Әлемдік кинотуындылар арасында кең танылған «Миллионер из трущоб» фильмін көрмеген адам кемде-кем шығар. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бауырлардың құлдыққа жегілуі жайлы бұл фильм талайдың жүрегін қарс айырған еді. Ең өкініштісі біз фильмнен тамашалаған осындай қасіретті оқиға әлемде, қала берді Қазақстанда да орын алып жатыр десем сенесіз бе?
Әлемде әр 3 минут сайын бір адам хабарсыз кетеді. Бірі табылады, ал бірі табылмайды… Нәтижесінде жыл сайын жер бетінде 2 миллионға жуық адам із-түссіз жоғалады. Құлдық пен адам саудасы – басқа елдердің ғана мәселесі емес, Қазақстанда да қылмыс деңгейі жоғары күйінде қалып отыр.
2025 жылдың алғашқы үш айында тіркелген 116 құқық бұзушылықтың 54-і «Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау» бабына қатысты болса, «Бас бостандығынан заңсыз айыру» бойынша 20, «Адам ұрлау» бойынша 18 қылмыс тіркелген. Тікелей «Адам саудасы» бабына сәйкес қылмыстар бойынша 6 іс анықталды, оның ішінде кәмелетке толмағандар да бар.
Елімізде ең көп зардап шегетіндер «Адамды ұрлау» және «Бас бостандығынан заңсыз айыру» баптарына қатысты қылмыстар бойынша тіркелген. Бұл істердің ұзақтығы орташа есеппен 3 жылға созылады. Әлемдік статистика да көрсеткендей, бүгінде адам саудасының негізгі мақсаты «мәжбүрлі еңбек» болып отыр.
Жуырда ғана Жамбыл облысының Талас ауданында кәмелетке толмаған үш баланы құлдықта ұстаған азамат анықталып, ол сот үкімі бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оқиға жайлы тарқатып айтсақ, жаз айларында әлеуметтік желі беттерінде тараған бейнежазба ел ішін дүрліктірген еді. Кадрларда 16 жастағы жасөспірім көмек сұрап, өзін және бауырын құтқаруды өтінген. «Мен бес жыл тұрдым ба… Бес жыл бойы көрмеген қорлығым жоқ… Қамшымен ұрып, сабап, мал бағуға мәжбүрледі. Телефонымды алып қойды. Әр өткен көліктен сағат сұраймыз. Көретін қорлығымыз осы. Үстімнің бәрі жара. Әйтеуір, жатсам да, тұрсам да бір нәрсені ойлатын болдым. Туған әкемнің қолына барсам ғой деп… Үйдегі анам қарсы шыққысы келеді. Бірақ анам өзі қорқады. Өтініш, көмектесіп жіберіңіздерші. Көмектеспесеңіздер білмеймін, өзіме не істер екенмін…», – дейді жасөспірім аталған бейнежазбада.
Кейін анықталғандай зәбір көрсеткен азамат олардың өгей әкесі болып шықты. Балалар 6 тамыз күні үйден қашып шығып, Алматы қаласынан табылған. Істің мән-жайын құзырлы органдар тексере келе, ер адам 2019 жылдан 2025 жылға дейін өзінің үш бірдей өгей баласын жүйелі түрде қорлап, ауыр жағдайда ұстағанын анықтады. Бір апта бұрын жарияланған сот мәліметіне сәйкес, балалар оқу орнына бармағанын, мал бағып, қара жұмыс істегенін және физикалық жағдайлары нашар болғаны дәлелденді. Ал қорғаушы тарап отбасының жақсы өмір сүргенін айтып, зәбір көрсеткен азаматты дін жолындағы адам ретінде сипаттап, жағымды жағынан көрсетуге тырысқан. Алайда, сот үкімімен ол ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тележурналист Руслан Өтепбайдың «Көреміз» бағдарламасы арқылы да көп шындықтың беті ашылған болатын. Соның бірі Түркістан облысы, Шілік ауылында 17 жыл құлдықта болған апалы-сіңілілер Назгүл мен Құндыздың оқиғасын ел ұмыта қойған жоқ. Бағдарламаға қос қыздың құлдықта жүргені жайлы хабар берген сыныптастарына жұрт алғысын жаудырғаны да әлі есімізде. Жағамызды ұстатқан жайт, оларды құлдықта ұстаған өзге емес, өз аға-жеңгесі болып шыққаны. Қыздардың бірінің жасы 32-де, екіншісі 27 жаста. Кейін халық тарапынан қолдау көрсетіліп, қыздар қалаға қоныс аударып, баспана берілді. Алайда қыздардың немере ағасы айыпталушы Cәулебек Әбілдаевқа Назгүл мен Құндыздың тарапынан кешірім беріліп, ауыр жазадан аман қалды.
Ашынғаннан шығады ащы даусым… Ауылдағы қорада «Аққу арман» әнін шырқаған Қоныс есімді баланың әні әлеуметтік желі беттерінде көптің аяушылығын туғызған еді. Аталған видео желіде желдей таралып, тіпті Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстанға дейін жеткен. Осы жағдайдан кейін әнші бала мен оның отбасы жылдар бойы ауыр жұмысқа жегілгені белгілі болып, тағы бір шындық ашылды.
Нақтырақ айтсақ, Ақсуат ауылында түсірілген бейнежазбадағы баланың әкесі Қожагелді Жалғасбаев өзінің отбасы 20 жыл бойы құлдықта болғанын айтып, жанайқайын жеткізді. Олар белгілі кәсіпкердің малын бағып, жылдар бойы қорлық көргенін мәлімдеген. Телеарналарда тараған ақпаратқа сүйенсек, ол 20 жыл бұрын кәсіпкердің «жұмыс беремін» деген уәдесіне сеніп, отбасымен бірге шекарадан өткен. Сол уақыттан бері олардың өмірі қиындыққа толы болған. Жалғасбаевтың сөзінше, отбасы мүшелері үнемі айдалада мал соңында жүріп, қорлық көрген. Отбасының екі баласы мал қорасының жанындағы лашықта дүниеге келген. Балалары мектепке бармаған, құжаттары «оқып жүр» деп жалған рәсімделген. Дегенмен үшеуі де сауатсыз күйінде қалған.
Алайда биыл ақпанда жәбірленуші Қожагелді Жалғасбаев мүлде басқа мәлімдеме жасады. Ол әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада «Құлдықта болған жоқпын. Арамызда түсінбеушілік болды. Ашуға беріліп айтып қойдым. Маған үй алып беремін деді, мал беремін деді. Ешкімге ренішім жоқ», – деп айтқан. Облыстық полиция департаменті бұл факт бойынша іс тіркелгенін растады. «Аталған дерек бойынша Қазалы аудандық полиция бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді. Бұл бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талабына сәйкес, қылмыстық іс жүргізу барысы тергеу құпиялылығына байланысты жарияланбайтынын хабарлаймыз», – деді департаменттен.
Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстанда адам саудасының құрбандарына мемлекеттік бюджет есебінен көмек қарастырылған. Оларға медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық қызметтер сияқты 8 түрлі көмек түрі ұсынылады. Бұл қызметтер қылмыстық іс қозғалғанына немесе қозғалмағанына қарамастан қолданылады. Министрлік мәліметінде Қазақстан азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға бірдей берілетіні айтылған. Сонымен қатар адам саудасының құрбандары азаматтық заңнама аясында материалдық және моральдық өтемақы талап ете алады. Сотқа дейінгі тергеуді жүргізетін маман бұл туралы құрбанға міндетті түрде хабарлауы керек.
– Егер оқиға ауылда болса, істі қала тергеушісіне беру дұрыс. Себебі ауылда адамдар бір-бірін таниды, кейде ұрып-соққан адамның өзі бұрын Ішкі істер органында жұмыс істеген болып шығуы мүмкін, таныстары немесе туыстары болуы ықтимал. 102 нөміріне хабарласса да, сол адам келетінін біледі. Сондықтан біздің ұсынысымыз – істі қалаға беру, – дейді «Дәріс-2016» қоғамдық қорының атқарушы директоры Гүлнұр Едігеева.
Осы жылдың мамыр айында тағы бір жаға ұстатар жайт белгілі болды. Қарағанды облысында алты баланы патронаттық тәрбиеге алып, оларды бірнеше жыл бойы азаптап келген отбасы сот алдында жауап беруде. Тергеу материалдарында көрсетілгендей, 2018 жылдан бері қамқоршылыққа алған балаларды жүйелі түрде ұрып-соғып, ауыр жұмыстарға жеккен отбасы анықталды. Бір баланың денсаулығы зақымданып, мүгедек болып қалған. 8 жасында оқтаумен басынан ұрылып, бас сүйегі жарылған бала бірнеше рет ота жасатқан. Оның басына пластина қойылған, бүгінде арнайы интернатта тұрады және дәрігерлер оған эпилепсия диагнозын қойған деседі.
Сотта куәлік берген тәрбиеленушілер қамқоршылардың өздерін қамшымен, оқтаумен, темір заттармен ұрып-соққанын айтқан. Ізінше балалардың денесінен сарапшылар елуге жуық тыртық анықтады. Куәгерлердің айтуынша, қамқоршылар балаларды аязды күні жалаңаш далаға шығарып, онымен қоймай итпен қуып қорқытқан. Қора тазалауға мәжбүрлеп, тіпті жаза ретінде сиыр тезегін жегізген. Балалардың сөзінше, олар күнделікті аш жүрген. Тәрбиеленушілерге берілетін тамақ пен киім қамқоршылардың туған балаларының қажеттіліктеріне жұмсалғаны да дәлелденді. Мемлекеттен бөлінген қаражатқа балаларға тек қора тазалауға арналған етік қана жаңартылған. Киілген, ескі киімдерді киюге мәжбүр болған балалар бірнеше рет мұғалімдерге де, дәрігерлерге де көрген құқайы туралы айтқан екен. Алайда ешбір мемлекеттік орган нақты шара қабылдамаған. Сондай-ақ балалар бес жыл бойы қадағалауға тиісті қамқоршылық органдарының мамандарын да көрмеген.
Анықталғандай, сотталушылар – 45 жастағы ер адам, оның жұбайы және қызы болып шықты. Оларға «Азаптау, ауыр дене жарақаттарын салу, алаяқтық» баптары бойынша айып тағылды. Тергеу дерегінше, патронаттық тәрбиені ресми жүргізген отбасы мемлекеттен бөлінген 6 миллион теңгеден астам қаражатты қалтаға басқан. Ал ер адам ақшаның көп бөлігін букмекерлік кеңселер мен лотереяларға жұмсаған.
Айта кетейік, былтыр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң негізінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау күшейтілді.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы балалардың құқықтарын қорғау саласында алты маңызды заң қабылданып, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен саудаға қарсы жауапкершілік күшейтілген болатын. Ал биылғы жаңа заң осы шаралардың жүйелі жалғасы ретінде қабылданды.
Заңға сәйкес, балаларды асырап алу немесе қамқоршылыққа беру кезінде алдымен туған-туыстары қаралады. Егер жақын туыстары болмаса, бала заңды некедегі отбасыға орналастырылады. Сонымен бірге министрлік өкілдерінің айтуынша, қылмыстық қудалау жүріп жатқан азаматтарға бала асырап алу, қамқоршылық немесе патронаттық тәрбиеге қатысуға тыйым салынады.
Сондай-ақ қамқоршылар, қорғаншылар, патронат тәрбиешілер және асырап алушылар жыл сайын өз денсаулығы, табыс көзі, тұрмыстық жағдайы және бұрын сотталмағанын растайтын мәліметтерді тапсыруы тиіс. Жаңа нормалар балаларды қорғау жүйесін күшейтіп, оларды отбасында тәрбиелеу жағдайларын тұрақты бақылауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Мақаламызда қозғаған жайттар мәселенің шет-жағасы ғана. Зерттеп, зерделеуге жең түре кіріссең мұндай оқиғаларды санап тауысу әсте мүмкін емес. Шындығын айту керек, елімізде ауылдық елді мекендерде орналасқан жеке қожалықтарда жұмыс істейтіндердің көбінде еңбек шарты жоқ. Сол себепті құлдықта ұстау фактілері жалпақ тілмен айтқанда «малшы ауылдарда» жиі кездеседі. Осы орайда, аталған мәселелені шешудің бірден бір нұсқасын ұсынғымыз келеді. Аймақтардан адам құқықтарын қорғайтын қоғамдық қор құрып, мамандар әр жартыжылдық ішінде бір рет ауыл шаруашылықтарын аралап, әр жұмысшымен жеке сөйлесуі қажет-ақ. Жұмысшының өз еркімен жүргені жөнінде, жалақысын уақытылы алып не ала алмай жатқаны жөнінде, тағы басқа ақпараттарды сұрап, сауалнама ұйымдастырып отырса осынау қылмыстың беті қайтар ма еді. Біздегі тілек – адам құқығының тапталмауы ғана.
Тілек ҚАБЫЛ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
