Әрине, таң-тамаша қалуға да болмас. Бұл жыл мезгілдерінің әрбірінің өз уақытымен келуі заңдылық еді, ал заңдылықтың бұзылуына әлем алаңдаулы. Өйткені бұл жағдай тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көп елінде көрініс беруде. Шама-шарқымыз келгенше жақынды-алысты мамандардан пікір сұрадық, елмен кеңестік.

Қызылорда: Қалыпты мөлшерден 6-7 градусқа жоғары

Сыр өңірі әуелден қысы жайлы аймақтардың қатарында. Десек те, ақ мамыққа оранар қарлы маусымның ұлпа қарын сирек көретін жерлестер бұл жолы қардың қарасын байқамады. Тіпті, балшықтан аққала жасағандар да кездесіп жатыр. Әсте, мамандар табиғаттың бұл өзгерісі әлемдік жылынуға қатысты болып жатырғанын айтуда.
«Жалпы кешегі күз айлары мен осы қыс мезгілінде ауа райы нормадан жоғары. Ол жалпы жылынуға байланысты. Қараша айы бойынша ауа температурасы қалыпты мөлшерден 6-7 градусқа жоғары болды. Орташа ылғалдық температурасының барлығы оң шамада болды. Алдағы желтоқсан, қаңтар, ақпан қыс айларында жылдағы жағдаймен салыстырғанда орташа айлық ауа температурасы қалыпты шамадан 2 градусқа жоғары болады деп күтілуде», – дейді «Қазгидромет» республикалық кәсіпорнының Қызылорда облысы филиалының метеожобалау бөлімінің басшысы Айгерім Жөкелова.

Солтүстік, шығыс және орталық Қазақстанда қатты аяз болады

Ел бойынша синоптиктер биылғы қыстың 20 жыл бұрынғы жағдайды қайталайын деп тұрғанын айтуда. Бұған Атлант мұхиты аймақтарынан ылғалды ауа массаларының жиі қозғалысы басты себеп дейді мамандар. Еліміздің батыс өңірлерінде 2-12 аралығында ауа температурасы сақталса, шығыс өңірлерде қалыпты жағдайдан 0-5 градусқа дейін жоғарылайтынын айтады. Ал Қазақстанның басқа өңірлерінде мұндай ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс болмайтын көрінеді. Ал жалпы Қазақстанда ауа температурасы қалыпты жағдайдан 1-2 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Әйтсе де, барлық өңірде жылы болмайды, солтүстік, шығыс және орталық Қазақстанда қатты аяз болатынын айтады. Боранды желтоқсан, қылышын сүйреткен қаңтар мен аязды ақпанның артынан мейірімін төгіп наурыз жылы ауа райымен жететін көрінеді.
Айтпақшы, астаналықтар қыстың қарсыз келгеніне таңданып отыр. Әйтсе де, мұндай жағдай оларға таңсық емес. Берідегі деректерді алсақ, Сарыарқаның сайын даласында 2010 және 2017 жылдары қыс мезгілінде айнала ақ мамыққа орана алмады.

Әлем ғалымдары не дейді?

Климаттың өзгеруіне мамандар түрлі себеп айтады. Мәселен, қытайлық ғалымдар соңғы онжылдықтағы орташа қалыпты температурадан бір градус асатынын айтып отыр. Жаһандық температура 2023-2024 жылдардағы қыста әлемдік жаңа рекорд орнататынына 95 процент ықтималдық қоюда. Зерттеулерге сүйенсек, Қытайда 1991 жылдан кейінгі ең жылы қыс биыл болғалы тұр. Әрине, көп жағдайда ғалымдар антропогендік жаһандық жылынудың жеделдеуі себеп етеді. Дей тұрғанмен, Эль-Ниньо климаттық құбылысының күшеюі де басты себепкер болуы мүмкін екен. Әлем бойынша Қытай мен Орталық Азия елдерінде қалыпты температурадан 1,1-1,2 градус жоғарылауы мүмкін. Бұл қатарда Канада, Альяска, Оңтүстік-Орталық Американың экваторлық аймақтары, Африканың оңтүстігі мен Аустралияның солтүстік батысы да бар. Ауа райы төмен болатын елдердің ішінде Батыс Еуропа, Ресейдің Қиыр шығысы, АҚШ пен Аргентина қара көрсетеді.
Айтпақшы, кешегі қыркүйек айында Австрия, Бельгия, Германия, Польша мен Швейцарияда рекордтық температура тіркелген. Мұндай жағдай қазан айында да қайталаныпты. Франция, Испания мен Португалия қазанда жаздың күнін сезініп, бір терлеп алды. Енді 40 градус ыстық деге­ні­ңізді Қызыл­орданың жазында ғана көр­дік. Біз айтып отырған елдер үшін мұндай ыстық рекорд. Еуропаның есін алған ыстық осылайша табиғаттың тосын мінезін бір танытып алды.
Осы күнге дейін әлемдегі орташа температура 15,3 градус көрсеткішке жеткен еді. Біз айтып отырған бұл сандық дерек 1991-2020 жылдар аралығындағы орташа көрсеткіштен 1 градусқа жоғары. Ал кешегі айда теңіз бетінің де орташа температурасы 20,79 градусты көрсетіп, рекордтық межені жаңартты.

Себепті қайдан іздейміз?

«Хабар 24» арнасының бейнематериалында ауаға бөлінетін зиянды заттар туралы баяндаманың бас ғылыми редакторы Энн Олхофф: «Біз бұған дейін талай мәрте парниктік газдарды азайту керек деп айтып келдік. Тиісті межеден аспау керегі туралы ескертілді. Бірақ шындығында жағдай өзгермеген. Биылғы есептің былтырғысынан айырмашылығы жоқ. Өзіне жүктелген міндеттемелерді орындап отырған ел шамалы», – деп алаңдаушылық білдірді.
Ғалымдардың айтуынша, жаһандық жылыну біз ойлағаннан да ерте білініп жатыр. Ал болжамдарға қарасаңыз, тіпті, ұнжыр­ғаңыз түскені былай тұрсын, болашақ жайлы ойлауға қорқасыз. 2030 жылға қарай жер бетіндегі орташа тем­пера­тура бір жарым градусқа жоғары болатын көрінеді. Ал 2050 жылы бұл көрсеткіш 2 градусқа көп болады деген ғалымдар мұндай жағдайды болырмас үшін ауаға бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшерін азайту керек дейді. Енді мұның өзі де көмектеспеуі мүмкін, өйткені көп уақыт өткізіп алғанымызды айтады зерттеушілер. Ал табиғат жанашырлары экологиялық нормаларды бұзатын елдерге салық салу керегін айтып, дабыл қағуда.
Әлем елдеріндегі жылыну жайы тіпті қатты әсер етуде. Еуропаның Испания елінде өткен 1 қаңтарда ауа температурасы 25,1 градус болыпты. Көршілес аюлы Ресей биыл қаһарлы қысты сезіне алмауы мүмкін. Ал таяқ тастам жердегі құдайы көрші біз де табиғаттың бұл тылсымынан дәм татуымыз ғажап емес.

Тілші түйіні
Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ,
Табиғаттың оны айтатын тілі жоқ…
Қалай десек те, өнеркәсіп дамыды, көгілдір отын көңілді жылытты, зауыттар іске қосылды деп бөркімізді аспанға атамыз. Бірақ оның бәрі адамзаттың өркениетке бастаған жетістіктері болғанмен, табиғатқа жасап жатқан орасан зиянымыз екені анық. Бірақ қазір бүгінмен өмір сүру әлем халқына тән тәрізді.

Фото: massaget.kz

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!