Жайдары жаз басталысымен ауа температурасы 42-ні көрсетіп үлгерді. Аптап ыстық алқымнан алып тұр. Бұл тұста алаңдататын бір мәселе – қуаңшылық. Әсіресе шаруаның, бейнеткеш жұрттың уайымы басым.
Мамырда айтарлықтай жауын жаумады. Маусымда аптап болды. «Қыстағы қар жерге ырыс, жердегі ылғал елге ырыс». Қырсыққанда қыстың күні қар да аз жауды. Жерге ылғал сіңе қоймады. Сондақтан қазір Сырдың төсі жауын-шашынға зәру…
Қазгидрометтің болжамы бойынша шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде ылғал қалыпты деңгейде болады. Тек Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы, Қостанай облысының Амангелді және Жаңғылда аудандары, Қызылорда облысының Қармақшы ауданында орташа құрғақшылық күтіледі.Ал өткен жылы бірталай мал шығыны болып, оңтүстік-батыстағы ел әуре-сарсаңға түскені есте. Құрғақшылық салдары ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған көптеген мәселенің бетін ашып берді. Атап айтқанда, мал суару қорының аздығы, егістікті әртараптандыру, жер телімдерін тиімді пайдалану, жайылым тапшылығы секілді проблемалар қылаң берді. Қазір де ауыл-аймақта жайылымдық жерлердің өрісі тым тарылып кеткен. Оның үстіне малшылар бұрынғыдай жаз жайлауға, күз күздеуге, қыс қыстауға көшіп жүрмейді, төрт түлік жыл бойы бір орында бағылады. Жыл он екі ай жер де демалмайды, өңделмейді, деградацияға ұшырайды. Ендеше, құрғақшылықтың қалай алдын аламыз?
Деректерді сөйлетсек. АШМ Егіншілік департаментінің Агромелиорация басқармасының басшысы Медет Жәдігерұлының айтуынша, биыл 1,5 млн гектарға суармалы жерді игеру көзделуде. Оның ішінде 1 млн 126 мың га немесе жерлердің 75%-ы жерүсті әдісімен суарылады, 95,2 мың га күріш алқаптарын су басу арқылы, 278,6 мың га алаңда немесе 13,3% тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері пайдаланылады деп күтілуде. Суды аз қажет ететін және монодақылдардың алаңдарын әртараптандыру бойынша жоспарлы жұмыс жалғасады. «Жергілікті атқарушы органдардың дерегі бойынша 2014-2022 жылдар аралығында жайылымдардағы мал басын су көздерімен қамтамасыз ету мақсатында республика бойынша 11 647 бірлік құдық (ұңғыма) салынды. Нәтижесінде 15,5 млнга жайылымдық су көздерімен қамтамасыз ету есебінен 1 млн ірі қара, 3,5 млн қой, 500 мыңға жуық жылқы және 97,4 мың түйе шалғайдағы жайылымдарға шығарылды және алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын таппақ» делінген дереккөздерде.
Сондай-ақ өткен жылы жем-шөп шығындарының құнын арзандатуға 21,0 млрд теңге бөлінген болса, биыл жергілікті атқарушы органдар тарапынан 11,6 млрд теңге қарастырылып отыр деген мәлімет бар.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-мен 235,2 мың тонна жемдік астық қалыптастырылды. Қажет болған жағдайда жемдік астықтың бұл көлемі мал шаруашылығын және құс фабрикаларын қолдауға арзандатылған бағамен жіберіледі, – дейді АШМ Мал шаруашылығы департаментінің бас сарапшысы Ғани Жұмахметов.
Климаттың өзгеруі, еліміздің бірқатар аймақтарында температура + 50-ден асуы, барлық өңірлерде аңызақ жел, жиі соғатын құмды дауыл өсімдіктерді күйдіріп жіберуде. Жер асты суларының да алыстауы топырақтың құрғап, тұздануына әкеледі. Бұл – мал жайылымдары күйіп кетеді деген сөз. Демек егіс шықпайды, мал тағы қырылады. Маңызды мәселе тұрғысында ақпарат саласының үздігі, тәуелсіз сарапшы-журналист Айткүл Шалғынбаева бұған дейін мынадай пікір білдірген еді.
– Қуаңшылықпен күресте алдағы 20 жылға еліміздің су мәселесін кешенді қарастырып, Қазақ суының саясатын мықтап қолға алу қажет. Үкімет қуаңшылыққа байланысты ең болмағанда алдағы 10 жылға кешенді мемлекеттік бағдарлама қабылдағаны жөн. Оның компоненттерінің ішінде басты приоритетте: «Байқоңыр» ғарыш айлағының жұмысын уақытша тоқтату, трансшекаралық су мәселесін басымдыққа шығару, Өзбек елі уағдаластықты бұзуды жалғастырса, қойылған талапқа келіспесе, желкелейтін жолдарын бұған дейін де бірнеше мақаламда жазғанмын. Өзбекстанның жанды жері – әуе қатынас жолы, теміржол, автобан. Өзбек экономикасына қантамырдай қажет әлеует. Соларды шектеу керек. Егер өзбек Сардобаны жаппаса, ультиматум сол. Қуаңшылық өзбекті айналып өтетініне өз басым сенімдімін. Өйткені олар суды жинап, сақтап отыр. Жинаған үстіне жинауды бір минут тоқтатпайды да. Ал біздер көрекөзге қауіпті ситуацияға кіріп тұрып, қуаңшылықпен күресті күріш көлемін азайтып, малға шөпті өздері қақсып отырған аудандарға өзара бөлісуді талап етіп отырмыз. Бұл күрес емес, бұл уақытша тығырықтан шығу. Күріш дақылының көлемін азайтса, жер одан сайын тұзданады, батпақтанады. Бұл – экология. Оны да ескеру керек, – деді ол.
Негізі бұл мәселе облыста жылда қайталанып келеді. Ал былтырғы бетпе бет келген проблема сабақ болуы тиіс. Қаншама отбасының малы қырылды, жем-шөп таппай қиналды. Бірақ солай болды екен деп қарап отырған халық жоқ. Бүгінде әркім қолдан келгенше кәсібін жалғастыруда. Оған қоса бұл мәселеге Үкімет те мықтап тұрып кіріссе деген тілек бар. Өйткені құрғақшылық тек шаруаларға ғана емес, халықты да қымбатшылықпен қинап отырғаны анық. Себебі азық-түлік бағасы шарықтап барады. Енді оған еттің бағасы қосылмаса игі…
М.АҚНИЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!