Адам көркі – шүберек. Киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарап шығарып салатын қоғамда сәнді киінуді кім қаламайды дейсіз. Әсіресе кейінгі жылдары Қазақстанда ұлттық стильге деген қызығушылық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қазақи болмыс пен заманауи стильді ұштастырған соңғы үлгідегі киімдер еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін кез келгеннің қызығушылығын туғызып отырғаны қуантады.
Алайда осы үрдіспен бірге ұлттық нақыштағы киімдердің бағасы да күрт қымбаттап, қоғамда түрлі пікір тудырып отыр. Ұлттық стиль – мәдени мұра ма, әлде таңдаулы топқа арналған сән бе? Оның құны неге шарықтап тұр?
Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық киімдер тақырыбына арнайы тоқталды.
– Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды.
Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім, бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек, – деді Қазақстан Президенті.
«Көздер ұмытпасын десең әдемі киін, көңілдер ұмытпасын десең көркем мінезді бол» деген тәмсіл бар. Алайда ұлттық нақышта киінуге қызығушылық артқан сайын, бағасы да күрт қымбаттап бара жатқаны жасырын емес. Осы орайда жадымда жүрген жайттардың бірімен бөліскім келеді. Киім-кешекке аса қызығушылығым жоқ, яки ониоманиялық құмарлығым болмаса да ара-тұра назарым ауған дүниені алғанша асығатын әдетім бар-тын. Ойда жоқта желі беттеріндегі жарнамадан өңі ерекше аяқ киімге кезігіп, суреттерін жылжытып отырып тамсана қарадым. Айналдыра жабыстырылған ою-өрнектер жараса қалған демесең, кәдуілгі аппақ спорттық аяқ киім. Бағасын білмекке дүкен иесіне хабарласқан едім, айтуынша «қолөнер туындысының» құны 70 000 теңге екен. Бағасы жалақымыздың жартысына тең болса да, сапасына сенім жоқтай. Себебі дәл осындай бағаға импорттық сапалы тауарды тапсырыспен алдырып, дайын ою-өрнекті дүкеннен алып айналдыра жабыстыру кімнің де болсын қолынан келеді-ау деген ой тағы мазалайды. Осы мақаламыз арқылы қазақ брендтері мен оның бағасы хақында сараптап, саралауды жөн санадық.

«Qazaq Republic» несімен ерекше?
Қазақстанда сапалы һәм жастар арасында беделді брендтер саусақпен санарлық. Солардың бірі – «Qazaq Republic». QR қысқаша атауымен дүркіреп тұрса да әлеуметтік желі беттерінде де, тапсырыс қабылдайтын жеке сайтында да топтамалары тым аз, таңдау жоқ деуге саяды. Десе де кеңінен танымал осынау отандық тауардың құнына тоқталуды жөн көрдік. Мұнда дәл қазір қарапайым жемпірлер мен қалпақты жемпірлердің бағасы 21 000 теңгеден басталып, 29 000 теңгемен түйінделген. Бомберлер 30 000, ал күртелер мен күртешелер 27 000 теңгеден басталып 58 000 теңгеге тоқтайды. Шортылар мен шалбардың құны 8 000 теңгеден басталып, 26 000 теңгеге жетіп жығылады.
– Қазақстандық бренд киімдері, оның ішінде «Qazaq Republic» тауарлары өте жақсы сапада. Барлығы ұнайды, тек ассортимент көбірек болса жақсы болар еді. Сыйлыққа арналған пакеттері керемет, сыйлауға әдемі көрінеді, – дейді тұтынушы Гүлнұр Абжалиева.
Заманауи streetwear стиліндегі отандық бренд ұлттық болмысты урбан мәдениетімен ұштастыра отырып киімдер дайындайды. Сондықтан да оның «бір кездері» трендке айналғанын кездейсоқ құбылысқа теңей алмаймыз. Киімге басылатын суреттер мен жазулар қазақ тілінде латын әріптерімен жазылып, қысқа әрі есте қалатын сөз тіркестерімен көзге оттай басылады. Десе де дүр сілкіндірген кез келген тауардың өз уақыты болатын секілді. Бүгінде аталған бренд тұтынушылары арасында мақтаумен қатар даттау да, оң көзқараспен қатар кері пікір де туындап жүр.
– 2017 жылы «Qazaq Republic» жаңадан ашылғанда маған ең керемет бренд болып көрінетін. Шұлықтан бастап, термос, жейде, жемпір, шалбардың барлығын осы жерден тапсырыспен алатынмын. Киімдерінің сапасына сөз жоқ. Тігісі, басылған суреттер мен жазулары мінсіз. Бірақ кейінгі жылдары бұл бренд киімдерінің бір-бірінен айырмашылығы жоқ болып барады. Бір-біріне қатты ұқсайды. Киім түсінің қанықтығы жағынан айтсақ, бір жуғаннан оңа бастады. Нәтижесінде осы бренд топтамасынан әрқайсын 10 мың теңгеге алған 5-6 жейдені қазір үй шаруасына ғана киіп жүрмін. Бір жыл бұрын «senbiclub» атты жемпірді 20 мыңның үстінде бағаға сатып алған едім. Қазір осы жемпірді киіп сыртқа шықсам дәл осы киімдегі адамдарды жиі кездестіремін. Бәлкім құны арзандаған болар… Айтып отырған бренд киімдерді түрлі-түрлі етіп шығармаса, тіпті қоғамдық көлікте менімен бірдей киінген бейтаныс жігіт екеумізді ел жігіт пен қыз деп қабылдап қалған жағдайлар болған. Осындай жағдайлардан кейін мен бұл брентен киім алуды тоқтаттым, – дейді Нұрай есімді тұтынушы.

Желі жұлдыздарының арасында жиі жарнамаланып жүрген «Qoima» брендінің бағасын білмекке интернет дүкендерді шолып шықтық. Аталған брендттен сатылымға шыққан жейденің бағасы 11 000 теңге мен 20 000 теңгенің арасында болса, спорттық шалбарлар мен джинстар 20 000-21 000 теңге көлемінде. Ал қарапайым жемпірлер мен қалпақты жемпірлердің құны 26 000 теңгеден басталып, 45 000 теңгеге жетіп жығылады. Сондай-ақ спорттық жұп киімдер 50 000 теңгеге бағаланған.
Дархан мен Дастан есімді егіз блогерлер негізін қалаған «DarDas» бренді де жиі көзге түсіп жүр. Олар алғашында ерлерге және әйелдерге арналған кең типтегі спорттық жұп киімдерді тұтынушыларға ұсынып келген болатын. Аталған бренд жуырда ғана сыртқы киімдерді де сатылымға шығара бастады. Бағасын білмекке байланысқа шығып көрдік. Айтуынша, спорттық жұп киімдердің қүны 50 мың теңгеден басталса, сыртқы киім құны 70 мың теңгеге бағаланған. Дәл қазіргі акция уақытына сәйкес тапсырыс беріп, аталған топтаманы 100 мың теңгеге алуға да болатын көрінеді.
«Shoqan» әлемдік нарыққа шығуға дайын
Классикалық үлгіде киінетін ерлер үшін стильді костюм топтамаларын ұсынып жүрген «Shoqan» бренді де көпке танымал. Себебі бұл брендтің амбассадоры – Димаш Құдайберген. Жаңа дәуірдің образы атанған классикалық костюмдер көз тартады. Ал бағасына келер болсақ, екеулік костюмдер және жекеттерін қосқандай үшеуліктер ең төмені 140 мың теңгеден басталады екен. Ал ең қымбаты 350-400 мың теңгенің көлемінде. Ерекше тоқтала кететіні, аталған бренд тұтынушылардан жеке тапсырыс та қабылдайды. Яғни арнайы өлшемге барып, қалауыңыздағы костюмді тіктіре аласыз.

Осынау бренд атауының өзі көп нәрсені аңғартады. «Shoqan» – қазақ тарихындағы ірі тұлға, ағартушы, зерттеуші Шоқан Уәлихановтың есімімен астасып жатыр. Бұл атау білім, талғам, ой тереңдігі мен мәдени жауапкершілік секілді бренд философиясының негізін айқындайды.
Кәсіпкер Ұлықбек Шәріпов негізін қалаған «Shoqan» бренді 2019 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Ол осы бизнестің арқасында «Forbes Kazakhstan» журналындағы 30 үздік жас рейтінгісіне енген болатын. Ол кәсіп бастаған алғашқы жылдың өзінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 бутик ашқан табысты кәсіпкер. Оның тұтынушылары қатарында еліміздің алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар.
Бренд өз тауарларында асыра сән қуалаудан бас тартып, минимализм мен ұстамдылыққа мән береді.
– Жастарға арнап киім дайындағанда тек жоғары сапалы тауар ұсынып қана қоймай, оған ерекше мән-мағына сіңіру қажет. Киім – бұл жай ғана сапалы мата мен күрделі кәсіби тігін емес, одан әлдеқайда терең ұғым.
Қазақ брендтері толыққанды әлемдік нарыққа шығуға әлдеқашан дайын болған. Бұл – жай ұран емес, шындық. Біз шын мәнінде кез келген жерде сұранысқа ие болатын тауар жасай аламыз. Біз қазақстандық өндірушілердің қолынан келетін үлкен мүмкіндіктерді көрсеткіміз келеді және соған толық дайынбыз, – дейді Ұлықбек Шәріпов.
Бүгінде «Shoqan» жас кәсіпкерлер мен шығармашылық интеллигенция өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен бизнес саласындағы жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Себебі «Shoqan» классиканы таңдағандардың сүйікті стиліне айналып келеді. Ал бұл – уақытша тренд емес, ғасырларға бағытталған мәдени құбылыс.

Қазақы стиль қанша тұрады?
Ұлттық стильдің қайта жаңғыруы кездейсоқ құбылыс емес. Бұрын тек мерекелік шараларда немесе сахнада ғана киілетін шапан мен камзол бүгінде тойға, ресми жиынға, тіпті күнделікті образға еніп отыр.
Әлеуметтік желілер мен танымал тұлғалардың ықпалы да бұл үрдісті жеделдетті. Белгілі өнер иелері, қоғам қайраткерлері мен инфлюенсерлер ұлттық нақыштағы киімдерді жиі киіп, оны стиль мен статус белгісіне айналдырды. Нәтижесінде ұлттық стиль сән трендіне айналып, сұраныс күрт өсті. Осы ретте ел арасында кеңінен танымал брендтермен байланысып, ұлттық шапандардың бағасына шолу жасауды жөн көрдік.
Мәселен желі беттерінен жиі байқап жүрген «Kasym Brand» киімдері бәрімізге таныс. Ол – ұлттық ою-өрнекті эмоциямен емес, оймен, тыныштықпен және ұстамдылықпен сөйлететін бренд. «Kasym Brand» коллекцияларында жинақы силуэт, қысқа күртелер, еркін қозғалысқа лайық формат басым. Ондағы оюлар көбіне арқа бойымен тік сызық ретінде, кейде иық пен жаға маңында,сирек жағдайда алдыңғы бөлікте ұсақ акцент ретінде беріледі.Маталар визуалды түрде тығыз, жылы, күз-қыс маусымына лайық. Бұл брендтің «маусымдық трендтен» гөрі ұзақ киілетін гардеробқа бағытталғанын көрсетеді.
Сондай-ақ киімдер ерлерге де, әйелдерге де бірдей жарасымды ортақ стильге негізделген. Бұл киімді сахнаға емес, күнделікті өмірге, серуенге, жұмысқа, креатив ортаға киюге болады. «Kasym Brand» ұлттық кодты «көрсету» үшін емес, өзіндік болмысты сақтау үшін қолданады.Бренд қазақ мәдениетін қалалық контексте табиғи түрде енгізіп, «этно» ұғымын артық романтикадан арылтады.Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген күртелер құны 40 мың теңгеден басталып, 70 мың теңгеге тұрақтайды. Бүгінде базар аралай қалсаң қаптап жатқан түрлі-түсті шапаннан көз сүрінеді. Мұнда бағасы қолжетімді киімдердің басым бөлігі Қырғызстаннан келетінін екінің бірі біледі. Алайда ондағы ою-өрнекке мән беріп жатқан ешкім жоқ. Осы ізбен жалғаса берсе, ертеңгі күні қырғыз халқының өрнегін өз оюларымыздан ажырата алмайтын, тіпті қазақтың ұлттық ою-өрнектері қатарына қосып алмасымызға кім кепіл? Әр елдің салты басқа екенін ескерсек, төл өнеріміздегі әрбір ою- өрнектің өз мағынасы мен мәні барын қатаң есте сақтау қажет. Ол халқымыздың ішкі мәдениетін көрсететін басты элемент болып қала береді.
Тақырыбымызға оралайық. Келесі кезекте «Myrza Brand» тауарларына тоқсалсақ. Аталған брендтің ерлерге арналған күртешелері мен шапандарының құны 38 мың – 120 мың теңгенің арасында болса, әйелдерге арнап тігілген қамзолдар мен шапандар 20 мың теңгеден басталып, 85 мың теңгемен түйінделеді.
Дүкен иелерінің айтуынша, бұл шапандарды халық көбіне қадірлі қонақтар мен құда-құдағайына алу үшін арнайы іздеп келетін көрінеді. Бұл – қай қуанышта да мейманына шапан жауып ат мінгізген қазақ үшін ұлттық киімдердің орны әлі де ерекше екенінің айқын дәлелі.
Сондай-ақ аңғарғанымыз, аталған бренд жұбайларға арналған жұп шапандар да тігеді. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық жайт. Десе де жұп киімдердің бағасында жеңілдік те, жеке-жеке алынған қос шапанның құнынан аса айырмашылық жоқ.

Ұлттық үлгідегі сән әлемін толықтырып жүрген кезекті «Abyroi» брендіне де тоқтала кетейік. «Abyroi» бренді ұлттық шапанды бүгінгі заман талғамына сай қайта жаңғыртып, оны күнделікті және салтанатты образдың ажырамас бөлігіне айналдыра алған қазақстандық бренд ретінде қалыптасқан.
Мұндағы топтамадан классикалық ұзын силуэтке негізделген шапанды ла, қысқа күртелерді де, футболкаларды да табуға болады. Киімге түскен оюлар шамадан тыс емес, дәл мөлшерленген, яки өңір тұсында, жағасында немесе алдыңғы бөлікте орналасқан.
«Abyroi» бренді көбіне терең, қою түстерді таңдайтынын аңғардық. Ашық түстен гөрі салмақты бояулардың басым болуы брендтің аудиториясын – жас буынға емес, талғамы қалыптасқан, сапа мен мәнге мән беретін ересек тұтынушыны меңзейді. Бағасына келер болсақ, ерлер шапаны 50 мың мен 200 мың теңге арасында болса, әйелдер шапаны 100 мың теңгеден басталады екен.
Серіктестік иелерінің айтуынша, ұлттық киімнің қымбаттауына бірнеше фактор әсер етіп отырған көрінеді. Бірінші себеп қол еңбегінің үлесінде. Көптеген ұлттық киімдер жаппай фабрикалық өндірісте емес, шеберлердің қолымен тігіледі. Ою ойып, кесте тігу, матаны іріктеу – уақыт пен күшті талап етеді.Екіншіден, материал құны да арзан емес көрінеді. Табиғи жүн, жібек, барқыт, сапалы мақта секілді маталардың басым бөлігі шетелден әкелінеді. Валюта бағамының өзгеруі де соңғы өнімнің бағасына тікелей әсер етеді дейді. Үшінші себепке келер болсақ, кейінгі жылдары қазақ дизайнерлері ұлттық киімді тек дәстүрлі бұйым емес, сән индустриясының өнімі ретінде ұсынып жүргені мәлім. Бренд қалыптастыру, шоурумдар ашу, маркетинг пен имиджге салынған қаржы да өнімнің бағасына қосылады. Осылайша ұлттық стильдің құны біртіндеп шарықтай береді.
Келесі кезекте «Moonshuaq» брендіне тоқталсақ. Ұлттық ою-өрнекті классикалық шапан немесе салтанатты киім шеңберінде қалдырмай, оны streetwear, casual және жастар мәдениетінің тілімен сөйлете алған заманауи бренд деуге болады.
«Moonshuaq-тың» топтамаларын қарап отырып, оның негізгі бағыты еркіндік, қозғалыс, қала өмірі және этникалық болмысқа ұмтылатынын аңғардық. «Moonshuaq» өнімдерінің басты ерекшелігі – қысқа пішім, oversize өлшем және спорттық элементінде. Мұнда bomber-күртелер, көктем мен күзге арналған жеңіл сырт киімдер басым. Бренд киіміндегі оюлар ірі масштабпен, қанық түстерімен бірден көзге түседі. Ал бағасына келер болсақ күртелердің құны барлығы бірдей 50 мың теңге.
Қазақы шапандар арасынан «Elzhan» бренді де ерекше көзге түсті. Мұнда көк ту типіндегі шапаннан бастап, қалалардың, тіпті рулардың атауына арнайы тігілген шапандарды да табуға болады. Ең қызығы һәм ерекшелігі аталған шапандар жыныс таңдамайды. Яки ерлерге де әйелдерге де ортақ стильде. Сондай-ақ бренд тек шапанмен шектелмей, жеңісіз жекеттер мен ерлерге арналған тымақты да дайындайды екен. Шапандар құны 50 мың – 150 мың теңге арасында.
Тұтынушылар «Elzhan» брендінің киімдерінің сапасын жоғары бағалайды, оларды сыйлыққа алуға да қолданатынын айтады. Киімдердің тігiсi мықты, ою-өрнегі әдемі, қызмет көрсету деңгейі де жағымды деген пікірлер көптеп кездеседі.
Ұлттық киім – жай ғана сәндік бұйым емес, ол халықтың тарихы, дүниетанымы мен мәдени коды. Ал нарық заңдылығы бұл құндылықты тауар ретінде қарастырады. Осы екі ұғымның тоғысында қайшылық туындайды. Бір жағынан, дизайнерлер ұлттық стильді жаңғыртып, әлемдік деңгейге шығаруға тырысады. Екінші жағынан, бағаның шарықтауы ұлттық киімді қарапайым халықтан алыстатуы мүмкін. Қоғамдағы басты сұрақтардың бірі – ұлттық киімнің қолжетімділігі болып отыр. Бүгінде кейбір заманауи шапандар мен этно-костюмдердің бағасы бірнеше жүз мың теңгеге жеткені жасырын емес. Бұл көпшілік үшін, әрине, қолайсыз. Ұлттық киімнің осылай қымбаттауы оны күнделікті өмірден алыстатып, тек той-томалаққа немесе салтанатты жиындарға арналған сәнге айналдырып жібермей ме деген алаңдаушылық бар.
Ұлттық стильдің қымбаттауы – сұраныс, сән және мәдени сананың өсуімен тікелей байланысты. Бұл ұлттық болмыстың қайта жандануының бір көрінісі. Алайда ұлттық киім тек сән әлемінің элиталық өніміне айналып кетпей, халықтық сипатынан айырылмауы тиіс дегіміз келеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ұлттық стиль – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Оның бағасы шарықтағанымен, мәні мен мағынасы бәріне ортақ болуы – басты мәселе. Қазақы дүниетанымды қалыптастырып, ұрпақ бойына тарих пен тағылымды қатар сіңіруде визуалды қабылдау маңызды рөл атқарады. Сондықтан қазақ брендін, қазақстандық өнімді қолдануды һәм қолдауды қанша насихатттасақ, сонша қолжетімді болғаны ләзім.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!