Фото: ашық дереккөзден
Су − тіршілік көзі, әлем қажеттіліктерінің бірі. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, тұрмыс пен экологиялық жүйелерде қолданылатын басты ресурс. Алайда ХХІ ғасырдың басында су ғаламдық маңызды мәселеленің біріне айналды. Климаттық өзгерістер, халық санының өсуі және антропогендік әсерлердің нәтижесінде жер бетіндегі судың қолжетімділігі мен сапасы нашарлауда.
Қарабура қойған қария
Су шаруашылығы саласын зерттеу барысында Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы, қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» атты еңбегімен танысып, зер салдық. Кітапта 1949 жылы Қызылордадағы Бөрібай арнасының тасуы туралы жазылған. Өткен ғасырда мұндай мәселе қалай шешілген?
«…Бөрібай арнасының жоғары жағындағы жойқын апат аяғымыздан тік тұрғызған. Қар еріп, сай-саланы су қаптап, арна тасыған тұста сел бөгенді жырып, төмен қарай лап қойған. Қызылорданы сел алып, Орталық Азия күре тамыры – теміржол бойын ойран- асырын шығару қаупі төніп тұрған-ды. Оған қарсы мол техника, қыруар адам күші жұмылдырылды. Ташкент пен Алматыдан гидротехниктер келіп, әскери бөлімшелер іске араласты. Аз күнгі, бірақ ауыртпалығы оңайға түспеген бұл жұмыстың бар тізгінін өз қолыма алуыма тура келді.
Әрбір минут қымбат еді. Жауынгерлер мен теміржолшылар бөгеннің «тығыны ашылған» жерді бітей алмай, салымыз суға кетіп түрған кезде маңдайын әжім торлап, еңкіш тартқан қарт құдай айдап келе қалмасы бар ма. Бізге күн сала қарап тұрып:
– Босқа арам тер болмаңдар, – деген қарияға жұрт түгел назар аударды. – Жырынды су оңайлықпен әл бермейді. Оны «қарабураламай» ауыздықтау қиын, – деді сөзін жалғап.
Тосын сөз еріксіз елең еткізген.
– «Қарабураңыз» қалай, түсінбедік, қария, – деп жөн сұрадым. Шал асықпай, аптықпай мән-жайды түсіндіре бастады.
– Ұзындығы 15-20 құлаш келетін жуан арқанның үш-төртеуін қатар жазып, жерге тастаңдар да қамыс, сабан төсеп, үстіне шым салыңдар. Сосын киіз шиыршықтағандай тас қып орап арқанмен шандып байлаңдар да, бөгеннің кеткен жеріне қойындар. Онымен қазақ асау дарияны да тоқтатқан.
– Апыр-ай, – дедім әрі қайран қалып, әрі мұны қалай бастарымды білмей.
– Қарағым, мен білсем, осы жердің бастығы сен боларсың, – деді бір қайрат танытқалы оқталып. Содан соң қасына бес-он адам қосса бәрін өзі істеп беретінін жеткізді.
Ақсақалдың айтқанын айна қатесіз жүзеге асырдық. Тоған жасалып, алып қашып жатқан сел сап тыйылды. Қарттың айтуынша, бөген жасап, асау өзенді «бұғалықтаудың» осынау халықтық әдісі бағзы заманнан – Әмір Темір билеп- төстеп тұрған тұстан қолданылады-мыс. Неше күн, неше түн не ұйқы, не күлкі көрмей, жер қайысқан күшпен тоқтата алмаған апатты өзіміз тындырғандай Алматыны былай қойып, сонау Мәскеуде жатқан Маленковқа баяндадық. «Бәрекелді!» дегенді біз естідік. Бірақ мен осы бір оқиға есіме оралған сайын халық даналығынан асқан ұлылық, халық жинақтаған өмірлік тәжірибеден асқан құдірет жоқ деген тоқтамға иек артамын да тұрамын…»
Қоғам қайраткері баяндаған оқиғадан байқағанымыздай Қазақстанда табиғи апат бұған дейін де күрделі мәселенің бірі болған. Соңғы жылдары климаттың өзгеруіне байланысты су ресурстарының мөлшері азайып, олардың қолжетімділігі төмендеуде. Жаз айларында су қоймаларының деңгейі түсіп, өзен, көлдердің тартылуы ауыл шаруашылығы мен экожүйеге кері әсерін тигізуде.
Тасқынға тосқын
Жыл сайын басшылық пен халықты әбігерге салатын су тасқыны қаупі биыл шындыққа ұласты. Ақпан айында жүргізілген дайындық жұмыстары көктеммен ілесіп келген судың алдын ала алмады. Су тасқыны наурыздың 19-ы басталды. Жә, бұл апат туралы айтылмаған, жазылмаған ақпарат қалмады. «Бүгінгі күн − кешегі күннің шәкірті» демекші, апат кезіндегі олқылықтарды ескеріп, келесіде мұндай кеселге жол бермеудің қамын жасаған абзал.
Өңірге ойыссақ. Қызылордада суға байланысты нысандарды қарастырайық. Өңірде жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан астам 19 магистралды және 13 шаруашылықаралық канал орналасқан. Гидротехникалық құрылыстар саны − 688. Сондай-ақ, ұзындығы 1000 шақырымға жуық 21 дана қашыртқы бар. Жаңақорған ауданында маусымдық суаруға арналған 2 су қоймасы, ал Сырдария өзенінің бойында 625 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеттері бар. Қызылорда, Әйтек, Қазалы және Ақлақта су тораптары, Қараөзек пен Солтүстік Арал теңізінде су тастау құрылымдары орналасқан. Ал су шаруашылығы нысандарына жылына екі рет тексеріс пен жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Арналар мен қашыртқыларды тазалау, су тасқынын алдын алу және бөгеттерді нығайту секілді жұмыс түрлері қарастырылған.
Сұрауы бар су
Қызылорда облысы тегіс, жазық аймақта орналасқан. Ал су қоймасын салу үшін таулы, ойпатты аймақ қажет. Сондықтан Қызылордада үлкен көлемдегі су қоймалары жоқ.
Өңірдегі су қоймалардың бірі − Қараөзек қоймасы. Су жинау көлемі − 775 млн текше метр. Көкарал бөгеті арқылы Үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз тасталып жатқан судың бір бөлігін сақтайды. Кейін вегетациялық кезеңде Қазалы ауданының 31 мың гектар егістік жерін, арна бойындағы 120 мың гектар шабындық пен жайылымдарды сумен қамтамасыз етеді. Су торабынан жоғары орналасқан аймақтардағы су тасқынының алдын алу үшін өзен суы Қараөзек арнасы арқылы өткізіледі.
Әйтек су торабынан төмен қарай Сырдария өзенінің су өткізу қабілеті секундына 700 м3 болса, қыста мұз ұстасу себебінен су өткізу секундына 425 м3-тен аспайды.
Сыр өңірін тілге тиек еткенде Сырдарияның суын сұрайтындар көп. Биыл да дарияның деңгейі мақтанатындай жағдайда емес. Ал кейінгі 12 жылда Арал теңізінің суы 6,2 млрд текшеге азайған. Облыстағы ауыл шаруашылығы саласы Сырдария өзені арқылы келетін су көзіне тәуелді.
− Кейінгі жылдары Сырдария өзенінде су көлемінің аз болуына байланысты Кіші Арал теңізіне жиналған су көлемі 21,5 млрд текше метрге кеміді. Қазір Кіші Арал теңізіндегі судың көлемін төмендетпеу және Арал теңізіне жіберілетін су көлемін ұлғайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, − деді Арал- Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев.
Өзен − өмір өзегі
Қызылорда облысының негізгі су көзі саналатын Сырдария трансшекаралық өзен. Сәл артқа көз салсақ, құтқару қызметінен өзен деңгейінің көтерілгені жайлы хабарлама жиі келетін. Бүгінде ұялы телефонға тек жел мен дауыл жайлы ескерту келмесе, су деңгейі туралы оқымағалы қашан. Бірақ табиғи апат айтып келмейді демекші, су шаруашылығы мамандарынан су тасу мәселесі туралы сұрауды жөн көрдік. Мамандардың айтуынша, өзенде су тасқыны болуы Нарын-Сырдария каскадында орналасқан су қоймаларында жинақталған су көлеміне тікелей байланысты. Қазір Нарын-Сырдария каскадындағы су деңгейінің төмен болуынан су тасқынына мүлдем қауіп жоқ.
Су шаруашылығы комитетініне қарасты «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы Қызылорда филиалының мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдан бастап Нарын- Сырдария каскадында орналасқан су қоймаларында жинақталатын су көлемінің төмендігінен егістікке су алу науқаны кезеңінде Сырдария өзенінің жағдайы жыл сайын күрделенуде. Каскадта орналасқан қоймаларда жинақталған су көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,6 млрд текше метрге кем көрінеді. Өзеннің суы қыс-көктем айларында жауатын жауын-шашын мен қардың жамылғысына тікелей байланысты. Бүгінде жер үсті су қорларын ұлғайту бағытында ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес 20 су қоймасын республика аумағында салу жоспарлануда.
Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында осы жылы Қызылорда облысына көл мен шабындық-жайылымдық жерлерді суғаруға 1,2 млрд текше метр су лимиті бөлінген. Ал ҚР Су кодексінің 82 бабы 2 тармағына сәйкес Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясы алдағы вегетациялық кезеңге тұрақты суаруға 3,7 млрд текше метр су пайдалану лимитін белгілеген.
Биыл еліміздің оңтүстігіндегі бірқатар шаруалар үшін суармалы су беру қызметінің құны арзандаған. Оның қатарында Сыр өңірі де бар. Вегетациялық кезең аясында шаруа иелерімен келісім-шарт жүргізілуде. Бүгінге дейін «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы 811 шаруа қожалығымен келісімшартқа отырды.
Суармалы судың арзандауымен қатар су арналарын цифрландыру жүргізілуде. Жүйе Әйтек су торабы мен Әйтек каналына орнатылған. Ал қалған нысандарда автоматтандыру жүйесі де қосылмаған. Осы бағытта ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қызылорда облысы әкімдігі бірлескен жоспар әзірлеген. Кешенді жоспарға 16 магистралді және шаруашылықаралық каналдарды цифрландыруға көшіру жобасы енгізіліп, қаржының бөлінуіне қарай іске асырылуы жоспарлануда.
Өңірдегі су ресурстарының тиімді басқарылуы ауыл шаруашылығы мен экологиялық тұрақтылық үшін маңызды.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!