Құрылыс − адамзат баласымен бірге келе жатқан жасампаз кәсіп. Бүгінде аймақта құрылыс саласы қарқынды дамып, ел экономикасының, оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайының артуына айрықша ықпал етіп келеді. Ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылардың еңбегі ерен. Мыңдаған тұрғын үй мен  қызмет көрсету ғимараттарында, мектептер мен балабақша, ауруханалар мен емханаларда, ғажайып кешендер мен көкпен таласқан көрікті үйлердің көптеп салынуына қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығында да тер төгіп еңбек етіп келеді. Әлемді жаулаған пандемия індетіне қарамастан құрылыс саласы өз жұмысын тоқтатпай, ел игілігін еселеуде.

Қаланың сол жағалауынан 2022-2023 жылдары мемлекеттік бағдарлама аясында 9 және 12 қабатты үйлер салынады. «Биыл облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2158 пәтерді құрайтын 105 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Ал жыл аяғына дейін 1608 пәтерді құрайтын 94 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде.  «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 695 пәтерді құрайтын 49 жалдамалы тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде 232 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына табысталса, 463 пәтер аз қамтылған көп балалы отбасына беріледі. Сонымен қатар ҚР Ұлттық қор есебінен бөлінген 2.8 млрд теңгеге аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін 342 жалға берілетін пәтер сатып алынады», − деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов.

Құрылысшының жайын кім түсінеді?
Арнұр НҰРМАҒАНБЕТОВ

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде Сыр елінде үлгі етерлік іргелі істер баршылық. Баспаналы болу – адам өміріндегі ең маңызды әрі қуанышты сәттердің бірі. Соңғы жылдары осындай бақытқа бөленген қызылордалықтар аз емес. Облыс орталығында тұрғын үй құрылысының ерекше қарқын алуы толайым табыстың бірі. Басты жаңалық   − үстіміздегі жылы аймақта тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар кредиттік үймен қамтамасыз етіледі. Ол үшін 665 пәтерлі 38 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Қызылорда қаласы, СПМК-70 тұрғын ауданында 640 пәтерлі 13 үй, Шиелі ауданы, Шиелі кентінде  25 үй,  жеке құрылыс салушылар есебінен 248 пәтерлі 7 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Мұнан бөлек аймақта әлеуметтік нысандардың құрылысы да қарқынды жүруде. 11 білім ошағы, 5 денсаулық сақтау мекемесі, 4 денешынықтыру орталығы, 7 мәдениет нысаны, 3 құқық қорғау мекемесі, 3 инженерлік-инфрақұрылымдық жүйе салынуда. Бұл әлеуметтік нысандар толық пайдалануға берілсе, әлеуметтің әлеуеті арта түсері анық.

Аймақта әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізіп жатқан компанияның бірі  − «SKS Инжиниринг» серіктестігі. Бүгінде 200-ге жуық құрылысшы еңбек ететін мекемені екі жылдан бері Асылхан Рашев басқарып келеді. Құрылыс компаниясы бүгінде Арал қаласында 100 орынды интернат, 200 орынды №71 орта мектеп құрылысын жүргізуде. Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназиясына қосымша спорт зал құрылысын, кенттегі ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік елді мекеніндегі 90 орынды балабақша құрылысы  аталмыш серіктестікке сеніп тапсырылған. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласы, Махамбет елді мекеніндегі Б.Жөнбаев көшесінде орналасқан  №268 орта мектебіне 200 орынды қосымша ғимарат салуды жауапкершілігіне алған.

Құрылысшының жайын кім түсінеді?
Асылхан Рашев

«Ұл балаларды құрылысшы мамандығына көптеп тәрбиелеу керек. Бұрын бала күнімізде үлкен үйлердің суретін салып, өскенде құрылысшы боламын деп армандайтынбыз. Бүгінгі бала betman, super boy  боламын дейді. Балаларды кішкентай күнінен еңбекке баулып үйретуіміз қажет. Өндірістік тәжірибеден өтуге келсе, жастарды қолдар едім. Қазір құрылысшы мамандығын оқығанымен сол салада еңбек етуге ынтасы жоқ жастар бар. Еніп кетсе, қызығы да бар үлкен сала. Бастысы, құрылысшы жауапкершілікті сезінуі керек» − дейді  «SKS Инжиниринг» серіктестігінің директоры Асылхан Рашев.

Құрылысшының жайын кім түсінеді?
Мұқан Өмірзақ

Облыста «Болашақ Девелопмент» серіктестігі бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жүр. Биыл аталмыш құрылыс компаниясы Қызылорда қаласы, Ақжарма ауылында әлеуметтік-медициналық оңалту бөлімшесінің, Гидроузел көшесінде Байдарка және каноэ есу базасын, Жезқазған трассасы бойындағы 600 орынды мектеп құрылысын, Жаңақорған ауданы, Шалқия кентінде 150 орынға арналған ауыл клубын салып жатыр. Бұл әлеуметтік нысандарға мемлекеттік бағдарламалардан қаржы бөлінген. Мақсатты жұмсап, уақытылы тапсыруға күш салудамыз дейді мекеме басшысы. «Облыстық құрылыс басқармасымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. 2018-2019 жылы жасалған сметалардағы бағаларды өзгертіп жатырмыз. Себебі қазір құрылыс материалдарының бағасы күн сайын өсуде. Бәрін шет елдерден әкелетіндіктен өте қымбат. Сондықтан мемлекеттен бөлінген қаржы мақсатты жұмсалуы кезінде құрылысшылар шығынға батпауы қажет. Қазір компанияға құрылысшы мамандығын бітірген жастар көптеп келуде. Жастың аты жас, белсенді жұмыс істейді. Қызығушылығы бар талапты жастарды қолдап отырамыз», − дейді «Болашақ Девелопмент» серіктестігінің бас директоры Мұқан Өмірзақ.

Құрылысшының жайын кім түсінеді?
Нысанбай Құрманғазиев

− Қазір облыста тұрғын-үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Сол жағалаудан қаз-қатар салынған тұрғын үйлер, көздің жауын алады. Бұл біздің облыс әкімдігінің құрылыс саласына көзқарасының бөлек екенін білдіреді, − дейді Қазақстанның құрметті құрылысшысы, құрылыс саласынынң ардагері Нысанбай Құрманғазиев.

«Пандемия уақыты құрылысқа да әсерін тигізіп отыр. Ардагер екенбіз деп үйде жатпай, нысандарды аралап, құрылыстың сапасымен танысып, жастарға тәжірибемізді айтып бөлісер едік. Ардагер ретінде бізді ұмытпай іздеп жатса, қуанып қаламыз. Құрылыс материалдарының қымбаттауы, мамандар тапшылығы секілді мәселелер салада әлі де бар. Құрылысшылар арзан әрі сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланбауы керек. Сол үшін нысандардың сметалық бағасын қайта қарағаны жөн. Қазір колледждерде кәсіби құрылысшы мамандарын дайындау әлі де жеткіліксіз. Сол студенттердің сапалы білім алып, салаға шынымен қосылуын қадағалау керек. Қыруар қаржы бөліп оқытқан соң, мамандар тапшылығын сезінбеуіміз қажет. Облысымызда тұрғын-үйдің көптеп салынуы қуантады. Қаншама отбасы баспаналы болады. Жаңа тұрғын үй ауданы бой көтерсе, барлық жауапкершілік құрылысшыларға жүктеледі. Жоба дұрыс болуы керек. Көше салса, тротуар салмай, шатыр салса, су ағар салмай кетуге болмайды. Қоныстанған соң тұрғындардан шағым естімеу үшін құрылыс мекемелері жанын салу керек ісіне. «Еңбектің наны тәтті» деген, сонда ғана істері алға басады», − дейді барша Сыр құрылысшыларын төл мерекесімен құттықтаған сала ардагері.

Құрылысшының жайын кім түсінеді?
Манарбек Еспенбетов

«Құрылыс саласында жұмысшы мамандар тапшы», – дейді Қызылорда облысы құрылысшылар ассоциациасының төрағасы Манарбек Еспенбетов. «Ұйымға 30-ға жуық құрылысшы мүше. Барлығы да осы салада тәжірибесі мол құрылысшылар. Қазір жұмыс азайды, құрылысшылар саны да. Құрылыс жұмыстары көбейсе, жұмыс қолын таппай қалуымыз мүмкін. Қазақтың құрылыстан хабары бар жігіттері жалдамалы жұмысқа кетіп қалған. Сырттан келген жұмыс қолын да қазір пайдалана алмай отырмыз. Электрик, сантехник, механизатор мамандары жетіспейді. Мысалы, бүгінде біз Қармақшыда лагерь құрылысын жүргізіп жатырмыз. Нысанға жұмысшылар жетіспейді. Қармақшыдағы көзге көрінетін 23 орынға хабарландыру ілдік. Екі ай дегенде тек үш адам ғана әртүрлі жұмыстар атқаруға келді. Сыр құрылысшыларына арналған жаңалықтармен дер кезінде хабардар болып, мәселелерін көтеріп, тиісті органдарға хат жазып, оң шешімін табуына атсалысамыз. Жылдан жылға құрылысшылардың жағдайы құлдырап келе жатыр. Халықты жұмыспен қамтып отырған құрылыс мекемелері, құрылыс заттарын да сатып алатын құрылыс компаниялары 80 пайыз құрылысшылар бонкрот болудың алдында тұр. Құрылыс материалдарының бағасы күрт көтерілді. Салынған нысанға бөлінген қаржы толық құрылыс материалын алуға кетеді. Тіпті жетпейді деп толық айта аламын. Мемлекеттік органдар сметада көрсетілген құрылыс заттарының бағасы мен нарықтағы баға сәйкес келмейді. Құрылыс материалдарының өзімізде өндірілмей, сырттан келуі де әсер етіп отыр. Сондықтан серіктестіктердің техникаларын жаңалауға басқа да мәселелерін шешуге мүмкіндігі қалмайды.  Бұл саясатты бір жүйеге келтірмесе, Қызылордадағы құрылыс мекемелерінің 80 пайызы бонкротқа ұшырайды», − деп алаңдаушылық білдірді Қызылорда облысы құрылысшылар ассоциациасының төрағасы Манарбек Еспенбетов.

Құрылысшының жайын кім түсінеді?
Шадияр Айдарбекұлы.

Аймақтың құрылыс саласындағы ауқымды жұмыстарды алға жылжытып, сапасының артуына құрылыс саласы ардагерлерінің өмірлік тәжірибелері де зор үлес қосуда. «ҚАЗқұрылыс сервис» серіктестігі  аймағымызда 2006 жылдан бастап жемісті еңбек етіп келеді. Сыр елінің құрылыс саласын дамытуға өзіндік үлесін қосқан құрылысшы марқұм Айдарбек Сейтмұратовтың бүгінде ізін ұлдары жалғастыруда. «Атадан ұл туса игі, атаның жолын қуса игі» демекші, ұлы Шадияр Ештай әке жолын қуып, Еуразия Ұлттық университетінің сәулет-құрылыс факультетін бітірген. Содан бері әкесінің қасында еңбекке араласып мол тәжірибе жинаған жас құрылысшы бүгінде үлкен серіктестік шаруасын ағасы Шынболатпен бірге ширатып отыр. Серіктестікте бүгінде 80-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Мен 2018 жылдан бері осы серіктестікте еңбек етіп жүрмін. Ағам  Шынболат серіктестіктің бас директоры болып қызмет етеді. Мен келгелі 40 пәтерлі екі тұрғын үй салдық. Қосшыңырау ауылдық округіндегі Досан елді-мекенінде ауыз су жинау қоймасының құрылысы,  Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде  №30 орта мектептің, облыстық медициналық орталығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда Әйтеке би кентінде 600 орынды мәдениет үйінің құрылысын аяқтадық. Жаңақорған кенті, Майбекет ауданында 300 орынды мектеп құрылысы, кенттегі тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу сервистік желісін салудамыз. Байқоңыр қаласында 50 пәтерлік екі тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Бала күнімнен құрылыс саласының мамандары сұранысқа ие екенін түсініп өстім. Әкемнің қасынан бір елі қалмай, құрылыс нысандарына еріп баратынмын. Әкем өзінің 24 жылдық тәжірбиесінде біздерді «құрылыс мамандығын таңдау – үлкен жауапкершілік. Кішкентай қате үлкен қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір есеп-қисапқа мұқият болу қажет» деп жиі айтатын. Салаға келгелі еңбек пен жауапкершіліктің жүгі қаншалықты ауыр екенін сезіндім. Әкем салған сара жолды біз де жалғастырсақ дейміз», − дейді Шадияр Айдарбекұлы.

Құрылыс − экономиканы  қозғаушы күш. Құрылысы қарқынды жүрген  мемлекеттің экономикасы дамып, қалалары сәулетімен сұлуланады. Тұрғындары баспаналы болып, бақыты еселенеді. Аймақтағы құрылыстарды қолдап, қаржы бөлінетін мемлекеттік бағдарламалардың да көздеген мақсаты осы − халықтың жағдайын жасау. Бұл мақсатқа жетуде құрылысшылардың еңбегі зор.

Р.S. Құрылыс тауарларының қымбатшылығы сала­ның дамуына едәуір әсер етіп отыр. Назын нарыққа айта алмаған құрылысшылар биліктің ұсынар бағасын бағамдап жүр. «Арзанның сорпасы татымайды» де­мек­ші, сапасыз материалдардан салынған нысан көп кешікпей сыр берері тағы бар. Құрылыс мамандарының жетіспеуі де өзекті мәселе. Құрылыс алаңына бүгін жұ­мысшы болып келген жас ертең тәжірибесі толысқан нысан шебері емес пе?! Бастысы, жастар осы салада жұмыс істеуден именіп қалмаса екен.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!