фото: ашық дереккөзден алынды
Асыға күткен жаз мезгілінің аяқталуына бір ай уақыт қана қалды. Әрине, тіршіліктің қамымен тынымсыз жыл бойына еңбек етіп келген халық тым болмаса екі иығын күнге тосып, табиғат аясында демалғысы келетіні хақ. Бірақ «барамын» дегенше, «бармай-ақ қойсам ба?» деген ой алдымен көлбеңдейді. Неге дейсіз бе? Себебі еліміздегі демалыс орындарының бағасы шарықтап тұр, ал орташа жалақы еліміздегі демалыс орындарының прайсына сай емес екені рас.
«Өз елім – өлең төсегім» деп бекер айтылмаған. Бірақ кейінгі уақытта қазақстандықтардың көбі туған елін емес, шетелді таңдайтын болды. Біреулер Түркияның жағажайларына асығады, енді бірі Вьетнамның шипажайларына қарай бет бұрады. Мұның себебі қарапайым: Қазақстандағы демалыс қымбат. Кейде шетелде бір ай демалғаныңа төлейтін ақша, ел ішінде 5 күндік демалысқа жетпейді. Бұл – бір ғана мысал емес, көпшіліктің пікірінен туындап отырған мәселе.
Ел туризімінің халі қалай?
Кейінгі жылдары Қазақстанда ішкі туризм дамыды деп төс қаққанымызбен бағалардың да соған сай шарықтап кеткенін байқап жүрміз. 2023 жылғы ресми дерекке сүйенсек, қазақстандықтар ішкі туризмге 2,7 триллион теңгеден аса қаржы жұмсаған. Алайда бұл шығындардың тең жартысы шетелдік туристердің есебінен жиналған. Ал ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы шетелге шыққан қазақстандықтардың саны ішкі туризм бойынша саяхаттағандардан шамамен 30%-ға көп болған.
Мәселен, Алматыдағы «Rixos» қонақ үйінде 5 күн түнеу үшін 800 мың теңгеден астам қаржы жұмсалады. Бұл бағаға Вьетнамда бір ай тұрып, үш мезгіл тамақтанып, теңіз жағасында демалып келуге әбден болады.
Ішкі туризмдегі бір үлкен түйткіл – баға мен көрсетілетін қызмет сапасының арасындағы алшақтық. Жергілікті ойын-сауық парктері мен демалыс кешендеріндегі қызмет түрлері шетелдік баламасымен салыстырғанда әлдеқайда шектеулі, тіпті қарабайыр.
Мысал ретінде Алматыдағы «Мир фантазии» саябағын алайық. Адам басына кіру құны – 7 000 теңге. Орташа есеппен төрт адамдық отбасы саябаққа кіру үшін 28 000 теңге төлейді. Бірақ көңіл көтеру деңгейі осы қаражатқа сәйкес келе ме? Мәселе осында. Кезек көп, қызмет ауыз толтырып айтарлықтай емес, инфрақұрылым әлсіз.
– Алматыға қыдырып бардық. Әрине, ол жақтағы бағалардың біздің қалаға қарағанда әлдеқайда қымбатырақ екенін білдік. Десек те 2 аттракционға міну үшін 21 мың төлеймін деген ой болмады. Кезекті 40 минуттап күткеніміз аздай, кейбірі іске қосылмады да. Өкінішті-ақ… – дейді қала тұрғыны Маржан Әуезхан.
Қазақстанның табиғаты – нағыз көркем палитра. Төрт мезгілге төрт түрлі кейіп беретін дала бейне бір суретшінің кенебіндей. Елімізде ең танымал туристік бірнеше бағыт бар: Бурабай, Алакөл, Балқаш, Көлсай, Шарын, Түркістан. Бірақ бұл жерлердің бәрі қолжетімді дей алмаймыз.
Мысалы, Бурабай – бұрыннан «брендке» айналған мекен. Астанадан бір аттам жерде болған соң, турист те көп, соған сай бағасы да аспандап тұрады. Алайда қызмет көрсету деңгейі сол баяғы «кеңестен» қалған үлгі.
Алматы облысындағы Көлсай мен Қайыңды – әлеуметтік желілердің арқасында аса танымал. Жұрт жаппай ағылып жатыр, бірақ жолы жаман, инфрақұрылымы нашар. Бағасы шетелдік курортпен тең, бірақ қызмет көрсету деңгейі оған сай емес.
Бозжыра мен Каспий – көздің жауын алатын мекендер. Бірақ ол жаққа жету үшін жол азабына төзу керек. Соған қарамастан баға қымбат, себебі фотогенді табиғат қазір табыс көзіне айналған.
Қазақстанның табиғаты – нағыз көркем палитра. Төрт мезгілге төрт түрлі кейіп беретін дала бейне бір суретшінің кенебіндей. Елімізде ең танымал туристік бірнеше бағыт бар: Бурабай, Алакөл, Балқаш, Көлсай, Шарын, Түркістан. Бірақ бұл жерлердің бәрі қолжетімді дей алмаймыз.
Мысалы, Бурабай – бұрыннан «брендке» айналған мекен. Астанадан бір аттам жерде болған соң, турист те көп, соған сай бағасы да аспандап тұрады. Алайда қызмет көрсету деңгейі сол баяғы «кеңестен» қалған үлгі.
Алматы облысындағы Көлсай мен Қайыңды – әлеуметтік желілердің арқасында аса танымал. Жұрт жаппай ағылып жатыр, бірақ жолы жаман, инфрақұрылымы нашар. Бағасы шетелдік курортпен тең, бірақ қызмет көрсету деңгейі оған сай емес.
Бозжыра мен Каспий – көздің жауын алатын мекендер. Бірақ ол жаққа жету үшін жол азабына төзу керек. Соған қарамастан баға қымбат, себебі фотогенді табиғат қазір табыс көзіне айналған.
Сонда қарапайым халық қайда демалу керек? Неліктен ел ішіндегі туризм өзімізге тиімсіз?
Біріншіден, инфрақұрылым ақсап тұр. Жол жоқ, көлік қатынасы қиындау. Бір Көлсайға жету үшін жеңіл көлік емес, жүйке де қажиды.
Екіншіден, турист аз, баға жоғары. Бәсеке жоқ жерде баға үстем. Халықаралық бәсекелестік болмаған соң, жергілікті кәсіпкерлер де күнін көру үшін бағаны көтере беретіні анық.
Одан қалды сервисте сапа жоқ. Баға 5 жұлдызды болғанымен, қызмет 2 жұлдызға ғана татитын жерлер баршылық. Мысалы, тәулігіне 40-50 мың теңгеге жалданатын ағаш үйде не мұздатқыш, не дұрыс ағып тұрған су жоқ. Бірақ «Көлдің жағасында ғой» деп құтылып кететіндері бар.
Брендинг бар, бірақ жауапкершілік жоқ. Әлеуметтік желіде «жұмақ» боп көрінетін жерлерде шын өмірде дәретхана табу мұң. Осындай қарапайым қолайлы жағдай жасалмай тұрғанда неге ішкі туризмнің дамымай тұрғанын аңғаруға болады.
Шетелге шығудың себебі неде?
Қазақстандықтардың басым көпшілігі шетелде демалуды таңдайды. Рас, Түркия, Грузия, Вьетнам секілді елдерде қонақүй, тамақ, қызмет көрсету сапасы мен бағасы үйлесімді. Тіпті әлеуметтік желіде «Біз шетелде жиі қыдырамыз, бірақ Қазақстанда қыдыруға әлі ақшамыз жетпейді» деген секілді тәтті әзіл мен ащы шындық жанасқан жазбаларды көріп жүрміз. Иә, шетел көрген жақсы ғой. Бірақ, әттең, бұл әзілдің астарында туризмнің ақсаған мәселесі жатқанын аңғара бермейміз.
Түркиядағы бір апталық all inclusive пакет орта есеппен 250-300 мың теңге. Ал Бурабайда қонақ үйде демалсаңыз, дәл осындай ақшаны тек үш күнде-ақ жұмсап тастайсыз. Вьетнамның Нячанг қаласында 300 мың теңгеге 7 күн бойы теңіз жағасындағы отельде тұрып, үш мезгіл тамақтанып, экскурсияға қатысуға болады. Ал Қазақстанда бұл сомаға жай ғана жолақы мен екі күндік тұру ғана кіруі мүмкін.
Халықтың шетелге кетуінің тағы бір себебі – қолжетімділіктің жоқтығы. Демалыс орындары тек бағасын өсіріп, қызмет сапасын ұмыт қалдырғандай әсер қалдырады.
Несиеге қыдыру
Құлағымыз естіп, көзіміз көріп те жүр, қазақстандықтардың бір бөлігі несиеге барып демалуды әдетке айналдырды. Экономистер мұны дабыл қағарлық жағдай дейді. «Freedom Finance Bank» жүргізген 2024 жылғы сауалнама нәтижесіне сенсек, ел тұрғындарының 23%-ы шілде-тамыз айында демалысқа несие алған. Таңқаларлығы – бұл адамдардың 60%-ының төтенше жағдайға арналған қаржылық «жастығы» (подушка безопасности) жоқ.
Мәселен, орташа айлық жалақы биыл 365 мың теңге көлемінде болса, демалысқа кететін қаражат 600-700 мың теңгеге дейін жетіп отыр. Қарапайым есеппен алсақ, бұл – екі айлық еңбекақы. Шетелге шықпаса өзін қоғамнан шет қалғандай сезініп, психологиялық қысымның да кесірінен несиеге бататындар жеткілікті. Қазір қоғамда «жетпейтін дүние өмірі жетпейді» деген пікір қалыптасқан. Өзі сыныққа сылтау іздеп отырған халық үшін бұл жұбаныш көрінеді. Сосын несиеге ұрынады.
Қарызға рахат көріп, қарық болғанша, қарық болып, кейіннен ғаріп болып жүруді доғару керек. Қаржылық сауаттылықты арттырып, шығынды жоспарлап, қарызға кірмей демалу заман талабы екенін есте сақтайық.
Шешім қайда?
Жолың ойқы-шойқы, қызметкеріңнің қабағы қатулы болса, ең көркем көрініс те көңілден шықпайды. Қазақстан табиғаты шетелден кем емес. Оны шынайы пайдаға айналдыру үшін құр уәдеден арылып, нақты шешімдерге көшу керек.
Алғашқы мәселелердің бірі – жол. Қайда барсаң да алдымен жол керек. Туристік орындарға апаратын жолдардың сапасы елдің бет-бейнесі екенін ұмытпауымыз керек. Асфальт жолдың жетіспеуі, бағыт көрсететін белгілердің болмауы, қоғамдық көлік қатынасының нашарлығы ел ішінде саяхаттауға кедергі. Мұндай бағыттарды арнайы картаға енгізіп, әр облыс пен аудан әкімдігіне жауапкершілік жүктеу маңызды. Шүкіршілік, бүгінде бұл бағытта алға ілгерілеу байқалады. Алайда арқаны әлі де кеңге салуға болмайды.
Кезектегі келесі мәселе – таза дәретхана, қоқыс жәшігі, демалуға арналған көлеңкелі орын, байланыс желісі мен интернет. Бұлар жай ғана тұрмыстық дүние емес, туристі тартатын басты құрал. Туристік аймақтарда wi-fi нүктелері орнатылуы қажет. Ақпараттық стендтер мен карталар көп тілде жазылса, бұл сырттан келгендер үшін де, еліміздің азаматтары үшін де қолайлы болар еді. Сондай-ақ туристік аймақтарда жедел жәрдем, төтенше жағдай қызметі мен полицияның болуы міндетті.
Шағын кәсіпкерлер үшін туризмге арналған бизнес ашу қолжетімді болуы қажет. Қонақүй, дәмхана, киіз үй кешендері салғысы келетіндерге жеңілдетілген салық режимі және шағын несие, гранттар ұсынылуы керек. Халықаралық брондау платформаларында тіркелген нысандарды қолдау арқылы шетелдік туристердің санын арттыруға болады.
Брендинг демекші, елімізде туризмнің бренді нақты қалыптаспаған. Әлем біздің елді не үшін көруі керек деген сауалға нақты жауап жоқ. Шетелдік туристің санасында Қазақстан туралы тұрақты образ қалыптастыратын бірегей символ, ұран, оқиға жетіспейді.
Біз тек Көлсай мен Шарынның суретін көрсете салумен шектелеміз. Жарнама жасайтын да, жар салып насихаттайтын да механизм әлсіз.
Ұлттық туризм бренді – бұл логотип немесе слоган ғана емес. Бұл елдің мінезі, қонақжайлығы, менталитеті мен мақтанышы. Сол үшін қағажу қалған ұлттық брендингті қолға алу керек.
Қайда қыдыруға болады?
Хош, елімізде мүлдем арзан демалыс орны жоқ деп айту қате. Кең байтақ жерімізде қаржыны көп жұмсамай-ақ тамаша демалып, рухани дем толтырып қайтуға болатын өңірлер жетерлік. Ендеше арзан әрі әсерлі демалыс ұсынатын өңірлерді атап өтейік.
Шығыс Қазақстан облысы табиғатының сұлу көрінісімен ерекше. ШҚО өзен-көлдерімен, орман-тоғайымен және таулы аймақтарымен әйгілі. Ерекше атап өтуге болатын орындар қатарында Бұқтырма су қоймасы мен Алтайдың көркем табиғаты бар. Бұл жақта қонақ үйлер мен демалыс базалары қолжетімді бағада қызмет көрсетеді. Жергілікті тұрғындардан үй жалдау арқылы да шығынды үнемдеуге болады. Сонымен қатар базарлардан табиғи таза өнімдер сатып алып, тамақ шығынын азайтуға мүмкіндік бар.
Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық паркі – бюджеттік демалыс үшін керемет таңдау. Мұнда көлдер, таулар және тарихи орындар үйлесім тапқан. Жеке секторда тұру бағасы өте қолжетімді әрі табиғи ортада тынығу мүмкіндігі жоғары. Көл жағасында палатка тігіп, демалысты барынша үнемді өткізуге болады.
Сыр өңірі де тарих пен табиғаттың тоғысқан мекені. Қызылорда облысында демалысты шағын бюджетпен ұйымдастыру оңай. Байқоңыр қаласын, Жаңақорған шипажайын немесе Қамбаш көлі маңындағы демалыс аймақтарын аралау арқылы ерекше әсер аласыз. Бұл аймақта көлік пен тұрғын үй жалдау бағасы өзге өңірлермен салыстырғанда анағұрлым төмен.
Қызылорда облысындағы Қамбаш көлі оңтүстіктің күн шуағына шомылған, суы жылы, жағалауы кең табиғи айдын. Арал ауданы үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін туризмнің әлеуетті нүктесі саналатын бұл көлге жыл сайын келушілер қатары артып келеді. Кейінгі жылдары көл маңында бірнеше демалыс базасы мен жастар лагері жұмыс істеп тұр.
Қамбаш көліне таяу орналасқан Шижаға ауылы да кейінгі уақытта ерекше серпін алып келеді. Бұл мекен жай ғана ауыл емес, құмы алтын, табиғаты тұмса, мүмкіндігі мол жаңа туристік бағыт ретінде қалыптасып жатыр. Келешекте Дубайдағы сахарадан кем түспейтіні сөзсіз. Себебі қазір мұнда құмды беткейлермен жүретін арнайы жол талғамайтын көліктермен саяхаттау, фотосессия жасау секілді жаңа бастамалар қолға алынып келеді. Шижаға алдағы уақытта тек Арал жұртына емес, бүкіл елге әйгілі туризм нүктесіне айналуы әбден мүмкін.
Алматы маңындағы Боралдайдың да табиғаты әсем, жолы жақын. Қонақ үйлердің бағасы тәулігіне 10-20 мың теңгеден аспайды.
Шымкент, Тараз бағытындағы автотурлар: Қоғамдық көлік арқылы барып-келуге болады. Қонақ үйлердің бағасы да тиімді. Апталық сапарға шамамен 100-150 мың теңге жеткілікті.
Қазір көптеген отандық туркомпания қаларалық тур ұйымдастырады. Мәселен, Шымкент – Түркістан – Сауран бағытындағы 3 күндік турдың құны 50-70 мың теңге. «ORDA trаvel» турагенттігі Алматы, Түркістан, Шымкент секілді қалаларға саяхаттауға мүмкіндік беретін турлар бойынша халық көңілінен шығып жүргені рас. Тіпті Қырғызстан, Өзбекстан, Дубай секілді елдерге де саяхаттауға болады. Оған көлік, жатын орын, тамақ және гид қызметі кіреді.
Бір күндік саяхат: Алматыдан Үлкен Алматы көлі, Тамғалы тас, Қапшағай бағытында күндік турлар бар. Орташа шығын 5-10 мың теңге шамасында.
Қорытындылай келе, Қазақстанда қыдыруға бола ма? Әрине, болады. Бірақ бұл тек бағаға ғана емес, жоспарлауға да байланысты.
Ел ішіндегі демалыс орындары қымбат әрі қызмет сапасы ақсап тұрғанда, халықтың шетелге кетуі заңдылық. Ішкі туризм – экономиканың қозғаушы күші ғана емес, ұлттық танымның дәнекері. Жерұйықтай жеріміз бар, бірақ соны бағалай алсақ қана, бұл бағыт жемісін береді. «Отандық туризмді қолдайық» демес бұрын, «қазаққа Қазақстанды көрсете аламыз ба?» деген сауалға жауап берейікші. Әсте қымбатшылықты «нарық заңы» деп ақтауды осымен доғарғанымыз жөн.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!