Мұхит асып жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың арнайы чаттарын нағыз өмірдің айнасына теңесек қателеспейміз. Ал әрбір хабарлама – жаңа үміттің, бірақ ащы шындықтың бейнесін айқындап тұр. Мұнда тек жұмыс іздеу жолдары ғана емес, жат жерде табысқа жетудің күрделі сынақтары талқыланады. Өзге елге кету туралы шешім қабылдау оңай емес, бірақ көп қазақстандық үшін бұл амалсыздықтың салдарына айналды. Мәселені тереңірек түсіну үшін біз де «Whatsaрp» чатқа қосылдық.
Шетелде еңбек ету бүгінде таңдау емес, қажеттілікке айналып барады. Ел ішіндегі экономикалық қиындықтар, төмен жалақы, жұмыс нарығындағы шектеулер көп азаматты шетелден жол іздеуге мәжбүрлейді. Қаржы тұрақтылығына ұмтылған жерлестердің санасында шетелдік еңбек нарығы – жалғыз үміт болып тұр. Бұл үрдістің артында тек табыс қана емес, елдегі жұмыссыздық пен бүгін мен ертеңге деген сенімсіздік жатыр. Дамыған елдердегі жоғары жалақы, тұрақты қолдау – шетелде жұмыс істеудің негізгі артықшылықтары. Алайда, бұл тек жеке адамның табысына емес, ел экономикасына да әсерін тигізеді. Шетелде жұмыс істейтін азаматтар өз тәжірибелерімен, білімдерімен елге қайтып оралса, Қазақстанның экономикасы ұтылмас. Бірақ олардың өзге елде тұрақтап қалу қауіпі де бар.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылдың тоғыз айының өзінде елден 13 мыңға жуық азамат көшіп кеткен. Ал жұмыс істейтіндердің саны 194 мың адамға жетті. Олардың басым бөлігі Ресейде. Сонымен қатар, Польша, Оңтүстік Корея мен Ұлыбританияға аттанғандар да бар. Оның 57 пайызы ерлер болса, 43 пайызын әйелдер құрап отыр. Бұл тек ресми ақпарат ғана. Ал бейресми дерек бойынша сандар тақтасы әлдеқайда ауқымды болуы мүмкін.
Екі түрлі жол, бір мақсат
Неге азаматтар шетелде жұмыс іздеуге құштар? Жауап қарапайым. Қазақстандағы орташа жалақының төмендігі мен өмір сүру деңгейінің күрделенуі. Мәселен, биыл I тоқсандағы жағдай бойынша елдегі айлық жалақының орташа мөлшері 382 279 теңге болды. Ал жас мамандар шетелдік тәжірибе мен жоғары жалақыны өздеріне тиімді деп санайды. Мұндай үрдіс IT, медицина, құрылыс, қызмет көрсету салаларында айқын көрінеді. Олар шетелде жұмыс істеп, біліктілігін арттырып, мол табыс табуды қалайды. Сондықтан жоғары жалақы мен кәсіби даму мүмкіндіктерін іздеп, қазақстандық мамандар шетелге бет алады. Алайда, бұл жолдың да өз қиындықтары бар. Шетелде кәсіби мамандарға бәсекелестік те оңай емес. Жұмыс берушілер оларға қосымша курстан өтіп, жаңа сертификат алуды талап етуі де мүмкін. Бұған қоса әлеуметтік оқшаулану – шетелде жүрген мамандар үшін үлкен мәселе. Отбасынан, туған жерінен жырақта жүрген азаматтар жалғыздықты сезініп, жаңа ортаға бейімделуде қиналады. Келесі санатта – қара күшті қажет ететін жұмыс. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салаларына жұмыс іздеп кеткен азаматтар көбіне физикалық күшті қажет ететін жұмыстарды атқарады. Шетелдегі қара жұмысшылардың еңбегі жақсы төленгенімен, олардың еңбек құқықтары жиі бұзылады. Шетелде заңсыз жұмыс істейтін азаматтардың басым бөлігі алаяқтардың құрбаны болып, тіпті еңбек құлдығына түсуі мүмкін. Сонымен қатар, шетелдегі қара жұмыс денсаулыққа зиян. Кәсіби мамандар мен қара жұмысшылардың шетелге кету себептері әртүрлі болғанымен, олардың мақсаты ортақ – жақсы өмір сүру және тұрақты табыс табу. Бірақ бұл жолдың артықшылығымен қатар, өзіндік ауыртпалықтары бар. Бірі шетелде біліктілігін дәлелдеуге тырысса, екіншісі еңбек құқығын қорғау үшін күресуге мәжбүр. Ең үлкен мәселе – шетелге кеткен қазақстандықтардың елге қайтпауы. Білікті мамандар шетелде қалып, Қазақстанға қайтуға ниет білдірмейді. Бұл құбылыс «brain drain» деп аталады. Ал ол Қазақстанның болашағына кері әсерін тигізеді. Шетелде жинақталған тәжірибе мен білім елге қажет болғанымен, олар өзге мемлекетте тұрақтайды. Ал қара жұмысшылар болса тұрақсыздыққа қарамастан жұмысын жалғастырады. Шетелде жұмыс істеу, әрине, оңай қадам емес. Бұл үлкен жауапкершілік пен тәуекелді қажет етеді.
Шетелдік жұмыс күші Қазақстанға да жетеді
Елдегі жалақының аз екенін айтқанымызбен, бұл мәселенің де басқа тұсы барын ұмытпаған жөн. Мәселен, жерлестер шетелге жұмыс істеуге кетсе, Қазақстанға да жұмыс іздеп келетін шетелдіктердің саны артып келеді. Жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен биыл Қазақстанда 13 835 шетелдік азамат еңбек етеді. Олардың ішінде 4825 адам құрылыс саласында, 1577-сі әкімшілік- көмекші қызметтерде, 1895 адам ауыл, орман және балық шаруашылығында жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, 1377 шетелдік азамат тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу жұмыстарында қызмет атқарады, ал өңдеу өнеркәсібінде 1351 жұмысшы еңбек етуде. Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1806 жұмыс беруші бар. Қазақ жеріне Қытайдан 4248 адам, Өзбекстан 1956, Үндістан 1066, ал Түркиядан 1146 еңбек мигранты келген. Бұл дерек арқылы Қазақстандағы шетелдік жұмыс күшінің құрылымын байқаймыз.
Биылғы наурыз айындағы дерек бойынша 9800 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1000 адам елден шығарылды. Заңды бұзғандардың басым бөлігі – Өзбекстан азаматтары.
Жұмыс істеудің жолы қайсы?
Шетелге жұмыс істеуге кеткендердің арасында адам саудасы мен құлдыққа түскендер бар. Мәселенің маңыздылығы, әсіресе, Оңтүстік Шығыс Азия елдеріндегі оқиғалардан кейін артып отыр. Тайланд, Мьянма және Лаос арасында «алтын үшбұрыш» аталып кеткен қауіпті аймақтарда 100-ге жуық қазақстандық жоғалып кеткені анықталды. Соңғы екі жыл ішінде қылмыстық топтардың құрсауынан тек 28 азамат құтқарылды, ал қалғандарының тағдыры әлі күнге дейін беймәлім. Мұндай жағдайлардың жиілеуіне азаматтардың шетелге заңсыз жолдармен жұмысқа баруы және белгісіз делдалдар мен таныстарға сенуі себеп болып отыр. Жұмысқа орналастыру агенттіктері арқылы емес, бейресми адамдармен байланыс орнатқан азаматтар қауіп-қатерге жиі тап болады. Анель есімді қазақстандықтың оқиғасы осының нақты дәлелі. «Мен Бангкокқа жұмыс істеуге бардым, бірақ ақыры орман ішінде құлдыққа түстім» дейді ол. Жұмысқа орналастыратын танысына сенген Анель қауіпті аймаққа түсіп, жағдайдан әрең дегенде құтылған.
Мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін азаматтарға шетелге тек заңды әрі қауіпсіз жолмен бару маңызды. Шетелде жұмысқа орналасудың қауіпсіз жолдары мен тиімді бағдарламаларын пайдалану құлдыққа түсу қаупінен сақтай алады. Ал сонда қауіпсіз жұмыс істеудің жолы қайсы?
Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істеуді көздеген қазақстандықтарға арнайы бағдарлама әзірленуде. Бұл туралы жыл басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Бағдарлама аясында шетелге жұмысқа баруды қалайтын азаматтарға тіл үйрету, құжаттарды рәсімдеу және медициналық тексеруден өтуге қолдау көрсетілетін орталық құру жоспарланып отыр. Жаңа жүйе арқылы қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда 3 жылға дейін заңды жұмыс істей алады, олардың еңбек және әлеуметтік құқықтары толық қорғалады.
Work and Travel бағдарламасы. Бұл бағдарлама студенттерге АҚШ-та жазғы демалыс кезінде жұмыс істеуге және саяхаттауға мүмкіндік береді. Бағдарлама арқылы студенттер тек жұмыс тәжірибесін ғана емес, мәдени айырмашылықтарды түсініп, әлемдік деңгейде қарым-қатынас орната алады. Сол арқылы заңды түрде жұмысқа орналасуды қамтамасыз етіп, қатысушылардың құқығын қорғайды. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы шетелде білім алу мен тағылымдамадан өтуге арналған мүмкіндіктердің бірі.
Шетелде жұмыс істеуді жоспарлаған қазақстандық азаматтар енді ел ішінде арнайы тағылымдамадан өтеді. Бұл туралы маусым айында өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Үкімет басшысы көп қазақстандықтың шетелде жұмыс істеп жүргенін және шетелде жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтардың да саны өскенін атап өтті. Осыған байланысты олардың еңбек қатынастарын заңдастыру мен құқықтарын қорғау қажеттілігі туындағанын айтты.
– Шетелде жұмыс істеген кейбір азаматтарымыздың жалақысы төленбеген, медициналық қызмет көрсетілмеген, келісімшарттар бұзылған жағдайлар туралы деректер бар. Сондықтан біз қазір шетелде жұмысқа орналасуға арналған үкіметаралық келісімдер бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Сонымен бірге, шетелге жұмысқа жіберетін жеке агенттіктердің қызметін реттеу маңызды. Азаматтарымыз сенімді кепілдіктермен қамтылуы қажет», – деді ол.
Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне шетелде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға қолдау көрсету бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, ол кәсіби және тілдік оқыту орталықтарын ашу мүмкіндігін атап өтті. Мұндай орталықтарды Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында ашу жоспарланған, ал басқа өңірлерде осы тәжірибені қолдану ұсынылады.
О.Бектеновтың айтуынша, бұл шаралар қазақстандықтардың сапалы жұмыспен қамтылуына және халықтың табысын арттыруға көмектеседі. Ол облыс әкімдеріне тұрақты жұмыс орындарын құруға басымдық беріп, жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Қазақстандық азаматтар шетелде жұмыс істеу үшін migration.enbek.kz порталы арқылы жұмысқа орналасуға өтініш бере алады. Бұл портал шетелдік жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатып, қазақстандықтарды заңды түрде жұмысқа қабылдауды қамтамасыз етеді. Портал арқылы азаматтар құжаттарды рәсімдей алады, шетелдік жұмыс берушілермен келісімшарт жасасады, тіл үйрену курстарына қатысу мүмкіндігін алады. Бұл жүйе Оңтүстік Корея, Түркия, Ұлыбритания және басқа елдермен жұмысқа орналасу туралы келісімдер жасасқан.
Қазақстандықтардың құқығы қалай қорғалады?
Биыл мамыр айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде екіжақты келісімдерді пысықтау жұмыстарын жүргізетінін мәлімдеген еді. Сондай-ақ, шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау үшін Қазақстан бірнеше елмен үкіметаралық келісімдерге қол қойып жатыр. Бүгінге дейін еңбек қызметін реттеу және еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау жөніндегі келісімдердің жобалары Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, Корея Республикасы, Израиль, Германия, Латвия және Жаңа Зеландия сынды мемлекеттермен әзірленді. Катармен келісімге қол жеткізілді. Бұл келісім аясында еңбек мигранттарының келу, болу және кету тәртібі, еңбекақы төлеу және еңбек жағдайлары, өтемақылар бөлігіндегі құқықтарын қорғау, залалды өтеу тәртібі регламенттелді.
Өмірден…
Әлеуметтік желілерде жиі кездесетін тартымды жарнамалардың бірі Англияда жұмыс істеу мүмкіндігі. Бұрын арман болып көрінген бұл елге бүгінде барып-келу әлдеқайда қолжетімді. Әсіресе, құлпынай жинау секілді маусымдық жұмыстар жиі ұсынылады. Егер қолыңызда виза мен билет алуға қажетті қаражат болса, жарнамада көрсетілгендей Англиядағы мамандардың қатарын толтыруға кедергі жоқ. Жарнамаларда оңай болып көрінгенімен, шындығында оның артында үлкен еңбек пен қатаң шарттар бар.
Мәселенің әлқиссасында айтқанымыздай отбасына демеу болу үшін мұхит асқан жерлестердің арнайы чатына қосылдық. Ондағы өмір мен жұмысты көзбен көріп, барламасақ та қазақстандықтармен онлайн әңгімелестік.
Лаура Азаматқызы.
Қызылорда – Шотландия.
– Өткен жылдың ақпан айында өміріме өзгеріс енгізіп, Шотландияға маусымдық жұмысқа баруға бел будым. «Agropraktika» сайты арқылы фермадан жұмыс таптым. Виза мен билетке өзім қаржы жинап, жолға шықтым. Алғашқы екі айда нарцис гүлі, кейінгі екі айда спаржа жинаумен айналыстым. Алайда, маусым аяқталған соң жұмыс тоқтап далада қалдым. Үш күн бойы көшеде түнеуге мәжбүр болдым. Сол кезде қырғыз жұмысшылары көмектесіп, қиындықтан шығарды.
Шотландияда жұмыс табу оңай болмағанымен, уақыт өте келе бес жұлдызды қонақүйге орналастым. Жұмыс уақыты 7:00- 15:00 арасы. Айлық сағатына 12 доллардан есептеледі. Мұнда әркім өзін бастық ретінде көрсетпейді, барлығы өз ісінің маманы ретінде бағаланады. Сондай-ақ, жұмысшыларға жөнсіз қысым жасалмайды. Әрбір еңбектің әділ бағаланатыны мені таңғалдырды.
Бірақ шетелде өмір сүру оңай болмады. Бірде құжатсыз жүргенім үшін екі аптаға қамауға алындым. Тіл білмеу де үлкен қиындықтар тудырды. Егер шет тілін ертерек үйренгенімде, көп қиындықты жеңілдетуге болар еді. Шетелде қиындыққа тап болған қазақтарға әрдайым көмектесуге тырысамын. Елге қайта алмағандарға билет сатып алып, қолдау да көрсеткен сәтіміз болды. Біз, қазақтар, осылайша бір-бірімізге демеу болып жүрдік. Шотландияда еңбекке деген құрмет, әділдік, адамдар арасындағы сыйластық жоғары бағаланады.
Жарқын (Өз келісімі бойынша кейіпкердің есімі өзгертілді).
Қызылорда – Түркия.
– Осы жылдың мамыр айынан бастап Түркияның Текирова ауылында орналасқан «Gural Premier» бес жұлдызды қонақүйінде бөлме жинаушы болып жұмыс істеймін. Бұл жұмысты табуға және баруымды ұйымдастыруға Стамбұлда тұратын Алтынай Шадыбекқызы көмектесті. Оның жұмыс парақшасын екі жыл бойы бақылаған соң бару туралы шешім қабылдадым. Ол барлық жол жүру, жатын орын және жұмыс шарттарын реттеп, соңғы сәтке дейін бізге қолдау көрсетіп, келгеннен кейін де жағдайымызды сұрап отырды.
Қонақүйдегі жұмыс шарттары келісімшартқа сай орындалып жатыр. Күнделікті жұмыс уақыты таңғы 8:00-ден 16:00-ге дейін созылады, яғни 8 сағат. Жалақым 300 000 теңге көлемінде, премияларды қосқанда 400 000 теңгеге дейін жетеді. Мысалы, Құрбан айт мерекесінде келісімшартта көрсетілген 21 000 лирадан жоғары жалақы алдым. Жалақымыз әр айдың 5-інде ешқандай кешігусіз төленеді.
Жұмыстың бастапқы кезеңі қиын көрінгенімен, уақыт өте келе үйреніп кеттім. Қазір түске дейін 16 бөлме жинаймын. Жұмыстан кейін теңізге барып, күні бойғы шаршағанымды басмын. Теңіз жағасында демалу – жұмыстың ауырлығын жеңілдетеді.
Біз жатақханада тұрамыз, ерлер мен әйелдер бөлек орналасқан. Жатын орын таза, жайлы, ешқандай мәселе туындаған жоқ. Тәртіп қатаң болғанымен, барлығы кәсіби деңгейде ұйымдастырылған. Түркиядағы бұл жұмыс маған жақсы тәжірибе болды.
Алмас (Өз келісімі бойынша кейіпкердің есімі өзгертілді).
Алматы – Англия
– Жасым 48-де. Басты мәселем – баспана. Қазақстанда қанша жыл жұмыс істесем де үй ала алмадым. Осылайша 2022 жылы шетелде жұмыс істеу жолдарын іздедім. Алаяқтарға да тап болдым. Олар 1 миллион теңге көлемінде ақша сұраған, бірақ кейін бас тарттым. Мұндай жолмен де адам арбайтындардың бар екенін білген соң ресми сайттармен байланыстым, іздендім. Мақсатыма жетіп, өткен жылы мамырда Англиядағы фермаға жұмысқа келдім. Виза, әуебилеті секілді шығындарыма 500 мың теңге жұмсадым.
Фермада жұмыс мен күткендей болмады. Құлпынай аз, сәйкесінше жұмыс уақыты да аз болды. Арада уақыт өткен соң Лондонға келіп құрылыс алаңына жұмысқа кірдім. Қазір күніне 120 фунт стерлинг табамын. Алматыда үй салып жатырмын. Қазақстанда 48 жылда жете алмаған арманыма Англияда 1 жылда жеттім. Шетелге жұмыс бабымен келгісі келетіндерге алаяқтардан абай болыңыздар деп айтқым келеді.
Гүлбану Алшынова.
Астана – Ұлыбритания.
– Шетелде жұмыс істеуді 2020 жылдан бастап армандадым. Әлеуметтік желіде белсенді таралған кезең еді. Виза алу бойынша қиындықтар болған соң досым маған көмектесе алатынын айтты. Құжаттарды толық дайындап, алып беруі үшін 200 мың теңге алды. Барлық айтқанына сеніп, Мәскеудегі «Виза орталығына» бардым. Бірақ, мен алаяқтың қолына ілінген екенмін. Сол оқиғадан кейін ешкімге сенбеу керегін, барлық құжаттарды өзім реттеуім керек екенін ұқтым. Ол кезде 21 жастамын. Тәуекелге бел буып Мәскеуде 1 жыл жұмыс істедім. Елге келгеннен кейін «Қалай да Ұлыбританияға барамын» деп мақсат қойдым. Агенттіктерге сенбей, бәрін өзім зерттеп, сайттар арқылы өтініш бердім. Сақтық танытып, тек банктік шоттар арқылы ғана төлемдер жасадым. Нәтижесінде Шотландияға таңқурай теруге маусымдық жұмысқа бардым. Алайда, ол жақтың ылғалды әрі салқын ауа райы қатты қинады. Тіпті жазда да жылы киім киюге тура келді. Мен үшін 6 ай фермада жұмыс істеу физикалық тұрғыдан өте ауыр болды. Фермадағы талаптар өте қатал. Бір сағатта 10 жәшік құлпынай жинауым керек. Әйтпесе сағаттарды қысқартып, жалақыны азайтады немесе жұмыстан шығарып жібереді. Таңғы 3:30-да басталған күнім үш сағаттық жұмыс пен бір сағаттық үзілістермен жалғасатын. Фермада 4 топ болды. Бір топта 100 адам жинақталады. Ал жалпы 800-ден астам адам жұмыс істеді. Олардың ішінде румын, болгар, өзбек мен қазақтар болды. Румындар бірнеше жыл бойы осында қалып, жақсы табыс тауып тұрмысын жақсартатын, ал біз, қазақтар 6 ай немесе бір жылға дейін жұмыс істейтінбіз.
Уақыт аяқталған соң елге оралдым. Өте қатты сырқаттанып, бір ай бойы емделуге тура келді. Сондықтан тапқан ақшамның бәрі емге кетті. Бұл жұмыс әйелдер үшін өте ауыр.
Өз оқиғам арқылы ешкімге сенбеуді, агенттіктерді де зерттеп таңдауды үйрендім. Өзге елге жұмысқа келетіндерге де сақ болуларын сұраймын. Себебі қашан және қалай алданып қалатыныңызды білмейсіз. Қазір Англиядамын. Екінші рет қайта келдім. Бірақ мұнда келмес бұрын Мальдив аралдарына барғым келді. Өкінішке қарай тағы да алданып қалдым. Сақтықта қорлық жоқ!
Түйін. Шетелде жұмыс істеу қазақстандықтар үшін екіұшты таңдау. Бір жағынан, шетелге бару қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек өзіңді жаңа ортада сынап, өміріңді өзгертудің жолы. Алайда шетелде жұмыс істеудің көлеңкелі тұстары да бар. Кей азаматтар заңсыз жұмысқа орналасып, еңбек құқықтарының бұзылуына ұшырайды. Тіл білмеу, әлеуметтік оқшаулану және физикалық ауыр жұмыс олардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Заңсыз жұмыс шарттары мен алаяқтардың қақпанына түсу де жиі кездеседі. Сонымен қатар шетелде тұрақтап қалып, елге оралмайтын мамандардың көбеюі Қазақстанның кадрлық әлеуетіне кері әсерін тигізуде.
Өзге елде жұмыс жасау – үлкен мүмкіндік, бірақ оның тәуекелдерін ескермеу де қауіпті. Әр адам шетелге шығар алдында құқықтарын қорғау, заңды жұмыс істеу және тілдік кедергілерді жою сияқты мәселелерге мұқият дайындалуы керек. Бұл таңдау үлкен жетістікке жеткізуі де, ауыр сынақтарға ұшыратуы да мүмкін. Сондықтан әр азамат саналы түрде әрекет етіп, дұрыс шешім қабылдауы қажет.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!