Елімізде нәпақасы мен несібесін көліктен тауып отырған жүргізуші жетерлік. Дегенмен жаңа жарлық пен шешім дегбірді қашыратыны жасырын емес. Жанармай бағасы көтерілген сайын кілтипан барын ойлаған жұрттың жүйкесімен бірге қалтасы да жұқарады. Қарыздың қарғыбауы мен қымбатшылықтың белең алуы соған себеп. Аттанға бергісіз айғайға салмаса да іштей қынжылатыны содан. Енді сұйытылған газдың тапшылығы теміртұлпар тізгіндегеннің көңілін құбылтып отыр. Министрлік мәлімдемесі құлаққа майдай жақпады. Өңірде де тапшылық бар деп айтылған-ды. Ашығын айтсақ, елде газбен жүретін көлік саны көп. Сәйкесінше сұраныстың артуы газ тапшылығын туындатып, өнім көлемін азайтты. Сондықтан сарапшылар «мәжбүрлі» баға өсіруге көшті. Дизель отынына қарағанда арзанға балаған газ бағасы бір мезетте шарықтап кеткені бар. Енді міне тағы да тапшылық бар сияқты. Министрлік қазақстандықтарға көлігін сұйытылған газға ауыстырмауға кеңес берді. Бұл жағдайды оңалта ма?
– Жыл басында біз 124 мың тонна сұйытылған мұнай газын өндіріп, ішкі нарыққа жеткізуді жоспарлаған едік, алайда қазан айында тұтыну көлемі 144 мың тоннаны құрады. Бұл – жоспарлағанымыздан 20 мың тоннаға артық. Жеткізуді жүзеге асыру үшін «Теңізшевройл» компаниясымен күрделі келіссөз жүргізуге тура келді, – деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев. Оның айтуынша, сұйытылған мұнай газы нарықтағы бағаға сай емес, шығыны көп, бұл өндіріс көлемінің аз болуына әсер етеді.
– Қазақстанда ең төмен баға, бұл көпке созылмау керек. Біз барлық автокөлік жүргізушісіне көліктерін сұйытылған мұнай газына ауыстырмауға кеңес береміз, өйткені бағаның өсетіні сөзсіз. Министрлік бағаның күрт өсуіне жол бермейді, бірақ экспорт тапшылығы байқалған жағдайда автогаз экспорттық бағаға сай болады, – деді ол.
Иә, нарық негізсіз баға өсіруге жол бермегенімен, мәселенің түп-төркіні тығырыққа тірейді. Көпшілік жер астынан шығатын қазбаның қымбаттауына да наразы. Сайып келгенде, газ құю бекетінде кезекте тұрған көлік иелерінің берекесі қашады.
Өңірдегі ахуалды тарқатсақ. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов облысқа орта есеппен 5,5-6 мың тоннаға дейін газ беріп келген «Қазгермұнай» компаниясынан қазан айында 4 800 тонна ғана келгенін айтады.
– Газ жеткізу жоспары 529 тоннаға қысқарғандықтан, біз министрлікке шығып, «СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясынан қосымша 504 тонна бөлінуіне қол жеткіздік. Қазір осының 288 тоннасы тиелген 8 вагон бізге қарай жолға шықты, – деді ол.
Өткен жылы қазан айында 7 590 тонна газ бөлінсе, биыл көлем одан 1 300 тоннаға аз. Сондықтан облыстағы 25 оператор газды талон арқылы беріп, сатылатын лимит белгілеуге мәжбүр болған. Сонда да ай соңына жетпей ортая бастаған қор көлемін, газдың облысқа келуінен бастап сатылуына дейінгі жағдайын арнайы құрылған жұмысшы тобы бақыламақ.
Облыс орталығының кіреберісіне бекеттер қойылып, газ толтыру стансаларында кезекшілік ұйымдастырылған. Жыл соңына дейін амалдау қажет.
Газ тапшылығы байқалғалы бері «Саутс Ойл» компаниясынан 104 тонна газ бөлініп, «Қызылорда мұнай өнімдері» мен «Байқоңыр газ» мекемелеріне жетті. Алда осы компаниямен қосымша 140 тонна газ бөлу жөнінде келісім жасалып отыр. Осы уақытқа дейін операторлар «Қазгер-мұнай» компаниясы өндірген 4 122 тонна газды алды. Қалған 776 тонна кестеге сәйкес қазан айының соңына дейін жеткізілмек.
– Қараша айына 7,5 мың тонна бөлініп отыр. Оның 4 740 тоннасын «Қазгермұнайдан» алсақ, қалған 2 718 тоннасы Атырау мұнай өңдеу зауытынан келеді. Әрине, қашық болғандықтан Атырау газы біздің операторлар үшін 2 есе қымбатқа түсіп, көрер пайдасы аз болатыны айдан анық. Дегенмен де жұмыс тобы олардың бағаны көтермеуін қадағалайды, – дейді Серік Салауатұлы.
Талон беру тәсілі мәселенің тиімді тетігі ме?
– Көлігім әуелде дизель отынымен жүретін. Бірақ жанармай бағасының табан асты шарықтап кетуі қалтаға салмақ түсірді. Сондықтан сұйық отынға ауысуды құп көрген едім. Арзан деп апақ-шапақ боп жүргенде бүгінгі жағдай мынау. Көлікті сұйық отынға ауыстырудың да жұмысы көп қой негізі. Газ құю бекетіндегі ұзын-сонар кезектен аяқ алып жүру мүмкін емес. Әйтеуір бәрі қоймасын толтыруға тырысып әлек, – деді жүргізуші С.Асылбек.
Әлбетте аттай шауып, адаспай тауып баратын жанармай бекеті талонға телміртіп қойса төзім де түгесіледі. Басшылық жағдайды реттеуге барын салғанын көрдік. Енді нәтиже күтеміз.
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!