Мемлекеттік тілдің мәртебесі, қоғамның сан түрлі саласындағы орны айта-айта жауыр қылғанымен, әлі күнге дейін бір жауабын таппаған маңызды мәселенің бірі. Аталған дерт қоғам өмірі мен күнделікті коммуникацияда ғана емес, өнерде де өзектілігін жойған емес.
Жақында Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырыс беруімен қазақстандық фильмдерді қазақ тіліне аудару үшін бюджеттен 67 миллион теңге қаржы бөлінетіні туралы ақпарат жарияланған болатын. Қазақстандық фильмдер қазақтар үшін түсірілмей ме? Неге біздің кинолардың тілі биліктегілер секілді қазақшаға келгенде күрмеліп қалады? Орысша тіл, қазақша субтитр қаншалықты сұраныста?
Осы сауалдардың жауабын табамыз ба, таппаймыз ба, бірге зерделеп көрелік. Алдымен әңгіме мемлекет тарапынан бөлініп, қазақ фильмдерін «қазақшалау» үшін көкке ұшып жатқан қаражат туралы болмақ. Иә, аталған ақпарат жалған емес. Елімізде түсірілген түрлі жанрды қамтитын отбасымен көруге арналған 10 фильм 67 459 821 теңгеге қазақ тіліне аударылғалы жатыр. Тапсырыс беруші – Мәдениет және спорт министрлігі екен. Олар бұл қаржыны кинотеатрларда және онлайн кинотеатрларда көрсетілетін фильмдерді қазақ тіліне аударуға қарастырып отыр. Соның ішінде көркем, деректі және анимациялық фильмдер қазақ тіліне аударылатын болады. Әрі киноларды қазақ тілінде сөйлететін дыбыстаушы мамандар қазақстандық продюсерлердің жарыққа шықпаған, жаңа туындыларына да тапсырыс алады деп күтілуде.Осылайша, Мәдениет және спорт министрлігі қазақ тіліндегі ойын-сауық бейнеконтентін әзірлеп, кеңінен таратуды жоспарлап отыр-мыс.Нәтижесін алдағы уақытта үлкен экрандарда көрсететін болады.
Әрине, қазақстандық туындыларды қазақ тіліне аудару – парадокс! Әрі күлкілі, әрі ашуыңды келтіреді. Осы уақытқа дейін қабылданған заңдар мен айтылған, айтылып жүрген сындарды естір құлақ, көрер көз болмағаны ма сонда? Мәселеге басқа қырынан қарайық. Кинотуындылардың тілі жобаның жарыққа шықпай тұрған кездегі қаражатынан қаралуы тиіс. Бұл туралы
Өнер ғылымдарының докторы Молдияр Ергөбеков өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Қазақстанда түсірілген фильмдерді! Қазақ тіліне аудару үшін! 67,4 млн теңге бөлініпті!
Бұл негізінде түсірілетін фильмнің бюджетінен орын алуы тиіс қаржы. Яғни фильмді түсіретін команда, фильмнің Қазақ тілінде (де) сөйлеуіне жауапты болуы керек!», – деп пікір білдірді.
Байқайсыз ба, қазақстандық кинотеатрлардың өзі қазақ тіліндегі фильмдерді аз ұсынады. Көбіне орыс тілінде түсірілген киноларды қазақша субтитрмен көруге мәжбүрміз. Және бұл кино маркетингі мен нарығы үшін таңқаларлық дүние емес. Себебі қазақстандықтар орыс тілінде кино көруге құштар. Ал оның бірден бір себебі: қазақ тілінде сапалы контенттің жоқтығы, аздығы. Алайда неге Қазақстан азаматы өз елінде өмір сүріп, елінің болашағы үшін белгілі бір салада қызмет етіп, жаңа буын – кішкентай «қазақты» тәрбиелей тұра кинотеатрлардағы фильмдерді өзінің ана тілінде емес, орыс тілінде көруге мәжбүр болуы керек?
Тағы бір мәселе. Елімізде кинотеатр мәдениетін қалыптастырып, прокатты жолға қою үшін алдымен кинотеатрлардың саны, одан кейін ондағы көрермендердің талғамы назарға алынуы тиіс. Ал бізде кинотеатрлар тек ірі мегаполистерде ғана орналасқан, елді мекендерде, шағын аудандарда кинотеатр да, киноклуб та атымен жоқ. Қазақтілді аудиторияға жағдай жасалмаған. Айтпағымыз – кинотеатрлардағы фильмдердің ең болмаса 50 проценті қазақ тілінде көрсетілуі қажет.
Неге көрермен қазақ тіліндегі киноны көргісі келмейді? Себебі қазақ киноларының өзінде қазақ тілі жоқ. Шұбарланған, айтқан екі сөзінің бірінің мағынасы түсініксіз, жаны қазақшаланбаған тіл бар біздің фильмдерде. «Неге біз әлі күнге дейін «Қыз Жібекті» көреміз? Неге әлі күнге дейін «Менің атым – Қожамен» мақтанамыз? Жарыққа шыққанына 50 жыл өтсе де, көрерменді жалықтырмайтындай не сиқыры бар олардың?! Меніңше, бұл фильмде қазақтың рухы бар және қазақтың құдіретті тілі бар. Мейлі, кино тілі болмай-ақ қойсын. Бастысы қазақтың тілі бар.
Мынаны қараңыз:– Қан кешу қасап замандақайғыны жеңгенбар ма екен?!Қолынан өлмей дұшпанның, қартайып өлгенбар ма екен?!Қымбатты ата-ананыңқасында сөнген бар ма екен?!Ажалы жеткен ардағынарулап көмген бар ма екен?!Жетім қалған баланы,жесір қалған ананы,Қан соқта болған даланыойлаған адам бар ма екен?!
Әлемдік кино тарихында дәл осылай құйылып түскен адуынды монологтар бар ма? Міне, қазақтың тілі! Маған киноның тілі емес, осы тіл керек. Бәрімізге осы тіл керек. Сондықтан да біз әлі күнге «Қыз Жібек» десе ішкен асымызды жерге қоюға бармыз», – дейді Жәнібек Сауданбекұлы.
Қазақтардың қазақша контентке шөлдегенін мойындау керек. Оның бір ғана дәлелі – «Хабар» арнасының тапсырысымен түсіріліп, әр сериясы миллиондап қаралым жинап келе жатқан «Келінжан» телехикаясы. Тіпті, 25 сериядан тұратын алғашқы маусымы аяқталғаннан кейін екінші, үшінші, көптің сұранысына орай төртінші маусымы да түсірілген болатын. Қазіргі таңда көрермен бесінші маусымның да түсірілгенін қалайтындарын, әр серияны асыға күтетіндерін жарыса жазуда. Сериалдың құдіреті неде? Шынайы, шұбарланбаған қазақша тілінде.
Сериалдың продюсері, сценарист, «Жыл патриоты» атанған Гүлнұр Мамасарипова: «Ұлттық идеология тек тілге, мәдениетке, салт-дәстүрге ғана байланысты дүние емес. Сол ұлтқа, мемлекетке зиянын тигізбейтін нәрсенің бәрі де идеологияның көрінісі сынды. Яғни оны жасаушы – біз бен сіз, әрқайсысымыз. Әр адам өзінің сүйікті ісімен айналысып, өз саласын дамыта алса, идеология жұмыс істеп жатыр деген сөз. Өзім әр жобаны бастар кезде «Бұл туындымен қазаққа, өзімнің ұрпағыма не бере аламын? Қазақ екенін есіне түсіріп, жанын қозғай аламын ба» деп ойлаймын. Сондықтан алдымнан өткен жобалардың барлығы шартты түрде қазақ тілінде түсіріледі», – дейді.
Ойлап қарасақ, қазір адамдардың, көрерменнің назарына «сауда» жүріп жатыр. Кім өз көрерменін табады, кім көрерменді ұстап қалады – қаржы да, идеологиялық мықты қару да соның қолында. Ал өзіміздің өнімді қазақтан басқа кім қолдайды? Өз қолдаушысын тапқысы келетін кино мамандары көрерменінің талғамы мен талабын да ескере жүрсе екен. Әйтпесе, алда талай алпыс жеті миллионның аудармасы күтіп тұр…
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!