Салық төлеу – заң мен талапқа бағынатын қоғамдағы қалыпты үрдіс. Мемлекеттің дамуы мен экономикалық әлеуеттің артуына да салық кірісінің ықпалы зор. Сондықтан саладағы өзгеріс пен жаңашылдық кіріс көлемін арттыруға ғана емес, құқықтық артықшылықты дамытуға жағдай жасайды десек артық емес. Осы орайда «Салық төлеудегі кей өзгерістің мәні неде?», «Жыл басынан бері қолға алынған бастамаларды ұтымды тұсы қайсы?» деген сауалдың жауабын білу кім-кімге болмасын артық етпесі анық.
Тақырыпты саладағы цифрландыру жайынан бастасақ. Биыл Мемлекеттік кірістер комитеті «e-Salyq Business» мобильді қосымшасын әзірлеп, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосқан болатын. Бұл айтулы жаңалықтың біріне айналды. Себебі жаңа цифрлық шешім жеке кәсіпкерлерге салық төлеуді жеңілдете отырып, жаңадан тіркелген кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай туғызуда.
Мобильді қосымшаның артықшылығы да айтарлықтай. Онда жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, салық режимін таңдауға немесе өзгертуге, чек беруге, кірістер тізімін қалыптастыруға мүмкіндік бар. Оған қоса салық пен әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін қызметкерлердің кіріс есебін жүргізуге де болады екен.
Патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер «e-Salyq Business» мобильді қосымшасының пайдаланушылары бола отырып, патент құнының есеп-қисабын ұсынудан және табыс алғанға дейін алдын ала (аванспен) салық және әлеуметтік төлемдерді төлеуден босатылады. Осындай артықшылыққа ие қосымша «Play Market», «App Store» және «App Gallery» алаңдарында қолжетімді.
Мемлекеттік кірістер комитеті де қосымша туралы ресми ақпарт таратқан еді:
«Қосымша мүмкіндігіне қарай осы жылы да функционалын кеңейту бөлігінде. Оның ішінде өткен жылдың соңында Ақмола және Жамбыл облыстарында өткізілген пилоттық жобаға қатысқан кәсіпкерлердің ұсыныстары бойынша жетілдірілетін болады. Мысал ретінде, биыл жеке кәсіпкер қызметкерлерімен еңбек шарттарын есепке алу бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тиісті ақпараттық жүйесімен еңбек шарттары туралы ақпарат алмасу жұмыстарын жүргізу жоспарланған», – деп атап өтеді комитеттен.
Салық төлеудегі биылғы жаңалықтың қатарында әлеуметтік кәсіпкерлер салығы да бар, яғни елдегі «әлеуметтік кәсіпкер» статусына ие кәсіпкерлер бірқатар жеңілдікке ие болатыны бұрын да айтылған. Көп өтпей Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікке қатысты заң биыл қаңтарда күшіне еніп, оң өзгеріс орын алды. Алайда аталған заңның бағдарлы мақсаты әлеуметтік кәсіпкерлік бизнесменнің кірісін молайтуды көздемейді. Негізгі жоспар – қызмет көрсету мен тауар өндіру арқылы қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешуге ықпал ету.
Жалпы «әлеуметтік кәсіпкер»деген кім? Алдымен осыны аңдап алайық. Мамандардың сөзінше, кәсіпкерлер бұл санатқа халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмысқа тарту арқылы ене алады. Атап айтқанда, ерекше қажеттілігі бар, егде жастағы және зейнет жасына жақындаған адамдар, түрмеден босап шыққандар, жетім балаларды жұмыспен қамту қажет. Қолдан келетін тірлік болып көрінгенімен мұндай қадамға барған кәсіпкердің саны әлі көбеймей отыр. Мәселен, жыл басынан бері республикада тек екі әлеуметтік кәсіпкер тіркелген. Бұған басты себеп аталған статустың мәні мен артықшылығын түсінбей де жатса керек.
БАҚ өкілдеріне берген ақпаратта Ұлттық экономика министрлігі саясат және кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Эрик Жамбылов бұл өзгерістің былай түсіндірген.
«Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау үшін бірқатар ынталандыру шарасы бар. Мәселен, ерекше қажеттілігі бар қызметкерлер саны 51%-ке жететін ұйымдар корпоративтік табыс салығынан, әлеуметтік және жер салықтарынан босатылады. Сондай-ақ мүлікке салық салу кезінде жеңілдіктер жасалады», – департамент директоры.
Алайда мамандар аталған статуста артықшылық мол болғанымен, мемлекет артық қаржы береді деген жансақ ойдан аулақ болуға шақырады. Яғни, әлеуметтік кәсіпкерлікке қосымша қаржы бөлінбейді. Оған қоса әр тоқсан сайын реестр жаңарып отырады. Өңірлік комиссиялар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің өтінішін қарап, ұлттық экономика министрлігіне өткізеді. Кейін ведомство кәсіпкерлерді реестрге тіркеу-тіркемеу шешімін шығарады. Демек, оңай олжа мен жалған ақпаратқа жол жоқ.
Сөзсіз, саладағы тың бастаманың бірі – «Салық төлеуші паспорты». Есте болса, биылғы жылдың 1 наурызынан бастап сауда және қоғамдық тамақтандырумен айналысатын кәсіпкерлерге салық төлеуші паспорты енгізілген болатын. Кәсіпкерлердің ақпараттық картасы саналатын салық төлеуші төлқұжатында ЖСН, салық төлеушінің аты-жөні, салық төлеуші мәртебесі, тіркеу күні секілді маңызды ақпарат қамтылған. Төлқұжат QR код түрінде жасалып, касса аппаратының жанына қойылады. Бұл арқылы тиісті мекемелер тамақтандыру, сауда саласында істейтін кәсіпкердің төлеген салығын бақылауға жол ашады.
Жалпы салық төлеуден жалтару және кешіктіріп төлеу қаржылық-құқықтық қиындық бастауы екені даусыз. Оған дәлел – көлік салығы. Өткен жылға төлейтін көлік салағының мерзімі 1 сәуірде аяқталатынын ескерсек, маңызды жаңалықтың шеті көрінеді. Себебі 2 сәуірден бастап салық сомасын уақытылы төлемеген азаматтардың есепшоты бұғатталуы мүмкін.
Бұл бірден олқылық орын алады дегенді білдірмейді. Алдымен арнайы хабарлама келіп, ескерту беріледі. Осы орайда мамандар берешек сомасы бойынша хабарлама түскеннен кейін 30 жұмыс күні ішінде қарызды төлеуге кеңес береді. Әйтпесе, сот орындаушы шоттарды бұғаттау, елден шығуды шектеу, салық берешегі сомасының 25 пайызын өндіріп алуы ықтимал. Сондықтан келеңсіздіктің алдын алу үшін салыққа бейжай қарамау маңызды.
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!