Бүгінде оңай олжа іздеп, түрлі әдісті қолдана отыра ақша тапқысы келетін адам көп. Бұл – заңдылық. Алайда арам жолдың арбауына түсіп, адал еңбектің наны тәтті болатынын ұмыт қалдырған жанның саны да аз емес. Мақаламызда қаржы пирамидасы, одан сақтану және алдын алу жолдары туралы сөз етуді ұйғардық.

Қаржы пирамидасын кім құрады?

Қаржы пирамидасы – бұл заңсыз тұрғыда азаматтардан ақша өндіріп алудың бір түрі. Олар көбіне инвестиция немесе бизнестің кез келген түрімен айналысатын тұлғалар образында болуы мүмкін. Мұндай алаяқтардың жұмыс принципі жаңа қатысушыларды тартуға және олардың жарналары арқылы ақша табуды көздейді. Алайда мұны желілік маркетингпен шатастыруға болмайды. Яғни қаржы пирамидасының нақты табыс көзі инвестиция құюшының ақшасына көзделеді.

Қаржы пирамидаларының түрлері: көпдеңгейлі пирамидалар, желілік маркетинг қағидаты бойынша құрылған пирамидалар, мессенджерлерде шақыру жіберу схемасын қолданатын пирамидалар, эксклюзивті клубқа қатысу.

Қой терісін жамылған қасқырлар

Ғасырлық тарихы бар алаяқтықтың бұл түрі елімізде, сондай-ақ әлемдік деңгейде белең алған мәселе. Ең алғашқы үлгісі 1919 жылы пайда болса, Қазақстанда бұл қылмыс 1994 жылы анықталды. Арада 30 жыл өтіп, халық сауаттанды десек те, алаяқтар саны әлі де аз емес. Мәселен, «Qnet», «Finiko», «Mudarabah Capital» секілді қаржы пирамидасын құрғандардың алдау әдісі талайды сан соқтырып, былыққа батырды.

Тарқата айтқанда, «Finiko оқиғасы» – криптовалюта саласына негізделген пирамида. 2021 жылы Қазақстанда «Finiko» қаржылық пирамидасы жабылған кезде оның әсерінен 40 мыңнан астам азамат зардап шеккені анықталды. «Finiko» ұйымдастырушылары адамдардан айласын асырып, олардан 100 миллион доллардан астам ақша жымқырғаны белгілі болды.

– Танысым «Finiko» арқылы жылдам пайда табуға болатынын айтты. Алғашында сенбедім, бірақ оның бірнеше айда қомақты ақша тапқанын көргенде, ойым өзгерді. Банктен несие алып, «Finiko»-ға ақша салдым. Әуелі жақсы пайда түсті, бірақ кейінірек ешқандай төлем болмады, сайт жабылып қалды. Сол кезде бәрі алаяқтық екенін түсіндім. Енді несиемді төлей алмай жүрмін. Бізге мұндай схемалардың барлығы жалған екенін ескерткен жоқ. Енді отбасымның болашағы үшін алаңдаймын, – дейді Алматы қаласының тұрғыны 38 жастағы Нұржан.

Ал «Qnet» пирамидасы бір кездері Қазақстандағы танымал спортшыларды өз өнімдерін насихаттауға тартқан.

– Бір танысым «QNet-ке» кірсең, аз уақыттың ішінде үлкен пайда көресің деді. Ол өзі де көп ақша тапқанын айтып, бірлесе пайда табуға көндірді. Мен бірнеше несие алып, «QNet-ке» қаржы құйдым. Алайда ешқандай пайда көрмей, тек шығынға баттым. Жаңа қатысушыларды тартпағандықтан, жүйе жабылып қалды. Достарым мен туыстарымды осы жалған схеманың құрбаны еткенім үшін өзімді кінәлі сезінемін. Оларға да, өзіме де қиындық әкелдім, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны 29 жастағы Ермек.

Өткен жылы «Chia Tai Tianqing» қаржы пирамидасын құрған Қытай азаматы елден қашып кетті. Екі жылдан бері компанияның заңсыз қызметімен 3 қазақстандық айналысқан екен. Бармақ тістеп қалған жәбірленушілерге жалпы құны 7 млрд теңге көлемінде шығын келген. Арызданушылардың саны 200-ді құрап, олардың бәрі алаяқтардың үстінен шағым түсірген.

Қаржы пирамидаларын анықтаудың бірнеше белгісі бар. Атап айтқанда, аймақтағы «кепілдендірілген жоғары» табыс, «жеңіл әрі жылдам ақша», «Досыңды шақырып бонус алу» жүйесі, реферальдық сілтемелер, тартылған клиенттерден табыс табу, домендік атау мен сайт мекен-жайларын жиі өзгерту, бұзылған сілтемелер мен ескертулер, бұғатталған әлеуметтік парақшалар деп бөлінеді.

Бүгінде осы бағытта жүрген алаяқтар тың әрі жаңа технологияларды игеріп, IT бағытында да білімдерін жетілдірген. Адамдармен қарым-қатынас құрудың оңтайлы жолдарын таңдайтын жақсы психолог пен спикерге айналған десек те болады. Осы орайда ғаламтор мен әлеуметтік желі олардың жоспарын қиындықсыз жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасап отыр.

Психологтардың пікірінше, қаржы пирамидасына ұрынатын адамдардың көбі – қаржылық тоқырауда жүргендер және жылдам баюға ұмтылатындар. Мысалы, көп адамдар жұмыссыздықтан немесе табыстың төмендігінен «пирамидаға» кіруге мәжбүр болады. Оларды өзгелердің табысы үміттендіріп, өздері де солардың қатарына қосыламын деп ойлайды.

Пирамидалар көбінесе алғашқы кезеңде табысты көрсетіп, адамдарды қызықтырады, инвестиция құюға үгіттейді. Осы кезеңде кейбір пирамида қатысушысы аздаған пайда көріп, «мұнда шынымен ақша табуға болады » деп үміттіенеді. Бұл құбылыс «қойылым әсері» деп аталады. Себебі ол адамдарға қаржылық жүйенің сәтті жұмыс істейтініне сендіріп, санаға үміт ұялатады.

Серт бергенге сенім жоқ

Қазіргі қаржы пирамидасын құрған қылмыскерлер жалған букмекерлік кеңсе атын жамылып жұмыс істеуі мүмкін. Біле білсек, ресми букмекерлік кеңсе лицензияланған, олар әр бәске заңды чек беріп, оны растау туралы купон ұсынады. Алайда алаяқ ұйымдарда мұндай заңды ақпарат беретін қауқар жоқ, сол себепті олар жалған чекті мессенджерлер арқылы жіберіп, өз ойларын жүзеге асыруы мүмкін.

Сондай-ақ олар көбірек ақша табу үшін «серіктес бағдарламаларды» ұсынады. Яғни, спорттық жарыстардың нәтижесінен ғана емес, бәс тіккен адамдардан да көп пайда табуға болады деп сендіруі мүмкін. Мәселен, сіз, белгілі бір соманы инвестициялауыңыз керек және қосымша дивидендтер алатын кем дегенде екі белсенді клиентті тартуыңыз керек. Нәтижесінде пирамида жаңа «инвесторлардың» ақшасы есебінен белсенді дамуын жалғастыра бермек. Ал сан соғып қалатын тек сіз…

2024 жылы күмәнді жобаларға инвестиция құю тыйылмай тұр. Оның схемасы мынадай: желі арқылы олар сізді жоғары кіріс көзі бар жобаға ақша құюды ұсынады. Басқа «пирамидалардан» айырмашылығы – өзіңізбен бірге адам шақырудың қажеті жоқ. Қарапайым алдау үлгісін көрсетеді, яғни жоғары табыс көзі екеніне сендіреді.

Қылмыс пен жаза

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам демекші, айлакерлер қулығын асыра алмай, темір торға қамалып та жатыр. Қазақстанда қылмыстың бұл түрімен ұсталғандар үшін қандай жаза қолданылады? Сауалымызға жауап алу үшін заңгер Сания Нақыповамен байланысқан едік.

– Қазақстанда қаржы пирамидалары заңсыз болып саналады. «Қазақстан Республикасының Қаржы пирамидасына қарсы күрес туралы» заңнамасына сәйкес, қаржы пирамидаларын құру және оның қатысушысы болу қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Бұл заңдар азаматтарды алдау және қаржылық шығындарға әкелетін схемалардың алдын алуға бағытталған.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша, қаржы пирамидасын ұйымдастыру және басқару қылмыстық құқық бұзушылық санатына жатады. Бұл бап бойынша қаржы пирамидасын құрғандарға 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы, сондай-ақ мүліктері тәркіленуі мүмкін.

Қорыта келе, алаяқтардың құрбаны болмас үшін сақ болу қажет. Егер қаржы пирамидасына қатысты мәселелер туындаса, заңгерлер мен құқық қорғау органдарына жүгініп, мәселені заңды жолмен шешуге тырысу керек. Айтатын кеңесім, қаржылық тұрғыда сауатты арттыру бәрінен маңызды. Себебі табыс көзінің мұндай түріне қызығушылық білдіру қаржылық білімнің аздығынан туындауы мүмкін. Сақ болыңыз! – дейді заңгер Сания Мырзабекқызы.

Алдын-алу шаралары қандай?

2022 жылы жалпы саны 892 адам қаржы пирамидасының құрбаны болса, өткен жылы бұл көрсеткіш екі есе ұлғайып, 2079 адамды құрады.

11 қыркүйекте Қазақстанның Премьер Министрі Олжас Бектенов ҚР Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізіп, жиында ғаламтордағы алаяқтыққа қарсы іс-шаралар мен қаржы пирамидаларының алдын алу мәселелерін ортақ талқыға салды.

Елімізде «Киберпол» жасағы арнайы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде құрылған. Бүгінде жасақ арқасында 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс анықталып, 962 миллион теңге өндірілген. Бұл туралы Үкіметте өткен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндады. Министрдің баяндауынша, барлығы 914 қылмыскер құрықталып, жалған нөмірлерден түскен 58 млн қоңырау бұғатталған.

Еліміздің 5 қаласында 19 SIM-бокс және 6 мыңнан астам тіркелмеген SIM- карталары анықталды. «Антифрод-орталық» жұмысы аясында шетелге шығару сатысында тұрған 400 млн теңге бұғатталды. Шараларды күшейту үшін несие беруден ерікті түрде бас тарту, сондай-ақ жәбірленушінің қатысуыныз ресімделген несиелерді есептен шығару бойынша бірқатар заңнамалық түзету пысықталуда, – делінген ведомоство хабарламасында.

Сондай-ақ «Киберқадағалау» жүйесі 8 мыңнан астам алаяқтық сипаттағы сайттың жұмысын тоқтатты. Қаржылық пирамида белгілерін дербес тексеруге мүмкіндік беретін Telegram-бот іске қосылды. Қазірге дейін 9 мың өтініш қаралып үлгерген екен.

Егер қылмыстың құрбаны болсаңыз…

Әрине, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болсақ та, алаяқтардың арбауына түсіп қалуымыз әбден мүмкін. Мұндай жағдайда не істеу керек? Ең алдымен шағым жазып, алаяқтардан ақшаңызды қайтаруын талап етіңіз. Егер өтініш-тілегіңіз орындалмаса, құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Дәлел жинақтап, «Салынған ақшаны өндіріп алу, негізсіз байыту, басқа адамдардың ақшасын пайдаланғаны үшін пайыздар және моралдық зиянды өтеу туралы» азаматтық талап қойыңыз. Бұл әрекеттердің бәрін заңгер маманмен біріге атқарыңыз және қандай да болсын іс-әрекетті заңды тұрғыда шешуге тырысыңыз. Мүмкін болса өзіңіз секілді алаяқтарға алданған жандарды тауып, ұжымдық сот ісін жасаңыз.

Қаржы пирамидалары – адамдардың сенімі мен үмітін пайдаланып, оларды жаппай қарызға батырып, рухын жаныштап, болашаққа деген сенімін құртады. Бұл схемалар жай заңсыз қаржылық құрылымдар емес, олар жеке адамдардың өміріне терең әсер ететін және қоғамға орасан зор зиян келтіретін қылмыс.

Жәбірленушілердің пікірі мен жоғарыда атап өткен оқиғалар бұл мәселенің қаншалықты күрделі екенін көрсетіп отыр. Олар қиындықтармен бетпе-бет келіп, өздерінің алданып қалғанын түсінгеннен кейін ғана шындықтың ащы дәмін сезінеді. Алайда бұл сабақтар тек жеке адамдар үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды. Әрбір қаржы пирамидасының күйреуі – бұл қаржылық сауаттың жетіспеуі, бақылаудың әлсіздігінің және адамның әлі де сенгіштігінің дәлелі.

Мақаламызды оқи отырып, әрбір адам қолда барды қанағат тұтып, өз қаржысын ақылмен басқаруды үйренуі керек екенін түсінуі тиіс. Әрбір жәбірленушінің хикаясы бізге бір нәрсені ескертеді: оңай пайда табуға деген құмарлық үлкен шығынға ұрындыруы мүмкін. Сондықтан біз қаржылық шешімдерді қабылдар алдында мұқият болып, барлық тәуекелді ескеріп, білімімізді үнемі жетілдіріп отыруымыз қажет.

Қоғам ретінде біз қаржы пирамидаларының зардаптарына қарсы тұру үшін қаржылық сауаттылықты арттыруға тырысуымыз керек. Әрбір жоғалған теңге, әрбір құнсызданған арман – тек жеке трагедия емес, бұл – біздің ортақ жауапкершілігіміздің кемшілігі. «Аңқау елге арамза молда» болып, жұрттың сенімін жоғалтқан алаяқтардан сақтану – әр адамның парызы.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!