Соңғы уақытта шетелге жұмыс істеуге кететін жастардың саны артты. Көбі заңды-заңсыз жолмен шекарадан өтіп, жалақысы мол жұмыс іздеуге кіріскен. Таңдаудың басым бөлігі Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, АҚШ елдеріне түсуде. Сұраныстың ұлғайғаны сонша, тіпті жалдамалы жұмыс ұсынатын арнайы орталықтар көбейіп, визадан бастап қажетті құжаттарды жинауға жәрдемдеседі. Аз уақытта қомақты қаржы алуға ниетті жастар белгіленген талаптарды орындап, барынша өзге елде нан табуға талпынуда. Осы ой жетегімен сан соғып, қателескендер де қаншама…
Статистикадан бастайық. Мәліметтерге сүйенсек, 29 жасқа дейінгі қазақстандық жастардың 45 пайызы шетелге құмар. Оқу, саяхат, жұмыс, кәсіп. Әйтеуір, жақсының бәрін сыртта деп ұғып, мүмкіндікті шетелден іздеуде. Жұмыстың түрін талғамай, тәулік бойы еңбек етуге итермелеген де жақсы өмір сүруге деген құлшыныстан туғаны анық. Алайда шетел асқан кей жастың арасында мамандығына сай емес, қол еңбегін қажет ететін қара жұмысқа жегіліп жатқаны қынжылтады. Ал Түркия, Канада, Германия, Қытай елдерінде тұрақты тұрып қалуға ниетті жастардың үлес салмағы 15 пайызды көрсетеді екен. Әсіресе, Оңтүстік Корея мен Ұлыбританияда бақшалық ісіне жәрдемдесу, құрылыс жүргізу, жүк тасушы жұмыстарда қазақтардың үлесі мол. Тіпті, 5-10 жыл бойы еңбек етіп, түрлі кәсіптің сырын үйренгендер де бар.
Ұлыбритания табысқа жетелей ме?
Бұрын елдегі жастың көбі жұмыс істеу үшін ТМД мемлекеттеріне барса, қазір құрлық асып АҚШ-қа бет түзейді немесе, Ұлыбританияда маусымдық жұмысқа кіріседі. Әсіресе, егін жинау, фермаларда қызмет ету үшін барған қазақстандықтың қатары жыл санап артып келеді. Жарнамасы «айқайлап», жалақы көлемін жариялағасын бәрінің-ақ барғысы бар. Айына кемінде 600 мың мен миллион теңге аралығында табыс табуға болатынын естіген кім-кімнің де аңсары ауатыны анық. Алайда қалтарыстағы талап, ескеру қажет ережелерді білмек керек. Онсыз әрекет етсеңіз, елге қайтудың өзі мұңға айналуы мүмкін. Осы орайда Ұлыбританияда 2 жыл жұмыс істеген жерлесіміз Нұрсұлтан Сеңгірбек шетелдегі жалдамалы жұмыстың қыр-сырымен бөлісіп, қатарлас жастардың неліктен сыртқа құмар екенін жеткізді.
– Бәрі мерзімге байланысты. Визаның мерзімі, жұмыс келісім-шартының мерзімі, шығынның орнын толтыру межесі, қайтуға оқталар сәтіңіздің жобасы… Осы уақыт талабын қатаң сақтасаңыз, кез келген елде жұмыс істеуге болады. Қазақстандықтар үшін негізгі еңбек нарығы – шаруа қожалықтары. Онда дақылдар егу, жинау және сатылымға әзірлеу сатылары бойынша қызметке орналасып, табыс табуға болады. Жұмыс мерзімі – 6 ай. Жалақы сағатына 10-15 фунт стерлинг шамасында белгіленеді. Жұмыс уақыты – 8-12 сағат, аптасына 5-6 күн. Баспана есебінде жылжымалы үйлер беріледі. Оның құны – аптасына 40-50 фунт стерлинг. Еңбекақыны апта сайын қолма-қол немесе есепшотқа аудартуға болады. Міне, осындай талап пен жағдай қарастырылған, – дейді Нұрсұлтан Сеңгірбек.
Расында, Ұлыбритания шетелдік азаматтардың, тіпті студенттердің де кедергісіз жұмыс жасауына мүмкіндік қарастырған. Заң бойынша сырттан келушілер аптасына 20 сағатқа дейін жұмыс істеуіне болады. Содан болар, «Work and travel» бағдарламасы аясында шет тілдерін үйренуге барған қазақстандық студенттердің көбі жұмысқа орналасып, табыс табуға талпынады. Ал жұмыс визасымен келген азаматтарға ешқандай шектеу жоқ.
Корея кереметіне ұмтылған жас
Расында, кез келген жас тұрмыстық мәселені шешу, сапалы білім алу, табысты жұмыс іздеу бойынша ойланары анық. Сол сәтте елдегі жалақы деңгейі, қымбатшылық жайы, күнкөріс мөлшері жастардың өзге мемлекеттен қажы табуға деген ықыласын оятып, мәжбүрлі таңдауға әкелетіндей. Олай дейтініміз, шетелге жұмыс істеуге кеткен кез келген жастың айтар себебі бір. Яғни, мамандық бойынша табатын қаражат аз, нарық бағасы мен кіріс деңгейі көңіл көншітпейді деген уәжі бар. Бұрын осындай себеппен қазақ жастары АҚШ, Германия, Канада, Франция секілді елдерге көшсе, қазір бұл қатарға Оңтүстік Корея қосылды.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Оңтүстік Корея мемлекеті арасында еңбек келісімі жоқ. Сондықтан онда барған жастың көбі заңсыз еңбек істеуге мұқаж. Жұмыстың жалақы мөлшері біздегімен салыстырғанда анағұрлым жоғары болғандықтан басым бөлігі тәуекелге бел бууға кіріседі. Келісім-шартсыз қызметке орналасып, жалдамалы жұмыс істейді.
Корея елі де сыртттан келген азаматтардың еңбекақсы аз екенін ескеріп, түрлі жолмен жұмыс істетуге көшкен. Тіпті шетелдік азаматтарды заңсыз жұмыспен қамтитын арнайы орындар қалыптасқан. Ел арасында ондай орталықты «самушиль» («кеңсе») деп атайды. Яғни, Қазақстандағы «құлбазар» аталып кеткен еңбек базары типтес орын. Барлық жерде талап бір. Жұмыс іздеген шетелдік самушильге ерте барып, басшы ұсынған түрлі жұмысқа кіріседі. Құрылыстағы ауыр жұмыс, шыдамды қажет ететін еңбектің көбі осы салада. Әлгі орталық көрсеткен қызмет үшін алған жалақының 10-15 процентін ұстап қалатыны тағы бар. Сондықтан, заңсыз жұмыс табыспен қатар, бейнет те әкеледі.
Міне, ел асып еңбек еткен жастардың жағдайы осыған саяды. Мол қаражат, қомақты табыс ойлаған азаматтардың арман жетегімен шетелге кетуі ел экономикасы мен еңбек нарығына айтарлықтай соққы берері анық. Елге деген сенімді нықтау үшін жалақы мөлшері мен жұмыспен қамту ісінде қырағылық қажет-ақ.
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!