Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда қаласының тұрғыны Анар Сәбитханқызына осыдан 20 жыл бұрын сатып алынған автокөліктің иесі ретінде 100 мың теңге көлемінде салық төлеу туралы хабарлама келді. Алайда қала тұрғыны өз атында көліктің бар екенінен де бейхабар. Аң-таң Анар темір тұлпарды туысқан ағасының сатып алып, содан қарындасының атына жазғанын кеш біліпті. Туғанына шүйліккісі келмегендіктен бе, әлде анық-қанығын білуге құлық танытпағандықтан ба, білмейміз, Сәбитқызының бүгінде банк карталары бұғаттаулы, салық төлеуден жалтарып жүрген жайы бар.

Бұл біз білетін жайттардың біреуі ғана, алайда тап осылай басы бәлеге қалып, салықтың құнынан шошынып жүрген қарапайым халық қаншама? Салықтың қалай жұмыс істейтіні, оның жүйесі мен мөлшері, құрылымынан хабары жоқ, білуге де құмартпайтын халық опық жеп қала бермек пе? Бүгін осы мәселенің мәніне терең үңілдік.

Салық сипаты

Салық – заңды немесе жеке тұлғалардың мемлекеттік бюд- жетке өтеуі тиіс міндеттелген төлем түрі. Тәуелсіздік жылдарына дейін елде Кеңес одағының салық салу жүйесі болды. Ал одақ ыдыраған соң, 1991-1995 жылдары бірқатар заң қабылданып, Қазақстанның салық жүйесіне өзгерістер енді. Жергілікті және мемлекеттік деп тармақталатын салық 9 бөліктен тұрады. Олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, жанама, корпорациялық табыс, жеке табыс, жер қойнауын пайдаланушылар салықтары мен арнаулы төлемдері, әлеуметтік, меншікке салынатын, жер, мүлікке салынатын салықтар болып бөлінеді. Жеке тұлғалар соның 3/9 бөлігіне салық төлейді. Атап айтсақ, көлік құралдары, жер және мүлік салығы. Ал заңды тұлғаға жүргізіп отырған бизнестің көлеміне байланысты салық салынады. Сонымен қатар, салықтарды орталық көмегіне жүгінбей-ақ, арнайы қосымша арқылы төлеуге болады.

– Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар үшін арнайы салық режимі бекітілген. Заңды тұлғалар жалпыға бірдей, сондай-ақ оңайлатылған декларация ережесімен, патент негізінде салық мөлшерін ыңғайлы етіп өтеуге мүдделі. Әрқайсысының өзіне тән заңдылығы бар.

Қазір жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны қабылдау шаралары жүргізілуде. Жалпақ тілмен айтқанда 270-інші нысан. 2023 жылы жүргізілген «Жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялауды» (250-інші нысан) мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т.б. салаларын қоса алғанда) және олардың жұбайлары; квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары тапсырған болатын. Ал енді 270-інші нысанды 15 маусымға дейін қағаз түрінде, 15 қыркүйекке дейін электронды форматта өткізу қажет. 250-інші нысанды тапсырған азаматтардың декларациялары 270-інші нысанмен салыстырылады. Егер артықшылықтар пайда болып жатса, мүліктің қаншалықты заңды түрде қолға түскенін дәлелдеуі тиіс. 1 жыл ішінде сатып алған немесе сатқан активтер туралы декларацияны тапсыруды межелеген мерзімнен асырып алған жағдайда ескерту жасалынады, ал егер олқылық қайталанса, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын есте сақтаған жөн, – дейді департменттегі Түсіндіру жұмысы және байланыс басқармасының басшысы Гүлсара Қарымсақова.

Бизнесті тіркеу тиімді ме?

Салықтан жалтарғысы келетіндер көп. Себебі табыстың белгілі бөлігін жоғалтады. Алайда мемлекеттік тексерістен қашып, салық төлемеу – азаматтардың келешектегі бастамалары мен жоспарларына тұсау салады. Жыл басынан бері 760 компания салық тексерісінен өткен. Оның басым бөлігі орташа көлемде мемлекетке берешек. Сондай-ақ кәсібін тіркемей, көлеңкелі биз- неспен айналысып жүргендер де аз емес. Мемлекет салықтан жалтарушылардан себебін сұраудың орнына, көбіне салдарына мән береді. Яғни, тек шара қолданумен шектеледі.

Соңғы кезде салық органдарының «титығына» такси жүргізушілері, курьерлер мен блогерлер тиіп жүр. Такси жүргізушілері мен курьерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық өндіруге міндетті. Салықтан бұлтартпас үшін 2023 жылдың 1 маусымынан бастап арнайы пилоттық жоба қызметін бастап кетті. Бұл сала қызметкерлері салықты төлеу үшін міндетті түрде орталық көмегіне жүгінбей-ақ, тек «eSalyq Business» қосымша арқылы барлық мәселесін шеше алады.

Блогерлерге келетін болсақ, оларға да салық төлеу міндеттелген. Қазақстанда 400- ден астам блогер тіркелген. Өткен жылы блогерлерден 200 млн-нан астам салық өндірілген. Егер олар арнайы компания, фирмалармен бірлестікте жұмыс істейтін болса, салық төлеуге міндетті. Сондай-ақ салықты жалпы салық жүйесі немесе шағын бизнеске арналған арнайы режим бойынша төлеуі керек.

– Салықтың Қазақстан экономикасына әсері зор. Себебі бюджеттік түсімдердің 70- 75%-ы салықтық төлемдерден. Салықтың уақытылы түсіп отыруы – мемлекет бюджетінің дұрыс қалыптасып, қажетті салаларға пайдасын тигізуі үшін маңызды.

Алайда салық түсімдері кәсіпкерлерге тиімді емес. Себебі түсімдерде тұрақтылық жоқ. Салықтың нақты құны бекітілмеген, яғни барлығы пайыздық көрсеткіш түрінде есептеледі. Сондай-ақ айлық есептік көрсеткішпен байланыстырып қойған. Ал ол жыл сайын өсіп отырады. Кәсіпкерлердің төлейтін шығындары да осыған сәйкес ұлғаяды. Бұл – бізді инфляцияға әкеліп соқтыратын бірден бір көрсеткіш. Кәсіпкерлерде шығын көп болған сайын, тауардың да бағасы соған сай өсе бермек. Қазақстан өндірістік бизнес ашу үшін көптеген салық төлеуді мойныңа міндеттейді. Мәселен, жеке кәсіпкер бір ай бизнесін тоқтата тұрса, ол бәрібір салықтан қашып құтыла алмайды. Бір ай табыс таппаған адам кемінде 85 мың теңге салық өтеуге міндетті болмақ. Соның есебінен зейнет жарнасын, әлеуметтік төлем, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды өндіруге тиісті болады. Ал такси жүргізушілерін айтатын болсақ, олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 1 ай көлемінде көлігі бұзылып қалса да, салықты төлеуге міндетті. Айта кетсек, такси жүргізушілерінің көпшілігі Яндекс, Индрайвер, Жұлдыз такси секілді такси қызметін ұсынатын компаниялармен бірлестікте жұмыс істейді. Мемлекетке салық төлейтін бұл компаниялар такси қызметкерлерінен 10% жарнаны өндіріп алады, соның үстінен тағы да салық сұрау – қарапайым халықты қанау деп білемін, – дейді салық эксперті Мұрат Өмірзақұлы.

Статистика сөйлесін

Жалпы салық мемлекеттің экономикасына әсер ететін кіріс көзі. Мемлекеттің қарқынды дамуының негізі. Салықтан келген қаражатты мемлекет білім беру, медицина, әлеуметтік қорғау, инфрақұрылым, қорғаныс және мәдениет, спорт салаларына бөледі.

ҚҚҚ мәліметінше, 2023 жылдың қаңтары мен желтоқсаны аралығында елімізде, жалпылай алғанда, 23,5 трлн теңге салық жиналған. Жыл басынан бері ҚР Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше ел бюджетіне 4,358 млрд теңге салық түскен. Оның 39,9%-ы табыс салығы. Алайда бұл мемлекеттік шығындарды өтеуге әлдеқайда жеткіліксіз қаражат. Елдің мегаполистері Астана, Алматы және Шымкент өңірлеріне ең көп кіріс көзі тиесілі. Атап айтсақ, Астана – 577,7 млрд, Алматы – 1,3 трлн, ал Шым қала – 140,1 млрд теңге. Бұл жалпы кірістің 29,1%-ы. Айта кету керек, биылғы салық мөлшері 2023 жылдың қаңтар- наурыз айларында жиналған салық көлемінен аз. Өткен жылы ол 5,7 трлн теңгені құрады.

Салық жеңілдіктері

Бұл жеңілдік қолданыстағы заңнама арқылы беріледі. Жеңілдіктер де бірнеше түрге бөлінеді: мүлік, жер учаскелеріне, көлік және т.б. Арнайы волонтерлық, қайырымдылық қорлар, әлеуметтік ахуалды жақсартуға көмектесіп жүрген ұйымдар, соғыс ардагерлері, 1 және 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер мен әскери қызметкерлердің туыстары, ұрыста қаза тапқан азаматтың туыстары, жетім балалар және 18 жасқа дейінгі кезеңге дейін ата-ана қамқорлығынсыз қалған қалған балалар жеңілдік алуға мүдделі.

Борышкер жазасы

Салық пен мемлекеттік бюджет тығыс байланыста болғандықтан, міндетті төлемнен жалтару Салық Кодексінің аясында ауыр қиындықтар тудыратынын есте сақтаған абзал. ҚР Әкімшілік кодексінің 208-1-бабына сәйкес салық төлеуден жалтару, салық төлемін кешіктіру – жеке тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Сондай-ақ банк карталарын бұғаттау, жеке мүлік тәркілену, салық төлеушінің кассалық шығыстары тоқтатылып, шетелге шығуға тыйым салу қарастырылады. Шағын кәсіп иелеріне 20%, ал үлкен кәсіп иелеріне 50% көлемінде айыппұл салынады. Өтеуден қасақана түрде қашқан азаматтарға 3000 АЕК көлемінде, яғни 8 334 000 теңге айыппұл салынады. Іс насырға шапқан жағдайда 3 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Сондай-ақ іс сотқа дейін жеткен жағдайда жеке сот орындаушысының қызметіне де ақы төлеу міндеттеледі. Бостандығыңыздан айыруға дейін әкелетін салықты уақытылы төлеуді естен шығармаңыз. Қаражат пен уақытты баланста басқаруға бейімделсеңіз, бұл қиыншылықтар сізді айналып өтетініне сенеміз. Бір білетініміз, салық саясаты салғырттықты көтермейді. Ал сіздің ойыңызша салық халықты қанау ма, әлде мемлекетті басқаратын салаларға көмек пе?

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!