Фото: ашық дереккөзден

Соңғы уақытта «мопед» мінгендердің мәселесі өршіп тұр. Қос дөңгелекті көліктен қаза тапқандардың саны күн санап артып келеді. Осы тақырып төңірегінде әлеуметтік желідегі ақпараттардан көз сүрінеді. Иә, мопедтің бағасы қолжетімді. Қоғамдық не кәнігі көлікпен жүргеннен гөрі әлдеқайда тиімді. Дей тұрғанмен қос аяқты құрылғының қоғамға тигізген пайдасынан зияны көп болып отырғанын жасыра алмаймыз. Өкініштісі сол, мопед тізгіндеп мерт болып, ауыр жарақат алып жатқандардың көбі – кәмелетке толмағандар. Ішкі істер министрлігі түйткілдің түйінін тарқата алмай әлек. Көптің талқысына түскен тақырыпты тереңнен түртіп көрелік.

Мопед тізгіндегендердің салғырттығынан елімізде былтыр жол апатының саны айтарлықтай артқан. 2023 жылы осы көлік құралына қатысты 750 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Соның салдарынан 39 адам көз жұмып, 730 адам жарақат алған. Ал биылғы 6 айлықтағы көрсеткіш жаға ұстатады. 542 жол апаты тіркеліп, салдарынан 27 мың адам қаза тапқан болса, 577 адам жарақат алыпты. Осы 577-нің ішінде мүгедек болып қалғандары да бар. Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің қатысуымен 31 мыңнан астам құқық бұзушылы анықталған. Бұл салыстырмалы сандар тек мемлекеттік жүйені, құқық қорғау органдарын ғана емес, тұтас қоғамды алаңдатуы керек.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов мопед мінгендердің жол үстінде жиі апатқа ұшырайтынын айтып, Ішкі істер министрлігіне бақылауды күшейтуді тапсырған еді. Сол тұста:

– Жуырда «Мопед мәселесі уайымға айналды» деген мақаланы оқып шықтым. Сонда көрсетілгендей биылдың өзінде мопедтердің қатысуымен болған апатта 27 адам қаза тапты. Масқара дерек. Осы мәселені қалай шешіп жатырмыз? – деп сауал жолдады Премьер-министр.

Ал Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мұндай мәселенің бар екенін жасырмады.

– Көбіне мопедті басқаратын жасөспірімдер мен курьерлер. Қазіргі таңда заңнамалық шаралады қабылдап жатырмыз. Бірінші – бүкіл мопедтерді тіркеу жұмысын жүргізу. Кейін мемлекеттік нөмір беріледі. Яғни, көлік құралын жүргізу үшін куәлік қажет болады. Қазір заң жобасы Сенатта қаралып жатыр, – деген жауап қайтарды Сәденов.

Ведомстова басшысының дерегінше, осы уақытқа дейін 39 мың жүргізуші анықталып, жазаға тартылған екен.

– Оның ішінде 202 азамат кәмелетке толмағандар. Олардың ата-аналары жауапкершілікке тартылды. Жол ережелерін өрескел бұзғаны үшін арнайы орынға 5 мыңнан астам мопедтер қамалды, – деді ІІМ басшысы.

Күнделікті өмірде жол бойындағы көріп жүргеніміз – мопед иелерінің жол ережелерін сақтамауы. Ал соның соңы апаттарға әкеліп жатыр. Адам шығыны да айтарлықтай көп. Баласының көрсеқызарлығына көніп, көңілін жыққысы келмеген талай ата-ананың баласын жоқтап, «боталап» қалғандарын көрсең қосыла егілгің келеді.

Бұл саладағы тағы бір өзекті мәселе – айыппұл. Яғни, бұзушылықтар үшін жүктелген жауапкершілік мардымсыз. Сондай-ақ, адам өміріне зардабын тигізген көлік қатынас құралына қатысты ешқандай жауапкершілік көзделмеген. Осы мәселеге қатысты қолданыстағы заңнаманы сөйлетсек, ең бірінші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі мен Жол жүрісі қағидалары алдымыздан шығады. Яғни, мопед мінгендер заң шеңберінен шығатын болса, кодекстің 596, 612, 615-баптары бойынша әкімшілік жауапқа тартылады екен. Сонымен қатар 44-бап бойынша қос аяқты көлікті қоғамдық орында масаң күйде тізгіндегендер бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Яғни, ӘҚБтК 620 бабы бойынша, айыппұл 3 АЕК, бұл 11 мың теңге ғана.

Ендігі кезекте Мәжіліс депутаттарының бастамасымен оларды міндетті мемлекеттік тіркеуге алып, А1 санатындағы жүргізуші куәлігін беруді енгізу ұсынылып отыр.

Еске салсақ, Мәжілістің мамыр айындағы кезекті жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көлік құралдарының жекелеген түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша енгізілген заңнамалық түзетулер екінші оқылымда қабылданған. Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляеваның баяндамасын бақыласақ, мопедтерді тіркеудің жаңа талаптары заңға қол қойылған соң 6 айдан кейін күшіне енеді. Осы уақыт мопедтерді «заңдастыру» үшін берілген.

Сондай-ақ, тізгіндеушілер жол қозғалысының толыққанды қатысушыларымен теңестірілу үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте тиісті өзгерістер енгізіледі. Мопедтерді басқару үшін азаматтар уәкілетті органда міндетті тіркеуден және жыл сайынғы техникалық байқаудан өтеді. Оның үстіне азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі тағы бар.

Мопед жүргізушілері де автокөлік тізгіншілері секілді жауапкершілікке тартылады. Бұрын жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін олар басқасына қатысушылар секілді ӘҚБтК-нің 315 бабына сәйкес 2 АЕК мөлшерінде айыппұл алатын. Ал біз айтып отырған ереже қабылданатын болса автокөлік жүргізушілері секілді оларға да барлық жауапкершілік жүктелмек.

Қалада арнайы жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Алайда «жолы таусылғандық» танытатын кейін тізгіншілер тұрғындардың арасынан зулап өтіп, тіпті ескерту дабылынсыз көпшіліктің құтын қашырады. Олардың арасында күнкөріс қамы үшін жүрген тапсырыс жеткізушілерден бөлек, алысты жақындатып, діттеген жеріне жету үшін қос дөңгелекті көлікті пайдаланатын балалар да бар.

Қызылорда қаласының тұрғыны Серік Сайфулмәлік көшедегі жылдамдықты асыра айдайтын мопед пен самокат тізгіндеушілердің қатарынан жасөспірімдерді жиі байқайтынын айтып, алаңдайды. Ол жастарды желіктірген құрылғы өзгеге зияны тимесе екен дейді.

– Жеке өзім сақтық шараларын ескере отырып, мопед пен самокат секілді көлік түрлерімен жол қысқартуға тырыспаймын. Қазір қаламызда болған небір жағдайларды естіп, көріп отырмыз. Жаңалықтардағы осыған қатысты ақпараттан көз сүрінеді. Бірде жаяу жүргіншілерге арналған жолда келе жатсам, қасымнан 2-3 жасөспірім мопед пен самокатты үлкен жылдамдықпен айдап өтеді. Сан түрлі жайсыз жағдайлардан кейін олардың өміріне алаңдаймын. Кейде өздеріне «ақырын жүріңдер» деп ескертемін, – дейді ол.

Осы ретте тағы бір маңызды мәселені атап өткеніміз жөн. Тұрғындар мопед жүргізушілеріне ескерту айтса, кейбірі құлақ аспайтынын, тіпті ескертуіне кері жауап қайтарып, жұдырық сілтеуге дейін баратын көлік тізгіндеушілердің барын жасырмады. Осыдан бірер уақыт бұрын, дәлірек айтсақ, 15 шілде күні Алматыда мопед жүргізушісі өзіне ескерту айтқан әйелді ұрып жібергені туралы бейнежазба әлеуметтік желіде тарағаны есімізде. Қазір аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, әйелге қысым көрсеткен жүргізуші іздестіріліп жатыр.

Ал Қызылорда қаласындағы жағдай қалай? Қолға тиген мәліметтерді сөйлетсек, биыл мото және скутерлердің қатысуымен 108 жол апаты орын алған. Салдарынан 4 адам қаза болып, 20 адам жарақаттанған. Ал есепті мерзімде олардың жүргізушілеріне қатысты 1313 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама рәсімделген. Сондай-ақ, көлік басқарған 68 жасөспірімнің ата-анасына шара көрілген.

Мопед мініп, қала көшелерінде делебесі қозып, желігіп жүрген кей жастардың кесірі көлікті тақымдап, кәсіппен айналысып жүрген жандарға да тиіп жатыр. Тұрғындар талабы – осы құрылғыларға тиісті шаралар көріліп, заң аясында қатаң ескерту жасау. Жоғарыда осыған қатысты заң жобасына тоқталдық, бірақ оның алда қалай жүзеге асатыны сіз бен бізге беймәлім…

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!