Бұл тақырыпта жылда мақала жазып, мәселені ауық-ауық көтеруге тырысамыз. Бірақ беталысы басқа ел болған жастардың таңдауына харекетіміз шамалы. Білім алып, ғылым жолында біліктілігін арттырып келсе, бек қуанамыз ғой, тек, санасын тұрмыс билеп, өзге елдің қожалығына қызмет етпесе дейсің. Елді дамыту мәселесі біздің мемлекетте де өзекті. Ал осы күш жастарға түскенде, жүйе де, жүйесіздік те бір жолға түсіп, оң өзгеріс байқалып қалар деген ой бар. Жә, арман-тілек көп, осыны мақсатқа айналдырсақ болды…
Жастардың шетелге кетуі – бүкіл әлемде маңызды мәселеге айналып отырған құбылыс. Халықаралық ұйымдар дерегі бойынша, кейінгі жылдары студенттік көші-қон мен еңбек миграциясы қарқынды өскені байқалады. Мысалы, 2022 жылы әлемде білім алатын шетелдік студенттер саны 6,9 миллионға жеткен. Бұл көрсеткіш одан 20 жыл бұрын, яғни 2002 жыл 2,5 миллион болған еді. UNESCO және басқа да зерттеулер жастардың сапалы білім, еңбек нарығында жоғары жалақы іздестіру және әлеуметтік-экономикалық қолайсыздықтар секілді себептерге байланысты шетелге кетіп жатқанына назар аударып, талдаулар жүргізді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) есептері бойынша, 2023 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы елдерінде 2,1 миллион жаңа халықаралық студенттік виза берілген. Бұл үрдістерді ескере отырып, көптеген мемлекет білім беру мен еңбек нарығына ашықтық енгізіп, халықаралық бағдарламалар арқылы жастарды қолдауға ұмтылуда.
Көші-қондағы басты фактор не?
Жастардың миграциялық әрекетінің басты себебін білім іздеумен байланыстыруға болады. Сондай-ақ климаттық өзгерістер мен әлеуметтік тұрақтылық та маңызды рөл ойнайды. UNESCO «жастардың шетелде оқуы қарыштап дамып келеді, олардың сапалы білімге қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет» деп дабыл қағып жатыр. Өйткені студенттер Erasmus+, Fulbright, ТМД гранттары сияқты бағдарламалармен шетелде білім алуға асығып, өзге елдің мәдениетіне қызығады.
Мысалы, 2014-2020 жылдары Erasmus+ студенттеріне 2000-ға жуық грант беріліп, қазақстандық студенттер мен оқытушыларды Еуропаға жіберген. Алайда бұл бағдарламалардан түскен білім мен тәжірибе кей жастардың тұрақты түрде шетелде қалуына себеп болуы мүмкін. Жалпы, халықаралық статистика білім мен еңбек мақсатындағы көші-қонның артып отырғанын көрсетеді. Әлем бойынша мыңдаған студенттер шетелдегі университеттерде білім алуда. 2022 жылы халықаралық студенттердің жалпы саны 6,9 миллионнан асқанын айттық, бұл екі онжылдықта 2,5 есеге өскенін көрсетеді. OECD дерегі бойынша 2023 жылы халықаралық студенттік ағымдар 6,7%-ға өсіп, 2,1 миллион адамға жеткен. Осыған байланысты, Еуропа мен АҚШ, Азия елдері білім экспортына басымдық беріп, студенттер тарту саясатын күшейте түскен.
Қазақстандағы ахуал қандай?
Қазақстанда да жастардың көшу үрдісі артып келеді. Ұлттық статистика бюросының есебіне сүйенсек, 2023 жылы елден кеткендер саны – 12 732 адам, оның ішінде ТМД елдеріне 9948, басқа елдерге 2784 адам. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда шамалы төмендеген. Ал шетелден келгендер саны 2023 жылы – 19 136 адам. Бұл – 9 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Статистикаға қарағанда, көбі техникалық және экономикалық мамандар құрайды. Яғни, шетелге кетіп жатқандардың басым бөлігі техникалық, экономикалық және құқықтық салада білімі бар жоғары білікті мамандар. Қазақстанның ішкі және сыртқы көші-қоны көрсеткіштері 2022-2023 жылдар аралығында оң және теріс бағытта өзгерді. 2023 жылы Қазақстан бойынша эмиграция 16 094 адамды құрап, елдің таза миграциясы 9293 адамды көрсеткен. Миграциялық алмасым ТМД елдерімен жоғары екені байқалады, келгендердің 86,3%-ы, кеткендердің 77,3%-ы ТМД елдеріне көшкен. Ол елдердің қатарында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көрші елдердің үлесі басым.
UNESCO Институтының жаңа деректерінде Қазақстан халықаралық студенттер санынан әлемде 9-ыншы орында тұр. 2018 жылғы UNESCO есебінде Қазақстаннан 90333 студент шетелде оқып жатқандығы келтірілген, оның 71368-сі Ресейде екені айтылған. Яғни, дәстүр бойынша қазақстандық студенттердің басым көпшілігі Ресей мен Қытай секілді көрші елдерге барады, бірақ соңғы жылдары АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдерге сұраныс өсіп келеді. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан 2023-2024 оқу жылында 1171 қазақстандық оқу грантын алған, оның ішінде АҚШ-та – 576, Ұлыбританияда – 321, Еуропаның басқа елдерінде – 131, Азия елдерінде – 62 адам бар. Қазақстандық жастардың шетелде білім алуының басым бөлігі жеке қаржымен жүзеге асады. «Болашақ» сияқты мемлекеттік гранттар аз болса да, олар жоғары білікті мамандарды дайындауда маңызды рөл атқарады. Қазақстанның жоғары оқу орындарының бүкіл саны 642 мың адам, оның 255,7 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды. «Болашақ» бағдарламасы қатысушылары жалпы санның небәрі бірнеше пайызы ғана мемлекеттік стипендиямен, қалғандарының көбі өз қаражатымен білім алуға шығады. Демек мемлекеттік гранттар білім сапасын көтеруге және кері көші-қонға түрткі болса да, ішкі мәселелерді шешуге әлі жетпейді.
Аймақтағы әл-ауқат
Қызылорда облысы елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан енді ілгерілеп жатқан өңірлердің бірі. Облыстың халық саны 2025 жылдың басында 846,9 мың адамға жетті, оның 47%-ы қалада, 53%-ы ауылда тұрады. Өңірде жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмен көрінгенімен, жас мамандарды тартатын үлкен өнеркәсіп немесе қызмет көрсету саласы жаймендеп артып келеді. Бұл аумақтың ауылшаруашылығына тәуелділігі, сондай-ақ кәсіпорындардың шектеулі болуы жастардың басым бөлігін мегаполистерге немесе үлкен қалаларға көшуге мәжбүр етеді. 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қызылордада жалпы миграциялық сальдо – 3137 адамды құрады, ішкі миграцияда – 3152, сыртқы миграцияда 15 адам. Яғни облыстағы қалыптасқан сальдоны төмендетуге негізінен ішкі көшу әсер етті. Жастар мен басқа да тұрғындар елордаларға кетіп жатыр. Бұл өңірде жоғары білім сапасының жетіспеушілігі сезіледі. Аймақта білім беру және ғылым саласын дамытуға инве- стиция қаралса да, университеттер мен колледждердің халықаралық рейтингі тым жоғары емес екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты Қызылордадан шыққан талантты жастардың көпшілігі оқуын аяқтағаннан кейін елордаларда немесе шетелде мансап құруды жөн көреді. Облыс әкімдігі мен білім саласы мамандары кейде «жастарды қалдыру үшін жұмыс орындарын көбейту керек» деп атап көрсетеді. Дегенмен бұл шаралар әлі жалпылама сипатта. Әзірге аймақта жастар саясатындағы кемшіліктер қатарында біліктілікті арттыру курстары мен кәсіптік бағдар беру жүйесінің әлсіздігі, сондай-ақ ауылдық жердің бәріне инфрақұрылымның жетпегені сеп болып отыр. Шетелге білімін жетілдіруге кеткен Фариза Есмаханның да пікірі осы. Онымен тілдескенімізде, магистратурасын аяқтап, енді докторантураны да шетелде оқуға ниеттеніп жатқанын жасырмады. Десе де оқу-білім алып болған соң, туған елде қызмет етемін дейді.
– Түркияға магистратура оқуға ғана келгенмін. Бірақ мұндағы академиялық жағдай, оқытушылардың кері байланысы білім алуда жеңілірек болатынын байқадым. Білім сапасына байланысты университет ғалымдарына баға бере алмаймын, себебі мен профессор емеспін. Бұл сол мамандардың құзырындағы мәселе. Дегенмен Түркияда еркіндік басым болса, Қазақстанда тәртіп пен құрылым жүйесіне негізделген. Екеуінің де өзіндік оң жақтары бар деп ойлаймын. Содан биыл 3 жылдық магистратурам аяқталды. Енді докторантура оқу ойда бар. Бірақ оны өз елімде оқуым мүмкін. Бұл жақтан үйренгенімді Қазақстандаға алып келіп, еліміздің ғылымына үлес қосқым келеді, – деді ол.
Шетелге көшудің себебі не?
Жұмыссыздық пен жалақының төмендігі бірінші мәселе. Қазақстандағы жалпы жұмыссыздық салыстырмалы түрде төмен болғанымен, өңірлік айырмашылықтар бар. Одан бөлек, бәсекеге қабілеттіліктің төмендігі мен білім сапасына сенімсіздік те менмұндалайды. Әрі аймақтық теңсіздік пен орталықтандырылған саясат та шетелге көшудің бір себебі. Елде кадр мен инвестиция мегаполистерге бағытталу нәтижесінде облыстар шетте қалады. Билік бағдарламалар мен ресурстарды жергілікті тұрғындарға емес, қала элитасына көп арнағаны жастар арасында көп сынға ұшырайды. Нәтижесінде, облыс жастарында «егер мен қалада, тіпті шетелде болмай, облыста қалсам, дамуым шектеулі» деген наным пайда болады. Бұл ұстаным жастар арасында кең таралғанын зерттеулер мен әлеуметтік сауалнамалар көрсетеді.
Жоғарыда аталған мәселелер өзара байланысты және бір-бірін күшейтеді. Төмен жалақы мен жұмыссыздық жастардың елден кетуге негізгі себебі болса, білім сапасына сенімсіздік мақсатты түрде білім іздеуді күшейтеді. Орталықтандырылған саясат пен өңірлік теңсіздік осы процестерді тудыратын қосымша факторлар ретінде ықпал етеді.
Ал мұның салдары…
Шетелге кеткен жастар Қазақстанға, Қызылорда облысына және өзі үшін әртүрлі салдарға алып келеді. Қазақстан үшін білікті кадрлардың азайғаны – алаңдататын дүние. Елдің дамуы үшін қажетті инженерлік, технологиялық, медицина және ғылыми тұрғыдан дамыған мамандар шетелде қалып қояды. Ауылдық мектептер мен колледждерден шыққан талантты жастар қалаға және одан әрі шетелге ағылып жатыр. осыдан кеп, демографиялық тепе-теңдік те бұзылады, жұмысқа жарамды жастардың саны кеміп, қартаюы көп өңірлерде әлеуметтік мәселелер шиеленісе түседі. Қызылорда үшін миграцияның салдары одан сайын күрделені берері сөзсіз. Қалалық және ауылдық жердегі кадр тапшылығы экономика мен әлеуметтік саланы әлсіретеді. Мысалы, білім мен денсаулық сақтау саласында жоғары білікті мамандар жетіспеушілігі байқалады, бұл инфрақұрылымның сапасына теріс әсер етеді. Өз жерінде жұмыс таппаған жастар жергілікті даму жобаларына үлес қоса алмайды, нәтижесінде өңір экономикалық қиындықтарға душар болады. Шетелге кеткен жастардың өздері үшін де артықшылықтары мен қиындықтары бар. Жаңа ортада кәсіби өсу мен тәжірибе алмасу мүмкіндігі көп, бірақ интеграция, тіл мен мәдени айырмашылықтар, отбасынан алыстау сияқты мәселелер кездеседі. Қазақстандық жастар кейде сол елде азиялық немесе басқа ұлт ретінде мойындалмай қалуы мүмкін. Мұндай оқиғалар – көші-қонның әлеуметтік салдарының көрінісі.
Көрші елдердегі көрсеткіш
Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттері де жастардың көші-қоны мәселесімен таныс. Өзбекстан 2022 жылы 150 мыңнан астам студенттің шетелде оқығанын хабарлады. Бұл цифр Үндістан мен Қытайдан кейінгі үшінші көрсеткіш. Қырғызстан халқы шамамен 7 миллионды құрдайды, содан болар, шетелде оқитын студенттері онша көп емес. Мысалы, 2021 жылы шамамен 13 мың қырғызстандық Түркия мен Қазақстанда жоғары білім алып жатқаны белгілі. Қазақстанның шетелде білім алатын жастары Өзбекстанға қарағанда төменірек, бірақ Қырғызстан мен басқа да елдерден әлдеқайда жоғары. Яғни халқы ұқсас Өзбекстанмен салыстырғанда Қазақстан орташа деңгейде болса, көршілес елдерге қарағанда көшбасшы деңгейде тұр. Жүргізілген статистикалық және талдамалық зерттеулер бұл елдердегі айырмашылықтардың жоғары екенін көрсетеді. Өзбекстан мен Қырғызстанда жастардың көбі әлі де Ресей мен Өзбекстан ішіндегі оқу орындарына барады, ал Қазақстандық жастар өзге шетелге бет алады. Еліміз дамушы елдер қатарына кіргендіктен, шетелдегі студенттердің абсолют саны мен сапалық көрсеткіштері бойынша Еуропа немесе АҚШ секілді елдерден төмен. Солармен салыстырғанда, Қазақстан жастар көші-қоны бойынша Орталық Азия аймағында әлемде орташа деңгейде орын алады.
Шешім неде?
Жастардың елге қайтуын ынталандыру және өңірлік теңгерімді сақтау үшін бірнеше шара қабылдау қажет. Біріншіден, жоғары білікті мамандарға арналған ерікті қайтару бағдарламаларын енгізу маңызды. Мысалы, білім алып қайтқан жастарға жеңілдетілген несие, салық жеңілдіктері немесе жылжымайтын мүлікке субсидия ұсыну – олардың Қазақстанда тұрақтауына септігін тигізеді. Екінші, ауылдық және өңірлік жерлердегі жұмыс орындарын арттыру және стартаптарды қолдау керек. Қызылорда сияқты аймақтарда жас мамандар үшін арнайы тұрғын үй, жұмыс пакетін жасау да жастарды жергілікті даму жобаларына тартар еді. Үшіншіден, жастарды қолдайтын білім беру бағдарламаларын инвестициялау қажет, өңірлік жоғары оқу орындарының халықаралық ынтымақтастығын күшейту, цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділікті арттыру, шетелдік тәжірибені енгізетін білім беру бағдарламаларын кеңейту маңызды. Сондай-ақ «Болашақ » секілді стипендиялық бағдарламаларды білікті мамандарға бағыттау да шетелде оқып келгеннен кейін елге оралған кезде тұтынатын мемлекеттік құрал бола алады. Мұндай ұсыныстар жүзеге асырылса, Қазақстан мен Қызылорда өңірінде кадр тапшылығы азайып, ауылдық мекендерді дамыту қайта жанданады. Нәтижесінде шетелге шыққан жастардың қайтарымы артатын болады: олар шетелдік тәжірибелерін Отанында қолдануға, ұлттық экономика мен ғылымға үлес қосуға мүмкіндік алады. Жастардың шетелге көшуін қозғаған соң, жас ретінде қосқан «бес тиынымыз» осы.
Түйін. Кім болса да, еліне қызмет етуді ойлайды. Бірақ құр ой оған табыс әкелмесе, онда сананы тұрмыс билейтін уақыт осы кезде басталады. Қазыналарды шетелге тегін өткізіп жатырмыз. Олар- ды өз мемлекетімізде де бағалы етіп ұстауға болады, тек амалын білу керек. Амалын айттық, енді еститін құлақ пен көретін көз өзі әрекет етуі тиіс.
Е.ҚАЛИЕВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!