Әріптесім Сара Омарованың «Өзіңде жоқ ақшаны жұмсама» деген ақылы әркез ойда жүретін. Бірақ күйбең тіршілікте бірде анадан, бірде мынадан қарыз алуға тура келеді. Әлгі сөздің түп төркінінде біреуден қарызға ақша алып, оны жұмсама деген мағына жататын. Иә, үнем турасына келгенде көбіміз осалдық танытамыз. Теңгенің тиыннан құралатынын білмейміз. Осы күні білікті экономистердің сөз төркінін байыппен тыңдасаңыз, жыртық шұлықпен жүріп, миллиардқа қол жеткізіп жатады. Иә, рас, көбіміздің қаржылық тұрғыдағы сауатымыз мәз емес. Осы ретте «AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарының қаржылық сауатын арттыру мақсатында «Halyk Bank»-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты. Әйткенмен, сонда партиялықтар не істейін деп жатыр, қарызсыз қоғам құрып, елді қарыздан тазарта ма?! Біз осы тақырыпқа тоқталмақпыз.
Қолға балықты емес, балық аулайтын қармақты беретін жобаны аманаттықтардың қолға алғанына көп болды. Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру. Оқу биыл 2 мамырда басталып, жыл соңына дейін жалға­сатынын айтады. Ал қаржылық са­уаттылық деңгейін арттыру бойынша тегін курс «AMANAT» пар­тиясының аудандық филиал­дарында бір топ 5 күн оқиды және бір топтағы адам­дардың саны 30 бен 50 адамның арасында болады. Бір айда 3 топ оқып, қаржылық сауаттылығын арттыра алады.

Негізінен бұл бастама жалпы халыққа арналмаған. Халық арасындағы бірнеше бағыттағы топқа қарастырылған. Мысалы, ол санаттың ішінде несие бойынша қарызы бар және борышкерлер тізіміндегі адамдар, дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешегі жоқ адамдар және жеңілдікпен несие алып, мемлекеттік бағдарламалар бойын­ша қаржылан­дырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер бар. Ауылдық елді мекендерден 80 мыңға жуық азаматтың қаржылық сауатын арттыруды көздеген жоба әзірге еліміздің Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстарында қанат қақты. Болашақта тұтас елімізді қамтымақ. Десек те бұл қатарда әзірге Қызылорда облысы көрінбей тұр.
Бірінші несие бюросының 2020 жылғы мәліметінше, Қазақстандағы экономикалық белсенді 9,23 млн адамның бар-жоғы 1,7 млн-ы ғана мүлдем несие алып көрмеген. Ал қалған 7,5 млн адамның банк пен басқа да қаржы ұйымдарында несиесі бар. Жобамен халық қаржы ұйымдарына 26 трлн теңге қарыз. Ал өткен жылы бұл дерек сәл өзгерді. 6,2 млн адам банкке қарыз екені расталды. Ал оның 1,5 млн-ы – проблемалық несиелер. Олар – алған қарызды уақытында қайтара алмай, шақшадай басы шарадай болғандар. Бұл сандық деректі жайдан-жай айтып отырған жоқпыз. Жоба осы санды өзгертіп, халықты қолда бар қаражатты тиімді жұм­сайтындай деңгейге жет­кізуді көз­дейді.
Жос­пар бо­йынша жоба қатысу­шылары бірін­шіден, өз қара­жатын тиімді бас­қа­руды және шығынды оңтай­лан­дыруды үйренеді. Сонан соң олар қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын, несиелік қарыздар санын азай­тудың қандай жолы барын біледі. Үшіншіден, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екенін түсінетін болады.

Ақмаржан Серікқызы, тұрғын:
– Өз басым несие, қарызға ақша алу деген нәрсені ұнатпаймын. Сондықтан әрбір тиынның ретімен жұмсалғанына зер саламын. Қазіргі таңда қарызға белшеден батып, тірлігін жүргізе алмай жатқан қанша адам бар. Тіпті кепілге қойған мүлкінен де айырылып қалып жатыр. Қазір халыққа қаржылық сауаттылық бірінші кезекте керек. Тек үйретумен шектелмей, қолтығынан сүйеп жәрдем беру керек. Бірақ бұл жерде де ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өтетін пысықайлар емес, таза көмекке мұқтаж адамдар жәрдемін сезінсе екен. «AMANAT» партиясының көтеріп отырған мәселесі де, жобасы да орынды. Тек осы игі бастама нәтижелі болса дейміз.

Азат Балғабайұлы, тұрғын:
– Әрине, қаржылық сауаттылық керек. Оған дауым жоқ. Бірақ кімге, қалай үйретеді екен деген сұрақ мазалайды. Әркімнің өз есебі бар, әркімнің өз саласы бар. Қоғамның бәрі бір терінің пұшпағын илеп отырған жоқ. Бір сала екінші саланың қаржылық жағдайын, қам-қарекетін түсіне алмауы мүмкін. Ал егерде «Жоқ, біздің оқуымыз барлық салаға пайдалы, оң жамбасына шығады» деп жатса, қарапайым халыққа, маңдай терімен еңбек етіп жүрген бізге пайдасы тиетін болса, әрине, оқимыз. Оқығанның, үйренгеннің артығы жоқ. «Жақсыны көрмекке» деген емес пе?!

Тілші түйіні. Қазақстан тарихында несиенің кешірілуіне байланысты бірнеше жағдайды еске түсіруге болады. Алдымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бірнеше санаттағы халықтың 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілді. Иә, жарлық шыға сала несие рәсімдеп үлгеріп, сол несиесін кешіртіп алғандар да болды деседі. Әрине, мұндай идея басына қонып тұрған адамды қаржылық сауаты төмен деп айта алмайсыз. Ал еліміздің 2019 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен жеңілдік жасалды. Бірақ, ол жеңілдік жан-жақты зерттеліп, банкроттық мәселесін алға тартты. Қайткенмен де, қазір қаржылық сауаты төмен адамды кезіктіру қиын. Тек нарықты зерттемей тұрып, кәсіп ашып, ісі тұра­лағандар болмаса. Ең бастысы, «аманат­тықтар» қаржылық сауат­тылықты арттырады. Бұл деген сөз қолға балық емес, сол балықты аулайтын қармақ береді. Соны ескеру керек. Балықты бір күн ас қыларсыз, ертең жоқ. Ал қармағыңызбен қалағаныңызша аулай аласыз.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!