Ұлттық өрлеудің, экономикалық дамудың, елдегі шегіне жеткен жұмыссыздықтың жауы – масылдық. Ал қазіргі масылдық ұғымын бірнеше мысалмен түсіндіруге болады. Еліміздің мұнайға деген тәуелділігі де мұнай секторына деген масылдық. Бұл кеселдің тағы бір аса қауіпті түрі – әлеуметтік масылдық. Әр сала масылдыққа тәуелді болса, болашағымыз бұлыңғыр болары сөзсіз.
Жұмыссыздық саласындағы масылдықты жұмыстың болмауынан емес, сұранысқа сай мамандардың жоқтығымен байланыстыруға болады. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында жыл соңына қарай еліміздегі жұмыссыздық деңгейі шамамен 6,1 пайыз болады деп болжам жасады. Бұл көрсеткіш бүгінде 4,8 пайызды құрады. Демек, 110,5 мың адам өз еркімен жұмыстан кетсе, 102,4 мыңының қызметке орналасуға мүмкіндігі болмаған. Ал 68,5 мың адам жеке немесе отбасы жағдайына байланысты жұмыссыз. 39 мың адам үй қожалығына байланысты жұмыс істемейді. 30,4 мың адам қызметкерлерді қысқарту себебінен жұмыссыз қалған екен. Осы тұста адамды масыл деп кінәлаудан бұрын, масылдықтың себебін анықтап алу қажет. Неліктен масыл болып отыр? Жұмысы жоқ па, әлде білімі жоқ па? Мүмкін жұмысқа тұра алмай жүрген шығар?!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен халықтың, әсіресе, жастардың терең білім алуға, адал еңбек етуге талпыну керегін айтты. Сондай-ақ бүгінгі заманның ең маңызды талабы – мұқтаждық пен масылдықтың ара-жігін ажырата білуде деп, соны бәріміз ажырата білсек жөн болар еді деді. Ол үшін не істеу керек?
Негізінде түсіне білгенге мұқтаждық пен масылдықтың арасы жер мен көктей. Мұқтаждықтың өзіндік ақталар себебі болса, масылдық қолдан жасалған жалқаулық. Ал жалқаулық қалай пайда болатынына тоқталсақ.
Биылғы оқу жылы аяқталды. Дәл осы сәтте мектеп бітіруші түлектер қандай маман боларына таңдау жасай алмай шыр-пыр болады. Себебі, ата-ананың көпшілігі баланың болашақта қай салаға баратынын ҰБТ-да пән таңдайтын уақыт жақындағанда ғана ойланады. Ал оған дейін ата-ана «балам не нәрсеге қызығады» деп бас ауыртпайды. Біздегі басты қателік осында жатқандай көрінеді. Көнкөріс қамымен жүрген ата-ананы баланы қарауға уақыты жоқ деп ақтауға да болады. Бірақ ата-ана баланың қызығушылығын нақтылауға уақыты мен бейімі болмаса, профориентация қызметіне жүгінуге болады. Бізде мұндай қызмет түрін ұсынатындар Алматы, Астана қаласында бар. Кез келген ел азаматы белгілі сарапшы мамандардың ақылы қызметіне жүгіну арқылы баласының болашақ қандай маман иесі болатынын бағдарлай алады. Осы арқылы әр ата-ана баласының қай салаға бейім екенін, қандай маман болатынына таңдау жасайды. Одан бөлек, елдегі статистикалық мәліметке сүйеніп, болашақта жұмыссыз қалмаудың қамын жасау маңызды. Мысалы, былтыр елімізде құрылысшылар мен мұғалімдерге сұраныс артқанын ескерген жөн. Есесіне, заңгерлер мен кеңсе қызметкерлері жұмыссыздыққа тап болған.
«Мақта қыз» ертегісіндей масылдық жұмыссыздықтан, жұмыссыздық дұрыс мамандық таңдамаудан туындағанын түсіндік. Осы мақсатта мектеп бітіруші түлектер арасында сауалнама жүргізген едік. Сауалнамада қатысқан 102 оқушының «Болашақ мамандығыңызды өз еркіңізбен таңдадыңыз ба?» деген сұраққа 47-сі «иә» десе, 55-і жоқ деп жауап берген. Екінші «Мемлекеттік грантты иелену үшін кез келген маман иесі болуға дайынсыз ба?» деген сауалға 82 оқушы «иә» деп жауап берген, қалғаны «жоқ» деген пікірде. Міне, көріп отырғаныңыздай, бітіруші түлектердің бір салаға қарай бағдарланбағанын байқауға болады. Ал оқушыларды 9 сыныпты бітірісімен қай салаға бейім екенін бағдарлайтын мектепте арнайы бейінді маман қызметі жұмыс істейді.
Одан бөлек бүгінде аймағымызда Білім басқармасы тарапынан «Серіктес директорлар» лигасы құрылып, жұмыс жасауда. Лиганың мақсаты – жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу тәжірибесіндегі ерекшеліктер мен қалыптасқан дағдыларды тәжірибе арқылы бөлісу. Аталмыш лигаға қала, ауыл мектебінен 30-ға жуық директор бірігіп, түрлі бағыт бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінде 20 бағыт айқындалып, әр мектеп өзіндік жобаларды дамытып, үздік тәжірибені өзге мектептерге таратады. Яғни әр мектеп оқушыларды бір салаға қарай бағыттайды. Мысалы, №3 ІТ мектеп-лицейде «ІТ Digital» студиясы ашылған. Бұл мектепте ІТ, журналистика саласына қызығушылық танытатын жастарды мамандыққа баулуға болады. Сондай-ақ №140 орта мектепте балалардың ғылым саласына деген қызығушылығын арттыруда «Метеорология» тәжірибелік-зерттеу алаңы ашылып, оқушылар ғалымдармен бірге жұмыс жасауға көшкен. Ал оқушыларды кәсіпкерлікке бағыттауда №278 ІТ мектеп-лицейі жаңа жобаларды жүзеге асырады.
– Байзақ Момынбаев атындағы №278 ІТ мектеп-лицейі жаңадан ашылғандықтан, мұнда жұмыс жасайтындардың көпшілігі жастар. Мектепте жаңартылған білім мазмұнының қыр-сырын үйрету, түрлі әдіс тәсілмен сабақ беру сынды жұмыстарды істейміз. Алдағы уақытта 2021-2022 оқу жылында «Кәсіпкерлік мектеп» пилоттық жобасымен жұмыс жасағалы отырмыз. Ондағы мақсат – мектеп оқушыларын қоғамдық пайдалы кәсіптік қызметтердің негізгі бағыттары бойынша даярлау, жоғарғы сынып оқушыларының жалпы орта білім алуымен қатар, белгілі бір мамандықты игеріп шығуын қамтамасыз ету, келешек мамандығын таңдауға бағытталған кешенді іс-шараға тарту, – дейді №278 ІТ мектеп-лицейінің директоры Эльмира Азатбаева.
Біздің елде оқушыларды белгілі салаға бағыттауға арналған бағдарлама мен жоспар енді ғана пилоттық жоба ретінде енгізілуде. Ал дамыған мемлекетте мұндай жобалар өткен ғасырда басталып кеткен.
Дамыған мемлекеттердің тарихына үңілсек, барлығы да «тар жол, тайғақ кешуден» өткен. Бірақ қандай қиындықты болса да еңбектену арқылы жеңіп шыққанын көреміз. Мысалы, жұмыссыздықпен күресу мақсатында Францияда XX ғасырдың басында «Оқушылар мен ересектерге кәсіби бағдар беру туралы заң» шығып, арнайы орталықтар құрған. Оқушы мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, мұғалім ол туралы ақпарат жинақтап, баланың қабілеті мен қандай мамандыққа қызығатыны туралы жазады. Бұл ақпаратпен оқушының ата-анасы да танысып, әр қарай баланың қызығушылығын дамытады. Ал Жапонияда оқушыларға кәсіби бағдар беру Асия университетінің профессоры Фукуяманың ойлап тапқан ғылыми әдісіне негізделеді. Әр жылда 7-9 сынып оқушылары 16 түрлі салада бақ сынайды. Мәселен, ауыл шараушылығы, ғылым, педагогика, кәсіп т.б. Осылайша үш жыл ішінде әр бала 48 түрлі саланы зерттейді. Нәтижесінде оқушы алған тәжірибесін анықтайтын тест тапсырады. Сондай-ақ оларды бақылаған мұғалімдері де баға береді. Екі бағалау тестінің нәтижесі салыстырылып, баланың жеке бағалау индексі көрсетіледі. Осы индекске сәйкес ары қарай оқушының болашақта қай саланы үздік меңгере алатыны анықталады. Мінекей, дамыған мемлекетте ата-ана баласының жұмыссыз қалмауы үшін баланы мектепке берген күннен бастап қамданады. Ал біздің елде керісінше, баласы университетті бітіріп, дипломмен жұмыс таба алмаған кезде ғана ойланамыз. «Мүмкін тағы бір мамандықты игерерсің» деп айтатындарды жиі естиміз.
– Жастардың көбісі мұнай-газ, экономика саласы, бухгалтер, заңгер, қаржыгер секілді мамандықты игергісі келеді. Әрине, табысы жоғары маман болғанды қалайды. Алайда жоғары оқу орнын бітіріп, қолына диплом алған соң жұмысқа орналасу мәселесі туындайды. Содан тамыр-таныс іздеп, ыңғайы келген жұмысқа тұмсығын тығып алғанша асығып, барын беріп, қызметке орналасады. Ол салаға деген қызығушылығы болмаса да жұмыссыз қалмаудың қамын жасайды. Жасыратыны жоқ, мамандық таңдау барысында өзінің икемі бар бола тұра ата-анасының айтқанымен жүретін талапкерлер жеткілікті. Әлбетте әке-шешенің тілін алған дұрыс, бірақ келешекті де бір сәт ойға алған әлдеқайда жақсы. Мәселен, ата-анасы таңдар, оқытар, жұмысқа орналастырар, бірақ адамның өз бойында сәл де болса қызығушылық, мамандыққа деген махаббат болмаса, ертеңгі күні не болмақ? Сондықтан мемлекеттің басты капиталы саналатын әрбір тұлға бұл сұраққа келгенде өз бетінше шешім қабылдап, дұрыс таңдау жасай білу қажет. Заманына қарай адамы қалыптасатынын ескерсек, қазіргі жастардың жүгі ауыр мамандықтарға жолағысы жоқ. Есесіне жоғарыда айтқан мамандықтарды даярлайтын оқу орындарында талапкерлер иін тіресіп тұрады. Осының салдарынан жастардың басым бөлігі жұмыссыздар қатарында немесе құрылыста, базарда, жекелеген кәсіпкерлер қарамағында жүр. Қолыңда іске алғысыз дипломның барынан жоғы. Мамандық – сән емес, ол өмірге берілетін жолдама деп қабылдау қажет, – дейді ардагер ұстаз Оразкүл Абсадыққызы.
Рас, ұстаздың сөзінің жаны бар. Мамандық таңдауға келгенде жастар атауы сәнді естілетін «экономика, юрист» сынды мамандықты таңдап, жұмыссыздар қатарын толықтыруда. Бұдан бөлек, ҰБТ-дан шекті балл жинай алмағандар шығармашылық емтихан тапсыру арқылы жоғары оқуға түсуге мүмкіндік беретін мамандықты таңдауға мәжбүр. Мысалы, журналистика мамандығы. Жыл сайын журналистика мамандығын 20-дан астам студент тәмамдайды. Бірақ мамандықты игергендердің көпшілігі өзге саладан нан табуда. Мәселен, 2012 жылы осы мамандықты 31 студент бітірген. Қазіргі таңда осы 31 студенттің 9-ы ғана осы салада қызмет етуде. Биыл да аталмыш мамандықты 20 студент тәмамдайды. Оның қаншасының мамандық бойынша жұмыс істейтіні алаңдатады.
Байқағаныңыздай, жұмыссыздық мәселесінің себебі мен салдары өте көп. Ал күресу жолы жоқтың қасы. Ендігі мақсат – жойылып кету қаупі басым мамандықтан арылып, есесіне жаңадан пайда болатын, сұраныс артатын мамандықты зерттеу қажет.
– Келесі 10 жылдықта 5 сала басым бағыт саналады. Ең бірінші – ақпараттық қауіпсіздік сала. Екінші – медицина. Әсіресе, эпидемиология. Дүниежүзінде осындай мамандардың 1 жарым млн тапшылығы бар. Мамандардың бұлай топшылауына бірнеше себеп бар. Алғашқысы – пандемия дедік. Ал екіншісі – заманауи ақпараттық технологиялардың дамуы. Енді медицина саласында IT біліктілік те қоса берілетін болды. Ал жойылып кететін мамандықтарға тоқталар болсақ, бульдозер, трактор, тіпті кран жүргізу де келешекте роботтың қолынан келетін шаруаға айналады. Сондықтан түбегейлі жойылып кетуі мүмкін. Оның орнына ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың операторы, кибер қорғаушы, кванттық компьютерді талдаушы сынды мамандық түрлері пайда болады, – дейді «Қазақстанның жаңа мамандықтар атласы» жобасының үйлестірушісі Саясат Нұрбек.
– Бүгінгі күні нарықтың талабына сәйкес, университеттердің тез бейімделуіне байланысты еркіндік беріп отырмыз. Жоғары оқу орындары коммерциялық емес, АҚ ретінде қайта құрылуда. Биыл жұмысшы мамандықтарға, яғни құрылыс-техника саласына мемлекеттік гранттар тағы көп бөлінеді. Шамамен 30 пайыздан астамы осы салаға бағытталады. Әдеттегідей, тау-кен, мұнай-газ ісіне жаңа кадрлар қажет. Бұл тізімге денсаулық сақтау саласын да қосыңыз. Себебі пандемия әлем бойынша эпидемиолог мамандардың тапшылығын көрсетті, – дейді ҚР Білім және ғылым министрлігі департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова.
– Жұмыс іздеп жүрген жас мамандардың 80 пайызының мамандығы сұранысқа ие емес. Себебі, қазір болашақ маманды мемлекеттік грант таңдайтын болған. Қазіргідей нарықтық заманда ақылы негіздегі оқуды кімнің қалтасы көтерер дейсіз?! Таңдаған пәніне қатысы бар бірнеше мамандықты дөңгелектеп алып, құжаттарын тапсырады. Өзінің армандаған мамандығына емес, өзгесіне мемлекеттік грантқа түсіп тұрса, сол бойынша оқуға мәжбүр. Көршілес Өзбекстан мемлекетінде балаға бастауыш сыныптан бастап кәсіби баулу бағдарламасы енгізілген. Ал біздегі түлектердің дені бағыт бойынша білім алғанымен, нақты қандай маман иесі болатынын түбегейлі шеше қоймаған. Оған себеп, қай мамандық мемлекеттік грант тізіміне ілінсе, соған қарай бет бұрады. «Маманды грант таңдайтын» заман болып тұр, – дейді қала тұрғыны Айымкүл Бекімбетова.
Жалпы елімізде болашақ мамандығын таңдауға бағыт беретін bagdar.kz сайты жұмыс істейді. Жоба авторы Асланбек Жакуповтың айтуынша, 5-8 және 9-10 сынып оқушыларына ғана емес, саласын өзгерткісі келетін ересектерге де арналған. Сайтқа кіріп, тіркелесіз. Сіз туралы ақпарат жинауына рұқсат бересіз. Сосын кәсіби бағдар беретін тест тапсырып, нәтижесіне қарай шешім қабылдайсыз. Маңыздысы, сіз туралы ақпарат базада сақталады. Алдағы уақытта сайт бос жұмыс орындары, сізді қызықтырған мамандықтар туралы ақпарат беріп отырады. Ғаламтор болса, тесттен кез келген уақытта өтуге болады. Құны – 5000 теңге. Ішінде бүкіл республиканың мектептері, ауданы, аймағы толық қамтылған. Осы сайттың көмегіне жүгіну арқылы да екі қолға күрек тапқандар саны артқан.
Бұрынғыдай елдің барлығы жаппай зауыттарда, еңбектің қайнаған өтінде қызмет етпейді. Әркім өзіне ұнайтын, өзінің көңіліне жағатын жұмысты атқаруға тырысады. Бос жүрген адамды жазалайтын кеңестік жүйені орната алмаймыз. Себебі, жұмыссыздардың бәрін жұмыспен қамтитын зауыт, фабрикалар жоқтың қасы. Ғасырлар бойы адамды адам еткен еңбек деп келсек, бүгінде сол еңбектің өзі көкпар тартысқа түсіп отырған жайы бар. Осы ретте жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Мамандықтың жаманы жоқ. Бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, бұл үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген болатын. Бүгінде бұл қанатты сөз өз мәнін жойған жоқ. Өйткені қазір ел арасында жаңа біліктілікті, саланы меңгеруден гөрі базарда сатушы немесе жүргізуші қызметін атқаруды қалайтын орта қалыптасып үлгерді.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2020 жылы электрондық еңбек биржасындағы бос жұмыс орындарының саны 925 мыңға дейін артқан. Оның 600 мыңы білікті қызметкерлерге арналған. Түйіндемелер саны да 630 мыңға жетіп, оның 367 мыңында білікті еңбек көзделген. Ал Еңбек ресурстарын дамыту орталығы және болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумековтың айтуынша, былтыр ел бойынша орташа есеппен бос жұмыс орындары түйіндемеге қарағанда 300 мыңға артық болған. Өңірлер бойынша Қызылорда, Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында түйіндеме саны бос жұмыс орындарынан асып кеткен. Ал білікті жұмысшылар арасында ең сұранысқа ие мамандар орта мектеп мұғалімдері, құрылысшы-монтажшылар, сондай-ақ жеңіл автокөлік пен такси жүргізушілері болды.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!