«Әйелім түгілі, анам да менен теріс айналды» дейді біздің құпия кейіпкер. Иә, бұл – өмірден алынған оқиға. Адам құмар ойынның арбауына түсіп, өмірден түбегейлі күдер үзсе бұл оның түбіне жетуі мүмкін. Қоғамның ойынша, лудомания ауру емес, бірақ оның белгілері, салдары мен тәуелділікті арттыратын себептері бар. Ол жай «қызығушылық», алайда уақыт өте лудомания бақытты отбасын ойрандап, өмірдің соңына дейін алпауыт қарыздардың кісеніне байлайды.
«Джекпот жеңіп ал», «Болжа және ұтып ал». Сіз бұл сөзді әлеуметтік желіден немесе интернет сайттардан жиі көруіңіз мүмкін. Расымен, еш қиындықсыз үлкен қаражат ұтып алу мүмкіндігі көздің жауын алады. Әсіресе ХХІ ғасырда әлемдік тордың қатарында күнделікті ақпаратпен бөлісу мүмкіндігі барда, бізде түрлі ақпарат көзіне қолжетімділік те бар. Ол арқылы өзіңнің тауарыңды жарнамалау екінің бірінің қолынан келеді. Сондықтан ойынның қызығына ілініп, азартқа кіріп кету де оңай.
Лудомания – жағымсыз әлеуметтік салдарға, отбасылық және кәсіби қарым-қатынастардың бұзылуына, қаржылық және құқықтық мәселелерге әкелетін құмар ойындарға патологиялық тәуелділікпен сипатталатын құбылыс. Туризм және спорт экс-вице-министрі Ержан Еркінбаев 2025 жылы 19 наурызда Сенат дәлізінде берген сұқбатында Қазақстанда қанша адам ойынқұмарлыққа шалдыққанын айтты.
– Біздің дерек бойынша, 350 мың азамат құмар ойынын жүйелі түрде екі және одан да көп рет ойнайды. Бұл олардың барлығы лудоман дегенді білдірмейді. Оның 36 мыңы – Денсаулық сақтау министрлігінің анықтамасы бойынша құмар ойынға тәуелділіктен зардап шегетіндер, – деді экс-вице-министр.
Нақты статистикаға сүйенсек, 36 мың отандас ойынқұмарлыққа шалдыққан. Алайда бұл ауруды елемей, маманнан көмек сұрамайтындардың саны бізге белгісіз. Оның адам бойына сіңуі тек психикалық жүйенің күшіне байланысты емес. Лудоманияның қалыптасуында біршама фактор рөл ойнайды.
Аға-психолог Гүлнар Кенжегалиевна лудоманияға әкелетін себептер туралы айтып берді.
– Құмар ойындарға тәуелділікті тұқым қуалайтын, биологиялық, мінез- құлық, когнитивтік, психологиялық және әлеуметтік факторлардың өзара әрекеттесуінен туындайтын бұзылыс деп қарастырған жөн. Құмар ойындарға тәуелділердің қанағаттану тапшылығы синдромына генетикалық бейімі бар, ол тәуелділіктің негізгі себептерінің бірі ретінде танылады. Патологиялық құмар ойыншылардың туыстары алкоголизмнен, нашақорлықтан және басқа психикалық бұзылулардан айтарлықтай жиі зардап шегеді. МРТ зерттеулері құмар ойындарға тәуелділіктің сау адамдармен салыстырғанда марапаттау жүйесінің сезімталдығының төмендеуі және когнитивті және психикалық функцияларға жауап беретін мидың бірнеше аймағының белсендіруінің жоғарылауымен байланысты екенін көрсетті. Психологиялық себептерге жалғыздық, импульсивтілік, шамадан тыс көпшілдік, басқаларға еліктеуге ұмтылу жатады. Патологиялық құмар ойындар отбасындағы сау емес қарым-қатынастардың, балалық шақтағы дұрыс емес құндылықтардың, туыстарының құмар ойындарға тәуелділігінің және қаржылық мәселелердің салдары болуы мүмкін. Ал қоршаған орта факторларына ойындардың қолжетімділігі мен заңдылығы, теледидарда көптеген ұтыс ойынын ұйымдастыру, кез келген жастағы адамға тәулік бойы әртүрлі құмар ойындарды ойнауға мүмкіндік беретін онлайн казинолар мен мобильді қосымшаларды әзірлеу жатады, – дейді маман.
«Құмар ойынға әуестік қаражаттың болмауынан, жылдам қалталы болу мүмкіндіген» дейміз, алайда біздің кейіпкердің оқиғасы бұл тұжырымды жоққа шығарады.
– Құмарлық балалық шағымнан басталды. Бұрын теледидардан «Бинго» деп аталатын ойын жүргізілетін. Мәселе осы кезде басталды, алайда жанымдағы ата-анам бұған мән бермеді. Менде де балалық қызығушылықтың арты лудоманияға әкеледі деген ой болмады. Өсе келе тіккен бәстерім еселене берді. Азартқа бас алмай салынған кезім – студенттік кезең. Ешкім «Кел, бірге бәс тігейік» деп шақырмады. Мен алыстан танымайтын адамдардың ойнап тұрғанын байқадым. Олар қомақты қаражат ұтып алды. Азартқа деген қызығушылық осы сәттен бойымды биледі. Мен жай алдыма келген мүмкіндікті пайдаландым. Ұтыспен шықтым. Кейін ойынның саны, бәстің саудасы мен құндылықтар өзгере бастады. Лудоманияға келуіме ақшаның жоқтығы себеп емес еді. Туа- біткен болмысымда құмарлықтың лебі болды, – деді ол.
Пациент саны неге аз?
Ойынқұрмарлықтың диагностикасымен психиатр-нарколог немесе психолог айналысады. Бірақ лудоман маманның алдына өзі келмейді. Көбіне оны туысы не танысы әкеледі. Мамандардың айтуынша, игроманның бойынан келесі ойын ойнау мүмкіндігін аса қатты күтуі, тәуекел деңгейі әр мүмкіндік сайын көтерілуі, ұтылған ақшаны қайтарып алғысы келетіндігі, гемблингке деген әуестігін жақындарына айтқысы келмейтіні және тағы да басқа ерекшеліктер байқалады. Лудоманиядан арыламын деген адамның өзі кейде тәуелдіктің бар екенін мойындамайды. Бұл тұрғыда ҚР денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев пікір білдірді.
– Лудоманиямен ауыратын адамдар, біріншіден, өздерін ауру деп мойындамайды. Екіншіден, өткен жылға дейін құмар ойынға тәуелділігі бар адамды психикалық денсаулық орталығына динамикалық бақылауға алу механизмі болды. Ол пациенттің тарихында, құжаттарында көрініс тапты. Әрине, ешкім медицина тарихында динамикалық бақылаудың болғанын қаламайды, – деді ол.
Экрандағы тәуелділік
Жуырда кинотеатрда «Ауру» фильмінің көрсетілімі басталды. Ол прокатқа шыға салысымен қазақ киноиндустрияда ерекше орын алды. Фильм қарызға батқан жас отбасының тағдырын баяндайды. Өмірден күдерін үзген Азамат жоспар ойлап табады. Ол әйеліне өлімге әкелетін диагнозды жаздырып, оның «емделуіне» ақша жинайды. Алдымен бәрі жоспар бойынша жүреді. Бірақ оңай ақша мен назардың азғыруына алданған жұп өздерінің өтіріктерінің құрсауында қалады. Фильм көрсетілімге шықпай тұрып, TikTok әлеуметтік желісінде көп бейнежазба жарияланды. Олар «Ауру оқиғалар» атты айдармен жарық көрді. Мұнда сюжетті ашатын бірнеше туынды бар. Оның бірі – Алдияр Жапарханов түскен құмарлық туралы шағын хикая. Мұнда басты кейіпкер ақша тігу үшін үйіндегі бар дүниені сатады. Ол бәске не қоятынын білмей, әжесінің тығып қойған ақшасын іздейді. Әжесінен ақша жоқ екенін естіп, ашуланады. Бір мезетте оның көзі апасының алтын тісіне түседі. Сол мезетте оның ойы жамандыққа қарай бет бұрды. Бәс тігу үшін Алдияр әжесінің алтын тісін жұлып алады. Міне, лудомания адамды «иллюзияның» құлына айналдыратынын, зұлымдыққа әкелетінінің дәлелі. Біздің жасырын кейіпкерімізде өзінің басынан өткен оқиғамен бөлісті.
– Лудоман кезің мас күйде жүргендей сезіледі. Бірде жедел бәс тігу керек болды. Ол үшін ақшаны банкомантқа салып келу керек еді. Қолымда 3 жасар сәби бар. Бірақ ойым тек ақшада. Сол себепті баламды жалғыз үйге тастап, жұмысыммен кеттім. Қазір неге балама сонша бейқам қарадым деп өзімді кінәлі сезінемін.
Кейіпкердің айтуынша, лудомания оның өмірін түбегейлі өзгерткен.
– Ажырасуымның басты себебі – азарт ойынға тәуелділік. Маған көп мүмкіндік берілді. Келіншегім мені өзгереді деп ұзақ үміттенді. Отбасын құрғанда ешкім «4-5 жылдан кейін ажырасамын ғой» деп үйленбейді. Жарым менің тәуелділігімнің зардабын шекті. Бізде бастапқы кезеңнен отбасылық жүйе дұрыс қалыптаспады. Біреуінің басты құндылығы – отбасы, менікі – құмар ойын болған кезде арада міндетті түрде түсініспеушілік болады. Ортақ мақсат пен көзқарас болмағандықтан соңы ажырасуға алып келді. Бұл бір күнде қабылданған шешім емес. Ол қаншама жыл адамның бойында жинақталады. Шегіне келген кезде осындай салдар туады. Мен кезекті реабилитациядан өтіп жүрген кезде отбасым құлдырады. Анам менімен жарты жыл көлемінде хабарласпады. Оны түсінемен. Себебі ішінде реніш пен ақталмаған үміт бар. Оңалту кезінде белгіленген уақытта жақындарымызға хабарласуға мүмкіндік берілетін. Бірақ менің қоңырау шалатын ешкімім қалмады, – деді жасырын кейіпкер.
Тәуелділіктен ең бірінші зардап шегетін лудоман емес, оның жақындары. Бұл оқиға оның куәсі. Отбасы мен достар мұндай кезеңде үлкен күйзеліске түседі. Себебі осыған дейін арқа сүйеген жан-жары, әкесі немесе анасы, бала кезден айырылмас дос болған жанның өмірі шимай тағдырдың торында қалады. Осы тұрғыда «Лудоманияны емдеуге бола ма?» деген сұрақ туындайды.
Маманның айтуынша, бұл аурудың стадиясына байланысты. Игроманияның 3 кезеңі бар. Біріншісі, компенсация деп аталады. Мұнда ойында сезілген эмоциялар, өмірдегі жалғыздық, қорқыныш арқылы ойынның тартымдылығы күшейеді. Ұрыс-керіс пен қарыздарға қарамастан отбасы мен жұмыс бірқалыпты болады. Кейде осы мәселелер үрей тудырып, «жарық кезеңдер», яғни ремиссия орналады. Бұл стадия жарты жыл мен 2 жыл көлемінде жүзеге асады.
Екінші стадия – субкомпенсация. Мұнда тәуелді адам күнделікті ойын үстінде 20 сағатқа дейін уақытын өткізеді. Олар ұтылған ақшаға назар аудармайды, артынан одан да көп соммаға бәс тігеді. Адамның өзін-өзі ұстауы өзгереді, ол туыстарын алдауға, ұрлыққа, алаяқтыққа баруы мүмкін. Осы уақытқа дейін сүйсініп істейтін қызығушылықтары мүлдем еленбей кетеді. Отбасылық және жеке қарым-қатынас бұзылады. Жұмыс орнында конфликттер туындап, кәсібін тастап кетуі мүмкін. Ең алғаш суицид туралы ойлар пайда болады. Кейбір ойыншылардың азарттан көңілі қалып, туыстарының жәрдемімен емделуге келіседі. Бұл 3-6 жыл аралығында болады.
Үшінші стадия – декомпенсация. Бұл кезеңде ешқандай себеп ойынға тәуелділікті тоқтата алмайды. Лудоман депрессия мен тұлғалық дағдарысқа ұшырайды. Отбасы мен жұмыс халі нашарлап, заңмен және жүрек-тамыр, ас қорыту жүйелері секілді аурулар туындайды. Ойыншы көбіне суицидалды ойларды жүзеге асырады. Ремиссия мүлдем байқалмайды. Бұл стадия 7-15 жыл аралығын қамтиды.
Жақындарымызда ұқсас қиындық туса біз оған көмектескіміз келеді. Алайда бұл қаншалықты дұрыс? Гүлнар Кенжалиевнаның тәжірибесінде келесідей оқиға болыпты. Бірде терапияға 25 миллионға қарызға кірген лудоман келген. Ол азарттың қызығына кіріп, үлкен тығырыққа тірелген көрінеді. Алайда ол мүлдем сын көтермейді және ата-анасының алдындағы кінәні де сезбейді. Кейін дәл осы мәселемен екінші жігіт келген. Ол шамамен 500 мың көлемінде жалақы алады. Қолына қаражат түскенде бірден ойын ойнайды. Бірақ ешкімнен қарыз, несие де алмаған. Кейін психотерапия арқылы ол барлық табысын ата-анасына беріп, кешірім сұраған. Құмар ойындарға тәуелділікті емдеу және оңалту бағдарламасына психотерапия, фармакотерапия және әлеуметтік терапия кіреді.
Психотерапия патологиялық құмар ойындарды жеңуге, құмар ойындарға тәуелділіктен туындаған психикалық бұзылуларды түзетуге және онымен байланысты мәселені емдеуге бағытталған. Бұл ауыр жағдайларда стационарлық кезде жүргізіледі. Негізгі емдеу әдісі – когнитивті мінез-құлық терапиясы. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншіден, пациенттің емделуге деген қызығушылығын, оны арттыру жолдарын анықтау және мінез-құлықты өзгертудің ықтимал стратегияларын жоспарлау үшін мотивациялық сұхбат жүргізіледі. Екінші – құмар ойындарға әкелетін триггерлерді анықтау. Ол орнаған кезде балама әрекеттерді әзірлеу керек. Кейін науқас күнделік жүргізеді, онда күшті эмоцияларды тудыратын жағдайлар туралы жазады. Терапияның соңғы кезеңінде пациентті аутогендік жаттығу әдістеріне үйрету жүреді. Мұнда өзін-өзі сендіру, шығыс техникасының элементтері және еркін күйге бағыттау жүреді.
Реабилитациялық курс 9-12 ай көлемінде жүзеге асады. Ремиссияның уақыты пациенттің, туыстарының қатысуына байланысты.
Лудомания адамды тек қаржылық тұңғиыққа батырмай, рухани дағдарысқа ұшыратып, адами болмыстан айырады. Құмар ойынға тәуелділік – жай ғана «қызығушылық» немесе «ақшаның жетіспеушілігі» емес, бұл емді қажет ететін психикалық дерт. Оңай олжа мен жылдам байлықтың елесіне ерген жандардың тағдыры көбіне өкінішпен аяқталады. Бірақ экрандағы ұтыс пен виртуалды жеңіс шынайы өмірдегі бақыт пен адамның жарқын болашағынан қымбат емес. Тәуелділіктің шырмауынан шығу қиын. Сондықтан азарттың азабынан аулақ болайық!
Мерей МАЙБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
