне, сонымен қатар қоғамның сапасына, дамуға әсер етеді. Сөз басындағы оймен нүктелейтін болсақ, қалауың мен таңдауың бір болсын, жолың ашық, білім жолың биік болсын, жас түлек!

Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!