2020 жыл қазақстандықтар үшін ауыр жыл болды. Коронавирус инфекциясымен халық жаппай ауырды. Қаншама адам бақилық болды. Алғаш рет карантиндік шектеулер енгізіліп, болк посттар қойылды. Пандемияның салдары халықтың тұрмысына да әсер етті. Осы тұста  Мемлекет басшысы зейнетақы қорынан қаржы алуға рұқсат ететін заңға қол қойды. Қаражат тұрғын үй алуға немесе емделу мақсатында беріле бастады. Бұл жаңалық енген бойда, тұрғындар өз жинағы туралы мәліметті алды. Бірі электронды үкімет порталы арқылы, енді бірі мобильді қосымша арқылы анықтаса, қор филиалында да кісі қарасы қалыңдады. Бәрінің мақсаты бір, аталған қаржыға қол жеткізу. Ең бастысы, шотта шекті сома қалуы шарт. Шекті сома әр жастағы адам үшін әртүрлі. Бірі бұл мүмкіндікке қуанса, енді бірі шекті соманың тым жоғары екенін айтып ренжіді.

 «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда ең төменгі жалақы – 42 500 теңге, ең төменгі зейнетақы – 38 636 теңге, мемлекеттің базалық зейнетақысы – 16 839 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 183 теңге деп көрсетілген. Орташа айлық жалақы – 168 500 теңге. Бұл көрсеткішпен қарапайым халықтың шекті соманы жинай алуы екіталай. Қордан артылған соманы қанша салымшы алды? Қандай мақсатқа жұмсады? Бұл туралы аймақтағы қор филиалының басшысы, 16 мыңнан аса өтініш түскенін айтты.

Қор қолдау етті, жиғаның неге жетті?

Арнұр Құрманғали, Бірыңғай Жинақтаушы Зейнетақы Қорының Қызылорда облыстық филиал директоры:

− Қорда салымшылардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мен емделулері үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы 16 166 өтініш қаралды. Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін облыс бойынша БЖЗҚ шамамен 10 816 өтінішті орындай отырып, 34 млн 611 мың теңгені салымшылардың арнайы шотына аударды. Орындалған өтініштердің басым бөлігі «Отбасы банкі» АҚ арқылы берілген. Естеріңізге сала кетейік, «Отбасы банкі» АҚ уәкілетті операторында ашылған арнайы шотқа бір жолғы зейнетақы төлемі түскеннен кейін, алушы уәкілетті операторға бір жолғы зейнетақының тағайындалған мақсатын растайтын құжаттарды төлем түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде ұсынады. Белгіленген мерзімде уәкілетті операторға растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады. Сонымен қатар  зейнетақы жинақтарын пайдалану кезінде азаматтар уәкілетті операторлар арқылы жылжымайтын мүлікті тіркеу кезінде өтініште көрсетілген мақсатты өзгертуге құқылы.

Он мыңнан аса қызылордалық, қордағы қаржысын тұрғын үй мәселесін оңтайландыруға арнаған.

Қор қолдау етті, жиғаның неге жетті?

Жасұлан СЕРІКОВ, қала тұрғыны:

− Қорға бұған дейін жинаған қаржымнан тек 400 мың теңге ғана артылды. Отбасымыздың ипотекасына аудардық. Бұған дейін ай сайын 73 мың теңге төлейтінмін. Осы қаржыны аударған соң ай сайынғы төлем азайып, бізге жеңілдік болды. 2 миллионнан аса қаржысын алып, бірден баспанаға қол жеткізген достарым да бар. Біздің аймақта да баспана мәселесі ең өзекті тақырып. Президенттің қордан ақша алуға мүмкіндік бергені жақсы болды. Көптеген отбасы шапағатын көрді. Бір жағынан, жалақысы жақсы әрі бірнеше жерде жұмыс істеп қарману керегін де түсіндік.

Қор қолдау етті, жиғаның неге жетті?

Айжан АЙТМАҒАНБЕТОВА, қала тұрғыны:

− Менің жасым 32-де. Өкініштісі, мен шекті соманың жартысын да жинамағанмын. Еліміздегі айлықтың төмен екені білініп қалды. Ірі компанияларда жұмыс істейтін адамдар ірі қаражат алды. Мұнай саласында істейтіндер 20 миллионға дейін қаржысын белгілі бір мақсатқа аударды. Меніңше, қаржылық қолдауға мұқтаж, әлеуметтік жағдайы орта және төмен топтарды ескермеген. Бұл жағдайы бір ізге түскен, ипотекасы бар адамдарға қолдау болды. Ал ипотекаға алғашқы жарна пұлын жинай алмай жүргендер қорында 2 миллион қаржы болса да жартысын ала алмады. Шекті соманы шегелеп қойған. Бір жақты ғана қараған.

Қор қолдау етті, жиғаның неге жетті?

Самат БОДЫҚОВ, Шиелі ауданы:

− Бұл жаңалықты естігенде мен қатты қуандым. Қаржылай қолдау болар деп, дереу өзімнің жинақтарымды тексердім. Қаладан баспана алуға септігі тиер деген үміт болды. Өкінішке қарай, 17 жасымнан бастап жұмыс істесем де, жинаған сома 2 миллионнан аспаған. Ал кестеде 3 миллионнан асуы қажет деп көрсетілген. Жалақысы жоғары мекемеде істеу керек екен. Ауылдан бізді кім ондай жұмысқа ала қояды. «Бермесіңді қызартпа» деген, бұл жолы да тұрмыстық жағдайы жақсы отбасылар қуанып қалған шығар.

Қаржысын емделу мақсаттары үшін 1 191 адамның жазған өтініші орындалған. Тісін емдеткен қала тұрғыны Қыздаргүл Әбдібекқызы, көптен бері сәті түспей жүрген бір іс бітті деп отыр.

Қор қолдау етті, жиғаның неге жетті?

Қыздаргүл СҮГІРБАЕВА,

− Бес баламен 53 жасымда зейнетке шықтым. Қазір 58 жастамын. Осы кезге дейін үздіксіз жұмыс істеп келемін. Жиналған қаржыдан 500 мың теңге қаржы ауысты. Емделуге жұмсайын деп шештім. «Тіс саулығы – ұлт саулығы» деген, тістерім көптен бері мазалап жүрген. Бәрін бір уақытта емдетудің сәті түспеген еді. Қаламызда отыз жылға жуық еңбек етіп жатқан «Шарапат Стом» тіс емханасын таңдадым. Білікті дәрігерлер жұмыс істейді екен. Қазір тістерімнің өлшемін алды, емдеп жатыр. Жаңа тіс орнатып береді. Өзіміздің адал еңбегімізбен жиналған қаржы ғой, игілігін көрдік.

Сонымен қатар қордағы қаржысын «Jusan Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ мекемелеріне инвестициялық мақсатта аударған салымшылар да бар. 22 тамыздағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға аудару туралы 50 өтініш түскен. Алайда барлығы 39 өтініш бойынша 43 млн. теңгенің төлемдері арнайы шотқа аударылыпты.

Қор қолдау етті, жиғаның неге жетті?

Ильяс МҰХАТАЙҰЛЫ,  «Отбасы банкі» АҚ-ның Қызылорда филиалы директорының орынбасары:

− Облыс бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге ақы төлеу мақсатында зейнетақы қорынан төлемдерін алу бойынша 21 032 млн теңгеге 5 411 өтініш қанағаттандырылды. Жұмсалу мақсатына қарай, 84 пайызы баспана алуға арналған. Яғни  3 909 азамат жылжымайтын мүлік сатып алды. Қалған 14 пайызы ипотекалық несиесін жауып, емделуге жаратты. Бұл жұмыстар әлі жалғасуда. Алдымызға келген әрбір клиентпен жеке жұмыс істеп, қаржысының игілігін көруі үшін қызмет көрсеттік. Қор қаржысын мақсатты пайдалану тұрғындарға оң ықпал етті. Тұрмыстық мәселелері шешімін тапты.

«Қазақстан үкіметі жасаған бұл мүмкіндік жаңа нәрсе емес. Дамыған және кейбір дамушы елдерде зейнетақы қорынан ақшасын алу мүмкіндігі қарастырылған. Қорда ақша қалғаны дұрыс, мемлекет маған өз қалтасынан зейнетақы төлемейді. Салымшының жинақ мөлшерін алғаны да мемлекетке пайдасы болмаса, зияны жоқ» деп пікір қосты экономист Асылхан Андашов.

Қор қолдау етті, жиғаның неге жетті?

 Әсел ЖАРАСҚАЛИҚЫЗЫ, қаржыгер:

− Зейнетақы қорынан ақшаны алу қазақстандықтарға үлкен мүмкіндік болды. Баспанасыз жүргендер алғашқы жарна төлеп үй алуға, ипотекаға төлем жасап, ай сайынғы төлемі, банкке берілетін пайызы азайды. Нарықта тіс еміне қолдану тиімді болды. Көптеген азаматтардың барлық тісін бір уақытта емдетуге ауқымды ақшасы болмайды. Тістің емі де арзан тұрмайды. Ал инвестиция ретінде ақшасын үшінші ұйымға тапсыруы да жақсы мүмкіндік. Кейін салған қаржысын көбейтіп алады. Бізге көптеген адамдар қордағы ақшасын тиімді жарату мақсатында кеңес алды. Бүгінгі жұмыссыздық басты мәселе болып тұрған қиын уақытта бұл халыққа қаржылық қолдау болды.

Қор қолдау етті, жиғаның неге жетті?

Асылхан АНДАШОВ, Graduate School of Business  UIB (GSB UIB) бизнес мектебінің жоба меңгерушісі, экономист:

− Егер мен 5 млн жинаған болсам, оның барлығын шешіп ала алмаймын. Өйткені мен оны шешіп алсам, зейнетке шыққанда жинағымдағы ақшаның көлемі маған ай сайын зейнетақы төлеуге ұзақ мерзімге жетпеуі мүмкін. Демек, мен жинағымның барлығын шешіп алсам, қартайғанда зейнетақы ала алмай қалуым мүмкін. Ал мемлекет өз қалтасынан маған зейнетақы төлемейді. Сондықтан мемлекет салымшылар қартайғанда зейнетақы алу мүмкіндігі болуы үшін шектеу қойды. Өз салымдарынан үйге немесе денсаулық үшін ақшасын жұмсағаны бизнес үшін жақсы. Сіз жинағыңыздан 2-3 млн теңге шешіп, оны жылжымайтын мүлік немесе медицина саласына жұмсайтын болсаңыз, одан құрылыс саласы мен медицина саласындағы кәсіпкерлер пайда көреді, сол салаларға қосымша сұраныс туындатасыз. Мемлекет одан салық жинау арқылы пайда көреді. Сондықтан біз қаншалықты көп ақша жұмсасақ, соншалықты бизнес пен мемлекетке жақсы. Қазір 1 трлн теңгеден астам ақша шешіп алынды, енді құрылыс және медицина, инвестиция сияқты салаларға кетеді сол ақша. Ол экономиканы ынталандырады.

Қор қолдау етті, жиғаның неге жетті?

Сыргүл МОЛДЫРАЙЫМОВА, қала тұрғыны:

−  Біздің елде халық игілігі үшін әжептеуір реформалар шығып жатады. Бірақ сол реформалардың халыққа тиімділігі, ертеңгі күні салмағы болмайтындай сараланып, зерттеліп жатпайды. Мысалы, осы қордың бір бөлігі халыққа берілгенімен баспана бағасы шарықтап кетті. Одан халық зардап шегіп, онсызда үйге қолы жетпей жатқандарға баспана ауылы тағы алыстады. Қордың ақшасын бергені бар болсын, үйге аударылатын ақшаның салығын клиент өзі төлейтіні тағы бар.

Қазақстан үкіметі Сингапур тәжірибесіне сүйеніп отыр. Сингапурде жинағыңыздың бөлігін үй алуға, денсаулық мәселесін шешуге жұмсауға болады. Малайзияда да осы мақсаттарда ақшаңызды ала аласыз. Ал Дания, Жаңа Зеландия сияқты елдерде үй, денсаулықпен қоса қатты қаржылық қиын жағдайға түскенде шешіп алуға мүмкіндік берілген. Чили елінде кез-келген жинағы бар адамның дағдарыс кезінде 10% жинағын алуға мүмкіндігі бар.

P.S. «Халық деген бей­шара ғой, сойыл соғысқанда бiр­ге соғысады, үлеске кел­ген­де құм асайды» депті жиыр­масыншы ғасырда жа­зушы Мұхтар Әуезов. Ал ел­дің мұ­ңын жоқтаған ақын Абай Құнанбайұлы: «Жұрт − жас ба­ла, жылатып тартып ал­ма…» деген екен. Халыққа қол­дау білдіріп қарайласса қуанасың, тек тіртінектеп тапқан-таянғанын тартып алмаса болды да.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!