Кейінгі уақытта елге танымал блогерлердің «Дос» қымызы, бұдан бөлек «Үш батыр», «Башқұрттық» деп аталатын ұлттық сусындарды тұтынушылар күрт көбейді. Дәмі қышқыл әрі бал татитын бір шыны қымыз ішпесе, көңілі жай таппайтын таныстарымыз да аз емес. Ең қызығы, бие сүтінің бірнеше құтысын ішіп, жол полициясының құрығына түсіп қалған жора-жолдастар көп. Олар МАИ қызметкерлері тоқтатқанда өзінің қымыз ішкенін қалай дәлелдерін білмей, дал болып жүр. Оның үстіне мұның адал-арам екеніне күмәнданып, шариғаттағы үкімін білмей жүрген жұрт жетерлік.
«Қымыз ішіп қамалды»
Иә, тура осындай жағдай жақын таныс жігіттің басынан өтті. Тарқатсақ, оқиға Қазалы ауданында орын алған. Бірер ай бұрын аудан орталығы Әйтеке би кентінің орталық көшесінде «Жигули» маркалы автокөлікті күндізгі жарықшамдарды жақпай қозғалғаны үшін жол полициясы тоқтатады. Тәртіп сақшылары оның сау күйде көлік жүргізгеніне күмәнданса керек, алкотесттен өткізу үшін тиісті мекемеге алып барады. Көлік жүргізушінің есімін атамауды өтінгендіктен, шартты түрде Арман деп аталық. Арман дүкенде сатылатын кәнігі қымыздың 3 құтысын ішкенін айтқанымен оны арнайы тексерістен өткізетін мамандарға да, сот алдында да дәлелдей алмады. Осылайша Жалағаш ауданындағы масханаға жөнелтіп, 15 күн бас бостандығынан айырылды. Сәйкесінше, көлік жүргізу құқығынан үзгені тағы бар. Осы тұста ұлттық сусын алкогольді ішімдік» санатына жататын болса, онда неге заңда көрсетілмеген деген заңды сауал туындайды.
Көкейкесті мәселе көтерілсе, көрші елдің тәжірибесіне жүгінетініміз бар. Мәселен, Ресейде жүргізушінің 1 литр қанында 0,35 граммға дейін алкоголь анықталса, заңбұзушылыққа жатпайды. Ал мөлшерден асып кеткен жағдайда 200 мың теңгенің айналасында айыппұл төлетіп, 1,5-2 жыл көлік жүргізу куәлігінен айырады. Ерекше айта кететіні, федерацияның «Жол жүру ережелері» туралы заңында квас, қымыз ішіп рөлге отыруға болатыны тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Біздегі заң бөлек әрі қатаң.
Осы тұста қымыз ішіп көлік тізгіндеген адамның заң бойынша жазалануына қатысты заңгер маманның пікіріне құлақ түрдік. Эльнура Кішкенбаеваның айтуынша, қазіргі көптеген отырыста алкогольді сусындардың орнына қымыз қолдану жиіліп кеткенін айтып, оқырмандардан осы сұрақ жиі келетінін айтып отыр.
– Қымыздың құрамында 0,5%- 4,5%-ға дейін этил спирті бар. Негізі масаю дың үш түрі бар. 0,5% – 1,5%-ға дейін жеңіл, 1,5% – 2,5%-ға дейін орта, 2,5% -дан жоғарылаған сайын ол қатты масаю болып саналады. Жалпы сізді көлік жүргізу барысында жол полиция қызметкерлері ұстаған жағдайда арнайы алкотест арқылы осы көрсеткішті көрсететін болса, яғни сізде масаюдың жеңіл түрі болатын болса, айыппұл негізінде төлем жасайсыз. Ал егер де орта және жоғары масаю деңгейі көрсететін болса, көлік жүргізу куәлігінен айырыласыз. Сондықтан көлік тізгіндеген кезде қымыз ішпеген дұрыс, – дейді заңгер.
Мас емес екеніңді қалай дәлелдейсің?
Жүргізушілердің дені рөлде отырғанда қымыз ішуге қорқып қалған. Себебі қымыз ұрттаған адамның қанынан алкоголь құрамы анықталады деген әңгімені естіген. Осындай бір оқиғаға тап болған журналист Ерік Рахымда оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.
– Қарқара жайлауында өткен ұлан-асыр тойдың қарсаңы еді. Елдің көңілі мұнда жоқ. Ерен қабырғаның етегіндегі ауылым Тегістіктің жақсы-жайсаңдары тойға деп таудай ту биені сойып тастаған. Қымыз да көл-көсір. Мұндайда қалай іркіліп қаласың, пақырыңыз семіз жаядан кертіп отырып төрт-бес кесе қымызды төңкерді. Маңдайдағы шып-шып терді сылып тастап, «қараайғырға» міндім де «Алматы қайдасың?» деп тартып отырдым. Қымыздың ішкен сайын шөлдететін және ұйқыға тартатын қасиеті бар. Әдетте, бірер кесе қымыздан соң салқын жерде ұйықтаған абзал. Бірақ оған уақыт қайда?.. Шелектің тұсындағы тақтайдай тегіс жолға 50 деген белгі қойған. Жол тәуір болған соң кейбір шопырлар осы тұста бастырмалатып жібереді. «Гаишниктердің» қой аңдыған қасқырдай бас бұғатын тұсы. Түйсік алдамады, оның үстіне «водительская солидарность» деген бар – қарсы келе жатқан шопырлар жарығын жылт-жылт жағып, ескертіп барады. Жылдамдығым – сағатына 48, бәлкім, 52 шақырым… Шелек ауылының бүйірін айнала бергенім соледі, он бес-жиырма көлікті мұрнынан тізіп қойған «гаишниктер» көзге түсті. Және бәрін тоқтатып жатыр. Қосақ арасында мен де кеттім, – дейді ол.
Одан әрі жол полиция қызметкерлерімен диалог құрып, оқиға желісін толық түсіндірген журналист ақыр соңында алкотесттен өтуге барғанын айтады. Сол тұста алкотестер иесінің айтуымен бес секундқа жуық түтікшені үрлеп, ол 0,31 дегенді көрсеткенін баяндады. Бұл – мөлшерден тыс көрсеткіш. Артынша өзінің түсініксіз жәйтқа тап болғанын түсініп, жақын жора-жолдастан кеңес сұрапты. Олар дәрет арқылы тексеруге жол сілтеген көрінеді. Осылайша ешқандай алкоголь табылмаған. Сонымен «Қымыз ішіп, рөлге отыруға бола ма, жоқ па?» деген сауалға Ерік Рахым:
– Әбден болады! Тек уақыт пен жүйкеңізді шығындауға, қымыз ішкеніңізді табандап дәлелдеуге дайын болыңыз. Алкотестер не себепті 0,31 промилле көрсетті? Меніңше, бұл сұрақтың екі жауабы бар. Бірінші жауап: қымызды 2 литрден (төрт кесе) артық ішкен жағдайда белгілі бір мөлшерде алкотестер көрсетуі мүмкін. Өйткені алкотестер қымызды танымайды, оның танитыны «иіс» қана. Бірақ бұл қымыздың құрамында алкоголь бар деген сөз емес. Екінші жауап: жол сақшылары көк шай ішсең де деміңнен алкоголь табатын «ақылды алкотестермен» шопырларды ақымақ қып жүр. Бұл екі жауаптың қайсысын қош көрсеңіз де патша көңіліңіз білсін, – дейді.
Ішпей іліксе не істеу керек?
Жолполдықтар қолындағы жетілдірілген алкотест құрылғылары мастық мөлшерін дәл көрсетіп бере алады.1968 жылы Жол ережелері туралы Вена конвенциясына қосылғандықтан аппараттар да стандартқа сай деседі. Соған сай ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 3, 4-бөлімімен жеңіл, орташа, ауырмастық күйде, наркотикалық, токсикологиялық мас күйде болған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартады. Олардың өзі квас пен қымыз ішкен жағдайда да алкометр алькогольдық мөлшерді көрсетіп беретінін айтады. Наркологтер мұндай жағдайда жеңіл мастық күйде деп диагноз қояды. Егер қымыз ішіп, құрыққа түссе, наркологтердің шешімімен келіспеген жағдайда қайтадан тексеруден өтуге құқығы бар. Мұндай жағдайда «Азаматтарды алкогольды немесе наркологиялық мастық күйде болған жағдайда медициналық тексеруден өткізудің инструкциясы» туралы Заңнан хабары болуы керек. Азаматтардың ішімдік ішкені немесе нашақорлық жағдайын анықтауды медициналық куәландыратын тәртіп туралы ережеге сай куәландыру нәтижесі алынған сәттен бастап екі сағат ішінде күшке ие. Мұны да естен шығармаған жөн.
Әдетте көлік жүргізушінің мастығын алькотестпен анықтайтынын айттық. Құрылғы мейлі арақ, мейлі қымыз ішсеңіз де спирттің мөлшерін көрсетеді. Бұл тұста сіздің «қымыз іштім» деп ақталуыңыз полицейлердің күмәнін одан әрі өршітетінін біліңіз. Бастысы, қымыз ішкеніңізді дәлелдей білу қажет. Әйтпесе, құқықтың құрығына түстім дей беріңіз…
«Ағарған» ішу арам ба?
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы бұл мәселенің басын ашып берді. Ресми сайт көрсеткен дерекке сүйенсек, ата-бабамыз ежелден адал ас тұтынуға мән берген. Қымыз ежелден ата-бабаларымыздың сүйікті сусыны. Қазақ халқы текті тұлғалы ұлт болғандықтан ішетін ас-судың таза, халал болғандығына қараған. Күнделікті ішетін тағамның және сусынның адам денсаулығына пайдасы туралы бабаларымыз ертеден-ақ білген. Бұл туралы әлемдік мұрағаттарда көптеген тың дерек бар екендігі айтылуда. Қолбасы, батыр, Ақтамберді жырау:
…Аурудан асқан жан бар ма, Жылқыдан асқан мал бар ма?! Биенің сүті сары бал, Қымыздан асқан дәм бар ма?! – деп жырлауы тегін емес.
Қымыз адамды шөлдетпейтін және ашықтырмайтын ерекше қасиетке ие. Сол себепті қазақтар ұзақ жүрісте, көші-қонда көп пайдаланған. Сауық-сайранның сәні, той-думанның негізгі сусыны қымыз болып келген. Құрамы дәрумендік заттарға аса бай болғандықтан ол адамға күш-қуат беріп, қан айналысын жақсартатын күшке ие екендігі дәлелденген.
Деректерге зер салсақ, Ханафи мәзһабындағы ғұламалардан Имам Мұхаммед ғұлама ашыған жылқы сүтін ішу харамға жақын мәкруһ деп көретіндігі жазылған.
Алайда Имам Әбу Ханифа және Имам Әбу Юсую бойынша ашыған болса да, жылқы сүті адал деп есептелген. Адамды мас қылатын сусындардың үкімі басқаша. Алла Елшісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мас етуші ішімдіктердің бәрі харам. Көп ішкенде мас ететіннің азы да харам» деп үкім еткен.
Қымыздың құрамында ашыған кезде пайда болатын аз мөлшердегі спирт адамды мас болдыратын көрсеткішке жетпейтіндіктен, харам емес деуге толық негіз бар. Бабаларымызда сан ғасырдан бері қымыздың харам немесе мәкруһ емес екендігіне көз жеткізіп, пайдаланып келеді деуге болады», – делінген muftyat.kz сайтында.
Соңғы уақытта шет елдерден келетін қымыздар туралы сұрақтар легі көбейгені рас. Тұтынушылардың айтуынша, бас айналдырып, мастық дәрежеге жеткізеді. Мамандардың сөзіне жүгінсек, ол өнімдерді таза қымыз санатына жатқызуға болмайды екен. Өйткені құрамына бие сүті, сиыр сүті, бал, ашытқылар кіреді. Ал бал – ашыту процесін жеңілдетеді. Сондай-ақ қымыздың сақтау температурасы сақталмаса, құрамындағы спирттің пайыздық мөлшері көбейіп кетуі ықтимал. Оған қоса спирт сырттан әдейі қосыла ма, жоқ па, ол да белгісіз.
Хош. Дәрігерлер қымыздан соң көлік жүргізбеуге кеңес берді. Өйткені әр адамның зат алмасу, ас қорыту мүмкіндігі әртүрлі. Ал мамандар жолға шығарда көп ішпеген абзал дейді. Ұзын жолда қымыз ұйқыны келтіреді. Бірақ «Саулықтың сыры саумалда», «Қымыздың қырық қасиетібар» деп жүрген қазақ үшін ұлттық сусынның заң бұзушылыққа алып келерін кім білген?!
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!