2024 жылы Қазақстаннан шетелге қоныс аударғандар саны – 12 732 адамды құраған. Бұл – ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі. Ал нақты өмірде уақытша оқуға, тәжірибеден өтуге немесе жұмыс істеуге кеткен жастардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Басыбайлы көшкендердің көбі Германия, АҚШ, Польша, Канада және Оңтүстік Кореяға бет алған. Әсіресе 18-30 жас аралығындағы жастардың арасында елден кетуге ынта ерекше.

Шетелге кету – бүгінде жай ғана қызығушылық емес, бұл өмірлік таңдауға айналып отыр. Бірі сапалы білім үшін, бірі табысты жұмыс үшін, енді бірі еркін өмір мен шығармашылық даму үшін шетелді таңдайды. Осы құбылыс – қазіргі қоғамдағы терең әлеуметтік, экономикалық, мәдени үдерістердің айнасы.

Неліктен жастар болашағын Қазақстанда емес, өзге елде елестетеді? Бұл сұраққа тек жастардың «қашуға ынталығынан» емес, мемлекет пен қоғамның ұсынған мүмкіндіктерімен жауап беру керек. Тереңірек үңілейік.

Шектен шыққан шектеулер

Бірінші себеп – жүйелік мәселелер. Қазақстанда жастарға арналған бағдарламалар, гранттар, мемлекеттік жоба көп болғанымен, олардың орындалуы мен сапасы күмән тудырады. Парақорлық, таныс-тамыр арқылы «көтерілу» әлі күнге дейін көптеген салада шешуші рөл атқарып отыр.

Мәселен, мемлекеттік қызметке орналасу үшін тек білім мен білік жеткіліксіз, таныс табу маңыздырақ. Жоғары оқу орындарында да сападан гөрі статистика не болмаса рейтинг маңызды. Осындай жағдайда жастардың көзінде мемлекет бейнесі сенім тудырмайды, керісінше формалдылық пен жасандылыққа айналмасына кім кепіл?

Сөз бостандығы да ерекше мәселе екені жасырын емес. Жас буын ой еркіндігіне ұмтылады. Олар әлеуметтік желіде ашық пікір айтқысы, пікірталас мәдениетін қалыптастырғысы келеді. Алайда сын айтқан жастар жиі қысымға ұшырап жатады. Мұндай ортада шығармашылық пен ғылым өркендемейді. Қоғамдық көлікте төлеген орнына отыра алмайтын жастар үшін қоныс аудару – жұтаң қалған мәдениеттен құтылудың тағы бір көзі іспетті көріне бермек.

Қымбат өмір – жетпейтін жалақы

Жастардың эмиграцияға бет бұруының екінші үлкен себебі – экономикалық жағдай. Кейінгі жылдары Қазақстанда қымбатшылық күрт өсті. Қарапайым студент үшін пәтер жалдау, сапалы тамақтану, білім алу секілді базалық дүниелер өте үлкен салмақ түсіреді. Бір айлық шәкіртақы немесе бастапқы жалақы бұл қажеттіліктерді жаба алмайды. Бірі білсе, бірі білмес, бірақ күнгөріс үшін ақша тауып, жұмысқа тұратын «балмұздақ» студент көп. Ал ЖОО-дағы сабағы жайына қала бермек, ақырында жазғы оқуға қалады немесе академиялық үзіліс алады. Түптеп келгенде нағыз білім алатын шағында тұрмыстың тоқпағы жастарды соғады.

Жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа тұрған жас маман 120-180 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бұл – инфляцияны есептегенде өмір сүруге жетпейтін қаражат. Сонымен қатар еңбек нарығында жастарға деген сенім аз. Тәжірибесі жоқ маманнан бірден нәтиже талап етіледі, ал үйретуге, бағыт беруге ынта танытатын жүйе жоқтың қасы.

Кәсіп ашқысы келетін жастар да түрлі кедергіге тап болады. Қолдау бағдарламалары күрделі, рәсімдері ұзақ, ал нәтижесі күмәнді. Нәтижесінде, жастар табыс табудың, кәсіби дамудың жолын өз елінде емес, өзгенің елінде көреді.

Ғылымға жаңа серпін керек

Қазақстанда ғылым саласының қазіргі жағдайы – тағы бір маңызды мәселе. Ғылымға ынтасы бар жас зерттеушілерге қажетті зертхана, сапалы құрал, еркіндік берілмейді. Грант алу үшін көп жағдайда таныс-тамыр керек немесе бюрократиялық кедергілер шектеу қоюы мүмкін.

Ғылыми мақалалар шетелде жариялануы тиіс деген талап та бар, бірақ оған жағдай жасалмаған. Жас ғалымдар шетелде магистратура немесе PhD оқып, кейін сол жақта қалып қояды. Себебі өз елінде оларды тек жалақысы төмен жұмыс, формалистік ғылыми орта күтіп тұрады. Бір кездері ғылыммен айналысам деген арман тіпті басқа салаға ауысып кетуге мәжбүр етеді.

Қоғамдағы қысым мен түсінбеушілік

Жастардың шетелге кетуінің тағы бір астарында әлеуметтік-мәдени қысым жатыр. Қоғамда жастардың киімі, музыкасы, тілі, ойы жиі сынға ұшырайды. Ата-аналар мен үлкен буынның көзқарасы, көбіне, жас буынмен үйлеспейді. Креативті ойлар, заманауи бастамалар түсініксіз қабылданады.

Жас буын өз ортасын таба алмай, өзін бөгде адам сезініп жатады. Ал шетелде жастар еркін, пікірін жасырмайды, өздігінен дами алады. Осы айырмашылық – үлкен психологиялық әсер етеді.

Баян Сарибаева, Италияда білім алып жатқан студент:

– Мен қазір Италияда оқып жатырмын, жақында оқуымды аяқтаймын. Кейінгі жылдары жастар арасында шетелге кету, сол жақта қалып қалу туралы көп айтылып жүр. Бұл сауал маған да қатысты.

Біріншіден, шетелде өмір сүру сапасы мен мүмкіндіктердің кеңдігі жастарды қызықтырады. Күнкөріс пен жалақының арасында алшақтық жоқ, еңбегіңнің өтеуін бірден көресің. Тіпті жаңа ғана оқуын аяқтаған жас маманның өзі лайықты жалақы алып, өз бетімен өмір сүре алады. Сонымен қатар қоғамдық көлік, медицина, білім секілді қызметтер де баршаға қолжетімді.

Екіншіден, шетелде жүргенде көзің ашылады, таным кеңейеді. Басқа мәдениетті, өзге өмір салтын көріп, ой-өрісің өзгереді. Жастар үшін бұл үлкен тәжірибе. Еркін ойлау, өз көзқарасын ашық айту, таңдау жасау мүмкіндігі – адам дамуына серпін беретіні рас қой. Бірақ бұл еркіндік тек ше- телге ғана тән деу қате, себебі қазір Қазақстанда да жаңа серпіліс байқалады.

Әлеуметтік желілерде кейбір блогерлер шетелге көшуге үгіттейтінін байқадым. Бірақ меніңше, мұны керісінше де жасауға болады: шетелде оқып, тәжірибе жинаған жастар елге оралып, Қазақстанда жаңашыл бағытта қызмет етсе, бұл – үлкен күш. Себебі еліміздің болашағы – біз, жастар.

Қазақстанның әлеуетіне сенемін. Иә, шешімін күттірген мәселелер бар шығар, бірақ сонымен қатар жас мамандарды қолдау, кәсіби даму, баспанаға қолжетімділік секілді мүмкіндіктер де артып келеді. Мысалы, «Болашақ» секілді бағдарламалар жастарға жол ашып отыр. Осындай бастамалар көбейіп, нақты іске асса, шетелге кеткен жастардың өзі елге оралғысы келетін болады.

Мен өзімді солардың қатарынан көремін. Оқуымды тәмамдаған соң, шетелде жиған тәжірибемді елге әкеліп, Қазақстанда жүзеге асырғым келеді. Елдің дамуына үлес қосу – мен үшін үлкен мәртебе.

Шетелден не іздейді?

Көптеген жас Германия, Канада, Оңтүстік Корея, АҚШ елдеріне білім алып қана қоймай, жұмыс істеуге де барады. Бұған мүмкіндік беретін бағдарламалар бар. Мысалы, «Work and Travel» – АҚШ-та маусымдық жұмыс істеп, ағылшын тілін үйреніп, жаңа тәжірибе жинауға арналғанжоба. Ал «Erasmus+» – Еуропадағы жоғары оқу орындарымен алмасу бағдарламасы. «Fulbright» – АҚШ-та магистратура, докторантура бойынша оқу үшін стипендиялық бағдарлама. Бұл жобалар жастарға тек оқу емес, өзін-өзі тануға, әлем көруге мүмкіндік береді.

Алайда мәселе сол тәжірибемен елге оралған соң туындайды. Қазақстанда халықаралық тәжірибесі бар мамандарды бағалайтын орта әлі қалыптаспай жатыр. Көп жағдайда олар қайтадан шектеулі жүйеге оралып, дамуға мүмкіндік таппайды.

Шетелге кетіп жатқандардың басым бөлігі өз ісіне адал, білімді, еңбекқор жастар. Олар – IT мамандары, инженерлер, жас ғалымдар және өнер адамдары. Мемлекеттік грантпен шетелде оқып, кейін елге оралмайтындардың саны жыл сайын артып келеді. Себебі оларды күтіп тұрған нақты бағдарлама жоқ. Жұмысқа орналастыру жүйесі әлсіз, идеяларын жүзеге асыратын механизм қалыптаспаған.

Бұл – жай ғана жастардың көші ғана емес, ел үшін ең қымбат капиталдың жоғалуы. Мидың ағуы (brain drain) – экономикалық, ғылыми және рухани әлеуеттің сыртқа кетуі. Бұның салдары білікті кадрлардың жетіспеуіне, ғылыми жаңалықтардың азаюы мен білім сапасының төмендеуне әкеледі.

Не істеу керек? Жастардың шетелге кетуін тоқтату емес, елге қайта келуіне себеп табуымыз керек. Ол үшін мемлекет мына бағыттарға баса назар аударуы тиіс:

– Жастар үшін нақты мүмкіндіктер: сапалы білім, әділетті орта, лайықты жалақы;

– Шетелден біліммен оралған жастарға бағытталған арнайы бағдарламалар;

– Ғылыммен айналысатын жастарға толыққанды инфрақұрылым;

– Стартап, кәсіпкерлік, шығармашылық жобалар үшін гранттар мен қолдау;

– Аймақтардағы жастарға ерекше назар, урбанизация мен мәдени кеңістік қалыптастыру.

Ал жастар не істеуі керек? Біріншіден, өз елі үшін жауапкершілік пен үміт арасында тепе-теңдік табуға тырысса игі. Эмиграция – қашу емес, таңдау екенін ұмытпағандары жөн. Екіншіден, шетелде жинаған тәжірибені ел игілігіне қолдануға әрекеттенсе, халық жадайының біршама жақсаратыны анық. Үшіншіден, қоғамдық өзгерістерге атсалысып, қалыптасқан стереотиптерді өзгертуден тайынбаса екен.

Қорыта келе түйгеніміз, шетелге кету – арман емес, амал болып тұр. Бірақ сол арманды өз елімізде де жүзеге асыратындай жағдай туса, жастар өз жерінде қалуға дайын. Бұл – тек жастардың ғана емес, мемлекеттің де тарихи таңдауы.

Жастар болашағы – ел болашағы. Олардың кетуіне жол беру емес, қайтып келуіне жағдай жасайтын кез келді.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!