Қаржылық сауаттылық – сан ғасырдан бері адамзатпен бірге жасасып келе жатқан күрделі мәселе. Ақшаның құнсыз болған шағында табыс көзін әртүрлі жолмен іздеп, қомақты қарызға белшеден батып, аяғы тұсауланған жандар жетерлік. Шарасыздықтан басын тауға да, тасқа да соғып уақытша микронесие алып, құнды заттарын сатып, алайда пайызын өтеуге мұршасы жетпей жүргендердің жағдайы мүшкіл. Халықтың басым көпшілігі үйге керекті техника, көлік, телефон іспеттес заттарды алу, сондай-ақ тойды «ұят» болмасын деп жоғары деңгейде атқару үшін несиеге жүгінеді. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, Қазақстанда 8,4 млн-ға жуық адам ұлттық банкке 15 трлн теңге берешек екен. Яғни 84% қазақстандықтың жабылмаған тұтынушылық несиесі бар.
Жаға ұстатарлық жарна
– Жасыратыны жоқ, қазір банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтар көп. «Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды, – дейді Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.
Елімізде I және II дәрежелі банктер саны 21 және олар ресми түрде жұмыс істейді. Осы тұста қазақстандық банктердің несие жарналарына бір шолу жасап өтсек. «Халық банкі» 10,5%, «Хоум кредит банкі» 7,9%, ал «Каспий банкі» 20,9% және 26,9%, «Жусан банкі» 21%-ын ұсынса, ал жалпы Қазақстандағы несие жарналары 20,50%-ды құрайды. Сондай-ақ, еліміздегі орташа ипотекалық мөлшерлеменің ставкасы 15,83%. Ол әлемдегі ең жоғарғы ставкалардың бірі. Қарапайым халықтың орташа жалақысы 350 мыңды құрағанымен, жұмыссыз немесе әлеуметтік жағдайы нашар, толық емес отбасы, мүгедектігі бар азаматтардың табанына тас қоятыны рас. Оның үстіне халықтың несие алуға тәуелді екенін жасыру мүмкін емес.
– Кейбір азаматтар мерзімі өтіп кеткен кредиттерін жабу үшін одан да жоғары пайызбен жаңа кредиттер алады. Осылайша, шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен бата береді. Ал банк кредит беруден бас тартқан жағдайда, олар пайыздық үстемесі өте жоғары микроқаржы ұйымдарына жүгінеді. Осылайша, адамдар қаржылық сауатсыздықтың кесірінен жағдайын қиындата береді, – дейді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
Мемлекет халық берешегін өтей бермейді
Мемлекет несие амнистиясын 2019 жылдың 1 маусымында әлеуметтік осал топтарға қолданған болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Азаматтардың борыштық жүктемесін азайту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына қол қойып, қазақстандық банктерге және микроқаржы ұйымдарына құны 3 млн-нан аспайтын несиелерді бюджеттен өтеп берді. Бұл қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған жоба болатын. Алайда несиесі кешірілген адамдардың 10% -ы қайтадан несие алып, оны өтеуге мұршалары болмай жүргені туралы мәлім болды.
– Өкінішке орай, 2019 жылы несие қарыз кешірілгеннен кейін біздің қаржы секторындағы несие көлемі, соның ішінде төленбеген проблемалық несие үлесі тағы да өсті. Сондықтан мемлекет есебінен қайта-қайта кешіре берсек, жаңа несие алатындар қатары одан сайын артады, – дейді ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Сенімсіз тұтынушы «қара тізімге» ілігеді
Несиеге төлем жасау үшін басқа банктен несие алып, қарызын өтеуді ұйғарған адамдар аз емес. Бұл схема бұрын жүзеге асса, қазір банктер сенімсіз тұтынушыларын «қара тізімге» енгізеді. Бұл фактор клиенттерге қолайсыз болғанымен едәуір пайдасын беретіні айқын. Себебі несиені өтей алмайтын жағдайдағы адамдар бұл функцияның көмегімен басқа да микронесие, жоғары жарналы кредиттен басын арашалап алады. Алайда «қара тізімге» ену – қайтадан несие ала алмайды дегенді білдірмейді. Себебі 12 айда несие тарихын жөндеп, банк қарыздарын толық жауып, басқа да несиеге қатысты мәселелер туындамаған жағдайда – қарыз алуға жол қайта ашылмақ. Тағы айта кететін жайт, бұл тек «тұтынушылық несие» алған азаматтар үшін ғана арналған мүмкіндік.
– Егер қарыз алушының берешегі толық емес, ішінара өтелген болса, банктер бұл қарыз алушымен ыңғайлы кестесімен бірге оңалту жоспарын жасайды. Соған сәйкес қарыз алушының оңалту жоспарын орындағаны және соңғы 12 айда басқа мерізімі өткен берешегі болмаған жағдайда “оңалтылды” деген мәртебені алады, – деді ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің департамент директорының орынбасары Ерлан Сейілов.
Жеке сот орындаушысы туралы не білеміз?
Несие алушы азаматтар әртүрлі себеппен, шұғыл түрде қаржыға мұқтаж болуы мүмкін. Несиенің шарттарын дұрыс түсінбей, кикілжіңге кезігіп, сотқа дейін жетіп жатқан жағдайлар да бар. Егер несие алған банк борышкерлері төлемді уақытылы жасай алмай, созбақтай беретін болса, банк «жеке сот орындаушыларының» көмегіне жүгінеді. Бұл мамандар «мәжбүрлі» түрде төлетуге құзырлы. Олар заңмен қорғалатын, соттың шешімін орындайтын уәкілетті лицензияланған азаматтар. Есепшотқа тыйым салу, басқа да сотқа дейінгі шараларды жүргізеді. Тұтынушылардың ісі насырға шапқан жағдайда 5 тәулікке дейін қамауға алынатынын ескерген жөн. Бұндай келеңсіздіктер азаматтардың несие алар алдында немесе өтеу барысында заңды білмеушіліктен туындайды.
– Азаматтардың көпшілігі заңды білмегендіктен, жапа шегіп жатады. Әсіресе, алаяқтардың құрығына ілігетіндер көп. Тіпті, бір миллион теңгеден асатын қаржыны ешқандай кепілсіз қарызға беретіндер де бар. Көп жағдайда қарыз алатындар алаяқ болып шығады. Олар заңды өте жетік біледі. Бізге осындай іс түссе, қарыз ақша алған адамның атында мүлік бар ма, жоқ па – соны тексереміз. Көп жағдайда мұндай адамдар өз атына мүлік тіркемейді. Егер борышкердің атында ешқандай мүлік болмаса, қарызды қайтару қиын. Тіпті, ол адам өмір бойы қарызын қайтармай жүре беруі мүмкін. Жағдайының жоқ екенін, бірақ қайткенде қайтаратынын айтып, ақталады. Ал күштеп жұмыс істете алмайсың. Осы жерде заңның әлсіздігі байқалады. Егер заң бойынша мұндай адамдарға қатаң жаза қолданылса, олар жауапкершілікті сезінер еді, – дейді жеке сот орындаушысы Дина Темірханова.
«Қарызсыз қоғам» жобасы
Қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі – қаржылық сауаттылық екені мәлім. Тұтынушылық несиенің рекордтық деңгейге жетіп отырғанының да себебі осы. Қарапайым халық бұл тіркестерді бұрын естімеген де болуы мүмкін. Медианың дамыған шағында халықтың басым көпшілігі көгілдір экранға құмар екені рас. Ауылдық өлкелерде тұратын, оқушылар, кәмелет жасынан енді асып, ЖОО-на түскелі тұрған абитуренттердің көбісі «қаржылық сауаттылықтан» бейжай. Сол себепті ақшаға зәру болған жағдайда несие, микроқаржы, ломбард іспеттес алдамшы пұлға байланып қалуы мүмкін. Осы орайда AMANAT партиясы «Halyk Bank»-пен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алып, жүйелі түрде жүргізуді жоспарлады. Президент аз уақыт аралығында асығы алшысынан түскен жобаны Жолдауында айрықша атап өтті. Жоба аясында 200-ден астам кәсіби тренер қаржылық сауаттылықты үйрететін курстан өтетін болады. Олар көктемнен айларынан оқуды бастап, жыл соңына дейін біліктілігін арттыра бермек.
– Halyk Bank-тің AMANAT партиясымен халықтың қаржылық сауатын арттыруға арналған бірлескен ауқымды жобаны бастауға мүмкіндігінің болуына қуаныштымын. Күнделікті жұмысымызда қарыз алушылардың түрлі проблемаларын көруімізге тура келеді. Өкінішке қарай, несиені төлеу мөлшерлемелерін, мерзімдері мен тәсілдерін, сондай-ақ егер кенеттен мәселе туындаса не істеу керектігін және өзінің борыштық ауыртпалығын қалай жеңілдету керектігін білмейтін несиесі бар адамдарды жиі кездестіреміз, – деп атап өтті Halyk Bank Басқарма Төрағасы Үміт Шаяхметова.
AMANAT партия хатшысы Эльдар Тынышбайұлы жобаға қатысқандарың 63,1%-ы банктегі несиесі туралы ақпарат алмағандығы туралы, 13%-ның 10-нында кредит бар екенін атап өтті. Бұл көңіл қуантатын көрсеткіш емес. Жоспар бойынша жоба ауылдық округтардарғы 80 мыңға жуық тұрғынды қамтымақ. Алғашқы кезеңде 8 аймақты қамтитын жоба аясында 500 мыңнан астам оқушы мен студент жоба аясында қаржылық білімді арттыратын болады.
– Әртүрлі есеп бойынша елімізде шамамен 1,5 млн қазақстандық банкроттық деңгейінде тұр, қарызын уақтылы төлей алмай жүргендердің саны 6 млн-нан асады. Несие алып, қарызға батқан сол азаматтарға кезінде кеңес беретін ешкім болған жоқ. Енді қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша «Қарызсыз қоғам» деп аталатын білім беру жобасын қолға алып, арнайы қаржылық сарапшыларды дайындауға кірістік. Сарапшылар еліміздің 8 өңірін аралап, жылдың аяғына дейін 80 мың адамды оқытып шығару керек. Осылайша қазақстандықтардың қаржылық мәдениетінің деңгейін арттыра аламыз, – деп атап өтті партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.
P.S: «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, қарыздан бас көтергендер қайтадан несиенің құрбаны болмауы тиіс. Мемлекет халықтың әл-ауқатын көтеру үшін көп бастамаларды жүйелі жүргізіп отыр. Есесіне халықта өздігінше тырбанып, елдің экономикалық нарықта үдемелі дамуына үлес қосуы тиіс. Қаржылық сауаттылықтың маңызын ұғатын уақыт келді. Ал қолға алынған жобалар жақсы нәтиже көрсетуден талмай, халықтың әлеуеті жақсара берсе екен дейміз.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!