Еліміз жерінің кеңдігімен ғана емес, қойнауының байлығымен де әлем назарын өзіне аударады. Ұлан-ғайыр дала төсінде мұнай мен газ, алтын мен күміс, мыс пен уран, көмір мен темір секілді қазба байлықтардың сан түрі жатыр. Табиғаттың осындай жомарт сыйына ие елдің экономикалық тұрғыдан қуатты, өндірісі өркендеген, ғылымы дамыған болуы керек дерсіз. Алайда шынайы ахуал бұл пікірмен толық сәйкес келе бермейді. Осы орайда, Қазақстанның қазіргі экономикалық бейнесінде импортқа тәуелділік мәселесі өткір көрініс тауып отыр. Бұл құбылыс елдің ішкі әлеуетін толық пайдалана алмай отырғанын аңғартады. Неге? Жауабын бірге іздейік.
Импортқа тәуелділік дегеніміз – елдің негізгі қажеттіліктерін сырттан сатып алу арқылы қамтамасыз етуі. Яғни, өзің өндірмейсің, амалың жоқ, басқа мемлекеттен сатып алуға мәжбүрсің. Қарап тұрсақ, бұл тұтас елдің қаражат қағып түсіретін көк шығын. Назар аударыңыз, бұл тек экономикалық көрсеткіш қана емес, ұлттық қауіпсіздікке де тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Мәселен, қарапайым тұрмыстық техникадан бастап күрделі өндірістік станоктарға дейін шетелдік өнімдерге сүйенеміз. Автокөліктердің басым бөлігі импортталады. Ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын техниканың өзі көбіне сырттан әкелінеді. Бұл жағдай ішкі өндірістің әлсіздігін ғана емес, ғылыми-техникалық базаның жеткіліксіздігін де көрсетеді.
Импортқа тәуелділіктің басты себептерінің бірі – экономиканың шикізаттық бағытта қалыптасуы. Кеңес дәуірінен бері Қазақстан табиғи ресурстарды өндіруге маманданған аймақ ретінде дамыды. Тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл бағыт айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Мұнай мен металдарға деген әлемдік сұраныс жоғары болғандықтан, мемлекет осы секторға басымдық берді. Нәтижесінде, өңдеуші өнеркәсіп пен жоғары технологиялық өндіріс назардан тыс қала берді де, бүгінгі көтеріп отырған тақырыбымызға мұрындық болды.
Тағы бір маңызды себеп – ғылым мен білім саласына жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбеуі. Бөлінеді делік, бірақ неге осы аталған салада мардымды нәтиже жоқ? Ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобалар өндіріс пен экономикаға нақты ықпал ете алмай отыр.
Қазақстан экспортының құрылымына терең үңілген сайын, ел экономикасының әлі де шикізаттық сипаттан арыла алмай отырғаны айқын байқалады. Шетелге шығарылатын өнімдердің шамамен жартысы мұнай мен мұнай өнімдеріне тиесілі екені көп нәрсені аңғартады. Нақтырақ айтсақ, экспорттың 49,1%-ы дәл осы қара алтынның үлесінде. Одан кейін рафинирленген мыс 6,6%-ды, мыс кендері мен концентраттары 3,7%-ды, ферроқорытпалар мен бидайдың әрқайсысы 3,2%-ды құрайды. Бұл сандар жай ғана статистика емес, экономиканың қай бағытқа тәуелді екенін көрсететін нақты индикатор. Яғни Қазақстан әлемдік нарықта дайын өнім өндіруші емес, шикізат жеткізуші рөлінде ғана қалып отыр. Мұндай құрылым ұзақ мерзімді даму үшін тиімсіз. Түптеп келгенде, шикізаттың өзі шексіз емес қой.
Қазақстандық тауарлардың негізгі сатып алушыларына назар аударсақ, Италияның үлесі 19%-ды құрайды. Одан кейін Қытай 14,3%-бен, Ресей 8,6 %-бен келеді. Франция, Нидерланд және Түркия да маңызды серіктестер қатарында. Бұл елдерге негізінен шикізат экспортталады. Ал керісінше, Қазақстанға тауар жеткізетін елдердің ішінде Қытай мен Ресей көш бастап тұр. Қытайдың үлесі 33,9% болса, Ресей 29,2%-ды құрайды. Бұдан бөлек Германия, АҚШ, Оңтүстік Корея және Түркия да негізгі импорт көздері саналады.
Бұл көрсеткіштер Қазақстанның жаһандық экономикалық жүйеде қандай орын алатынын көрсетеді. Біз дамыған және индустриялық мемлекеттерге шикізат жеткізіп, солардан дайын өнім сатып алатын елдер қатарындамыз. Яғни қосымша құнды өнім өндіру тізбегінің төменгі сатысында қалып отырмыз. Ашығын айтқанда, өзіміз баюдың орнына өзгені байытып отырмыз. Қарапайым қойнауымыздағы қара алтынды өңдеп үйренсек пайда көрер едік.
Импорттың жалпы құрылымына қарасақ, оның басым бөлігі тұтынушылық сипатта екенін көреміз. Жеңіл автомобильдерге 1,68 миллиард доллар жұмсалса, дәрі-дәрмекке 1,19 миллиард доллар кеткен. Электрлік телефон және телеграф құрылғыларына 866 миллион доллар, киім мен трикотаж бұйымдарына 828,7 миллион доллар, автокөлік бөлшектеріне 715,2 миллион доллар, ал компьютер және ақпараттық техникаға 642 миллион доллар жұмсалған.
Фармацевтика – тәуелді болудың бір мысалы. Қазақстанда дәрі-дәрмек өндіретін кәсіпорындар бар болғанымен, ішкі нарықтағы дәрілік заттардың 70%-дан астамы импорт арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің де сыртқы факторларға тәуелді екенін білдіреді. Құдай сақтасын, бірақ әлемде дағдарыс немесе жеткізу тізбегінде қандай да бір үзіліс орын алса, халықтың халі не болмақ?
Сол сияқты тұрмыстық техника мен смартфондар нарығы да толықтай дерлік сыртқы өнімдерге тәуелді. Қазақстанда бұл салаларда толыққанды өндіріс қалыптаспаған. Ал ауыр техника, экскаваторлар мен өнеркәсіптік жабдықтарға келсек, бұл бағытта миллиардтаған доллар шетелге кетіп жатыр.
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сауда да осы үрдісті қайталайды. Қаңтар айында Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 2,16 миллиард долларға жетіп, бір жылда 15,4%-ға өскен. Бірақ осы сауданың 89%-ы Ресейге тиесілі. Бұл – экономикалық байланыстардың бір елге шамадан тыс тәуелді екенін көрсетеді.
Импортқа тәуелділіктің салдары да аз емес. Ең алдымен, бұл ұлттық экономиканың тұрақсыздығына әкеледі. Әлемдік нарықтағы баға өзгерістері, геосаяси жағдайлар немесе логистикалық қиындықтар импортқа тәуелді елдерге қатты әсер етеді. Түптеп келгенде қара халықтың жағдайы жақсармайды.
Сонымен қатар импортқа тәуелділік ішкі өндірістің дамуын тежейді. Себебі нарықта шетелдік өнімдер басым болған жағдайда, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарының азаюына, экономикалық өсімнің баяулауына алып келеді. Ал керісінше, елімізде өндірістік орындар көбейсе, халықтың жағдайы жақсарар еді. Екі қолға бір күрек таппай жүрген ел азаматтары адалынан нанын тауып, тағы бір мәселемізді артта қалдырар едік…
Осы тұста басты сұрақ туындайды. Қазақстан неге өз байлығын толық пайдаланып, өндірісті дамытпай отыр? Жауап күрделі әрі көпқырлы. Біріншіден, инвестициялық саясаттың тиімділігі мәселесі бар. Көптеген шетелдік инвестор Қазақстанға келіп, негізінен шикізат секторына қаржы құяды. Себебі бұл сала тез пайда әкеледі.
Екіншіден, мемлекеттік саясаттың басымдықтары да маңызды рөл атқарады. Егер мемлекет нақты бағыттарды айқындап, сол салаларды жүйелі түрде қолдаса, онда нәтиже де болады. Мәселен, бүгінде Қазақстан машина жасауды қолға алды. Сол қарқынды жалғастырып, басқа да салалардағы өндірісті дамытқан дұрыс.
Үшіншіден, адами капитал мәселесі өзекті. Жоғары білікті мамандарсыз ешқандай өндіріс дамымайды. Сондықтан білім беру жүйесін заман талабына сай реформалау қажет. Тек теориялық білім емес, практикалық дағдыларға да басымдық беру керек. Жастарды инженерлік, техникалық мамандықтарға ынталандыру маңызды. Біздің елде техника басқаратын мамандар аз, көбіне шет ел азаматтары келіп жұмыс істейді. Бұл да бір мәселе.
Импортқа тәуелділікті азайтудың бір жолы – индустрияландыру саясатын жаңа деңгейге көтеру. Бұл тек зауыттар салу емес, толыққанды өндірістік экожүйе қалыптастыру деген сөз. Яғни шикізатты өндіруден бастап, оны өңдеп, дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңдер ел ішінде жүзеге асуы тиіс. Сонда ғана қосымша құн ел экономикасында қалады.
Мысалы, Қазақстан мыс өндіру бойынша әлемдегі ірі елдердің бірі. Бірақ сол мысты толық өңдеп, жоғары технологиялық өнімдер шығару деңгейі әлі де төмен. Егер осы бағытты дамытсақ, онда тек шикізат сатумен шектелмей, дайын өнім экспорттайтын елге айналар едік. Бұл экономикаға әлдеқайда көп пайда әкеледі.
Сол сияқты ауыл шаруашылығы саласында да үлкен мүмкіндік бар. Қазақстанның кең алқаптары органикалық өнім өндіруге қолайлы. Алайда біз көбіне шикізат күйінде экспорттаймыз да, дайын өнімді қайтадан импорттаймыз. Бұл қисынсыз экономикалық модель.
Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау да ерекше мәнге ие. Себебі көптеген дамыған елде дәл осы сектор экономиканың негізін құрайды. Егер отандық кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалса, олар импортты алмастыратын өнімдер шығара алады.
Импортқа тәуелділік мәселесі тек экономикалық емес, идеологиялық сипатқа да ие. Бұл қоғамның өз күшіне деген сеніміне байланысты. Егер біз өзіміздің мүмкіндігімізге сенбесек, онда әрдайым сыртқа «жәутеңдеп» өтеміз. Ал ұлттық санада «біз кімнен кембіз?» деген түсінік қалыптасса, онда жағдай оңалары анық.
Осының бәрі бір ғана шындықты меңзейді. Қазақстан табиғи ресурстарға бай болғанымен, сол байлықты толыққанды экономикалық артықшылыққа айналдыра алмай отыр. Шикізат өндіру бар, бірақ оны терең өңдеу жоқтың қасы. Ғылым бар, бірақ ол өндірістен алшақ. Кәсіпкерлік бар, бірақ оның мүмкіндігі толық ашылмаған.
Егер Қазақстан осы бағыттан өзгермесе, онда ел экономикасы әрдайым сыртқы нарықтардың ықпалында қала береді. Ал шынайы тәуелсіздік тек саяси шекарамен өлшенбейді. Ол экономикалық дербестікпен, технологиялық мүмкіндіктермен және ішкі өндірістің қуатымен анықталады. Сондықтан бүгінде импортқа тәуелділік мәселесі шешімсіз қалмауы керек. Қолда бардың қадірін біліп, темірді қызған кезде соғып үйренейік.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
