Қай елдің азаматы болмасын, бір мемлекетке тиесілі болып, жеке басын куәландыратын құжатын алу оңай дүние емес. Тіпті, шарттары көп, ұзақ күттіретін, машақаты көп маңызды іс десек болады. Қазақстанда жеке басын куәландыратын, Қазақстан азаматтығының құжатын алу қиын ба? Бұл бағыттағы жұмыстар қаншалықты жүйеленген? Қандастарға қандай жеңілдік қарастырылуда? Осы сұрақтардың жауабын бірге іздеп көрейік.

Құжатсыз бір күн жүрудің өзі мүмкін емес дүние. Қандай да бір ауруханада емделуге тексерістен өту үшін, әлеуметтік көмектерді алу үшін, тіпті, кейбір мемлекеттік мекемелерге кіру үшін де құжат керек. Ат арытып, айлап-жылдап келетін заман өтсе де, өз еліне өзегі талып жеткен қандастар үшін оның қажеттілігі ауадай-ақ. Атамекеніне оралып, айналасына, қоғамға енді ғана көзі үйрене бастағанда, сарсылып, сан түрлі құжаттарды жинау қиынның қиыны. 2019 жылы азаматтық құжатты алуға құлшынған қандастар 46 құжат жинауы тиіс болса, кейін бұл құжат санын 20-ға дейін азайту көзделді. Сонымен бірге бұл құжаттарды жинау үшін отандастарымыз бірнеше ведмоствоны аралайды.

Статистикаға сүйенсек, соңғы 3 жылда облыс аймағында елді-мекендермен, шаруа қожалықтарында жеке басын куәландыратын құжатсыз және ескі үлгідегі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының паспортымен жүрген 67 адам анықталды. Осыған байланысты оларға Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін тиісті көмек берілген. Яғни 2016 жылдың қаңтар айынан бастап «Сана Сезім» ӘБҚО қоғамдық қоры және Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қызылорда облысы полиция департаменті Көші-қон қызметі  құрылымдарымен бірлесіп «Азаматтығы жоқ адамдарды анықтау және оларға құқықтық көмек көрсету» жобасы аясында іске асуда.

«Сана сезім» қоғамдық қорының заңгері Элина Еникеева: «Біздің орталық бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Соның бірі әрі маңыздысы – түрлі себептерге байланысты жеке басын куәландыратын құжатын рәсімдей алмаған, азаматтық құжатсыз жүргендерді анықтау, оларға көмектесу. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, құжатсыз жүрген жандар көп. Құжатсыз жүру деген сөз мемлекеттің қамқорлығын сезінбеу, денсаулық сақтауда, білім алуда, жұмысқа орналасуда, үнемі және барлық жерде кедергіге ұшырау. Біздің орталық құжатсыз жүрген жандарды Тараз, Қызылорда, Түркістан өңірлері бойынша іздестіріп, оларға көмек береді. Ал Қызылорда қаласы бойынша екі заңгеріміз жұмыс істейді», – дейді.

Облыстық көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Убайдуллаұлы да аталған мәселеге қатысты өз пікірін қосып, қандастарға құжат алудың жеңілдегенін жеткізді.

– Жалпы санын санап, жіптей тізіп түгендесек, 2016 жылдан бері бірталай жұмыс атқарылды. Өңірде құжатсыз жүргендер – ауылдық жерлерде дүниеге келіп, кеңес одағы кезінде құжаттандырылмағандар, ескі үлгідегі құжаты барлар және соңғы жылдары атамекеніне оралған қандастар. Соңғы 3 жыл көлеміндеқұжаты жоқ 67 азаматты анықтадық.

Айта кету керек, шетелден келген қандастарға құжат алуда жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу қарастырылған. 2021-2022 жылдары 50 қандастың жеке басын анықтап, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық құжатын рәсімдедік. Негізінен Қазақстан азаматы ретінде мәртебесін нақтылау кезінде тиісті құжаттар, сұраныс хат керек. Басқа елмен бірге келісімшарт болған жағдайда өзіндік мерзімі болады. Ал осы мерзіміне қарамастан қоғамдық ұйымдардың көмегімен тез арада құжатты иеленуге мүмкіндік бар. Ең бастысы осы бағытта жақсы бастама бар. Демек аталған бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретін болады, – дейді ол.

Өңірде этникалық жағынан барлығы қазақ болмаса да, шетелден келген 450 адам қоныстаныпты. Оның 120-сы этникалық қазақтар екен. Қазіргі таңда олар заңды түрде құжаттарын рәсімдеп, орналасқан. Күні кеше ғана сарылып күткен құжатына қолы жеткен азаматтың бірі – 42 жасына дейін құжаттанбай жүрген 1980 жылы Сырдария ауданында дүниеге келген Қанат Телғозиев. Оны «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы анықтаған. 2022 жылы Қанатпен бірге бірнеше адам азаматтық құжатына қол жеткізсе, күтіп жүргендер де баршылық.

Жамбыл Бақытәлі Қытайдан келген қандасымыздың бірі, бүгінгі күні Қызылорда қаласының тұрғыны. Ол шекарадан асып, елге оралған соң азаматтық құжаттың орнында жүретін «Ықтияр хатты» жасауға асыққан. «2020 жылы «ықтияр хат» алу үшін қажетті құжаттарды жинай бастадым. Оның ішінде психикалық денсаулыққа қатысты тексерістен өту, нотариус арқылы заңдастыруға тиісті, ұзаққа созылған құжаттар бар. 2020 жылы күзде тапсырып, 2021 жылы көктемде алдым. Мұның өзі мен үшін үлкен қуаныш еді. Себебі ықтияр хат азаматтық құжаттың орнында жүреді. 10 жылға жарамды. Бірақ араға уақыт салмай, азаматтық құжатты алу үшін қажетті қағаздарды дайындадым. Оған тапсырмас бұрын да «қандастық куәлік» керек. Оның дайын болуына 1 айдай уақыт кетеді. Құжатым дайын болуына аз қалды. Асыға күтіп жүрмін. Алайда азаматтық құжатты дайындаудың машақаты жетіп артылады. Көбіне қажетті құжаттарды жинап жүргенде мекемелер бір-біріне сілтейді. Қайсысы дұрыс екенін білмей, қайда бару керегін түсінбей, уақыт кетеді. Осы жағынан нақты алгоритм жүйесі жасалса екен», – дейді Жамбыл.

БҰҰ босқындар істері жөніндегі Агентігінің өкілі Шолпан Олжабаеваның айтуынша, 2014 жылдан бастап басқарма қолға алған жобаның мақсаты – 2024 жылға дейін дүние жүзінде азаматтығы жоқ адамдарды толығымен жою. «Сонымен қатар әр адамның бір мемлекетке тиесілі болуы, сол елдің заңдарына сай құқық алуына көмектесіп келеміз. Адам құқығы – ең маңызды құндылық. Көші-қон департаменті 2021 жылдың соңына дейін 7000-дай құжаттандырылмаған адамды анықтаса, соның 6000-ға жуығы жеке басын куәландыратын құжатқа қол жеткізген. Құжаты жоқ адамдардың арасында жасы 50-60-қа келгендер де, 18-ден енді асқандар да бар. Демек бұл мәселеде себеп көп, шешім жалғыз. Азаматтық құжат алу үшін аз уақыт қиналып, қажетті құжттарды жина Азаматтық құжат алу үшін аз уақыт қиналып, қажетті құжттарды жинаған адам өмірінің соңына дейін қазақстандықтарға тиесілі құқыққа ие боп, теңдік орнайды. Қажеттіліктің бәріне қол жеткізе алады. Бұл халық санағын жүргізгенде де маңызды» деді агенттік өкілі.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!