Жуырда көрермен назарына ұсынылған отандық веб-сериалдағы бір деталь көзге оттай басылды. Кейіпкерлердің бірінің жүзі жасырылған екен. Дауысы да, сөйлегені де тым жалған, жасанды. «Режиссердің шешімі шығар, мұның да бір құпиясы бар-ау» деп қойып, әрі қарай көре бердік. Бірақ көрермен ретінде қызыққанымыз рас.
Естеріңізде болса блогер Әлия Бутеева Instagram парақшасында Шәріп Серіктің ұрып-соққанын мәлімдеп, лифтідегі видеоны жариялады. Оқиға қоғам арасында қызу талқыға түсіп, актердің әрекеті қатты сыналған еді. Тіпті бойкот жарияланды. Нәтижесінде Sәlem Entertainment, Topcars компаниясы барлық әріптестік қарым-қатынасын тоқтатып, оны қара тізімге енгізді. Мұндай шараның тіпті түсірілім жұмысы аяқталған туындыларға да әсер еткені рас. Мысалы сол уақытта үлкен экранға шыққан «Патруль» фильмінде актер түскен сахналар түгел қиылды. Ал жоғарыда жазған веб-сериалда да бет-бейнесі жасырылған, дауысы өзгертілген актер Шәріп Серік екен.
Мұнан бөлек қазақ тілін місе тұтпаған Chocofamily, Qazaq coffee мен қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен курьерді жұмыстан шығарған Magnum естеріңізде шығар. Бұл кейстерге қарап кейінгі жылдары қоғамда «сancel» мәдениетінің қалыптасқанын байқауға болады. Сонымен бұл қандай мәдениет, қазақы қоғамда «cancel culture» дұрыс қолданылып жүр ме, нені білуіміз қажет? Қарастырайық.
Әуелі кейстерді толықтыруды жөн көрдік. Әр өлеңі тыңдарман жүрегіне жол таба білетін, ТМД елдеріне танымал әнші Jah Khalib 2022 жылы тыңдарманның көңілін қалдырды. Ол отандық подкасттың бірінде нәзік жандарға қатысты пікір білдіріп, хейттің астында қалды. Міне, сол уақыттың өзінде жоққа шығару мәдениеті басталған-ды. Бұл сөздерден кейін «Jah Khalib-тың әндерін плейлисттен өшір» деген секілді түрлі акция басталды. Тіпті концертіне бармай, желідегі парақшасына жаппай шағым түсті. Арада 3 жыл өтсе де қазақстандықтар әншінің бұл пікірін әлі де ұмытар емес. Кейінгі концерттері де бірнеше рет кейінге шегерілген еді.
Шоу бизнестегі «Меломен» тобының әншісі Ғабит Бибасыұлы экс-әйелін ұрғаны үшін хейттің астында қалды, сонымен қатар былтыр футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кең тарап, қоғам наразылығын туғызды. Ұлттар лигасы аясында Словениямен өткен матчтан кейінгі баспасөз конференциясында журналист Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойған. Бас бапкер тілшінің сөзін бөліп, «Французша сөйлеп тұрсың ба?» деп мысқылдады. Қоғам наразылығынан кейін Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан түсініктеме беруді талап етті.
«Жазбада видеоның үзіндісі көрсетілген. Негізі бұл сұрақты Францияның ПСЖ клубының формасын киіп жүрген журналист баспасөз мәслихатында қойғаннан кейін бас бапкер әзілдеп жауап қайтарған болатын. Станислав Черчесов қазақ тілі мен еліміздің мәдениетіне үлкен құрметпен қарайды, сонымен қатар қазақ тілін белсенді түрде оқып жатқанын мәлімдейміз», − деп жауап берді федерация.
Кейіннен федерация басшысы Черчесовке айыппұл салынғанын айтты. Федерация мәліметінше, айыппұл соммасы – 738400 теңге.
«Үміткерге қазақ тілін білу маңызды емес». Дәл осы сөйлем үшін Forte Bank өкілі кешірім сұрады. Осы кезде қаржы ұйымының қызметінен бас тартқандар да болды. Жағдайды нақтыласақ, бос жұмыс орны туралы хабарландыру жариялап, онда үміткердің қазақ тілін білуі маңызды емес екенін жазған Forte Bank-тың айтуынша, хабарландыруды жасанды интеллект әзірлеген. Алайда банктің жауапты қызметкері оны тексермеген.
«Тіл мәселесі, оның ішінде қазақ тілі елімізде өте маңызды екенін білеміз және түсінеміз. Болған жағдай үшін кешірім сұраймыз. Мамандарымыз шұғыл түрде тексеріс жүргізіп, қателік роботтан кеткенін анықтады», − деді банк басшысы.
Ал биыл «cancel» жасалатын тізімге актер Нұрсұлтан Жақсыген, әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен Ақсұңқар есімді әнші де тізіле жаздап тұр. Кейінгі айларда әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен Мөлдір Мұқанованың сұхбаты күннің өзекті талқысына айналғандай. Подкасттардың бірінде ол Тұрсынбек Қабатовтың көңілдесі бар екенін айтып, жылап қалды. Осы сұхбаттан кейін әлеуметтік желі қолданушылары екіге бөлінді. Бірі Тұрсынбекті шеттету керек, концертіне де бармау керек екені жайлы жазса, енді бірі адамның жеке өмірі мен шығармашылығын ажырата білу керек екенін алға тартты. Осы жағдаймен қатар Threads платформасында актер Нұрсұлтан Жақсыген – «Жаманген» деп танылды. Актердің экс-жұбайы ажырасқаннан кейін де Нұрсұлтанның маза бермей жүргенін, түрлі балағат сөздер жазатыны жайлы жайып салды. Тіпті актердің бойына қатысты әзіл аралас хейт таралды, онымен қоса нөмері жарияланып, жекесіне көптеген хабарлама жазғандар да бар.
Сәл кейінге шегінсек, мешітте болған оқиға естеріңізде ме? Жаз айының бірінде Ақтөбедегі мешітте ер адам қыз балаға тиіспек болып, желіде видеосы тарады. Бірі бойжеткенді жақтаса, енді бірі даттап та үлгерді. Осы уақыта әнші Рүстем Жүгінісов: «Әйелдің мешіті – оның үйі. Ер азаматтар үшін мешітте намаз оқу дұрыс болса, әйелдер үшін үйде оқығаны абзал. Өздеріңізден де кінә бар. Біреулер өзіне бай іздеп жүр деп ойлауы мүмкін. Сондықтан намызыңызды үйде оқыңыздар», − деді. Ал сәйкесінше қоғам да кері реакция білдірді, әлеуметтік желі, түрлі парақша мен сайттарда әншінің сөзі түспеді. Бұл айтқандары оның інісі Мирас Жүгінісовке де әсер етпей қоймады. Оның да парақшасына теріс пікір жазатындардың қатары көбейді. Кейінірек ағасының сөзі үшін кешірім сұраған Мирасқа кей тыңдарманның жүрегі жібісе де, кейбірі мұны ауқымды концерттегі билетін өткізудің амалы деп түсінді.
Бұл жазғанымызға, келтірген мысалдарға қарап құдды бір әлеуметтік желідегі өсек-аяңдарды оқығандай күйде болуыңыз мүмкін. Десе де бұл ұғым біздің де елде үрдіске айналып келе жатқанын көрсетеді. Енді терминнің өзіне, төркініне ойыссақ. Бұл – батыс елдерде туған тәжірибе. Мұндай процесте айыптаушы мен айыпталушы деген екі тарап болады. «Сancel culture» − белгілі бір адамды, тұлғаны, әсіресе танымал, ел алдында жүрген адамдарды теріс әрекеті, айтқан сөзі үшін қоғамдық қолдаудан айыру үрдісі. Жеңілірек айтсақ, қоғам оның әнін тыңдамайды, концертіне бармайды, қызметін қолданбайды, ол түскен фильмдерді көрмейді, келісімшарттар бұзылады, ол тұлғадан немесе компаниядан халық бас тартады.
«Cancel» сленгі 1980 жылдары «қарым-қатынасты үзу» деген ұғым ретінде қолданылған. Ал белгілі бір тұлғаның жағымсыз әрекеттері үшін оны бойкоттау немесе қолдаудан бас тарту мағынасында тек 2010 жылдары қолданыла бастаған. Бір қарағанда бойкот пен «сancel culture» бір ұғым секілді. Осы жерден ара-жігін ажыратсақ, бойкот қандай да бір ұйымға наразылық ретінде ұйымастырылып, оның тауарынан, қызметінен бас тартуды білдіреді. Ал «кәнсілдеу мәдениеті» көбіне жеке адамдарға қарсы бағытталады. Тағы бір ескеретін жайт, «cancel culturе» кезінде адамның жеке басына тіл тигізуге, заңға қарсы әрекет жасауға болмайды.
Мамандар не дейді? Қарастырайық.
Ақсұлу Саңғали, PR маман:
«Кәнсілдеу бүгін ғана белең алған жоқ. Ол кез келген қоғамда бұрыннан бар дүние. Тарихты қарасақ, теріс айналдырып, есекке мінгізіп жіберу бізде болды ғой? Болды. Ол да кәнсілдеу. Бертін келе, Кеңес Одағын алып қарасақ, коммунистік партиядан шығарып жіберу, пионерлікке алмау − ол да кәнсілдеу. Ал қазір оның тек формасы өзгерді».
Роза Әшірбек, коуч:
«Серік Шәріпке кәнсіл жасаған секілді Нұрсұлтан Жақсыгенді де кәнсілдеу керек дейсіздер. Қосыламын. Бірақ кәнсіл жүзеге асу үшін бизнес өкілдері де қосылуы керек.
Серік Шәріп бір мезетте кинодағы премьерадан қалды, келісімшарттары үзілді.
Нұрсұлтанды қолдайтын әйгілі адамдар барда оны кәнсілдей алмайсыздар. Кәнсілді оған ақша төлейтіндерден бастау керек».
Ендігі сауал − адамға әсері қандай? «Cancel culture» немесе «кәнсілдеу мәдениеті» тек әлеуметтік немесе кәсіби салаға ғана емес, адамның психологиялық жағдайына да ауыр салмақ түсіретіні анық. Мамандардың айтуынша, қорқыныш, сенімсіздік, қоғамнан оқшаулану секілді процесс жүреді. «Жаппай сынға қалу адамның достарынан, әріптестерінен, тіпті отбасы мүшелерінен алыстап кетуіне әкелуі мүмкін. Танымал тұлға өз кәсіби ортасында оқшауланып, жеке өмірі де өзгереді. Кәнсілденген адам жиі өзін кінәлі, құнсыз сезінеді. Әлеуметтік желідегі негативті пікірлер мен бойкот психологиялық қысымды күшейтеді, бұл кейде ұзақ мерзімді депрессияға немесе стресс жағдайына апарады», − дейді психологтар. Ал ең қорқыныштысы жастар «қателессең, қоғам сені тез өшіреді» деген түсінікке үйреніп кетуі мүмкін. Бұл олардың тәуекелге бару қабілетін төмендетеді, шығармашылық еркіндігін шектейді, психологиялық қысымды күшейтеді.
Ендеше жастардың ойын, пікірін білсек:
− Менің ойымша, «cancel culture» – екі қырлы құбылыс. Бір жағынан, қоғамның әділетсіздікке немқұрайлы қарамайтынын, танымал тұлғалардың да жауапкершіліктен қашпау керек екенін көрсетеді. Адамдар өз сөзінің, өз әрекетінің салдарын түсінуі керек. Екінші жағынан, бұл үрдіс кейде шектен шығып, нақты фактілер толық тексерілмей жатып адамдарды жаппай айыптауға әкеледі. Әр адам қателесуі мүмкін, сол қателіктен сабақ алуға, түзелуге мүмкіндік те берілуі тиіс. Сондықтан бұл үрдіске біржақты қарау қиын. Оның пайдасы да, зияны да бар. Ең маңыздысы – эмоциямен емес, әділдік пен ақылға сүйеніп әрекет ету, − дейді қала тұрғыны Хасен Зейнулла.
Ал Нұрбол Нұрланұлының айтуынша, жаңа Қазақстанның құндылықтарына сәйкес, қоғамға әділдік пен жауапкершілікке шақыратын тетіктер ауадай қажет.
− Иә, әділдік пен жауапкершілік қажет. Алайда батыстың «бас тарту мәдениетін» толық көшіру, диалогтан гөрі қоғамдық соттауға жиі әкеліп соғады. Сондықтан бізге «бас тарту мәдениеті» емес, адамның беделін толық жоюға емес, оның қателігін түзеп, дамуына мүмкіндік беретін «жауапкершілік мәдениеті» қалыптасу керек деп санаймын, − деп пікір білдірді ол.
Шетелдік кейстерге шолу жасасақ, бүгінде Оңтүістік Кореяның шоу бизнесі әлемді мойындатқаны рас. Бұл елде қанша жерден танымал болса да, жауапкершіліктің жүгінен ешкім құтылған емес. Тіпті қисық басқан қадамың мектеп шағында орын алған болса да, оның жазасы тым қымбат. Мысалы 32 жастағы корейлік актер Ким Джи Су 2021 жылы «сancel culture» үрдісімен бетпе-бет келді. Мансабы шарықтап, жұлдызы жанған шағында актердің мектеп кезінде буллинг жасағаны анықталды. Оның сыныптастары актерді жасөспірім кезінде қатыгездік көрсетуге, қорлауға жақын болғанын айтып айыптаған еді. Әуелі тек әлеуметтік желіде талқыланған бұл оқиға бірнеше сағат ішінде түрлі парақша мен ақпарат порталдарына тарады. Мұндай айыптау жарияланғаннан кейін көп уақыт өтпей-ақ Ким Джи Су түсіп жатқан дораманың түсірілім жұмысы тоқтап, келісімшарты бұзылды. Компания үшін біршама шығын болса да, актер түскен эпизодтар басқа адаммен қайта түсірілген еді. Бұл «cancel culture»-дің Кореядағы қатаң және жылдам іске асатынын көрсетті.
Актер көпшілік алдында кешірім сұрап, айыптаулардың кейбірін мойындады. Бірақ әлеуметтік желідегі қысым, түрлі негативтегі видео мен посттар, халық алдында жоғалған сенім актер үшін үлкен соққы болғаны рас. Арада бірнеше жыл өткен соң актер жұмысын қайта бастауға талпынды. Десе де бас тартқандар көп болған. Қоғамның ашу-ызасы, реніші, жылдам реакциясы, «қолыңмен істегенді мойныңмен көтер» дегендей…
Биыл жыл басында 25 жастағы актриса Ким Сэ Рон өз үйінде өлі күйде табылды. Суицид себебі белгісіз, бірақ көбінің айтуынша, мұндай қадамға «cancel culturе» себеп болған. 2022 жылы актриса масаң күйде көлік айдап, жол апатына түсті. Содан кейін ол медиадағы жанжалдың басты кейіпкеріне айналып, сонымен қатар кәсіби жолында үзіліс алды.
Кинематография тарихында ерекше рөлімен есте қалған десек артық айтқанымыз болмас, расымен түрлі образымен көрермен жадында жақсы сақталған Джонни Депптің де мансабында түрлі кезең болды. Голливудтың алтын тізімінде көш бастап жүрген жұлдыз бір сәтте-ақ зорлық-зомбылық жасады деп айыпталып, мансабы күрт құлдырады. Экс-жұбайы, актриса Эмбер Хердпен құрған некесі жанжалмен аяқталған еді. Сол уақытта сынның астында қалып, фильмде енді мүлдем бой көрсетпейді деген де әңгіме шықаны рас. 2020 жылы Warner Bros Джонни Депті бірнеше фильмнен алып тастап, медиа кеңістікте оның есімі абьюзер және қара тізімдегі адам ретінде танылды. Кейін 2022 жылы сот актердің пайдасына шешім шығарып, Эмберді жала жапты деп таныды.
Көрермен үшін ерекше актер Джеймс Франко да 2018 жылы қара тізімге енді. Жасөспірімдерге тұрпайы қылық көрсетті деген ақпарат тарап, шамамен 5 жылға экраннан алыстады. Ит үреді, керуен көшеді дегеніміз дұрыс па, білмеймін, араға жылдар салып қара тізімдегі адамдар сахнаға, экранға тәй-тәй басып қайтадан қадам жасып жатыр.
«Cancel culturе» жазылмаған заң секілді, иә? Қағазда көрінбейді, десе де салмағы ауыр, ал үкіміне тіптен қарсы шығу мүмкін емес. Себебі үкімі де, жүгі де ауыр. Қолмен жасағанды ғана емес, айтқан сөзіңді де мойныңмен көтертеді. Ісіміз бен сөзімізге абай болайық!
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
