Арман қуып қалаға келген студенттің алғашқы қиындығы – тұрақты баспана табу. Бірі туысқанның үйін жағалап, жайлы мекен іздесе, екіншісі жатақханадан орын алуға асығады. Қатарластарымен жалдамалы пәтер алып, ай сайын ақы төлейтіндер де көп. Бұдан бөлек түнейтін жай таппай, пәтер жағалай сенделген студенттің бары да жасырын емес. Бұл тұрғыда білім іздеп кеткен баласының қарыны тоқ, көйлегі көк болуын тілейтін ата-ананың үрейі мол. Соңғы уақытта кәсіпкерлердің жатақхананы табыс көзіне айналдыруға жасаған әрекеті де, мемлекет тарапынан қолға алынған жобалар да мәселені толық шешуге жол ашар емес.
Есте болса, өткен жылдың мамыр айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы өткен. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған олқылыққа пікір білдіріп, мәселені шешу механизмін ұсынды. Алдағы 5 жылдың ішінде кемінде 90 мың студенттің жатақханамен қамтылуын тапсырған. Содан бері құзырлы орган мен кәсіпкерлер құрылысқа кірісіп, біршама меже орындалған болатын. Аймақта да жатақхана саны артып, баспанаға мұқтаж студенттердің жаңа жатақханаға қол жеткізуіне мүмкіндік туды.
Жалпы кәсіпкерлердің жатақхана салу ісіне ынтасы бұрын бар болса да, соңғы жылдары қарқын күшейді. Мәселен, бұл бастама аясында 2018 жылдан бері ҚР БҒМ Қаржы орталығы арнайы бағдарлама әзірлеп, жұмыс істеуде. Бағдарламаға сәйкес, кез келген жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға жатақхана салса, әрбір салынған орынға мемлекеттік тапсырыс аясында қаражат бөлінеді. Мұндай бастама әлеуметтік мәселені шешудегі кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруға да демеу.
ЖАТАҚХАНА
ТАБЫС КӨЗІ МЕ?
Жыл басында БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Асқар Ибраимов жатақхана салу ісі туралы баяндаған:
«2018 жылы жастардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған міндеттер нақтыланды. Оған қол жеткізу үшін жекеменшік сектордың ауқымды қатысуын көздейтін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі әзірленді. Біз инвесторларды, жеке кәсіпкерлерді мемлекеттің қаржылық қолдауымен студенттік жатақханалар құрылысына қаржы салуға шақырамыз. Бұл процеске кезекті әлеуметтік нысанды тұрғызу ретінде емес, табысты, тұрақты және келешегі мол бизнес-жоба ретінде әлдеқайда ауқымды қарауды ұсынамын. Осылай айтуға барлық алғышарттар бар», – деді А.Ибраимов.
Расында, қазір жатақхана салу табысты кәсіп көзіне айналған. Оған себеп –сұраныс. Мысалы, 2018 жылы 82 мың студент жатақханаға мұқтаж болды. Мәселені шешу үшін 30 мың орын пайдалануға беріліп, сұранысты толық қамтамасыз ету үшін тағы 50 мың орын салу жоспарланған болатын. Алайда биыл жатақхана қажет студенттің саны күрт өсіп, 85 мыңға жеткен. Мұндай үрдіс ірі шаһарларда ғана емес, аймақтағы қалаларда да байқалуда. Сала мамандарының сөзінше, тапшылық жыл сайын оқуға түсетін студенттердің санына байланысты көрінеді.
Жатақхана құрылысының барлығын мемлекет жүргізеді деген қате ұғым. Мемлекеттік тапсырыс, МЖӘ, субсидия секілді жолмен кәсіпкерлерді тарту ісі сәтті жүзеге асып келеді. Бүгінде жеке кәсіпкерлер жатақхананы өз қаражатына салып, мемлекеттік тапсырыс арқылы табыс табуда.
Алайда бұл – жеңіл пайда көзі емес. Қойылар талап берік. ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Асқар Ибраимов кәсіпкерге қойылатын міндет пен ерекшелікті бұған дейін де хабарлаған:
«Егер ғимарат басынан бастап салынса, бір студентке шаққандағы мемлекеттік тапсырыстың жылдық мөлшері 122 АЕК (Алматы қаласында – 144 АЕК), қайта құрылса, 47 АЕК (Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары үшін 92 АЕК) құрайды. Бұл ретте алғашқы 1 жылда төлемдер екі есе көп төленеді. Жалпы, бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 152 млрд теңге қарастырылған және бұл қаражат секвестрлеуге жатпайды. Мемлекеттен төлем мерзімі өткеннен кейін нысан құрылыс салушының меншігінде қалады. Жалғыз шарт 20 жыл мерзімге нысанның мақсатын өзгертпеу туралы міндеттеме рәсімделеді. Студенттік жатақхананың ай сайынғы төлемі мемлекеттік тапсырыс құнына кірмейді, бірақ ол көтерме болуы тиіс. Жобаға қатысушының қосымша табыс көзі болуы мүмкін. Сондай-ақ жеке қызметтер көрсету үшін асхана, шаштараз, спорт залы секілді коммерциялық кеңістік құра алады. Құрылыс және одан әрі пайдалану қолданыстағы құрылыс, өртке қарсы және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға қатаң сәйкес жүзеге асырылуы керек», – деген басқарма төрағасы.
АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ
Бүгінде «жатақхана» ұғымының түпкілікті өзгергені шындық. Өткен ғасырдағы шағын бөлме, асханаға шұбылған кезек емес. Бәрі заманауи, тіпті кей үйде жоқ жағдай жасалған. Тегін уай-фай, жылы бөлме, ыстық су. Ақысы да қалтаға қонымды. Айына жалдамалы пәтерге ең азы 50 мың теңге төлесе, жатақхананың құны небары 5-10 мың теңге тұрады. Ойын-сауық, қызықты студенттік шақ та осында. Содан болар, жатақханаға жатуға құмар жастың қатары артып келеді.
Осы орайда Қызылорда қаласындағы студенттердің жай-күйін білу мақсатында бірнеше жатақхананың жағдайын саралауға тырыстық. Байқасақ, мұндағы білім алушылардың тынығуынан бастап, бос уақытын тиімді өткізуге дейін назарға алыныпты. Түрлі мәдени жиын мен спорттық шаралар студенттердің көңілді қалпын сақтауына ықпал етуде. Өткен жылы пайдалануға берілген «Өркениет» студенттер үйі қонақүйден кем түспейді. Үлкен футбол алаңы, ателье, кіші маркет дүкеніне дейін қамтылған. Тұрғындардың ай сайын төлейтін ақысы да қолайлы.
– Өткен жылы 1 қыркүйекте ашылған «Өркениет» студенттер үйінде 414 білім алушы қоныстанған. Жатақханада кір жуу, демалыс бөлмелері, асхана, кітапхана, ателье, кіші маркет дүкен бар. Алдағы уақытта спорт зал, фитнес залы, компьютер клубы, монша пайдалануға берілмек. Бөлмелер кең, дәретхана мен жуынатын бөлме ішінде. Әр қабатта интернет қамтамасыз етілген және студенттердің тамақ істеуіне қолайлы асхана орналасқан, – дейді студенттер үйінің меңгерушісі Гүлшат Әбдіқұлова.
Қызылорда медициналық жоғары колледжінің 300 орынға шақталған жатақханасында да барлық мүмкіндік бар. Әр қабаттағы тамақ әзірлеуге арналған тұрмыстық бөлме, бос уақытқа арналған демалыс орны, медициналық пункт, оқу залы жөндеуден өтіп, керек-жарақ толықтырылыпты. Тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, кір машинасы секілді тұрмыстық техникалар қамтылған. Жатақханада тәрбиешілер, студенттер кеңесі жұмыс істеуде. Мәдени, тәртіптік жұмыстың жүйелі жүруін, жатақхана тұрғындарының тәртібін қадағалауды студенттер кеңесі қадағалайды. Топ жетекшісі мен ата-ана байланысы назарда. Биылғы оқу жылында жатақханаға 186 оқушы қабылданыпты.
Студенттерге жасалған жайлы орта М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінен де байқалды. Әсіресе, 252 студент қоныстанған жатақхананың бейнебақылаумен қамтылуы көңіл қуантты. Әр қабатта тамақ әзірлеуге арналған асхана, жуынатын бөлме, демалыс орны, оқу залы заманауи талапқа сай. Бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен соң нысанда барлық қажеттілік түгенденген.
– 1 жыл достармен пәтер жалдап тұрдым. Жалдау ақысы қиынға соққасын колледж жанындағы жатақханаға ауысуға шешім қабылдадым. Колледж бен жатақхана бір аулада орналасқандықтан, сабақтан кешікпеуге әрі студенттік шараларға белсенді араласуға мүмкіндік бар, – дейді студент Әміржан Қожабекұлы.
P.S. Қазақстанда 2021 жылдың соңына қарай 120-дан астам жатақхана салынса, биыл оның қатары 32-ге артпақ. Мұның барлығы студенттердің алаңсыз білім алып, денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға жасалған қадам екені түсінікті. Ендігі меже – кәсіпкермен бірлесе сұранысты толық қанағаттандыру.
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!