Жер бетіндегі жеті миллиардтан астам адам үшін маңызды экологиялық, ғаламдық мәселенің бірі – қалдықтар. Оның түрі мен қоршаған ортаға қаупі қаншалықты маңызды болса, уақытында тазартып, жойып отыру да кезек күттірмейтін жұмыс.
Дүниежүзілік банктің есебінше, 2050 жылға қарай әлемдегі тұрмыстық қалдықтың көлемі 3,4 млрд тоннаға жетеді. Бұл келешекте Жер планетасының үлкен қоқыс полигонына айналатынын білдіреді. Елдегі қоқыс полигондарының жағдайы қалай? Әлем елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, қалдықтан құтылу үшін қандай шаралар қолданылуда?

Бір қоқыстың тағдыры

Сарапшылар қалдықтарды пайда болуына қарай тұрмыстық, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық, радиоактивті деп бөліп қарастырады. Тұрмыстық қатты қалдықтардың құрамына тағам қалдықтары, қағаз, металл сынықтары, резеңке, шыны, ағаш, мата, пластикалық және синтетикалық қалдықтар кіреді. Атмосфералық тұнбалар, қоқыстардың өрт салдарынан еруі тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарында физика-химиялық және биохимиялық үрдістердің жүруіне әсерін тигізеді. Яғни, қалдықтарды сақтағанда сұйық, қатты және газ тәрізді көптеген улы химикаттар пайда болады. Бұл биосфераға және адамзат өміріне үлкен қауіп төндіреді, қоқыстардың қоршаған ортаға биогендік әсерінің нәтижесінде жәндіктер, құстар, кеміргіштер арқылы бактериялар мен вирустар үлкен қашықтыққа тарайды. Сондай-ақ мамандардың айтуынша, сұйық өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар топырақ және өсімдік қабатын, жер асты суларын улы заттармен жоғары деңгейде концентрациялайды
Қоқыстың сақталу ұзақтығы бірнеше жүз жылға дейін баратынын атап өттік. Соның ішінде газет, картон қағаздар – 3 ай, ағаш тақтайшалар, аяқ киімдер мен банкалар – 10 жыл, темір бөлшектер – 20 жыл, сағыз – 30 жыл, автомобиль батареялары – 100 жыл, полиэтилен пакеттері – 100-200 жыл, пластикалық бөтелкелер – 200 жыл, балаларға арналған бір реттік жаялықтар – 300-500 жыл, шыныдан жасалған бұйымдар – 1000 жылдан астам уақытқа дейін шірімей, жата береді. Олар ұзақ сақталған сайын ауаға сіңіп, өздері байқамаса да, адамдарда, әсіресе, әйелдер мен балаларда түрлі ауру тудырады.

Елдегі ахуал қалай?

Жыл сайын елімізде 4,3 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналып, соның небары 12 процентке жуығы ғана қайта өңделеді. Қалғаны қоқыс полигондарына көміледі екен. Елімізде тұрмыстық қалдық тасталатын 3 520 полигон бар, соның 18 проценті ғана тиісті талапты сақтауда. Қоғам белсенділері және экологтар заңсыз қоқыс алаңдарының азаймағанын айтып, дабыл қағып жатқаны тегін емес. Өндірістік және тұтыну қалдықтары тасталатын орын саны 17 934-ке жеткенімен, осы полигондардың дені санитарлық талаптар мен экологиялық стандарттарға сәйкес келмейді. Жалпы сарапшылардың дерегінше, жыл сайын елімізде 700 миллион тонна өнеркәсіптік қоқыс пен қалдық жиналатын болса, оның 250 миллионы денсаулыққа қауіпті улы заттар екені анықталған.
– Автокөлік шинасын жерге көмсек, 150 жылға дейін шірімейді. Ал осындай дөңгелектің 1 тоннасын өртесе, ауаға 250 келі күл тарап, 450 келі уытты газ бөлінеді екен. Енді экологиялық заң бойынша барлық ұйым шиналарды арнайы кәдеге жарату орындарына тапсырады. Ал жеке тұлғаларға оның әр келісі үшін 5 теңгеден ақы төлеу де қарастырылған. Қызылордада әзірге автокөліктің ескі доңғалағын қайта пайдаға жарататын бір ғана өндіріс бар. Онда спорт алаңдарына арналған резеңке үгінділері мен су түтікшелері шығады. Сондықтан осы саланы тезірек қолға алса екен, – дейді Мырзахан есімді азамат. Қалдықтарды полигонға көму оларды жоюдың негізгі әдісі емес. Демек, қоқыстан құтылудың қосымша жолы қандай? Бұл – өңдеу.

Әлем мемлекеттері қоқысқа қарсы

Дамыған Еуропа және Азия елдері қалдықтардың ластану проблемасын шешуде айтарлықтай тәжірибе жинақтады десек артық емес. 1975 жылдан бастап француздар қайта өңдеу технологияларын белсенді түрде дамытты. Осы кезеңде оның аумағында полигондар саны 6 мыңнан 230-ға дейін азайған.
Қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу ісі бойынша Германия Еуропада алдыңғы орында. Бұл ел ең алғаш мұндай тәжірибені 1990 жылдардың басында іске асырып көрді және әлі күнге дейін дамыту үстінде. Немістердің әрқайсысының пәтерінде қоқыс жинауға арналған кемінде үш түрлі ыдыс болады. Ол кейде, тіпті, сегізге дейін жетеді.
Қоқысты қайта іске асыру және сұрыптау бойынша француздар қалыспайды. Францияда қоқыс өртейтін арнайы кешенді зауыттар салынған. Мысалы, Париж түбіндегі Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқыс өртейді. Қоқыстарды парализ тәсілі бойынша жоғары температурада өртейді. Соның әсерінен зиянды улы заттар толық еріп, күлге айналады. Франция қоқысты сұрыптап жинау әдісі мен қайта өңдеу нәтижесінде 30 процент алюминий, 50 процент әйнек, газет қағазын өндіріп отыр.
Күншығыс елінде қоқыс қалдықтарын сұрыптауға өте кірпияз қарайды. Бұл елде, тіпті, қалдық тастағаны үшін полицияның ескертуін елемеген адамның сотталып кеткенін естісеңіз таң қалмаңыз. Жапондықтар жері шағын елінің экологиясын сақтау үшін барын салады.
Жапонияда тұрмыстық қалдықтарды өртейді, одан алынған энергияны жылыту үшін қолданады. Тұрмыстық техникаларды қайта бұзып өңдеу үшін жөнелтеді. Бұл елде де әр жапондықтың үйінің алдында үш контейнер тұрады. Бірі пластмассаға арналса, екіншісі тағам, ал үшіншісі керексіз заттар үшін. Токио мен ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. Жапония қалдық өңдеу ісінде тым ілгері кеткен елдің бірі. Тіпті, аталған елде органикалық қалдықтардың өзінен құрылыс материалдарын жасап шығарады.

Шешім бар ма?

Қазақстанда кеңестік кезеңнен бері қатты тұрмыстық қалдықтардың көп жиналғаны сонша билік 2019 жылдан бастап қоқыс полигондарына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге тыйым салған. Осылайша қоғамда экологиялық сана қалыптастыру көзделген. Алайда тыйымнан өзгерген дүниені көрмедік. Шынболат Байқұлов қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын 50 ұйым мен жеке кәсіпкерлердің басын біріктірген KazWaste қауымдастығын басқарады.
– Мұнай бәрібір жақын арада таусылады. Міндетіміз – қалдықты «айналымға енгізу». Мысалы, пластик өнім сынып қалса, оны жеті рет қайта өңдеуге болады. Бұл циркулярлық экономика, соған ұмтылуымыз керек, – дейді Шынболат Байқұлов.
Байқағанымыздай ел экономикасы мен экологиясы үшін ең дұрыс шешім қалдықтарды қайта өңдеу болмақ. Еуропа мемлекеттері қалдықтар арқылы өз қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, өңдеу арқылы жылуға дейін алып отыр. Демек, шешім бар. Тек әрекеттің кемесін алға жылжытар азаматтар керек-ақ.


Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!