Көктем туа жұрт жер жыртып, егін егудің қамына кіріседі. Биыл да диқандар қауымы өнім алу үшін ала жаздай еңбек етеді. Бірақ кейінгі жылдары су тапшылығының салмағын Сыр бойындағы Қызылорда облысы сезіп отыр. Суға тәуелді күріш егісіне байланған өңірдің суды үнемдеуі маңызды мәселе.
Әрине, бұл мәселе облыстық, республикалық деңгейде талқыланып, түрлі шара қолға алынды. Жоспар жеткілікті жасалғандай. Ендеше, дерек пен дәйекке назар аударсақ.
Алдымен Мемлекет басшысының сөзіне қарасақ. Қасым-Жомарт Тоқаев 3 жыл бұрынғы Жолдауында ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығының кері әсер етіп жатқанын айтты. Өз сөзінде ол «Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40%-ы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес» деген еді.
Сырдарияның бұрынғы қуаты бүгінде өткеннің елесіндей. Кейінгі он жылда өзен ағысы мен су көлемі күрт төмендеді.Себебі Қазақстан Сырдариядан жылына кемінде 10 текше шақырым су алуға тиіс. Бірақ әттеген-ай кездерінде, мысалы 2021 жыл бұл көрсеткіш 30 м³-ке дейін құлдыраған. Қалыпты жағдайда дарияның облысқа кіретін тұсынан секундына 160-200 м³ ағын өтеді. Арал теңізіне құйылатын су көлемі 2018 жылы 4,3 млрд м³ болса, 2020 жылы 1,6 миллиард м³-ге дейін азайған. Кейінгі 12 жылда Аралға 7 миллиард текше метр су кем түскен. Арал демекші, Самарқандта өткен Орталық Азияның мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 89-шы отырысында биыл Қазақстан Сырдария өзені арқылы 3,7 миллиард текше метр су алатыны хабарланды. Ал Солтүстік Аралға 975 миллион текше метр су жіберу жоспарланып отыр.
Израильден басталып, Сырға жеткен
Жолдауда айтылғаннан бастап саланы реформалау қолға алынды. Осылайша, Қызылорда облысында бірнеше жоба іске асты. Оның қатарында тамшылатып суару жүйесі бар. Бір қарағанда, бұл әдіс күрделі көрінуі мүмкін. Бірақ бұл – су мен тыңайтқышты арнайы құбыр арқылы өсімдіктің түбіне дәл жеткізу жүйесі. Мамандар мұны «су үнемдеудің ең тиімді амалы» деп отыр. Жүйе суды буландырып, ысырап етпейді. Соның нәтижесінде топырақ құрғақ күйінде қала береді, ал өсімдік қажет ылғалды ғана алады. Ең бастысы – арамшөптің көбеюіне жол берілмейді, өнім сапасы артады.
Тамшылатып суару алғаш рет 1960 жылдары Израильде енгізілген. Су тапшы елде бұл технология ауыл шаруашылығына жаңа дем берді. Қазір Түркия, Қытай, Үндістан сияқты елдер аталған әдіспен өнім көлемін 20-30%-ға арттырып отыр. Қызылорда да осы жолды таңдады. Қай жылдары аймақтағы күріш көлемін 20 мың гектарға азайту жоспарланған еді. Бірақ кейін тек 5 мың гектарға қысқартылды. Себебі мұндағы тіршілік күрішпен тығыз байланысты. 2022 жылы 5 мың гектарға қысқартып, 78 мың гектарға күріш егілді. Былтыр өңірде 3 189 гектар жерге тамшылатып суару енгізілді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5 есе көп. Осы жылы бұл көрсеткішті 9,2 мың гектарға, ал 2030 жылға қарай 34,2 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Мұндай технологияны қолданатын шаруаларға мемлекет тарапынан да қолдау бар. Былтыр субсидия бағдарламаға 551,8 миллион теңге бөлінген. Тамшылатып суару үшін дақылдарға келетін суды тазартатын сүзгілер қажет. Бұл – басты құрал. Ал әрі қарай сорғыш секілді заттар тізімді жалғайды. Мамандардың айтуынша, мемлекет тарапынан шығындардың 25%-ына дейін субсидия берілетін болса, қазір қолдау азайған. Ал егіншілік бөлімінің басшысы Асылжан Жарылқасынов жүйеге қажетті жабдықтар мен инфрақұрылымның 50%-ы субсидияланатынын айтады. Сонымен қатар, егістікке су жеткізіп беру құнының 60%-ына дейін өтеледі.
Өкінішке қарай, бұл әдісті күрішке қолдана алмаймыз. Дегенмен қызанақ, сәбіз, жүгері, қарбыз сияқты дақылдар осы тәсілмен егіле бастады. Мысалы Ақерке Кеңесбайқызы лимон мен банан өсіруге талпынып, жылыжай мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді. Ол бастапқыда құлпынай өсірумен тәжірибе жинақтап, кейіннен лимон ағаштарын отырғызды. Қазіргі уақытта банан ағаштарын жерсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов бұл әдістің артықшылығы көп екенін айтады. Жер асты суы көтерілмейді, топырақ тұзданбайды. Бірақ күрішке бұл жүйені енгізу техникалық әрі экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Десе де, Түркия мен Испания күрішті де тамшылатып суарып көріп жатыр. Қазақстанда да осындай шағын тәжірибелер Алматыдағы ғылыми орталықтарда жүріп жатыр. Қосановтың айтуынша, Қызылордада күріш тұқымдарының тек 3%-ы ғана отандық сорттар. Бұл да – су тапшылығына қарсы күресте шешілуі тиіс мәселе.
– Өңірге бейімделген, жоғары өнімді жаңа күріш сорттарын шығару үшін селекциялық жұмыстарды күшейту маңызды. Көрші елдер, мысалы, Қытай, Вьетнам, Тайланд секілді мемлекеттер су ресурстары шектеулі аймақтарда күріш өсіруде тамшылатып суару әдісін қолдануда. Бұл тәжірибені зерттеп, жергілікті жағдайға бейімдеу үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу қажет.
Қазіргі уақытта Қызылорда облысында тамшылатып суару әдісін қолданатын шаруашылықтар бар. Мәселен, Шиелі ауданындағы қызанақ өсірушілер толықтай осы жүйеге көшкен. Қызылорда қаласы маңындағы Айнакөл және Қараөзек аймақтарында картопты тамшылатып суару әдісімен өсіретін шаруашылықтар да кездеседі, – дейді ол.
Былтыр «Таң ЛТД» серіктестігі «Таушұқыр» учаскесіндегі 5000 гектар жердің 800 гектарына тамшылатып суару әдісімен жүгері екті. Бұл бағытқа 16 шақырым жерден электр желісі тартылды, 8 экскаватор, 3 тиегіш, 1 бульдозер, 8 жер айдайтын техникасымен жабдықталып, 65 адам жұмыспен қамтылды. Тамшылатып суару үшін 160 шақырым құбыр әкелінді. Ал «Қызылорда Agro- Plus» ЖШС бірнеше жыл бұрын қызанақ өсіру жобасын жүзеге асырды. Сынақ ретінде 2 гектар жерге қызанақтың 10 түрлі сорты отырғызылып, әр гектардан орташа 900 центнер өнім алынды. Су тапшылығы десе Жетісудың да жайы ойға келеді. Былтыр Жетісу облысында тамшылатып суару арқылы алғаш рет қант қызылшасы өсіріле бастады. Тың жобаны қолға алған Болат Төребекұлы 275 гектарға тамшылатып суару жүйесін тартқызған еді. Сол арқылы бұрын-сонды игерілмеген жайылымдық жерді егістік алқапқа айналдырған.
– Су 8 есе үнемделеді. Бір арамшөп таппайсың. Іздесеңіздер де. 100% шығады. Тұқым жақсы. Тұқым шықпай қалды деген болмайды. Мынаумен сепсе, 100% өзін-өзі ақтайды. 100% осы әдіске көшу керек. Сонда қант қызылшасы болады. Қазақстан қантты сырттан алмайды. 4000 мың кв трансформаторды қою үшін 46 миллион теңге кетті. Үкімет тарапынан көмек болмаса, мұны әркім жасай алмайтынына менің көзім жетеді. Себебі жағдай жоқ оған, – деп пікір білдірді Болат Төребекұлы сұхбаттарының бірінде.
Ал Жамбыл облысында «Каз Каспий Гидро Сельхоз Технология» ЖШС тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты. Жаңа жобаның құны 2,8 миллиард теңгені құрайды. Мұнда жылына 20 мың гектарға дейінгі алқапты тамшылатып суаруға қажетті жабдықтар өндірілмек. 30 жаңа жұмыс орны құрылып, өндіріс толық қуатына шыққаннан кейін жұмыс орындарының саны екі есеге артады деп күтілуде.
Су тапшылығы – агросаланы тығырыққа тірейтін мәселе. Түйткілді тиімді жолмен шешу мамандарға да, шаруаларға да, ел дамуына да оң әсер ететіні айдан анық.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!