Қазіргі таңда теміртұлпар тізгіндеген адам көп. Өйткені көпшілік асығыста автобус күтіп аялдағысы келмейді. Жетер жеріне, барар мекен-жайына жылдам баруды құп көреді. Көліктің мүмкіндігі көп екені рас. Әйткенмен, жол апаты сынды жантүршігерлік жағдай да теміртұлпардан туындайды. «Жүйткіп жарысамын» деп жанталасқа түскенде жан тапсырғандар жетерлік. Қиысар жолда қақтығыс болып, біріне-бірі соғып кінәлі болып жатқандар да жоқ емес. Жылдамдықты асырғаннан кісі өлімі көбейіп, салдары сан соқтыруда. Әсіресе, көлік жүргізу құжатынсыз желмен жарыса жөнелетін бозбалалар қателікке бой алдырады. Сондықтан қоғамға қажеттісі – заң бекіткен ережені ескеріп, қауіп-қатердің алдын алу.

Көлікке қызығушылық танытатын ұл-қыздар кәмелетке толған соң жүргізуші құжатын алуға бекінеді. Десе де, көшеден тек көлік ғана емес, мотоцикл, велосипед, тіпті, электрсамокат айдағандарды кездестіреміз. Бұл да істі тез арада тыңғылықты тындырудың таптырмас құралы. Біріншіден, жүргізетіндерге жас шектеуі қойылмайды, құжат алып сарсаңға түспейді. «Дөңгелегі жарылды-ау» деп абыржымаса, соғылған көлік секілді жөндетуді ойлап бас қатырып, шығынға түспейді. Бірақ бұл көлікке қарағанда самокат айдаушының жауапкершілігі жеңіл дегенді білдірмейді. Түптеп келгенде, қай көлік құралын тізгіндесе де, жол бойында жүргізетіндіктен саулыққа салғырт қарамай, ережені есте сақтау керек. Бүгінде теміртұлпармен қатар велосипед, самокаттан да апатты оқиғалар жиілеп кетті. Бағдаршамға бағынбай, кептелісте де кідірмей, көліктер арасынан қыстырылып өтетіндер көптің титығына тиген. Расында оң-солына қарамай, қарсы алдынан шыға келгенде жаяу жүргіншінің зәре-құтын қашыратыны анық. Сосын жаяу жүргіншілерге жан-жағына жалтақтап қарап, айналасын барлап жүруге тура келеді. Тіпті, велосипедінен түспей жол ортасын кесіп өтудің өзі қауіпке ұрындарады. Ұсақ-түйек деп мән бермеушіліктің соңы осылай аяқталатыны өкінішті.
Мамыр айында өткізілген Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданған болатын. Құжат аясында электр самокаттардың жолда жүру тәртібі реттеледі. Аталған заң жобасын Парламент депутаттары әзірлеген.
– Кейінгі жылдары электр самокаттардың, гироскутерлер мен монодөңгелектердің пайда болғанын көріп жүрміз. Бізге осындай жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәселелері бойынша өтініш көп түседі. Бұл, әсіресе, мегаполистер үшін өзекті мәселе. Электр самокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіріп жатыр, – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Оның айтуынша, заң жобасы екі жыл бұрын әзірленген. Алайда электр самокаттарға қатысты техникалық регламент тек 2022 жылдың шілдесінде қабылданған.
– Бүгін біз электр самокаттардың жүрісін реттеу бойынша түзетулер енгізіп отырмыз. Жобаға сәйкес электр самокаттар жеке көлік құралы ретінде танылады. Сондай-ақ сағатына 25 км жылдамдықпен жүретін көлік құралдары электр самокат санатына жатады. Электр самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде еркін жүре алады. Ал тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер үшін ең қолайлы шешім, – деді депутат.
Сөзіне сүйенсек, тротуардағы жылдамдықты шектеу – жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
– Электр самокаттар жол жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне болады. Алайда, ол үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі керек. Сондай-ақ оның үстінде жарық шағылыстыратын киім мен жүргізуші куәлігі болуы қажет, – деді Екатерина Смышляева.
Жол ережесін бұзғанның жазасыз қалмайтынын жұрт жақсы біледі. Оқиға орнынан қашықтап, сылтау айтып сытылып кете алмайды. Өйткені, ГАИ қызметкерлері мен төбеде төніп тұрған бейнебақылау бәрін айғақтап береді. Айыппұл арқаламаудың амалын тауып тыпырламас үшін, келеңсіз жағдайға жетпеуді ойлану керек. Осы ретте, Әкімшілік кодекстің 593-бабына сай шлем тақпай жүрген және жолаушы тасыған мопедші мен самокатшы 5 АЕК көлемінде, яғни 17 250 теңге айыппұл төлейді. Полицейлер тәртіп бұзған тұрғынды бейнекамера көмегімен және патрульдер арқылы анықтайды.
– Өз басым енгізілген заңды құптаймын. Адам жанынан артық ештеңе жоқ. Жол бермей, ызғып жүрген самокат иелері жауапкершілік сезініп, жүргізуші куәлігін алғаны жақсы. Сонда төнер қауіп сейіліп, жаяу жүргіншілердің де жүрегі шайлықпайды. Жылдамдықты арттырып, қуыс-қуыстан шыға келетіндер талапты орындаса, түрлі оқыс оқиғадан аман болар едік. Бұл жерде самокат иелерін сөгіп отырғаным жоқ. Өздерінің амандығы үшін де керек. Өйткені, олар табан астынан тап келгенде көлік жүргізушілері байқамай, соқтығысып жатады. Қабылданған заңдағы міндет пен шектеуді қарап шықтым. Қараңғы уақытта өзге көлік жүргізушісіне көрінетін жарық шағылыстыратын зат тақпай жол бойында жүруге тыйым салған. Бұл дұрыс ұсыныс, оң шешім. Мұның өзі апатты жағдайды азайтынына сенеміз, – деді С.Қыран.
Иә, заңды қос қолдап қолдағандар бар. Тиісінше, біразы бұдан өзге де маңызды мәселе барын меңзеді. Ал самокатты жалға алу құны қымбаттағанын, жүргізу куәлігін алу да қалтаға ауыр тиетінін жеткізген жастар қынжылысын білдірді. Айыппұлды көбейте түсетіндерге наразы болғандардың да пікірін білдік. Бірақ сана сүзгісінен өткен шешімді жоққа шығармау керек сынды. Адам амандығы бәрінен маңызды. Саулықты сақтаудың жолын қарастырған жөн. Төрт дөңгелектің кесірінен төрт бұрышты керуетке таңылып, самокаттың жылдам жүрісінен жығылып қалып жүрмейік. Осы ретте, көлік жүргізушілері ортақ заңға бейжай қарамай, сақтық шараларын бұлжытпай орындаса айыппұлдан арылып, адам өлімі де болмайды.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!