Жол үстінде қанша тағдыр қиылды?! Темір тұлпар тізгінінде талай жан тіл тартпай кетті. Жасы да, жасамысы да бар. Болашағынан үміт күттірген талай жас сол жол үстінде қыршын кетті. Қарасаң, жүрегің ауырады. Кейде тіпті автокөлік рулін ұстаған қолың да дірілдейді. Сандық көрсеткіштерді сөйлетіп қайтейік, өңірдің үстімен өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы бөлігінде мұндай көріністі сан мәрте көз көрді.
Шымбайға тиіп жүрген бұл мәселе Сырда өткен V Ұлттық құрылтайда көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «тар жолда тайғақ кешкендердің» бұл мәселесі биыл шешімін табатынын айтты.
– Ең бастысы, биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар басталады. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады, – деді Президент.
Аталған жолды бірінші санатқа ауыстыру мәселесі біраз уақыттан бері қаралып келген еді. Ел арасындағы бұл мәселеден Мемлекет басшысы да хабардар екенін және оның таяуда шешімін табатынын нықтап айтты. Жол апаттарының үдей түсуі жұртшылықтың үрейін туғызғанына да көп болды. Өткен жылы облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов жобаның жай-жапсарын тарқатып айтып берген еді.
– Бірінші кезең бойынша Қызылорда қаласының айналма жолын салу жобасының техникалық экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Екінші кезең бойынша Қызылорда-Сексеуіл аралығындағы автомобиль жолын реконструкциялаудың жобасы әзірленіп, техникалық экономикалық негіздемесі мемлекттік сараптаманың қарауында. Бұл жолдың ерекшелігі – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған үлгі. Төртжолақты болғанмен екі жолдың ортасында бір жақ беті 2 жолақ, екінші жағы да 2 жолақ арасында 25 метр арақашықтық болады. Бір-біріне жақын орналаспайды, сол себепті жол бойында апаттық жағдай аз болады, – деген еді ол.
Әйтсе де, бұл – өткен жылғы мәлімет. Биыл бұл жобаның жалғасы Президент пәрменімен басталды. Екі облыстың арасындағы 464 шақырымның мәселесі биыл анық шешілетін түрі бар. Өйткені бұл түйіннің тарқайтынын Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының өз аузынан естіген жұртшылықтың сенімі де нық. Ат арытып, Ақтөбеге бармаса да, осы жолдың бойында күн сайын темір тұлпардың рулінде отыратын Дарын Махамбетов те бізбен әңгімесінде қуанышын жасырмады.
– Үйден шығарда отбасындағылар «жолың болсын» деп, тілеулестігін айтып шығарып салады. Анамның ақ батасы мен дұғасы маған демеу. Өйткені, жол бойында келе жатып күніге қаншама жағдайды көзбен көреміз. Әсіресе, тайғақ күндері қиын. Көліктің рулінде болған соң тек өзіңнің ғана емес, қасыңдағы әрбір адамның өміріне жауаптысың. Сәл ерте барамын деп асыққаныңмен, маңдайға жазылған сол бір несібе ғой. Ереже бұзбай, ақырын жүреміз. Ендігі бір мәселе осы жолдың бойында қаз-қатар тізіліп, арасына көлік кірместей жабысып алып, колонна болып тізіліп жүретін жүк көліктерін реттесе. Жол апатының кейбірі осылардың арасын ашпауынан болып жатады. Оған шамданып, шамадан тыс жылдамдық арттырғандар тіл тартпай аттанып кетіп жатады. Президент елдің мәселесін көреді, естиді, біледі. Бір күндері бұл да шешілсе екен.
Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы жолдың кең болғаны бәрімізге жақсы. Ести сала қуанып қалдық. Президенттің өз аузымен айтқанын теледидардан көргенде қуанышым қойныма сыймай кетті. Бейбіт өмірде қанша адам жолда кетіп қалып жатыр, осы жан түршігерлік жағдайлар азаятынына сенемін, – дейді ол.
Мемлекет басшысы автокөлік қатынасының аймақтар үшін маңызды екенін баса айтты. Жолдарды халықаралық стандарттқа сай етіп жаңғырту алдымызда тұрған үлкен міндет екеніне тоқталды.
– Жақында Қызылорда – Жезқазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігінде көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым, – деді Президент.
Айтпақшы, Қарағанды – Жезқазған бағытындағы жолдың талай жылдан бері тозығы жетіп, титықтатып тұрғаны да назарда. Алдағы уақытта бұл аралыққа екі жолақты жаңа жол салынады. Кейін көне жол қайта жаңғыртылып, жаңасымен қосылып, төрт жолақты ретінде қолданысқа енуі мүмкін.
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!