Бүгіннің жаңашыл туындыларына көңілі толмайтындар кинематографияда он жылдықты артта қалдырған қазақтың телесериалдарын сағынады, қайта қарайды. Олардың айтуынша, нағыз қазақы «иіс» міне, сол кезеңде. Бұл орайда киноны ұлттың айнасы десек, бүгінгі экран өнеріндегі біздің сұлбамыз қандай? Осы шығарылымда өнердің құндылығын барынша саралауға тырыстық.

Біздегі кино тарихы 1938 жылы «Ленфильм» киностудиясында түсірілген «Амангелді» фильмімен тығыз байланысты. Себебі дәл осы уақытта қазақ кинематографиясының шымылдығы түріліп, сол кезеңнен бері қоржынымыз түрлі жанрдағы фильмдермен толықты.

АЩЫ ШЫНДЫҚ ЖАСЫРЫЛҒАН КОМЕДИЯ

Егер «сұранысына қарай – өнім» десек, халықты күлкі құмар ретінде қабылдаймыз. Десе де, біздегі қалың көрерменнің қалауы – комедия. Бұл рас. Ал мамандардың пікірі қандай?

– Қазақ киносының басым бөлігі отбасы тақырыбын қамтиды. Бұл фильмдер, әсіресе, ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік пен олардың сабақтастығын көрсетуге бағытталған. Отбасылық тақырыптағы туындылардың көпшілігі комедия жанрында түсіріледі. «Кино – қоғамның айнасы» деген ұғымды ескерсек, бұл фильмдер арқылы өзімізге сырт көзбен қарауға мүмкіндік туады. Олар бізді мазалайтын мәселелерді көтеріп, олардың ауқымын айқындап береді. Алайда қазақ киносы әзірге отбасы шеңберінен аса алмай отыр. Бұл фильмдер көрерменді күлдіре отырып, жылата да алады. Яғни, әзіл арқылы қоғамдағы ащы шындықтарды жеткізудің құралына айналған, – дейді сарапшы Дана Әмірбекова.

Мәселенің төңірегінен шыға алмай жүргенде, кино атаулының негізгі мақсаты мен мәнін ұмытқандаймыз. Бұл ретте киносыншы:

– Кино – ең алдымен үлкен өнер. Ол адамды рухани байытып, үміт сыйлап, жанына жарық сәуле ұялата алады. Егер киноны өнер тұрғысынан қарастырсақ, оның адам жан дүниесін жадыратып, өмірге деген көзқарасын өзгертуге әлеуеті зор. Сонымен бірге, кино – идеологияның қуатты құралы. Ол адамзаттың санасына ықпал етіп, үлкен төңкерістер жасауға қабілетті. Бірақ бұл мүмкіндікті дұрыс бағытта қолдану маңызды, –деп ойын түйіндеді.

Шынында да, киноның көпқырлы табиғаты оны бір ғана мақсатқа байлап қоюға мүмкіндік бермейді. Бірі кинодан рухани азық іздесе, енді бірі ойын- сауық пен күнделікті күйбең тіршіліктен алыстауды қалайды. Бірақ осы жан-жақтылықтың өзі қазақ киносының негізгі миссиясын айқындай түседі.

«ШЫҒЫН ШЫҒАРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?»

Былтырғы кино жаңалықтарына зер салсақ, өткен жылы қарашаға дейін отандық 90 кино прокатқа шыққан. Сала мамандарының айтуынша, кейінгі нәтижелермен салыстырғанда бұл айтарлықтай жақсы көрсеткіш.

– Алты фильм миллиард теңгеден астам касса жинады. Соңғыларының бірі – «Заманback». Біз жеке киноөндіріс компанияларында талантты, белсенді жастар бар екенін көріп отырмыз. Бұдан бөлек, веб-сериалдардың да саны артқан. Бұл керемет. Қазақ киносы жан-жақты дамып, сан алуан жанр пайда болып жатыр деп ойлаймын. Егер бұрын тек комедиялар басым болса, қазір кинотеатрларда көрермендерді жинайтын драмалар мен қорқынышты фильмдер шығып жатқанын көріп отырмыз, – деді актер, кинотанушы Кәрім Қадырбаев.

Ал XVII «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің ресми баспасөз конференциясы барысында Айдар Омаров киножобалардың қаржыландырылуы туралы айтты.

– Біз кинопрокатта жеке инвестициялардың басым екенін байқап отырмыз. Бұл киноиндустрияда оң динамика бар екенін көрсетеді. Кәсіпкерлер бұл салаға инвестиция салуға дайын, яғни киноиндустрия жұмыс істеп, дивиденд әкеліп жатыр, – деді ол.

Жалпы киноиндустриядағы мәселелер туралы депутаттар да сауал жолдауда. Мысалы, қараша айында депутат Ринат Зайытов жыл сайын киноға бөлінетін қаражаттан халыққа нақты қандай пайда келіп жатқаны жөнінде сұрады.

Ол өз сөзінде «2025 жылы Ұлттық фильмдерді қолдау мен дамытуға 3,7 млрд теңге қарастырылған. Аударманың өзіне 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады. Осы орайда сұрағым бар. 2024 жылы бюджет қаражатына түсірілген қанша ұлттық фильм халыққа жетті? Одан қанша пайда түсті? Егер одан ешқандай пайда түспесе, прокатқа шықпаса, елге жетпеген болса, оған шығын шығарудың қажеті қанша?» деді.

Сауалдар өз кезегімен, дегенмен ұлу жылында прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 19 пайызды ғана құрағанына да назар аудару қажет. Бұл баскиімді аспанға лақтыратындай оң динамика емесі анық. Бірақ тиісті қадамдар да қолға алынды. Премьер-министр Олжас Бектенов Мәдениет және ақпарат министрлігінің қазақтілді контенттің үлесін арттыру бойынша тиісті шаралар қабылдап жатқанын айтты. Мәселен, тіл саясатын дамыту тұжырымдамасына сәйкес «Қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру», «Әзірленген мемлекеттік тілдегі анимациялық өнімдердің көлемі» нысаналы индикаторларына сәйкес шаралар атқарыла бастады. Сондай-ақ, мемлекет қолдауымен жарыққа шығатын барлық фильмдер қазақ тілінде түсіріліп, бірақ прокатқа екі тілде шығады.

Үкімет басшысы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрамына мәжіліс депутаттары, киноиндустрия саласының өкілдері кіретін жұмыс тобы құрылғанын айтып, алғашқы отырысы ақпан айында өтетінін хабарлады.

ДУБЛЯЖ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Қазақша контентті тілге тиек еткенде, дубляждың хәліне бір зер салған абзал. Өткен жылы маусымда тұсауы кесілген «Ойжұмбақ 2» мультфильмін «Disney» мен «Pixar» студиясы қазақ тіліне аударып, кәсіби дубляж жасады. Қуанышқа қарай, алғашқы 4 күнде 40 000 000 теңгеден астам қаражат жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатты.

Расымен, дубляж – мамандардың еңбегін тоғыстыратын күрделі әрі нәзік өнер түрі. Көрерменге шынайы эмоция мен мағынаны жеткізу – дубляждың басты міндеттерінің бірі. Сала мамандары әттеген-айды реттеу керек дейді.

– Бүгінгі таңда дубляж сапасы біршама жақсарып келеді. Қазақфильм студиясында қажетті техникалық жабдықтар да, мамандар да бар. Жалпы алғанда, эмоцияны жеткізу мен техникалық тұрғыдан жұмыс сапасы жаман емес, дубляж жеткізу жағынан да мықты дамып келеді. Дегенмен басты мәселе – аударманың сапасы. Көп жағдайда мәтіндер тікелей аударылып, ұлттық менталитет, салт-дәстүр ерекшеліктері ескерілмей жатады. Тікелей аударма көрерменге түсініксіз немесе жат болуы мүмкін. Сондықтан әрбір сөзді қазақ тілінде қалай түсіндіріп, қалай айту керегін зерттеу маңызды. Бұл жерде ізденіс пен шығармашылық тәсіл жиі жетіспейді, – деді Дана Әмірбекова.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы cұхбатының бірінде «Дубляж жасау оңай сияқты, бірақ түпнұсқа тілде айтылған сөзді аударудағы дәлме-дәлдік, дыбыстың естілуі мен айтылуы, еріннің жыбырлауы жоғары біліктілікті талап етеді. Менің ойымша, Қазақстанда телевизиялық дубляж көп, әлдеқайда ілгері кеткен, өйткені Корея, Түркия телесериалдарының аудармасы жүріп жатыр. Әбден машықтанған, үйренген топтар пайда болды. Осындай жұмыстар көбейген сайын оның сапасы да арта түседі. Бұл – шығармашылық сала, сондықтан оның шегі жоқ, жетілдіре беруге болады» деген еді.

Бұл мәселеге депутаттар да алаңдаулы. Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов Facebook парақшасында жиі жазып, сауал ретінде де жолдады. Мысалы, желтоқсанда өткен Сенат отырысында ол қазақ киносы мен телебағдарламаларда ана тілін шұбарлау, сленг, жаргон сөз қолдануға қарсы бірнеше ұсыныс айтты.

– Қазақ киносы тілінде қалыптасқан әлеуметтік-лингвистикалық мәселелерді шешу мақсатында бірқатар ұсынысты қолдауыңызды сұраймыз. Отандық кино өнімдеріне әдеби, идеологиялық тұрғыда нақты бақылау орнату мақсатында кино түсіру саласына мемлекеттік лицензиялауды енгізу қажет. Кино мен телеиндустриядағы тілдік мәдениет мәселелерін реттеу мақсатында кино және сахна тілін қадағалау функциясы енгізілгені жөн. Қазақ киносының тілін көркем әдеби стильге негіздеп, мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуын заңнамалық қамтамасыз ету, қазақ тілінде кино түсірушілерге арнайы тілдік курстар өткізу, кенжелеп қалған кино сыны саласын жетілдіріп, әр жаңа фильмге қатысты кәсіби мамандардың сыни пікірлерін жариялайтын арнайы журналдар шығару қажет. Шетел киносының прокатынан өндірілген салықтың белгілі бір бөлігін ұлттық киноны дамытуға жұмсауды, мемлекеттік тапсырыс аясындағы киноның барлығын тек мемлекеттік тілде түсіруді заңнамалық қамтамасыз етуді және ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы Сараптамалық кеңестің қызметін заңнамалық тұрғыда қайта өзектендіруді сұраймын, – деді Руслан Рүстемов.

Дабыл қаққандардың айтуынша,қазіргі қазақ киносындағы ең өзекті мәселелердің бірі – тіл тазалығы. Бірқатар фильмде қазақ тілі мен орыс тілінің аралас қолданылуы, жаргондар мен сленгтердің көптеп кездесуі алаңдатады.

ӘЛЕМДІК АРЕНАДА СҰРАНЫСҚА ИЕ

– Бұл таңғаларлық жаңалық болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде, қазақ авторларының фильмдері Еуропа мен Батыс елдерінде жоғары сұранысқа ие. Қазақ режиссерлері мен сценаристерінің туындылары әлемдік деңгейде мойындалған. Бірақ өкінішке қарай, өз ортамызда олардың танымалдылығы төмен. Сол үшін, біз де қазақ авторлары мен режиссерлерінің шығармаларын дәріптеп, оларды халыққа жақындатып, көрермен мәдениетін көтеруіміз қажет, – дейді киносыншы Дана Әмірбекова.

Расымен, әлемдік деңгейдегі номинация мен байқаулрда қазақ киносы жоғары бағаланады. Мәселен, режиссер Гүлшат Смағұлованың «Шатырдағы екеу» фильмі Үндістанда өткен «Алтын арыстан» (GLIFF) халықаралық кинофестивалінде екі аталым бойынша жеңімпаз атанды. Фильм үздік толықметражды фильм деп танылып, «Best Debut Filmmaker Of Feature Film» номинациясында жеңіске жетті. Иранда өткен «Cinema Verite» халықаралық деректі фильмдер фестивалінде «Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда» жүлде алды. Фильм маңызды халықаралық деректі кинофестивальдағы көптеген жұмыстың ішінде үздік шықты.

– Бұл сыйлықтың маңызы зор және марапат лайықты иесін тапты деп айта аламыз. Фильмде Лябиба есімді кейіпкер 1944 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтыс болған әкесінің қабірін іздейді. Туынды түп-тамырын танығысы келген әрбір адам үшін жан тебірентерлік, – деді қазылар алқасының мүшесі Хуман Бахманеш.

Мұнан бөлек, режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі Швецияда өтетін Скандинавия өңірінің бас кинофестиваліне шақырту алды. Фильм 24 қаңтар мен 2 ақпан аралығында өтетін Скандинавия өңіріндегі 48-халықаралық Готеборг кинофестивалінде ұсынылады. Сонымен қатар фильм 11-18 ақпан аралығында Францияда өтетін халықаралық Везуль Азия кинофестиваліне қатысады.

Қорыта келе, қазақ киносының даму жолында жетістіктер мен қиындықтар қатар өріліп келеді. Қазіргі таңда қазақ киносы тек отандық нарықта ғана емес, халықаралық аренада да танылуға мүмкіндігі бар. Алайда тілдік мәселелер мен дубляж сапасының төмендігі сияқты кемшіліктер саланың болашағына кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар қазақ киносының жанрлық алуандығы мен кәсіби деңгейі артқанымен, көрерменнің талап-тілегіне сәйкес контентті ұсыну әлі де өзекті болып тұр. Мемлекеттік тілдің киноиндустрияда қолданылуын арттыру және сапалы дубляж жүйесін қалыптастыру бағытында нақты қадамдар қажет. Қазақ киносының тілдік, идеологиялық және сапалық тұрғыда дамуы үшін барлық саланың бірлескен жұмысы, сонымен қатар заңнамалық қолдау маңызды рөл атқарады. Тек осындай кешенді жұмыстар нәтижесінде қазақ киносы өз көрерменін табуға және халықаралық деңгейде танымал болуға мүмкіндік алады.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!