Елімізде 5 миллионға жақын автокөлік тіркелген. Олардың 87,7 проценті жеңіл автокөліктердің еншісінде. Ал 10,4 процентін ауыр жүк көліктері құраса, 1,9 проценті – жолаушылар тасымалындағы автобустар. Қазақстан бойынша көлік саны жағынан Алматы және Шығыс Қазақстан облысы алда тұр. Тәуелсіздік алған жылдары бір ғана Германияның өзінен елімізге 1 миллионға жуық автокөлік келген. Кейінгі жылдары сырт елден көлік әкелу жыр болды. Жыры бітпеген жауыр мәселенің тағы бірі қылаң берді. Ол – рулі оң жақтағы автокөліктердің елге кіргізілуін шектеу.
Жол апатын азайту жолы
Бұл кеше, бүгін болған жағдай емес. Негізінде мұндай шектеу 2018 жылдан бастап қолға алынған. Айталық, 2021 жылы да осындай түйткілдің тарқауын табу керегі жоғары мінберде көп айтылды. Мәселен, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов бұрнағы жылы «Қазақстан аумағында оң жақта орналасқан рульмен басқарылатын көліктерді тіркеуге 2018 жылдан бастап тыйым салынды. Сондықтан да рулі оң жақтағы көліктер елімізде тіркеуге жатпайды. Әрине, азаматтарға жеке мүлік, оның ішінде автокөлік алуына да тыйым сала алмаймыз. Әр адамның жеке құқығы бар және ол заңмен бекітілген. Дегенмен заңның басқа тұсы да бар. Осы орайда көлік сатып алушы, әсіресе шетелдік көлікті иеленушінің елге әкелместен бұрын заңға бір үңілгені абзал. Көрші Ресейден көлік әкелсе де оның өзіндік талаптары бар. Яғни көлікті сатып алу бір бөлек, ал оны заңды жолмен иелену – екінші мәселе», – деп мәлімдеген болатын.
Айтатындайы бар. Көлікті сатып алу басқа да, заңды жолмен иелену өз алдына бір бөлек әңгіме. Көршілес елдерден заңсыз әкелінген талай тұлпар тіркелуге жатпай, әркімнің ауласында қаңтарылған күйі қалды. Одан бөлек, шетелдік тіркеудегі көліктерді Қазақстанға уақытша тіркеу жүзеге асамын дегенше, еліміздегі жол-көлік ережелерін бұзатындардың 20 проценті солар екені белгілі болды.
Бұл шектеу ҚР Индустрия және құрылыс министрінің өткен жылдың 29 желтоқсанындағы бұйрығымен 6 ай уақытқа енгізіліп отыр. Ал бұйрық «Сауда қызметін реттеу туралы» заңның 17 және 18-баптарына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29 және 47-баптарына сәйкес қабылданған.
Көп апатқа «Алфард» себеп
Оң жақта рулі бар көліктердің көшін бастап келе жатқан автокөлік – «Toyota Alphard». Өйткені шетелден келген осы көлікпен қалааралық жолаушылар тасымалында нәпақасын тауып жүргендер көп. Қалараалық болған соң түрлі жағдайлар болады. Әсіресе, Қызылорда өңірінен өтетін Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық автожолының Қызылорда-Ақтөбе бағыты екі жолақтылығынан тарлық етіп тұр. Ал әлгі оң жақ рульді автокөліктердің алдындағы көліктен озуында болуы мүмкін бар гәп.
– Қызылорда мен Астананың арасында әрлі-берлі жолаушы тасып, пайда тауып келемін. Алғашында альфардқа құмартып, кескін-келбеті мен формасы келіскен соң алдым. Бірақ екі айдан кейін сатып жібердім. Өйткені тұнған бойы – қауіп. Қарсы бағыттағы көлік қай тұста, қандай жылдамдықпен келе жатқанын біліп болмайсың. Алдыңғы орындыққа жөн білетін ер азамат мінсе, сәл көмек болады. Ал үлкен апаны отырғызып алған соң одан не сұрайсыз?! Қазір сол жақта рулі бар көлік алдым. Еш қиындығы жоқ. Негізі шектеу қойған дұрыс. Табыс табамын деп жан қиюға болмайды. Жолда небір көліктерді көріп жүрміз, жаның ашиды, кейде қарай алмайсың. Мұның бәріне бір тоқтам болса екен, – дейді такси жүргізушісі Нұржан Ыдырысов.
Күдік пен үміт
Әйтсе де, оң жақтағы автокөліктердің тиімді тұсы көп дейді тағы бір топ. Заңға сәйкес келмесе де, рулі оң жақтағы көлік кейбірінің көңілінен шыққан.
– Жол-көлік оқиғасын рулдің оң жақта болуынан деп кесіп айтатындарға таң қаламын. Қанша уақыт Алматы мен Қызылорданың арасында көлік жүргіздім. Сол жақтағыны да, оң жақтағыны да игеріп кете беремін. Бір ғана қиындық бар. Қызылордадан Ақтөбеге қарай шыққанда жолдың тарлығынан алдыңдағы көліктен озу қиын. Өйткені, қарсы бетті көрмейсің. Ал енді оның пайдалы тұсын айтайын, біріншіден, бағасы арзанырақ. Нарық қос бүйірден қысқан заманда көліктің сәл де болса арзандау түскені бәріне де жақсы. Екіншіден, арзан келсін, қымбат келсін, көліктің төзімділігі жақсы әсер қалдырады. Қосалқы бөлшегі айдан-айға жетпей, қирап жатса, ол да кесір. Ал рулі оң жақтағы көліктердің қай-қайсысын да сапалы шығарған екен. Оған менің көзім жетті. Сондықтан бәрі жүргізушінің шеберлігіне байланысты – дейді көлік жүргізушісі Сырым Сыздықов.
Түйін. Жасы жетпіске таяған қайын атам таяуда рулі оң жақтағы минивэн автокөлігін тізгіндеді. Үлкендердің бірден үйренісіп кетуі қиын ғой, содан соң әкейден «Қиын емес пе?» деп сұрадым. Ал ол болса, «Мен касемсот айдаған адаммын ғой» дегені… Ауыл шаруашылық техникаларының ішінде де рулі оң жақ бетте орналасқандары бар. Бірақ оны да біздегі «заң зауыттар» ретін тауып, жылы жабары анық. Қайткен күнде де заң қолданысқа енгізілгенге дейінгі көліктер елде жүре беретіні даусыз. Бұл шектеу келесі жолы әкелуге қатысты болмақ. Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?! Шектеу шектен шыққан жоқ па?
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!