Фото: ашық дереккөзден

Әлемде ең алғашқы миллионер әйел Сара Бридлав есімді кәсіпкер. Лақап аты Мадам Си Джи Уокер есімімен әйгілі болған американдық кәсіпкер 1867 жылы қарапайым отбасында жеті баланың алтыншысы болып дүние есігін ашқан. Афроамерикандық әйелдерге арналған косметика мен шашқа арналған өнім түрлерін табыс көзіне айналдырған ол «Madame C.J.Walker Manufacturing» компаниясын құрады. Тауарларды өндіру, жарнамалау және таратумен айналысқан атақты компания иесінің өмір жолы өте ауыр оқиғаларға толы.

Тақырыптан ауытқымай, Отанымызға оралайық. Егемендік алып, еңсесін тіктеген елімізде де жылдан жылға кәсіпкер қыз-келіншектер қатары артып келеді. Жұмыс жыныс таңдамайтын заманда табысты тіршілікті дөңгелетіп отырған нәзік жандылар қауымы облысымызда да көбейіп келе жатқаны көңіл қуантарлық жайт. Заман ағымы жалғыз жұмыспен шектелуді құптамайды. Атап айтқанда, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы есепке сүйенсек, облысымызда шағын және орта кәсіпкерлік бойынша 71 147 субъекті тіркелген. Оның ішінде әйелдер үлесі 35 269 құрайды. Бұл дегеніміз облысымыздағы кәсіпкерлердің 49,5 %-ы, яки тең жартысы әйелдер. Етектілер қауымы ерден бір саты төмен тұрғанымен, еш қалыспай еңбек ете алатынына көзіміз жетіп жүр.

Былтыр, яғни 2023 жылы, облыста кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 68 млрд теңгеден аса қаржы қаралып, жыл көлемінде 4716 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында несие портфелі 31,0 млрд теңгені құрайтын 837 жоба субсидияланды. Оның ішінде, 13,1 млрд теңгеге 447 жоба әйел кәсіпкерлердің еншісінде.

Сондай-ақ жалпы құны 16,6 млрд теңгені құрайтын 603 жоба бойынша кепілдік шарты жасалынған болса, оның ішінде 8,4 млрд теңгеге 302 жоба әйел кәсіпкерлердің үлесінде. 2022-2023 жылдары Ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар 43 шағын кәсіпкерге табысталған болса, оның 17-і әйелдердің үлесінде. Сонымен қатар аталған жоба аясында қайтарымсыз мемлекеттік гранттар (400 МРП) 1529 шағын кәсіпкерге табысталған болса, оның 890-ы әйел кәсіпкерлер үлесінде.

Ал микрокредиттер «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы арқылы 3,0 млрд теңге шамасында 372 жобаға табысталған болса, оның 32,7%-ы әйел кәсіпкерлерге тиесілі. Яғни, әйел кәсіпкерлердің 1,7 млрд. теңгеге 122 жобасы қаржыландырылды. Зерттеуіміз бойынша нәзік жандылар арасында ең көп таралған кәсіп түрі сауда-саттық саласы мен тігін, қолөнер бұйымдарын өндіру және сұлулық салондары екені белгілі болды. Жылжымайтын мүлік операцияларын орындау мен балабақшалардың басым бөлігі де дәл осы бұрымдылардың меншігінде.

– Алматы қаласы саудамен айналысатын әйелдер саны бойынша көш бастап тұр. Бірақ олардың үлесі небәрі 52%-ды құрайды. Ұлытау және Қостанай облыстарында сауда секторында жұмыспен қамтылғандардың 67%-ы әйелдерге тиесілі. Саудадағы әйелдердің ең аз үлесі Түркістан облысында, онда көрсеткіш 47%-ды құрады, – дейді Dasco Consulting Group басқарушы директоры Дәрмен Сәдуақасов.

Ауылшаруашылығына келер болсақ, аграрлық несие корпорациясы арқылы кредиттер 459 жобаға 10,2 млрд теңге қаржыландырылды. Оның ішінде әйел кәсіпкерлердің үлесі 23,1%-ды, яғни жалпы сомасы 2,3 млрд теңге болатын 106 жобаны құрады. Сонымен қатар 2023 жылдан бастап Аграрлық несие корпорациясы арқылы жастар кәсіпкерлігі мен ауыл тұрғындарына жылдық 2,5 пайызбен 492 жоба 2,3 млрд теңгемен қаржыландырылса, оның 917,9 млн теңгені құрайтын 205 жобасы әйел кәсіпкерлерінің еншісінде. Яғни ауылдық жерлерде мал мен құс ұстап, кәсібін дөңгелетіп отырған нәзік жандылар да аз емес көрінеді.

Облыс бойынша «Ауыл-Аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында жеңілдетілген тәртіппен жылдық 2,5%-бен шағын неси- елер беруді жүзеге асыратын «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен 3,0 млрд теңге сомасына 406 жоба қаржыландырылды. Оның 160 жобасы әйел кәсіпкерлердің үлесінде болып, жалпы сомасы 903,4 млн теңгені құраған.

Жаңадан тағайындалған Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ақпан айында өткен кезекті жиында әйелдер кәсіпкерлігінің қолға алынып жатқанын мәлімдеді.

– Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты жуырда шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңартылған бағдарламасы бекітілді. Оператор – «Даму» қоры. Онда алғаш рет «Әйелдер кәсіпкерлігі» бағыты бөлек енгізілді. Жаңа бағдарлама аясында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін жеңілдікті қаражат, сондай-ақ субсидиялар бөлінеді. «Даму» қоры өтініштерді қабылдайтынын ресми түрде жариялады. Сондықтан «Даму» қорына хабарласып, әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың жолдары туралы нақты түсініктеме алуға болады – деді ол.

Ана мен бала – мемлекеттің басты байлығы. Бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен кәсібін дөңгелетіп отырған осынау қайсар да нәзік жандылар қауымы қашанда құрмет пен қолдауға лайық.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!