Шаһарда несібесін қара жерден терген шаруаларды соңғы күндер сары уайым сергелдеңге түсірген. Себебі Сырда шегірткелер күрт көбейіп, диқандардың дегбірін қашырды. Статистиканы сабақтасақ, шегіртке тектес зиянкестермен зақымдану салдарынан жыл сайын ауылшаруашылығы дақылдарының 30-35 пайызы зардап шегеді екен.
Тікелей келген нұқсан өз алдына, зиянкес қоныстанған алқап өсімдіктерінің сапасы да кемиді. Ол жүріп өткен алқаптың шөптері де мал азығына пайдасыз болып қалатын көрінеді.
Онсыз да халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету өзекті мәселе сапында тұрғанда, егістік пен жайылымдық, шабындықты шегірткеге жем ету жақсылыққа соқтырмасы анық. Қалаға қарасты «Сабалақ» саяжайы тұрғындарының дені нәпақасын бақшадан тауып отыр. Тұрғындар соңғы 10 күнде шегірткелермен арпалысып жатқанға ұқсайды.
– Ерте көктемнен бастап ала жаздай егінмен айналысып, соның жемісін жегіміз келеді. Қарбыз, қауын, қызанақ, бұрыш, тағысын тағы дегендей бақшаға егіп, қалаға өткіземіз. Бұл істің бейнеті шаш етектен, жеміс қалай келерін күнге қақтала жүрген біз секілді еңбеккерлер ғана білері анық. Бейнеті өз алдына, жақында бақшамызға шегіртке түсіп, жанымызды ауыртты. Дереу тиісті орындарға хабар жеткіздім. Бірақ әлі күнге қолға алынған шара жоқ. Жалпы ауыл шаруашылығы саласын қорғау, қолдау, ұйымдастыру ісі бізде мардымсыз. Мынау соның дәлелінің бірі ғана, – дейді шаруагер Бигелді.
Диқангершілікті есептемегенде кешқұрым серуенге шығатын халықтың өзі шегірткенің шырмауына оралған.
– Күндіз ауа-райының аптап ыстығына шыдап, күн бата серуенге шықсақ, жарыққа жақындаған шегірткелер еркін жүруге мүмкіндік бермейді. Мұндай көріністі соңғы 10 күнде байқап жүрміз. Бір жерден келгені байқалады. Өйткені барлығы топтасып жүреді. Соңғы 10 жылдықта мұндай бей-берекетсіздікті байқамадым. Әбігерге салған шегерткілерді улап, жою керек. Жұмыстан шаршағанын басу үшін серуендеуге шыққан тұрғындар шегірткемен әлек болуда, – дейді қала тұрғыны Марина Ілияс.
Сырда самсап жүрген саяқ шегірткелер екен. Жалпы шегірткенің бұл түрі Қазақстанда кең таралған. Республиканың дәнді-жусанды, жиі құмды далаларының, дала және шөл аймақтарының учаскелерін мекендейді. Саяқ шегірткенің жаппай көбеюі Қазақстанның әр түрлі астық егетін аймақтарында бірнеше рет орын алып келді. Мәселен, санының күрт артуы ауа райы-климаттық жағдайларға байланысты. Мұндай көрініс тек Қызылордада ғана емес, Шиелі ауданында да байқалып отыр. Осы мақсатта тиісті сала мамандары зиянкестерге қарсы дәрі шашу шарасын жүргізген. Шиелі ауданында аталған бағытта 5 мың гектарға жуық егіс алқабына зиянкестерге қарсы препараттар себілді. Бұл ретте аудан бойынша 12 мың 440 гектардан астам жер залалсыздандырылған.
«Ауданға қарасты Бестам, Еңбекші және Шиелі кентінде шегіртке көбейгені анықталды. Тиісті мекемелер улау шарасын дер кезінде жүргізді. Зиянкестер егінге ешқандай залалын тигізген жоқ», – деді Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков.
Облыс орталығындағы мамандар зиянкестерге қарсы қандай қызмет көрсетіп жатқанын білмекке фитосанитарлық болжамдау әдістемелік мемлекеттік мекемесіне хабарластық. Бас баман Қаржау Құрманбаев табиғаттың құбылысынан пайда болған шегірткелердің аса бір зияны жоқ екенін жеткізді.
– Жыл сайын өткізіліп жатқан қорғану шараларының арқасында облыста бірқалыпты фитосанитариялық ахуал қалыптасқан. Осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілгеніне қарамастан, зиянкес популяцияларын біржола құртып жіберу мүмкін болмай тұр, тек олардың сан мөлшері азайтылып отырады. Соған қарамастан, кей кездері шегірткелердің шамадан тыс көбейіп, өршіп кететін сәттері де болады. Алдын-ала жасалған болжам бойынша сондай жағдай биыл қайталанып отыр. Бұл – табиғаттың тосын құбылысы десек болады. Өйткені қатты желмен ауып келгенге ұқсайды. Ескерер жайт, шегіртке «көшпенді» зиянкес, ол шекара дегенді таңдамайды, сондықтан ол бір жерде ғана қоныстанбайды және жаппай миграция жасаған кезде бірнеше мыңдаған шақырымды артқа тастап ұша алатын қасиетке ие. Сондықтан оған қарсы күрес шараларын көршілес тұрған аудан, облыс, тіпті шекаралас ел болып бірлесе жүргізу қажет. Оның үстіне дүние жүзінде қазіргі болып жатқан ғаламдық жылыну, күн сәулесі белсенділігінің артуы, су қорының азаюы, жағалаулардың құрғап қалуы мен теңіз жағалауында жаңа аралдардың пайда болуы сияқты табиғи құбылыстар зиянкес ареалын кеңейте түсуде, – дейді маман.
Ғалымдар жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелері шегірткелердің әрбір 11-12 жыл сайын жаппай көбейіп барып басылатыны белгілі болып отыр. Бір қызығы, аяқ астынан көбейіп кету саяқ шегірткелерге тән қасиет екен. Әсіресе, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында олардың түрі көп көрінеді. Сондықтан да шегірткелермен күрес бір күнде аяқтала салатын жұмыс болмай отыр. Жауапты бөлім өкілінің сөзінше, жедел түрде мониторниг жүрізіліпті.
– 180 000 гектарға мониторнг жүргіздік. 1 шаршы метрге 8-10 шегірткеден келді. Сонымен қатар шегірткелер топтасқан болса ғана оның зиянкестігі байқалады. Біздің өңірдегісі қауіптілігі төмен. Өйткені олардың барлығы маусымның 15-іне дейін тұқымдастырылған. Жұмыртқа салғаннан кейін бұл шегірткелер әрі кеткенде 5-ақ күн өмір сүреді. Дегенмен шегіртке жұмыртқаларының 85-90 пайызының тіршілігін жалғастыруға қабілетті. Олар желмен ауып келгеніне қарағанда біздің аумақта жұмыртқалаған жоқ. Бүгінде дәрі себу бойынша бөлініс бар. Бірі – ауыл шаруашылығы қырылымы, яғни аудандық әкімдіктерге тиесілі болса, енді бірі – мемлекеттік жер қоры. Бұл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарайды. Мүмкіндігімізше 1800 гектарды залалсыздандырдық, – деді Қаржау Құрманбаев.
Мамандардың сөзіне қарасақ, зиянкестерге қарсы жыл сайын жүйелі түрде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, зиянкес популяцияларын біржола құртып жіберу мүмкін емес. Жыл сайын химиялық күрес жұмыстары ұйымдастырылып, қаншама адам жұмылдырылып, қаражат бөлініп жатқанымен олардың таралу ареалы азаймай отыр. Биыл аймақта шегірткеден қорғайтын дақылдар, майлы дақылдар, мал азығы дақылдары мен көкөніс, бақша өнімдері егілді. Енді бұл байлықтың бәрін көздің қарашығындай сақтау, зиянкестерді жайлатпау бүгінде облыс үшін маңызды мәселе.
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!