Тіршіліктің тамырына қан жүгіртетін жарық пен жылу, су екені көпке аян. Мұның бірі болмаса жұрт жоғалғанын іздеп, күйбең тірлікте күйгелектеніп кетеді. Қымбатшылық қыспаққа алған мезетте коммуналдық төлемнің де артқаны қалтаға салмақ. Десе де айлық түссе, төлем жасауға асығатындар «жарық пен жылуға жұмсалған ақша адал» екендігін алға тартады. Бірақ сапада сын бары жасырын емес. Аспан ала бұлттанып, жаңбыр жауса болғаны көпшілік жарыққа жарымай, жылу да істен шығады. Әсіресе қыстың қытымыр аязында сөнген жылу әлекке салатыны тағы бар. Қараңғыда қапылып жүріп, арнайы мамандарды шақыра қалсаң бағанадан болған ақауды айтып бәлсінеді. Ал кей өңірдің тұрғындары ми қайнатар ыстықта судың жоқтығынан жағдайдың мәз еместігін жеткізеді. Енді тариф бағасының қымбаттауы сапаны қаншалықты жақсартады? Мәселе қалай шешілмек?

Төлемді сәл кешіктірсең құралын қолына қысып келіп, тоқты қиюға әзір тұратындар кісімсіп кетеді. Бірақ «қарызды айтқанда қаймықпайтындар парызын қаншалықты өтеп жүр» деп ойға қаласың. Әлде әлгіндей шатырға дейін ұшырып әкететін жел бағананың басын шайқағанынан бейхабар бола ма? Жүйкені жүндей түткен мәселені қаузап, көп көкейіндегісін көсіліп жазса жарытып жауап та ала алмайды. Сонымен тариф қымбаттауы негізінен тозығы жеткен коммуналдық желілер жаңартылып, аталған саладағы қызметкерлердің жалақысы көбеймек. Осыдан саладағы кемшілік кеміп, сапа ойдағыдай болса игі. Сонда ғана дүлей дауылда дүрлігетін жұрттың жаны жай табар.

– Мем­лекет басшысының сайлауалды бағдарла­масына сәйкес 2030 жылға қарай коммуналдық желілердің жалпы тозу көрсеткішін 40%-ға дейін төмендету міндеті тұр. Жылумен жабдықтау желілері бойынша 43%-ға дейін, сумен жабдықтау бойынша 32%-ға дейін, су бұру бойынша 44%-ға дейін жоспарланған. Тозуды төмендету бойынша нысаналы индикаторлар бел­гі­леніп, өңірлерге жеткізілді,— деген болатын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.
Яғни биыл 126 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға 86 млрд 300 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар министрлік алдағы жылу маусымына дайындық барысын және жылумен жабдықтау жобаларына мониторинг жүргізу мақсатында жұмыс тобын құрып, тексеру жұмыстарын жүргізуді бастаған. Бюджеттен бөлінген қаржы талапайға түспей, есебі түгенделсе жаңалық та мардымды болмақ. Тарифтің өсуін сапаның түзелуімен байланыстырған басшылықтың жоспары жүйелі болсын дейміз.
– Станциялар, коммуналдық кәсіпорындар іс жүзінде 3 жылдан астам уақыт бойы табыссыз жұмыс істеп келді. Сон­дықтан жөндеу жұмыс­тарына қара­жат салған жоқ. Қаражат салынса да, ол қарыз алу арқылы немесе мемлекет есебіне жүзеге асырылды. Энергия нысандарын жөндеу құны ондаған есеге қымбаттап кетті. Ал, кәсіпорындар оларға тиімді жұмыс жағдайын ұсына алмады. Бұған қоса 2021-ші жылдан бастап Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы пайда болды. Біз электр қуатын ұлғайтуға тиіспіз. Сондықтан тарифтерді өсіру – қажеттілік, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы атап өткендей, металл мен құбырлар, арматура мен электро­техникалық бұйым­дардың және басқа да жабдық­тардың бағасы айтар­лықтай өскен. Жал­ақының төмен болуына байланысты энергетика саласынан білікті мамандар жаппай кете бастады.
–Та­риф­тердің өсуі кей өңір­лерде 10 пайыз­дан басталса, кей жерлерде 30 пайызға дейін баруы мүмкін. Өйткені есеп бойынша әрбір өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, желілердің тозуы, инвестицияны тарту деңгейі немесе маман жалақысының аздығы, онымен қоса желілердің көп не аз болуы. Яғни әр өңірде әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Сол себептен есеппен санаған кезде 10-30%-ға дейін өзгеріп отырады. Мысалы, 10 пайызға өседі делік. Кей пәтер иелері коммуналды қызметтерге айына 8 000-9 000 теңге төлеуі мүмкін. Енді бұл соманың 10%-ы 800-900 теңге шамасында болады. Оны азаматтардың ай сайын төлейтін түбіртектегі сомасына қарай есептеуге болады, — деді ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев.
Күнкөрістің өзі күшке түскен уақытта бағаның шарықтауы оңай тимейтіні анық. Айлыққа әрең жеткенде баға бағамының әлсін-әлсін өсуі әбігерге салатыны ақиқат. Жаз мезгілінде біліне қоймас, бірақ күзден бастап коммуналдық төлемге жұрт тапқан-таянғанын беруіне тура келеді. Десек те Үкімет әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасының шығынын өтеуге әзір. Тек оның да өзіндік талабы бар. Бастысы төлем алушының меншігінде Қазақстан аумағында бір ғана баспана болуы керек немесе ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан, жеке меншік тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған баспананы жалға алушы болуы тиіс. Егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын сома отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысының 10%-нан асатын болса, тұрғын үй көмегі беріледі. Бұрын бұл көрсеткіш әр өңірге байланысты 2-20% аралығында болған. Бұл ретте әкімдіктер рұқсат етілген шекті деңгейді 10%-дан төмендетуге құқылы. Мысалы, отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысы 100 мың теңгені, ал коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыны 15 мың теңгені (табыстың 10%-дан астамын) құраса, онда азаматтың жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтем алуға құқығы бар.
Сайып келгенде желінің істен шығып, бағананың құлауға келгенін көргенде ғана көз ашылған сыңайлы. Әлде ескіге жапсыра бергеннен жаңа болмайтынын ұқты ма? Әйтеуір «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы жыртықты жамап, сыр берген сапаға өң бермек. Енді бұқара іс жүзінде игілігін көрсе, құпталған қағидаттың нанымды нәтиже бергені.


Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!