57 жастағы қала тұрғыны Мұрат (есімі өзгертілген) жұмысқа жарамсыз болған соң осыдан тоғыз ай бұрын «Kaspi bank» арқылы автонесие рәсімдеп, «Hyundai Elantra» көлігін сатып алған. Басты мақсаты – такси жүргізушісі болып, нәпақасын табу. Алайда бастапқыда тиімді көрінген бұл несие көп ұзамай бірнеше қиындық тудырған екен. Мұрат несиенің ай сайынғы 250 мың теңгелік төлемін уақытылы төлеу қиынға соғып жатқанын айтты. Мезгілсіз жұмыс істесе де, табысы қажетті соманы жабуға жетпей, банк алдындағы қарызы күннен-күнге өсіп жатыр.
Оның сөзінше, қазір заңгердің көмегіне жүгінуде. Себебі автонесиенің төлемін кешіктірген соң, есепшоттары бұғатталған. Бастапқыда оңтайлы шешім болып көрінген несие, қазір отбасындағы тыныштықты бұзып отыр.
– Несиені уақытылы төлеу шарт. Бөлінген соманы мерзімінде өтемесеңіз, өзіңізге қиындық туындайды. Таксиден түсетін табысым жетпейді. Отбасыма автонесие өте тиімсіз болып отыр. Пайызы өте жоғары. Менің ойымша, автонесие тиімді емес, – деп пікір білдірді қала тұрғыны.
Кейде жеті рет өлшеп, бір рет кесуді талап ететін маңызды шешімдерді қабылдауда салғырттық танытатынымыз бар. Құдды бір қайтарымы жоқ дүние секілді. Бірақ мұндай оқиға халық арасында жиікездеседі. Сәйкесінше дүрбелеңнің де бекер емес екені анық.
БАҒДАРЛАМАНЫҢ КЕШЕГІ АХУАЛЫ
Иә, көлік бүгінде жай тасымал құралының қызметін атқармайды. Адамдардың әлеуметтік мәртебесінің де көрсеткішіне айналғандай. Дегенмен темір тұлпардың иесі атану да бірден қол жеткізетін дүние емес. Себебі кейінгі жылдары оның құны айтарлықтай өсті. Ал мұндайда, әрине, автонесие халық үшін балама шешімге айналды.
Бірден мәселенің тамырынан баспай, ақпараттарға зер салсақ. Несиенің бұл түрі аты айтып тұрғандай, қаржы ұйымдары ұсынатын автокөлік сатып алуға бағытталған несиенің арнайы түрі. Оның негізгі шарттарына пайыздық мөлшерлеме, алғашқы жарна, несие мерзімі және қосымша шығындар жатады. Елімізде автонесие жаңа және қолданылған көліктерге арналған деп негізгі екі бағыт бойынша ұсынылады. Ал шарттары әр автоорталық пен банкте әртүрлі.
Бірі білсе, бірі білмес, 2015 жылы жеңілдікпен автокредит беру бағдарлармасы іске қосылды. Жеке тұлғаларға отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сатып алуға кредит беру шартында сыйақының номиналдық мөлшерлемесі 4%-дан аспайды. Кредиттеу мерзімі 7 жылдан, ал жеңіл автокөліктің құны 15 млн теңгеден аспауы қажет. Бағдарламада қаржыландырудың револьверлік сипаты да қарастырылған еді, яғни, қолданыстағы кредиттерді өтеуден түскен төлемдер автонесие беруге қайта жіберіледі. Ал жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қараумен, тексерумен және олардың қарыздарын мақұлдаумен екінші деңгейдегі банктер айналысады. О баста 20 жылға жоспарланған бұл бағдарламада қаржыландырудың жалпы лимиті 82 млрд теңгені құраған. Оның ішінде Ұлттық қор қаражатынан 26 млрд теңге, республикалық бюджет қаражатынан 16 млрд теңге және ҚР Ұлттық Банкі қаражатынан 40 млрд теңге қарастырылған. Ал бағдарламаның тағдыры не болды?
18 СЕКУНДТА 761 АДАМ
2 жылды артқа тастап,18 cекунд туралы ойласақ. Иә, 2023 жылдың басында 4%-бен автонесие алуға өтінім қабылдау басталып, платформаға кіргендердің қарасы қалың болды. Іске қосылған алғашқы минутта-ақ сайтқа 125 мың адам кіріп, өтінім берген. Ал 18 секундта 761 адам көлік алуға ниеттеніп, ниетін өтінішке айналдырып үлгірген. Сол жылы экономист Мақсат Халық «Aiqyn.kz»-ке берген cұхбатында «Біз керісінше, отандық автоөндірісті қолдаймыз деген желеумен экологияға одан әрі зиян келтіріп жатқандаймыз» деген еді. Сала маманының айтқанына тағы бір зер салсақ:
«Бұл автонесиелеу «Оператор РОП»-тан бөлінген қаржы негізінде басталды. Бірақ ол утильалымның негізгі мақсаты – экологиялық жағдайды жақсарту болатын. Яғни, бөлінген қаржы соған бағытталуы тиіс еді. Ал біз керісінше, отандық автоөндірісті қолдаймыз деген желеумен экологияға одан әрі зиян келтіріп жатқандаймыз. Қазір бұл қаражат жеңілдетілген несиені жүзеге асыру үшін банктерге беріліп жатыр. Ал шын мәнінде банктер өздері 4%-бен несие бермейді. Банктердің бүкіл шығыны осы қаражаттың есебінен алынады. Осылайша, қаржыны банктерді қолдауға жұмсап жатырмыз. Яғни, банктерді қолдаудың екінші тәсілі сияқты. Одан да бұл ақша экологияны қорғауға жұмсалғаны игі еді. Екіншіден, берілетін несие саны шектеулі ғана. Жеңілдетілген автонесиеге қол жеткізе алатындар саны оны қажет ететіндерден бірнеше есе аз. Себебі, көлік алып, ескі көлігін жаңалағысы келетіндер көп. Осылайша, несиеге ие болғысы келгендер санаулы топтың ішіне кіру үшін түрлі әрекетке барады. Қолдан әдейі бюрократиялық кедергілер жасалады. Банктер несие бергенмен автосалонда көліктер болмай қалуы мүмкін. Сөйтіп, қолдан дау-дамай тудырады. Өз кезегінде адамдар сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасауға мәжбүр болады. Енді қазір онлайн платформа іске қосылмақ екен. Әрине, цифрлы технология аз да болсын түрлі схемалардың жолын байлауы мүмкін. Бірақ ол қалай жүзеге асырылады, қаншалықты киберқауіпсіздік қамтамасыз етілген, ертеңгі күні өтінімдердің көптігінен база істен шығып қалмай ма, азаматтар тағы да қосымша құжат жинауға мәжбүр болмай ма деген сияқты сауал көп. Процестің қалай жүзеге асатыны да күмәнді. Яғни, онлайн платформа бұл мәселенің толық шешімі емес және өтінім қабылдау процесі кезіндегі сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл болады деп кепілдік бере алмайды» деген еді.
Көп ұзамай 4%-ға жеңілдетілген автокредит енді тек автобустар сатып алуға ғана берілетіні хабарланған еді. Сол уақытқа дейін 13335 несие берілді. Ал бағдарлама мақсатының өзгеруі туралы жауапты қор «Қазір автокөліктің ең сұранысқа ие түрі – автобус болып тұр. Енді қаражат тек лизингпен автобус алуға бөлінеді» деп түсіндірді. Сонда да сауал ашық қалды. Өтінім бергендердің санына қарап, халыққа қажет бағдарлама дерсіз.
Ал былтыр қазанда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баспасөз мәслихатында 4%-дық несие туралы айтты.
– Жеңілдетілген несиеге ешкімнің көңілі толып отырған жоқ. Себебі түсінікті, ниет білдірушілер көп, ал бөлінетін ақша шамалы. Бірақ автоөндірушілер де, қаржы нарығы да бір орында тоқтап тұрмайды. Мысалы, қазір Үкімет заңнамалық тұрғыда жеке тұлғаларға лизингті енгізу тетігін қолдап отыр. Екіншіден, автокөлік сататын компаниялардың өзі әртүрлі қаржылық құралдарды пайдаланып, көлікті бөліп төлеуге болатын жағдай жасады, – деді ол.
ЖАРНА СІЗДЕН, КӨЛІК БІЗДЕН
Жастар да темірді тізгіндеп, тұлпардың иесі болуды қалайды. Алдымен жүргізуші куәлігін алуға асығады, кейін өз көлігі болғанын армандайды. Бірі ақша жинаса, енді бірі алғашқы жарнаның құнын құрап, қалғанын қарызға алуға асығады.
Күні кеше 21-ге толған қала тұрғыны Елдос Төкешұлы су жаңа көлікті алуды мақсат етіп, айлығынан артылған ақшаны жинауға дағдыланған. Қазір қолында 900 мың теңге бар екен. Көлік базар, Olx.kz, Kolesa секілді қосымшаларда қалағаны жоқ, ал көргенін ұнатпаған. Соңғы үміті автонесиеде екен. Ал автоорталық не ұсына алады?
Өздеріңізге белгілі, несие рәсімдеп су жаңаны да, өзгенің жолында ескірген көлікті де ала аласыз. Әйтседе айырмашылығы бар секілді. Мысалы, 2019 жылғы, жүрілген Toyota Corolla-ның құны 7 миллион 900 мың теңге. Ал 2013 жылғы Hyundai Santa Fe үшін автоорталықтар 8 миллион 260 мың теңге сұрап тұр. «Қолжетімді» деп көрсеткендерінің арасында 1995 жылдан бері қызмет еткен Mercedes-Benz болды. Бұл көлік үшін қолыңызда 2 миллион қаражатыңыз болса болғаны…
Таңдау, қарау, салыстыру ауқымды жұмыс. Ал автонесие рәсімдеу оңай шаруа. Қолыңызда жеке куәліңіз болса, бақ сынауға болады, әрине.
Орысша үн қатқан менеджер алғашқы жарна кем дегенде 10% болу керек екенін түсіндірді. Ал жаңа көлікті тізгіндеуді қаласаңыз, арнайы бағдарламаға ілініп, алғашқы жарнасыз да алуыңыз мүмкін. Бірақ автоорталықтың ішінара бағдарламаларына сақ болып, қарайлауыңыз қажет.
Автонесие үшін банк пен автоорталық өзара келісімге отырады. Сіз арнайылап банкке де бармайсыз. Орталықтың ішінде отыратын менеджерлер есептеп, ай сайын төлеу қажет төлемді де есептеп береді. Негізгіталап әр орталықта бірдей. Кредиттеу мерзімі 7 жылдан артық емес, ал көліктің құны 15 миллионға дейін.
АЗАЙДЫ МА, ӘЛДЕ АРТТЫ МА?
Көзді бір жыл артқа «тастасақ», мамыр айында қазақстандықтардың автонесиеге сұранысы 10%-ға төмендеді. Несие беру сомасы 7%-ға, ал қарыздар саны 10%-ға қысқарды. Ал биыл 1 қаңтарда автонесие портфелі 3,6 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде ол 44,8%-ға өскен. Бірінші несиелік бюро бас директоры Руслан Омаров автонесие бойынша жасалған келісімшарттың жалпы саны 591 мыңнан асқанын айтты. Ал борышкерлер саны 559,2 мың шамасында. Екі көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда артқан.
Былтыр 1,8 трлн теңге автонесие берілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 13,2%-ға артық. Несие алушылардың саны 214 мың адамға жетіп, 10,2%-ға өсті, ал жасалған шарттар – 228,4 мың. Бұл да алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,7%-ға көп. Автонесие шарттары бойынша орташа қарыз 8 млн теңге шамасында. Желтоқсан айында 25 600 көлік сатылып, 26,7 мың несие берілді. Ал автокөліктердің құны 6,4%-ға қымбаттаған. Несиенің ең көп көлемін екінші деңгейлі банктер берген.
Сандарды «оқу» барысында Қазақстанның Даму банкі ұсынған деректермен де таныстық. Өткен жылдың 24 қаңтардағы жағдайы бойынша екінші деңгейдегі банк отандық көлік өндірушілердің автокөліктерін сатып алуға жалпы сомасы 89 081 млн теңгеге 17 265 кредит мақұлдаса, жыл соңында 30 желтоқсандағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банк отандық көлік өндірушілердің автокөліктерін сатып алуға жалпы сомасы 97 374 млн теңгеге 18 080 несие берген.
Автонесие бірде тиімді тетік ретінде көрінгенімен, оның уақытылы төленуі қажет екенін ұмытпаған жөн. Егер қайтара алатын «күшіңіз» болса, оңтайлы шешім-ақ. Ал борышкер атануыңыз бір-ақ сәтте. Есепшотыңыз бұғатталып, тынысыңыз тарылады. Сондықтан автонесиені қарызға «батпауға» және отбасылық бюджетке зиян келтірмеуге сенімді болған жағдайда ғана рәсімдеген дұрыс.
P.S. Темір тұлпарды тізгіндеу – еркіндік пен жайлылықтың символы. Бірақ бұл еркіндіктің құны өз мүмкіндігіңізден аспағаны абзал. Қарызға алынған көлік табыс көзі емес, қаржылық жауапкершілік екенін есте ұстаған жөн.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!